ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ ӘДІСТЕРІ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда жаңа технологияларды қолдану әдістері

Меңдібаева Ақмарал Кеңесқызы

Ақтөбе қаласы, №51 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Классикалық педагогикадағы идеялар және бүгінгі талап

Ж.Аймауытов пен А.Байтұрсыновтың педагогикалық еңбектерін салыстыра қарастырғанда, олардың ой-тұжырымдары бір-бірімен табиғи түрде ұштасатыны байқалады. Екі ғалым да оқушыны тәжірибеге сүйеніп оқыту, өздігінен әрекет етуге үйрету, оқу үдерісін жүйелі ұйымдастыру сияқты қағидаларды алға қояды.

Бүгінгі күн тәртібіндегі жан-жақты дамыған, шығармашыл, өркениетті, заман талабына сай іскер тұлға қалыптастыру міндеті — осы ағартушы ғалымдар тарапынан ғасыр бұрын дәл қойылған мақсат. Қазіргі «жаңа технология» деп аталатын дамыта оқыту, деңгейлеп-саралап оқыту, шығармашылық қабілеттерді дамыту бағыттарының түбірі олардың еңбектерінде ерте айтылғанын аңғаруға болады.

Ж.Аймауытов ұсынған шарттар

  1. Тіл үйрету басқа пәндерден оқшау жүрмей, өзге пәндер тіл үйренуге қызмет етсін.
  2. Бала алдымен тәжірибеге сүйеніп, нәрсемен танысып, содан кейін сол туралы сөйлеп, тыңдап, жазып, оқып тілге үйренсін.
  3. Тілді меңгертуде белгілі жүйе сақталсын: әуелі тәжірибе, кейін сөйлеу; жазу мен оқу — тыңдау мен сөйлеуден соң.
  4. Бала ең алдымен өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, одан кейін үлгілі сөзге еліктеу мүмкіндігіне ие болсын.
  5. Әңгімеге арқау болатын дерек кітаптағы даяр мәтінмен шектелмей, баланың көрген-білген тәжірибесінен алынсын: «кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа» қағидасы.

А.Байтұрсыновтың ұстанымы

«Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің қызметі — баланың өздігінен алатын тәжірибелі білімінің ұзақ жолын қысқарту, жолдан қиналмай өтуіне көмектесу, жұмысты баланың әліне қарай шағындап беру және мақсатқа қарай түзеп отыру», — деп көрсетеді ғалым.

XXI ғасыр талабы: технология, ақпараттандыру және мұғалімнің кәсіби жаңаруы

Білімді ұрпақ — болашақтың кепілі. Сондықтан елдің болашақ азаматтарын қалыптастыруға бағытталған білім беру мәселесі — мемлекеттік саясаттың өзегі. Білім мен ғылымның ел дамуына ықпалын күшейту үшін оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіру, бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қою қажеттігі туындады.

Осыған сәйкес ұстаздың іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру — өзекті міндет. Мұғалім өз білім-білігін, әдіс-тәсілдерін ұдайы жетілдіріп, жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруге тиіс. Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық және ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу — XXI ғасырдың айқын талабы.

Сыни тұрғыдан ойлау технологиясы: құрылым және нәтижелер

Үш кезең

1) Қызығушылықты ояту

Алдын ала білімді белсендіру, ой қозғау, болжам жасату.

2) Мағынаны тану

Мәтінмен жұмыс, ұғымды ашу, дәлелмен түсіндіру.

3) Толғаныс

Қорытынды, рефлексия, шығармашылық тапсырма.

Осы модельдің күтілетін нәтижелері

  • Оқушының қарым-қатынас мәдениеті дамиды, тыңдай білуі қалыптасады.
  • Өз ойын ашық айтуға, пікірін дәлелдеуге және қорғауға дағдыланады.
  • Қажет кезде көзқарасын дәлелге сүйеніп түзете білуі жетіледі.
  • Оқу мотивациясы күшейеді: өз бетінше ізденіс артып, сабаққа қызығушылық пен белсенділік жоғарылайды.

Әдебиет сабағындағы үлгі: Ш.Айтматовтың «Найман-Ана» әңгімесі

Сабақтың бастапқы кезеңінде оқушылардың қызығушылығын ояту үшін «Топтастыру» стратегиясын қолдануға болады. Әдебиет сабағында бұл кезең, әдетте, жазушының өмірі мен шығармалары туралы оқушылардың бар білімін нақтылауға бағытталады.

Мағынаны тану кезеңінде мәтінді оқыту арқылы мазмұнын меңгерту, идеясына жетелеу көзделеді. 8-сыныпта «Найман-Ана» әңгімесін оқытуда «Бағытталған оқу» стратегиясы тиімді.

Проблемалық сұрақтар

  • Осы абзацты оқығанда не сезіндіңіз? Ойыңызға не келді?
  • Қандай мәселе көтерілгелі тұр?
  • Әңгіме не туралы болуы мүмкін?

Жетекші сұрақтар

  • Әрі қарай не болады?
  • Енді не болады екен?
  • Сізді осы ойға жетелеген не нәрсе?
  • Әңгіменің маңыздылығы туралы не ойлайсыз?

Талқылауды тереңдететін тапсырмалар

Егер сіз Найман-Ананың орнында болсаңыз, не істер едіңіз? Неліктен?

Әңгіме қалай аяқталады деп ойлайсыз? Әңгіме сіз ойлағандай аяқталды ма? Олай ойлауыңызға не себеп болды?

Автор осы арқылы нені айтқысы келді?

Толғаныс кезеңі: шығармашылық жұмыс

Оқушылардың жазушылық және ой қорыту қабілетін дамыту үшін: «Егер сіз автор болсаңыз, әңгімені қалай аяқтар едіңіз?» деген тапсырма беріледі.

Блум таксономиясы: сұрақ қою арқылы ойлауды деңгейлеп дамыту

Әдебиет сабағында ойлаудың төменгі, аралық және терең деңгей дағдыларын қалыптастыруда Бенжамин Блумның сұрақ қою өлшемдері нәтижелі. Бұл тәсіл оқушыны жаттап айтудан — түсінуге, қолдануға, талдауға, жинақтауға және бағалауға біртіндеп жетелейді.

Деңгейлердің мазмұны

Төменгі деңгей (есте сақтау)
Ақпаратты тану, еске түсіру, нақты және қысқа жауапқа келетін сұрақтар.
Аралық деңгей (түсіну/қолдану)
Ақпаратты жаңа жағдайға көшіру, қайта құрастыру, көркем мәтінді елестету арқылы қабылдау.
Терең деңгей (талдау/жинақтау/бағалау)
Себеп-салдарды ашу, баламалы түсіндіру ұсыну, жаңа шешім жасау, пікірді дәлелдеп бағалау.

«Найман-Ана» бойынша сұрақ үлгілері

  • Анализ

    Мәңгүрт Найман-Ананың баласы емес, басқа біреу болса не өзгерер еді?

  • Анализ

    Найман-Ана ұлын жуан-жуандардан алып қашып, еліне жеткізсе, оқиға қалай өрбуі мүмкін?

  • Есте сақтау

    Мәңгүрттің кімге керегі бар?

  • Есте сақтау

    Ананың сезімі қандай еді?

  • Талдау

    Мәңгүрт бейнесі арқылы автор нені айтқысы келді?

Биоинформатика және синергетика технологиялары: деңгейлік жұмыс пен өлшенетін нәтиже

№51 гимназияда 2009–2012 жылдар аралығында эксперименттен өткен биоинформатика және синергетика технологияларының «Алгоритм», «Жаттықтырғыш», «Лидер», «Биоинтернет» технологиялық карталарын қазақ тілі сабақтарында тиімді қолдануға болады.

«Биоинтернет» картасы бойынша сабақтың ықшам схемасы

  1. Ұйымдастырудан кейін «Алгоритм» картасы бойынша үй тапсырмасы тексеріледі.
  2. Жаңа тақырыпты үш оқушы-сарапшы мұғаліммен бірге тірек-сызба арқылы түсіндіреді.
  3. Сыныпқа күрделілігі үш деңгейдегі (төмен, аралық, жоғары) үш тапсырма беріледі.
  4. Алғашқы 5 оқушы орындағаннан кейін 30 секунд өткен соң, оқушылар альфа, бета, гамма топтарына бөлінеді.
  5. 6 сарапшы шығады: Альфадан — 3, Бетадан — 2, Гаммадан — 1. Тексеру өзара жүзеге асады (Альфа → Бета, Бета → Гамма, Гамма → Гамма).
  6. Жауаптар матрица арқылы бағаланады, кейін тағы үш тапсырма беріледі.
  7. Бета және гамма топтарынан 5 оқушы орындағаннан соң, 3 секундтан кейін жұмыс тоқтатылып, сарапшылар тексереді; нәтижесіне қарай топ ауыстыру жүргізіледі.
  8. Рефлексияда I цикл қорытындысы бойынша қай оқушымен жұмыс қажеттігі нақтыланады; цикл деңгейлік тапсырмалармен қайталанады.
  9. Бета мен гамма оқушыларының 63%-ы альфа тобына өткенше үдеріс жалғасады.
  10. Бағалау: Альфа — «5», Бета — «4», Гамма — «3».

Әдебиет сабағында қолдану

«Ауызша-1», «Ауызша-2», «Әмбебап» технологияларын қолдану көркем шығармаға қызығушылықты арттырып, оқу техникасын жетілдіреді. Оқушылар белгіленген уақытта мәтінді оқып, мазмұнын түсінеді. «Ауызша-2» картасында I циклда өткен тақырып бойынша қарама-қарсы сұрақтар қойылып, матрицаға түсіріледі. Сабақ басында мұғалім жаңа тақырыптың тірек сөздерін ұсынады: 7 сөзге — 30 секунд, 14 сөзге — 1 минут 15 секунд, 21 сөзге — 2 минут 30 секунд уақыт беріледі.

Қорытынды

Жаңа технологияларды сабақта жүйелі қолдану оқушының көркем туындыны қабылдау, түсіну, талдау қабілеттерін дамытады. Оқушылар бір-бірінің ой-пікіріне сын көзбен қарап, тың идея ұсынады; танымдық белсенділігі артып, өз бетінше білім алуға және шығармашылыққа бейімделеді.

Қазақ тілі сабақтарында да бұл тәсілдер қызығушылықты оятып, жаңа материалды қабылдау мен есте сақтауды күшейтеді. Мұғалім үнемі ізденіс үстінде болып, әдіс-тәсілдерін жаңартып отырғанда ғана оқыту сапасы мен нәтижесі тұрақты өседі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  • 1. Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық мұраларын оқу-тәрбие жүйесіне пайдалану. С.Қалиев, Б.Иманбекова. Алматы: Өлке, 2002.
  • 2. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Қ.Бітібаева. Алматы: Рауан, 1997.
  • 3. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы.
  • 4. 8-сыныпқа арналған «Әдебиет» оқулығы. Алматы: Мектеп, 2012.