Қазіргі балалардың бәрі бұрынғы қазақтардың ұрпақтары
Тұрдыш Нұрислам, 5-сынып • Б. Атыханұлы атындағы №36 гимназия • Жетекшісі: Иманбаева М. Т.
Менің туып-өскен жерім, елім — Қазақстан. Осы елде өмір сүріп жатқаным үшін шүкіршілік етемін. Қазақстанның табиғаты сөзсіз керемет: кең даласы, таза ауасы, құнарлы топырағы жүрекке жылу береді.
Туған жерге деген сағыныш
Көптеген шетелде жүрген қандастарымыз өз елін сағынады. Мен де соны өз басымнан өткердім: былтыр төрт мемлекетке барып қайттым — Франция, Германия, Голландия және Бельгия.
Сол сапарлар кезінде туған жерімді қатты сағындым. Тіпті отбасымды, туыстарымды сағынғанымдай, Қазақстанның табиғатын да — ауасын, даласын, топырағын — ерекше аңсадым. Өз еліңнің иісі мен тынысын басқа жақтан табу қиын екен.
Тарих пен тәуелсіздікке құрмет
Бұрын қазақ еліне көптеген шапқыншылықтар жасалды. Сондай қиын кезеңдерде халқымыз төтеп беріп, намысын қолдан бермеді. Бүгінгі балалар — сол батыр бабалардың ұрпағы.
Қазір біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Әрбір азамат өз борышын адал өтеп, елдің болашағына үлес қосуға міндетті. Өйткені Қазақстанның ертеңі — біздің қолымызда.
Негізгі ой
Тәуелсіздікті қадірлеу — өткенге құрмет, ал болашаққа қызмет ету — бүгінгі ұрпақтың парызы.
Жетістіктер мен сенім
Жақында еліміз Expo-2017 көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ «Қазақстан–2050» стратегиясы да қарқынды жүзеге асып жатыр. Тізе берсек, жетістіктеріміз көп, әрі алда бұдан да зор белестер бар екеніне сенемін.
Қараңыздаршы, қандай тамаша! Осындай елімнің барына және осы елдің ұланы екеніме шын жүректен мақтанамын.
Санат: KZ портал • Қазақша рефераттар жинағы