Борис Фардзинов менің курстасым
Көктемнің белгісі және үнсіз қалған құстар
Көктемнің келе жатқанын ең алдымен кәдімгі майда құстар сезеді. Шымшықтар шықылықтап, секеңдеп кетеді. Ара-тұра наурызкөк те көрініп, жәудіреген моншақтай көзін мөлдіретіп, адамдармен ықыластана амандасқандай жақындап келеді. Шымшықтардай секеңдемей, шошаңдамай, жорғалай басып: «Көктем келді, көзайым болыңыз!» дегендей ишара білдіретін.
Бірақ оны көп адам ұға бермейді. Адамдардың ішінде құстар тілін түсінген тек Сүлеймен пайғамбар ғана болған дейді. Өкінішке қарай, адамдардың бәрі Сүлеймен пайғамбар емес.
Ал бүгін шымшықтар да шықылықтамайды. Наурызкөк те көрінбейді. Шымшықтар мамық жүнін жел қобыратып, бұтақта бүрісіп отыр. Қалың қайғыдан қабырғалары қайысып, қара жамылғандай. Бүгін — Сталинмен қоштасу күні.
Колонна залына қарай: қаладағы «толқын»
Борис Фардзинов екеуміз бірге баруға келістік. Әсіресе бүгін жалғыз жүру өте қиын. Баратын жеріміз — Мәскеудің дәл төріндегі, Кремльден алыс емес Колонна залы. Бірақ бүгін метромен жүру мүмкін емес. Трамвай мен троллейбустан да қайыр жоқ. Такси жалдауға біз сияқты студенттің қалтасы көтермейді, үстіне бүгін такси де жүрмейтіндей. Сөйтіп жаяу тарттық.
Мәскеудің таңы түнеріп тұрды. Көшеде адамдар сеңдей соғысады: қыс бойы қатып жатқан қала бүгін кенет сең жүріп, таудай толқындар тулағандай. Байқасаң, жұрттың бәрі бір бағытқа — шаһардың ортасына — беттеген. Біз де сол «толқынға» ілесіп, топан судың бетінде секеңдеген жаңқадай едік.
Борис Фардзинов: жолдас және сүйеніш
Борис Фардзинов — менің курстасым. Ұлты — осетин, Солтүстік Кавказдан, нақтысы Солтүстік Осетиядан. Оңтүстік Осетия да бар, ол сірә Грузия құрамында. Біреулер сыбырлап: «Сталин грузин емес, осетин, фамилиясы Джугашвили емес, Джугаев болған» деп те айтатын. Рас-өтірігін кім білсін.
Осетин деген бір-ақ халық, бірақ екіге бөлінген: бір бөлігі Грузия құрамында, бір бөлігі — Ресей құрамындағы автономиялық республика. Орталығы бұрын Дзаужикау аталып, кейін Орджоникидзе деп аталды. Орджоникидзе — атақты большевик, Сталиннің серігі болған; Кавказда Совет өкіметін орнату кезінде грузин меньшевиктерімен қақтығысып, сол үшін кейін Лениннен сөгіс естіген дейді.
Мені бүгін жүр деп үгіттеп, алаңнан алып шыққан да — осы Борис. Қою қара шашы дүлей ормандай. Бойы менімен шамалас болса да, денесі шомбал, тып-тығыз, нағыз палуан тұлға. Кеше факультетте қаралы митинг өткенде, осы Фардзинов көз жасын парлатып жылаған. Жанымдағы курс парторгы Борис Силкин мені түртіп: «Жыла, жыласаңшы» деген. Бірақ менің көзімнен жас шықпады: бедірейіп тұрып қалдым, мылқау сияқты.
Жыламайтын жан және әке қазасының ізі
Анам Айшаның айтуына қарағанда, туған әкем Мұртазаның қазасын естірткенде де жыламаппын. Атақты отыз жетінші жылы «халық жауы» атанып, сотталып кеткен әкем шамамен 1940 жылы Дальний Восток жақта, Зея өзенінің бойында, ну орманда ағаш кесіп жүріп, үстіне қарағай құлап кетіп қаза тапқан.
Сол суық хабарды естірткенде анам Айша бұрымын тарқатып, қалың шашын жайып, қызыл шырайлы бетіне тырнақ салып қанатқан екен. Мен оның жүзін сүртіп тұрыппын. Бірақ өзім бедірейіп, көзімнен жас шықпапты.
Топан су метафорасы: қысым, үрей, құлаудың құны
Жатақханадан құлқын сәріде шықсақ та, Колонна залына жетер түріміз жоқ. «Тайфун» дейтін дүлей дауыл бар дейді. Сірә, бұл сөз біздің «топан су» деген ұғымға жақын шығар. Мынау — адам теңізі, адам тасқыны.
Нұх кемесі туралы ой
Қаптаған жұрттың арасында қысылып келе жатып, Нұх пайғамбар туралы әфсана ойыма оралды: Алла жер бетін топан сумен жуып, тазартпақ болып, Нұхқа кеме жасауды бұйырғаны; сол кемеге адамзаттан, жан-жануардан, құс-құмайдан, өсімдік атаулыдан ең тазасын жұптап мінгізгені. Біреулер кеме Синат тауына тоқтады дейді, біреулер Араратта қалды дейді. Ал біздің ата-бабамыз Нұх кемесі Қазығұрттың басында қалған деп жырлайды:
Басында Қазығұрттың кеме қалған, Болмаса кереметі неге қалған?!
Осыны ойлап үлгергенше, арт жағымнан соққан орасан толқын Борис Фардзиновтен ажыратып жібере жаздады. Артыма бұрылуға мұршам жоқ. Қолымды созайын десем, өз қолымды өзім босата алмаймын. «Ай, енді кеттім-ау» дегенде, палуан осетиннің әлуетті қолы иығымнан тартып ұстап қалды.
Бұл қияметтің қыл көпірі секілді: құласаң — бітті. Қайта тұру жоқ. Мыңдаған табанның астында қаласың. «Ұлы көсемнің» құрбандығы боласың.
Кешке қарай аяз қысқанда ауыздан шыққан леп ақ буға айналып, аспанды тұмшалады. Қай мезгіл екенін ажырату қиын. Аяқ астында қалғандардың жан дауысы, толқын соққысынан есеңгіреген жүрегі нашар жандардың шыңғырған үні — әлемнің шарасыз күйзеліске түскенінің айғағы еді.
Мысықтардың дауысы және «оба кезіндегі той»
Мұхитқа айналған көшенің қос қапталындағы биік үйлердің төбесінен мысықтардың ащы дауысы қосылды. Бірақ олар қайғыдан бақырмайды. Күн көсемнің өлімі мысықтар үшін түк емес. Пенделер үшін қайғылы басталған наурыз мысықтар үшін — махаббат маусымы.
Мұндайды батыста «Пир во время чумы» дейді: «оба жайлаған жердегі той». Адамдар ақырзаман орнағандай күйзелсе, мысықтар ойын-сауықтың қызуына түсіп, төбеде ойнақ салады.
Мысыққа көзқарас әр елде әртүрлі: батыста мысық алдынан кесіп өтсе, жаман ырымға балайды. Ал Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ұзын түйе жүн шекпенінің етегінде ұйықтап қалған мысықты оятпай, шекпенінің сол бөлігін қиып тастап, намазға тұрған деген риуаят бар.
Адам теңізіндегі арсыздық және ана туралы ой
Қатарымызда теңселіп келе жатқан жуан әйел: «Убери руки! Тарт қолыңды, оңбаған!» деп айқай салды. Ақырзаманның ішінде де біреу біреудің қалтасына не ұятты жеріне қол сұғып үлгеріп жүр.
Ал мен ішімнен: «Борис бауырым, мықтап ұста, құлап қалмайын. Құласам — тұрмаймын!» деп қайталай берем. Мен құласам, мына сұм дүниенің несі кетер дейсің — ешкімнің ештеңесі кетпейді. Бірақ елдегі жалғыз анам Айшаға обал.
Есіме Мұса ақсақал түсті: Мәскеуге жүрерімде атпен қуып жетіп, «Қайт, жүгермек, өлейін демесең қайт!» деп қамшысын үйірген. «Әкеңнің сүйегі жат жерде қалды, анаң мен інің-қарындасыңды кім асырайды?» дегені де жанға бататын. Сонда да мен тыңдамағанмын. Қазір сол сөзді тыңдамағаныма өкінгендеймін.
Бабыл аласапыраны: түсінбеу — апаттың себебі
Адамдар алдыңғы жақта тұйықталып, арт жақтан лек-легімен күшене итеріп, толқын жарға соғылғандай кері қайтып, жұртты суша сапырды. Ең қорқыныштысы — пенделердің бір ақылға келмеуі, бірін-бірі ұқпауы. Осы күй баяғы Бабыл мұнарасы туралы аңызға ұқсап кетті: сан тілде сөйлейтін тобыр бірін-бірі түсінбей, есіл еңбекті зая қылған.
Мұнда да ап-анық нәрсе бар еді: жол ашылуы керек, не арттағы лек тежелуі керек. Бірақ жұрт біле тұра бүлінді. Құдай найзағай түсірген жоқ, жер сілкінген жоқ. Адамдар өз мылқаулығынан бірін-бірі жаншып, өзіне-өзі ақырзаман шақырды.
Сталин өлді — демек, ол да пенде. Бірақ соның жолында жүздеген адамның аяқ астында тапталуының жөні бар ма? Үйде отырып та қайғыруға болады. Ежелгі замандарда патша өлсе, қасына құлы мен күңін, қару-жарағын, ереуіл атын бірге көметін салт болған дейді. Ол патшалар, бәлкім, «нысапты» шығар; ал мұнда жүздеген адам құрбан болып барады. Жарықтық, өлгенде де құрбандыққа тояр емес.
Тірісінде ше? Тірісінде оның жолына әлсіздер емес, талай марқасқа құрбан болды емес пе. «Халық жаулары»...
Қалтарысқа шығу: тірі қалғаныңды сезіну
Бір кезде өте пәрменді толқын бізді алға емес, оң жақ қапталға қарай лақтырып жіберді. Бұл — ағысты өзеннің бір қолтық-қойнауы секілді қалтарыс екен. Бізді қайтадан төпелеп арнаға тартпады. Қалтарыста қалып қойдық.
— Енді өлмейміз, — деді ақкөңіл Борис.
— Құдай біледі, — дедім мен, әлі де тозақтан шыққанымызға сене алмай.
Жон арқамыз кіршең қарақошқыл кірпіш қабырғаға тірелді. Іштей бір тілекпен әлгі қабырғаны алақаныммен сипап қойдым. Әйтеуір аз жасамаған қабырға. Бәлкім, Иван Грозный заманынан бері тұрған шығар. Бәлкім, түрменің қабырғасы ма — тым көне көрінеді. Жаңа ғана ажалмен арпалысқандай едім, енді қайдағы тарих ойыма келе береді. Бұған да шүкір: бұл — тірі екеніңнің белгісі.
Ауылдан келген хат: түс, шелпек, сағыныш
Арада бір апта өткенде ауылдан хат келді. Хатты жалғыз қарындасым мен жалғыз інім жазыпты: апам (анам Айша) жеті шелпек пісіріп, құдайы нан таратқан екен. Түс көріпті: мен шексіз-шетсіз теңізде малтып жүр екенмін. Ол: «Жағалауға шық!» деп шақырыпты. Мен: «Жәкеме бара жатырмын» деппін (әкем Мұртазаны айтады). Апам: «Жәкең алыста, жете алмайсың, жағаға қайт!» деп айқайлапты да, шошып оянып кетіпті.
Хатты оқығанда көз алдыма анам Айша, қарындасым мен інім келді. Ауылды қатты сағынғанымды сол сәтте ұқтым. Оқуды тастап, қайтып кетсем бе деп ойладым. Талас Алатауының бауырындағы, Мыңбұлақтағы ауылым есіме түсіп, тамағыма түйін тығылды.
Сталин өлгенде шықпаған жас, енді көзімнен парлап ақты. Тия алсамшы...
Қорытынды жолдар
Елімнің бір жайлауы — Құрымбай саз,
Жайлаған айы сай жазға сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып-батқан,
Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз!
(О. Бөкей)