Симптомдық терапия
Менингококкты инфекция
Менингококкты инфекция — клиникалық көрінісі әртүрлі болатын жұқпалы ауру. Қоздырғышы — менингококк; ол сыртқы ортада тұрақсыз: 37°C-тан төмен температурада тіршілік ете алмайды, ал 50°C-та 5 минуттан артық сақталмайды.
Эпидемиология
- Ауру көзі: науқас адам және қоздырғышты тасымалдаушы.
- Жұғу жолы: ауа-сілекей (ауа-тамшы) жолы.
Сезімталдық және иммунитет
- Жиі ауыратындар: 14 жасқа дейінгі балалар.
- Иммунитет: тұрақсыз.
Аурудың даму механизмі
Қоздырғыш ауа-сілекей жолымен жұтқыншаққа түсіп, қабыну тудырады. Кейбір жағдайларда ол қанға және лимфаға өтіп, аурудың ауыр түрлерінің дамуына әкелуі мүмкін.
Клиникалық белгілері
Менингококкты назофарингит (жеңіл түрі)
- Жалпы жағдайы бұзылады: шаршағыштық, тәбеттің төмендеуі.
- Дене қызуы көтеріледі, бас ауырады.
- Көмейдің шырышты қабаты қызарып, мұрын бітеді.
Менингококкты менингит (ауыр түрі)
Ми қабықтарының қабынуы әдетте кенет басталады: қатты бас ауыруы, дене қызуының 39–40°C дейін көтерілуі және себепсіз құсумен сипатталады.
- Менингиальды белгілер: Кернинг және Брудзинский симптомдары, желке бұлшық еттерінің тартылуы.
- Кішкентай балаларда еңбегінің көтерілуі мүмкін.
Менингококкты сепсис (менингококкцемия) — ең ауыр түрі
Кенет басталады, дене қызуы 40–41°C дейін көтеріледі. Менингиальды белгілер кейде болады, кейде байқалмауы мүмкін.
- Тері және шырышты қабықтар құрғақ; тахикардия, ентікпе пайда болады.
- Нүкте тәріздіден ірі «жұлдызша» тәріздіге дейін геморрагиялық бөртпе шығады (жиі: жамбас, сан, балтыр, қол терісі).
- Бөртпе аймағында жұмсақ тіндердің өліеттенуі (некроз) дамуы мүмкін.
Асқынуы: Уотерхаус—Фридериксен синдромы
Бұл — бүйрек үсті бездерінің жедел жеткіліксіздігімен жүретін өте ауыр асқыну. Кенет басталады: жалпы жағдай күрт нашарлайды, тері бозарады, геморрагиялық бөртпе шығады (некроз дамуы мүмкін), қатты бас ауыруы, құсу болады, дене қызуы 40–41°C дейін көтеріледі.
- Мазасыздық, ентікпе, цианоз.
- Қан қысымының төмендеуі.
- Құрысу-тырысу, зәрдің азаюы немесе мүлдем тоқтауы.
- Естен тану.
Емі
- 1 Науқасты міндетті түрде ауруханаға жатқызу.
- 2 Антибактериалды терапия: әр 4 сағат сайын пенициллин (баланың салмағының әр кг-на 200–400 мың бірлік есебімен). Баламалары: левомицетин сукцинаты, ампициллин, тетрациклин.
- 3 Детоксикациялық терапия: ауыз арқылы және көктамыр ішіне 5% глюкоза ерітіндісі, гемодез, Рингер ерітіндісі, физиологиялық ерітінділерді енгізу.
- 4 Витаминдер кешені.
- 5 Симптомдық терапия.
Күтімі
- Палатада таза ауаның жеткілікті болуын қамтамасыз ету.
- Баланың терісі мен шырышты қабаттарының тазалығын қадағалау.
- Төсектегі қалпын жүйелі түрде өзгертіп тұру.
Алдын алу
- 1 Науқас адамды оқшаулау.
- 2 СЭС-ке №58 форма бойынша хабар беру.
- 3 Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды 10 күн бақылауға алу; жұтқыншақтан бактериологиялық зерттеуге жағынды алу. Қоздырғыш тасымалдаушы анықталса, 7 күн тетрациклин немесе левомицетин тағайындау.
- 4 Ауру ошағында дезинфекция жүргізу.
- 5 Санитарлық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру.