Мемлекеттің болашағы жастар

Каниева Айжан, 1-сынып

Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп

Жетекшісі: Сұраған А.С.

Отбасы — мемлекеттің берік тірегі

Отбасы — мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. «Отан отбасынан басталады» деген сөз осыны айқын дәлелдейді. Отбасылық құндылықтар берік болса, әр отбасында тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақ ата-ана мейіріміне бөленіп, отбасылық махаббатты сезініп өседі. Ал мұндай ұрпақ ертең ел дамуына елеулі үлес қоса алатын саналы азаматқа айналады.

Бұл қасиеттердің бәрі өздігінен қалыптаспайды — олардың негізі тәрбие арқылы қаланады. Сондықтан тәрбиенің қоғам өміріндегі орны әрдайым ерекше.

Жаһандану және құндылықтар дағдарысы

Қазіргі жаһандану кезеңінде кейбір жастар отбасылық құндылықтардың мәнін бағамдай бермейтіндей көрінеді. Осындай кезде әл-Фарабидің: «Білім алмас бұрын, мықты тәрбиені қалыптастыру керек; тәрбиесіз берілген білім қоғамға қауіпті» деген ойы еріксіз еске түседі.

Әл-Фараби ұстанымы:

Алдымен — тәрбие, содан кейін — білім. Тәрбиесіз білім адамды да, қоғамды да адастыруы мүмкін.

Тәрбиенің әлсіреуі салдарынан өмірін қажетсіз нәрселерге жұмсайтын адамдарды да кездестіреміз. Мұндай адамдарда ішкі дүниетаным, өзіндік ой, тұлғалық ұстаным толық қалыптаса қоймайды. Егер оларға «Сен кімсің? Өмірдегі орның қандай? Болашақта кім боласың?» деген сұрақ қойылса, кейде нақты жауап орнына сенімсіз, күмәнді жауап естиміз. Бұл — адамның өз шешіміне, өз мақсатына берік болмауын және қоғамға толық сіңісе алмауының бір себебін аңғартады.

Ақпарат кеңістігі: мүмкіндік пен қауіп

Жасыратыны жоқ: бүгінгі күні отбасылық құндылықтарды қалыптастырудағы кейбір негізгі факторлардың орнын ғаламтор, ашық ақпарат ағыны және бұқаралық ақпарат құралдары алмастырып барады. Мұны белгілі бір деңгейде заман талабы деуге де болады.

Алайда ғаламтордың зиянды тұсы — адамның санасын улауы мүмкін, әсіресе жас балалар үшін. Қазір бастауыш сынып оқушыларының өзіне реферат сияқты тапсырмалар беріледі. Үйінде интернеті бар бала ақпаратты содан іздейді, бірақ іздеу нәтижесінде күтпеген, әдепке сыймайтын мазмұндағы суреттер мен жарнамалар да алдынан шығып жатады.

Қоғамдық жауапкершілік

Осы мәселе бойынша жауапты органдар зиянды сайттар мен орынсыз контенттің таралуына шектеу қоюды күшейтсе игі. Ақпараттандыру дәуірінде бұл — қоғам дамуы мен бала қауіпсіздігі үшін өзекті мәселе.

Айтылған жайттар бүгінгі күні әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Дегенмен қоғамдағы әр азамат «өз орнын таба алмай жүр» деуден аулақпын: қандай кезеңде де дұрыс бағыт көрсететін, құндылыққа сүйейтін қуатты негізіміз бар.

Салт-дәстүр — отбасылық бірліктің өзегі

Отбасылық құндылықты қалыптастыратын ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз бар. Байқап қарасақ, қазақ халқының салт-дәстүрінің басым бөлігі отбасылық қарым-қатынасты, ынтымақ пен сыйластықты дәріптейді. Бұл — «бірлік пен татулықты қатаң сақтасақ қана берекелі ел боламыз» деген терең түсініктің көрінісі.

Сый-құрметтің мәні

Мал сойғанда мүшені қонаққа мүшелеп ұсынудың өзінде тәртіп, сыйластық және үлкенді құрметтеу мәдениеті жатыр.

Асар — бірліктің үлгісі

Асар жасау — көптің көмегімен іс тындыру. Бұл дәстүр халықтың ынтымағын, өзара қолдаудың қадірін көрсетеді.

Жалпы, адам өмірінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі кезеңдері салт-дәстүрмен сабақтасып, тәрбиелік мәнге толы болады. Осындай ұстанымдар жас ұрпақтың мінезін қалыптастырып, қоғамдағы орны мен жауапкершілігін айқындайды.

Қорытынды: болашақ — тәрбиелі ұрпақтың қолында

Мемлекеттің болашағы — жастар. Әрбір өскелең ұрпақ жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, болашақты дұрыс болжай алатын саналы азаматқа айналса, бұл — ел үшін үлкен игілік.

Ұлттың сақталуы мен елдің бірлігі — бойында патриоттық сезім ұялаған жастардың қолында екенін ұмытпайық.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы