Қаншама нағыз патриот қазақ аталарымыз армандаған, аңсаған бақыт
Жастар — елдің келешегі
Жастар — ата-бабадан мұра болып қалған тілімізді, әдет-ғұрыпты, тарихты, мәдениетті, өнерді, білім мен ғылымды алға апаратын ұрпақ. Сондықтан олардың білімді, өнерлі, еңбекқор болғанымен қатар, мәдениетті, жаны да тәні де сұлу болып, тіліміздің қадірін түсірмей, абыройын асқақтата түскенін қалаймын.
Президент жастармен болған кездесулерінің бірінде: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс» деген ой айтты. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса — елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас — отаншыл патриот: халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады.
Сондықтан жастар Елбасының сенімі мен үмітін ақтауға тиіс. Қазақ елін Мәңгілік Ел ететін — біз, жастар.
Тәуелсіздік тағылымы және бейбіт дамудың негіздері
Тар жол, тайғақ кешумен келген Тәуелсіздік бізге шаттық пен бақыт сыйлады. Егемендігімізді ту етіп, еңселі ел болғанымызға жиырма алты жыл толды. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы сияқты сындарлы кезеңдерден өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүру бақытына ие болдық.
Бейбітшілік
Қоғам дамуының ең берік тұғыры — тыныштық пен қауіпсіздік.
Тұрақтылық
Экономика мен әлеуметтік жүйенің орнықты дамуына жол ашады.
Ынтымақ пен бірлік
Ұлтаралық келісім мен қоғамдық татулықтың негізгі кепілі.
Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлік басты қағидаға айналып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Тәуелсіздік жылдары саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім қалыптасып, халқымыздың берекесі мен бірлігі нығая түсті.
Білім, еңбек және мүмкіндіктер дәуірі
Білім мен ғылым, технология дамыған заманда мектептер, университеттер, балабақшалар салынып, жаңа мамандықтар ашылуда. Ел дамуына үлес қосатын азаматтар өсіп келеді.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты — мен жастарға сенемін!» деп, бүгінгі ұрпаққа үміт артқан.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бүгінгі жастарға да бағдар болуы керек. Жастарымыздың еңбекқор, жаңашыл, ізденімпаз болып қалыптасуы — қоғамның ертеңін айқындайтын қасиет.
Жастарға арналған бағдарламалар
«Болашақ»
Сырт елдерде білім алып, тәжірибе жинап, оны ел игілігіне жаратуға мүмкіндік береді.
«Жасыл ел»
Еңбекке баулып, қоғамға пайдалы іске жұмылдырады.
«Жастар практикасы»
Жас мамандардың тәжірибе жинауына және алғашқы қадам жасауына қолдау көрсетеді.
«Дипломмен ауылға»
Ауылдық жерлерге кадр тартуға, өңірлік дамуға серпін береді.
Жауапкершілік: білімге ұмтылыс, тәрбие және азаматтық ұстаным
Дегенмен жастар арасындағы мәселелер де жоқ емес. Ең қуатты, ең құнарлы, ең сауатты руханият — жастарға тән. Бірақ егер жастардың өзі білім алуға ұмтылмаса, ешкім де, тіпті ең дамыған білім беру жүйесі де, оны толықтырып бере алмайды.
Мемлекет деген ыстық атау жүректі елжіретіп, жанымызға жылулық береді — ананың балаға дарытқан мейіріміндей. Егер ана баласының болашағын бүгіннен ойламаса, ертеңі не болмақ? Сол сияқты біз де ұлтымыздың, еліміздің болашағын бүгіннен ойлап, тарихымыздан үлгі-өнеге алуымыз керек.
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген дана сөзді ұстанып, кейбір жастар жетімдерге қол ұшын беріп, қайырымдылық арқылы рухани дүниесін байытып жүр. Мұндай іс — нағыз қазақы тәрбиенің көрінісі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекеттің дамуы мен гүлденуі үшін басты ұлттық басымдықтар — бейбітшілік, тұрақтылық пен келісім төңірегінде топтасу. Оларсыз ешқандай мәселені шешу мүмкін емес» деп атап өтті.
Бүгінгі күнімізді ғана ойламай, әрқашан ертеңімізді ойлап, елдің ахуалын жақсартуға атсалысуымыз қажет. Қазіргі жағдай жаман емес, бірақ оны одан әрі жаңғыртып, гүлдендіру — өз қолымызда.
Қазіргі сын-қатер: діни сауат және қауіпсіз болашақ
Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм өзекті мәселеге айналды. Кейбір жастардың түзу жолдан адасып, теріс ағымның жетегінде кетуі — қоғам үшін қауіпті құбылыс. Жастардың діни сауаттылығын арттыру — аса маңызды міндет.
Мәні
Мемлекеттің жан-жақты гүлденуі — тек биік ғимараттар тұрғызу немесе атақ-даңққа бөлену емес; қоғамды жамандықтан арылтып, қауіпсіз әрі саналы орта құру.
Әрекет
Қайырымдылыққа қатысу, сапалы білім алу, радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру — азаматтық жауапкершілік.
Біз жастар болып бірлесе әрекет етіп, қоғамға пайдалы істерге қатысып, мұқтаж жанға демеу болып, радикалды идеологияларға қарсы тұрып, сапалы білім алып, болашақта елдің ар-намысын қорғайтын нағыз патриот болуға тиіспіз.
Қазақстанның жетістігі және әлеммен ықпалдастық
Тәуелсіздік туы желбірегеннен бері өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, ата-баба дәстүрі қайта жаңғырды, халқымыз еңсесін тіктеп, жарқын болашаққа қол созды. Жиырма алты жыл ішінде Қазақстанның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері мен бағындырған белестері бар.
Бүгінгі Қазақстан Астананы бас қала етіп, мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдыруға күш салып келеді. Сонымен бірге тұрақтылық пен бірлікті сақтап, халықаралық деңгейде танылуға ұмтылуда. Бұған еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық құрылымдарға мүше болуы және дүниежүзі елдерімен тығыз байланыс орнатуы дәлел.
«Қазақстан-2050» стратегиясы өз бағытымен жүзеге асса, келешекте Қазақстан әлемдегі ірі мемлекеттер қатарына қосылады деген сенім бар.
«Отан — оттан да ыстық» дейді дана халқымыз. Адам жүрегінде алдымен ақ сүт берген анаға деген сезім тұрса, екінші — Отанға деген жалынды, ыстық сүйіспеншілік тұрады.
Жеке мақсат: білім арқылы елге қызмет
Бабалар үмітін ақтау мақсатымен мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде сапалы білім алып жүрмін. Жүрегімнің қалауымен Экономика және құқық факультетінің құқықтану бөліміне түстім. Қазір 4-курс студентімін.
Өзім үшін маңызды қағидалар
- Алған білімді кәдеге жарату және кәсіби жолда тұрақты еңбек ету.
- Үздіксіз өз бетінше білім алу дағдысын қалыптастыру.
- Бәсекеге қабілетті болу және мамандыққа адалдықты отансүйгіштікпен ұштастыру.
Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, елім үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Әр азамат өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып, шын ықыласымен еңбек етсе, «Қазақстан-2050» стратегиясында көзделген биік межелерге жетеміз.
Қорытынды ой: ертеңгі болашақ — жастардың қолында
Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы — жастарға, яғни бізге байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп үйретті.
Білім
Оқу мен ізденіс — дамудың бастауы.
Кәсіп
Еңбек пен кәсіби шеберлік — берекенің көзі.
Бірлік
Татулық — ұлттың қуаты мен мемлекеттің тірегі.
Ендеше, осы құндылықтарды өмірлік ұстанымға айналдырып, елдің болашағы үшін жауапкершілікті бірге көтерейік.