Ыза кернеген шопыр
Алматыдан ертеңгі сағат онда шыққан жолаушы таситын қараша ГАЗ-51 Нарынқолға бет алып зулап келеді. Көртоғайға кіре бере асфальт бітті де, тас жол басталды. Жүгінің жеңілдігінен бе, машина шоршақтай береді. Машинада бар болғаны төрт-ақ адамбыз: екіқабат жас орыс әйелі, екі студент және редакцияның шұғыл тапсырмасымен келе жатқан мен.
Қыс. Кегенге жеткенде алай-дүлей боран екен. Асханаға біраз аялдап, сағат төрттің шамасында жүрмек болдық. Сонда жолда кезіккен шопырлар біздің жүргізушіге: «Баллоныңның бедері бітіпті, оның үстіне ебің де жоқ. Байқа, таксиші! Маруся бүгін ашулы, өшін алып жүрмесін. Аяғы ауыр әйел бар. Бірімізді біріміз сүйрелеп әрең астық» деп ескертті.
Бірақ жүргізушіміз құлақ аспады: «Маруськамен бұрыннан таныспын, бірдеңе ғып келісе жатармыз», — деді де, жолға шықты.
Боран, асу және «Марусяның тауы»
Қар аралас боран ұйтқып тұр. Міне, «Марусяның тауы» аталатын жұмбақ асуға да жақындадық. Боран жолға қар үйіп тастапты. Машина ыңыранып, ышқына тартып келеді. Жүргізуші бір жылдамдықтан бір жылдамдыққа ауыстырып, тыным таппайды. Асудың ортан беліне келгенде, машина қақалып қалды.
Біз жерге түсіп, далбасалап итеріп көмектескен болдық, бірақ нәтиже шықпады. Күн кешкіріп барады, боран әлі толастар емес. Әрі жақ, бері жақта қылт еткен жан көрінбейді. Мысы құрыған жүргізуші амалсыз кері қайтпақ болып машинаны шегіндіргенде, бедері қалмаған жалаңаш баллон сырғанап барып, жол шетіндегі омбыға түсіп, шоңқиып қалды. Оған да шүкір: әйтпесе машина аударылып, сайға құлап, быт-шыты шығар еді.
Сол сәттегі ең ауыр сұрақ
Осы боранда Кегенге қарай кері жаяу қайту мүмкін емес. Ең қиыны — аяғы ауыр әйел. Не істейміз?
Ыза кернеген жүргізуші: «Тфу! Вот тебе... Маруська!» — деп машинаны шыр айналып жүр. Ымырт та қоюлана бастады.
Шопанның пайда болуы
Кенет ұлыған боранның арасынан қой қайтарған шопанның үні саңқ ете түсті. Қайдан шыққанын аңғармай да қалдық. Әлден уақыттан кейін біз тұрған жолдың оң жақ қырқасының үстіне қарайып бір салт атты шықты. Екі студент үшеуміз қосыла айғайладық.
Қас-қабағын қар жапқан шопан қасымызға келді. Жағдайымыздың қиындығына көзі жеткен ол анау тұрған қырқаның астында қыстауы барын айтты: қойдың шұбырындысына түсіп, тура жүрсек үйіне алып барады екен. Кідірмей өзі қайта кетті.
Біраз күттік те, жүргізушіден басқамыз шопанның үйіне тарттық. Бар киімді жүргізушіге қалдырдық — ол машинаны иесіз тастағысы келмеді.
Қыстаудағы жылу
Қыстауда үп еткен жел жоқ, қи иісі аңқып тұр. Бір-екі ит абалап қарсы жүріп еді, шопан зекіп тастады. Иттер құйрығын бұлғап, тым-тырыс бола қалды.
Қойын жаңа қоралаған шопан бізді үйге кіргізді. Үй іші жып-жылы. Темір пештің үстіндегі мыс шәугім сызылтып ән салып тұр. Ошақтағы қара қазанның ішінде ас қайнап жатыр. Кимешегінің ұшы арқасын түгел жапқан етжеңді шешей төр алдындағы жүктен текемет алып, еденге төседі де, төрлетіңіздер дегендей ишарат білдіріп, өзі сәл еңкейіп кейін шегінді. Белағашта аспалы шам ілулі.
Шопанның кескін-келбеті
Шопан ішігін шешіп босағаға ілді де, түлкі тымағын сілкіп, кіре берістегі бөлмеге тастай салды. Пеш түбіне келіп отырып қыздырына бастады. Сол қолының саусақтары жоқ — доп-домалақ. Домалақ жұдырығын сау қолымен сығымдап, жылытып отыр.
Қабағы түксиген, орақ мұрын, селдір сақалды, еңгезердей адам екен. Бойы жылып, бір есінеді де: «Жол болсын, азаматтар? Қай жаққа бет алып барасыңдар?» — деді.
Біз жөнімізді айттық. Ол күрсініп: «Бір тәуліктен асып барады, күн ашылар емес. Әсіресе бүгін тым қағынып кетті. Мана, түске жуық он машина бірін-бірі сүйреп, қар күреп әзер асқан. Сендердің неге сеніп осы боранда асуға келгендеріңе таңданып отырмын. Трактор келгенше қатынас жоқ», — деді.
«Шопырларың қайсысың?» — деп сұрады. Мен: «Машинасын иесіз тастағысы келмеді», — дедім.
Шопан қабағын түйіп: «Бәлі, машинасын қасқыр жемейді ғой! Үсіп өлейін деп тұр. Біреуің атқа мініңдер де ертіп келіңдер», — деді.
Ақылын жөн көрдік. Студенттердің біреуі атқа мініп, жүргізушіге кетті.
Шай үстіндегі қауесет
Шай келді. Кідірмей жүргізуші де жетті. Есіктен кіре: «Вот, Маруська непутевая, изменила, отомстила мне», — деп, белгісіз Марусяны жазғыра сөйледі.
Орысша сөйлеуге құмар студент: «За что она тебя?..» — деп сұрады.
Жүргізуші: «За то, что когда-то мои друзья ее, на этом перевале...» — деп бастап, үйдегі орыс әйеліне бір қарап, алақанымен аузын баса қойды.
«Марусяның тауы» туралы жұрт айтатын әңгіме
Ескі қауесет бойынша, Совет өкіметінің алғашқы жылдарында қыс күндерінің бірінде колхоздарға сайман алып келе жатқан бірнеше машина осы асуда бөгеліп қалады-мыс. Азық-түлік пен арақ мол болып, жүргізушілер ішіп-жеп, жол ашылғанша жата береді. Араларында Маруся атты орыс келіншегі болады-мыс. Масайған жүргізушілер оған қорлық жасап, ақыры «үсіп өлді» деген сылтаумен асуға жерлейді-мыс. Содан бері боранды күн туса, шопырлар: «Маруська ашуланып қалыпты, өшін алып жатыр» дейді екен.
Бұл қауесет шопанға да белгілі сияқты. Бірақ ол титтей де езу тартпады. Керісінше, жымыңдасқан студенттер мен жүргізушіге: «Жә, балалар, орынсыз ыржақтамаңдар! Суықтан келдіңдер, одан да шай ішіңдер», — деп ренжіген кейіп танытты.
Сосын жүргізушіге орысша зекіді: «Не знаешь — зря не болтай!» Орыс тілін жақсы білетінін сонда аңғардық.
«Мен тек білмеймін… куәмін»
Жүргізуші оны сөйлеткісі келіп: «А ты что, знаешь что ли?» — деді.
Шопан өз акцентімен анық сөйледі: «Я не только знаю, а был свидетелем».
Елең ете түстік. Шопан саусақсыз домалақ сол жұдырығымен маңдайын бір сипап: «Бұл таудың тарихы сендердің естігендеріңдей емес. Біреуден естіген қауесетке орынсыз сене беру — дарақылық», — деді.
Жүргізуші: «Ты, старина, давай по-русски рассказывай» — деп еді, шопан: «Ей, батыр, қоя тұршы», — деп қолын бір-ақ сілтеді де, ұзынсонар әңгімесін бастады.
Шопанның әңгімесі: жұт, көш және дүрбелең
Әкемнің өзімен бірге туған жақыны жоқ еді. Терін сығып жүріп тапқан азын-аулақ шаруасын ретімен ұстап, ешкімге аласы-бересісіз өз күнін өзі көретін. Бір жылы қыста жұт келді: қолдағы уақ малды сойып алдық, ал бір бие мен бір сиырымыз көктемге жете көтерем болып, ақыры өлді. Ауқатты аталастар сырт айналды.
Көңілі қалған әкем шешем екеумізді ертіп, Қақпақтағы казак-орыстарға жалшылыққа барды. Қожайынымыз Шахов Тимофей жаман қараған жоқ, аш қалдырмады. Совет өкіметі орнағанша көп жыл сонда тұрдық. Сол жерде балдыр-бұлдыр орыс тілін де үйрендім.
Жаңа өкімет орнағаннан кейін қожайынымыз бір түнде ғайып болды. Қайда, қалай кеткенін білмеймін. Есте қалғаны — қамбасын өртеп, қорадағы өгіздерін өлтіріп, жолға түсіпті. Ел ішінде аласапыран: кімнің дос, кімнің жау екенін айырып болмас шақ.
Бір күні әкем: «Есің барда еліңді тап. Қалай да елге қайтайық. Өлсек те ел шетіне барып өлейік», — деді. Сөйтіп ауылға тарттық.
«Ынтымақ» ауылы және «өкімет» атану
Елге келсек, мұнда да дүрбелең: біреулер қашып, біреулер босып келіп жатыр. Әйтсе де жаңа өкімет бытыраған елді бір жерге ұйыстырып, ауылдарға «Ынтымақ», «Бірлік» секілді ат беріп үлгерген екен. Біз де аталастар отырған «Ынтымақ» ауылына келіп, қараша үй тіктік.
Ауылда күнде жиналыс, күнде өкіл. Бір өкіл мені шақырып алып: «Сен батырақтың баласы екенсің, комсомол боласың. Ескіліктің қалдығымен күресесің. Кедей жастарын комсомолға тартасың», — деді.
Түнде үйге келіп, ештеңе айтпастан қисая кеттім. Не істерімді білмей дөңбекшіп жатқанда, таң ата ауыл әйелдерінің дабырынан оянып кеттім: «Құтты болсын, балаң өкімет болыпты!» — деседі.
Әкем кіріп келіп: «Тәйт, әрі! Өкіметі несі?! Пері соққан ба?!» — деп дүрсе қоя берді.
Көлік дауы және Молдекең
Қызыл отауға барсам, белсенділер жиналып отыр екен. Шөп шабуға көлік тапшы болған соң, артельге кірмей отырған жекеменшіктерден көлік алуға бөлінді. Маған да бір-екі үй тиді.
Сақаның үйіне жақындағанда, есік алдында күйбеңдеп жүрген Қалып шешей көзіме түсті. Мені көрісімен ожырая қарап, үйіне ұмтылды.
— Шеше, Молдекең үйде ме?
— Неғылайын деп едің? Үйде.
— Артельдің шөбін шабуға көлік жетпей жатыр.
— Жетпесе, не қылайын дейсің? Молдекеңді арбаға жегейін деп пе едің? Әрі жүр! Тексіз неме!
«Өкіл жіберді, бәрібір аламыз» дегенім сол еді, Қалып шешей долданып, маған қарай ұмтылды. Қояр емес. Ашудан көкірегінен сәл итеріп жібергенімде, жүресінен отыра кетіп, айғайға басты.
Сол сәтте аулаға айыр сақалды, жотасы сәл еңкіш, қолында жұлығын жамап отырған мәсісі бар Сақа қария — жұрт «Молдеке» дейтін — шығып, кемпіріне жекірді. Сосын мені үйге ертіп кірді.
Жай-жапсарды сұрап болып: «Ал, бұйымыңды айт енді», — деді.
Көлік жайын айтқанымда, манағы момақан қалпы өзгеріп сала берді: сіңірлі саусақтарымен жағамнан мытып ұстап, қынынан кездігін суырып, кеңірдегіме тақап: «Шалып жіберейін бе, иттің күшігі!» — деп алқымымды езіп жіберді.
Жалбарындым. Ол: «Бар! Екінші бұл маңға жуушы болма!» — деп, есіктен бір-ақ атты.
Үйге келіп болғанды әкеме жасырмай айттым. Әкем ызаланып: «Сенің өкімет болғаның не болды? Тұр! Жүр!» — деп, мені ертіп Молдекеңдікіне беттеді.
Әкем мамада байлаулы тұрған бурыл бестіге жармасты. Қалып шешей қарғап-сілеп жүр. Біз бурылды қақпадан шығарып ала бергенде, Молдекең есік алдында тұрып: «Құдайдан жетсін, доңыз, саған! Ісім сенімен болсын!» — деді.
Әкем тайсалмады: «Мал деп, мал түбіңе жетіп отырғанын білмейсің бе! Бурылды арбаға жеге тұрамыз. Шамаң келсе, алып көр!» — деді де, тартып кетті.
Неге екенін, Молдекең әкеме беттей алмады. Бурылды артельге тапсырдым. Бірнеше күннен кейін Молдекеңнің үй-іші бір түнде ғайып болды.
Марусямен алғашқы жүздесу
Шопан күрсініп, әңгімесін негізгі өзекке бұрды: «Әңгіме Маруся туралы еді ғой. Бұл — айтса таусылмайтын ұзын хикая. Тоқ етерін айтуға тырысайын», — деді.
Бірде артельдің бастығы Бизекең, қолында темір қобдишасы бар, бетін күн қақтаған қара көзді қызды иегімен нұсқап: «Ал, комсомол, мына шүйкебаспен сөйлесейікші. Доқтыр көрінеді, шешекті емдейді», — деді. Сол жылы шешек келіп, балаларды баудай қырып жатқан.
Қыз сабырмен: «Ағай, мен шүйкебас емеспін. Менің атым — Маруся», — деді.
Ол — Есіктіден, ескі қоныста тұратын шаруаның қызы екен. Алматыда бір жылдық дәрігерлік курсты бітіріп, губерниялық комсомол комитетінің тапсырмасымен осында келіпті. Марусяны елге мойындату да оңай болмады: ауылдық совет, артель басшылары, белсенділер араласып, әрең реттелді. Бірақ Маруся сәбилерді ажал аузынан алып қалуға жанын салды.
Ұяңдық, жоқшылық және бір қыздың жан жылуы
Маруся біздің үйді жатсынбады. Қазақ тілін ана тіліндей білгені бар, біз де бір қиын шақта орыс арасына барып жан сақтағанымыз бар — жақын тартты. Жиі келіп тұрды, біраз уақыт біздің үйде де тұрды.
Бірақ менің жағдайым мүшкіл еді: оның алдында өзімді қор сезінетінмін. Қимыл-қылығым, жүріс-тұрысым, әсіресе киімім — бәрі намысыма тиетін. Бұтымда сауыс-сауыс сырмалы шалбар, үстімде терден жылтырап кеткен жейде. Ең сорақысы — жылқының пұшпақ терісінен әкем жасап берген шоқай: ыстықта аяғымды терлетіп, күлімсі иіс шығаратын.
Көбіне жатарда, Маруся жайғасып алғанша үйге кіріп-шығып жүріп, ол ұйықтады-ау дегенде ғана құмандағы сумен аяғымды сыртта шәйіп, жалаңаяқ еніп, қымсына қисая кететінмін. Маруся бәрін сезсе де, бізді ыңғайсыздандырмауға тырысты: қарапайым, кішіпейіл болды; асқа көмектесті; тіпті шешемнің киімін жуып, майлы ішекше айналдырып беретін кезі де болды.
Сарыжаз сапары және күтпеген жақсылық
Бір күні ауылдық советтің председателі келіп: «Марусяның дәрі-дәрмегі таусылыпты. Сарыжазға апарып, комендатурадан алып қайтсын. Шанаңды жек те, барып келіңдер», — деді.
Ауылдағы қондылау ат — Бурылға шана жектік те, Кеген арқылы айналып, Сарыжазға ел орынға отыра жеттік. Ертеңінде мен солдаттардың қаз-қатар байлаулы, жонынан шыбын домалап түскендей аттарына қызығып қарап тұр едім, Маруся: «Сағи, Сағи!» — деп шақырды да, мені кеңсеге ертіп барды.
Кеңседе отырған орта жастағы жіп-жіңішке әскери адам мені бастан-аяқ шолып өтті де, кілті бар біреуді шақыртты. Әлгі кісі мені терезесіз бір үйге ертіп апарып, есігін ашты. Жүрексініп қалдым.
— Қорықпа, жігіт, кір, — деді. Кірдім. Ол да кірді. Киім үйіліп жатқан жерден шолақ ақ тон, қабулы шалбар, сырт жейде… тіпті іш киімге дейін алып: «Енді киін!» — демесі бар ма.
Су жаңа киініп шықтым. Ол менің шоқпыттарымды аяғымен ысырып, оңаша бұрышқа үйіп қойды. Көктен түскендей күй кешіп, командирдің кеңсесіне қайта кірдік. Маруся орнынан атып тұрып: «Ох, ты, оказывается, какой Сағижан!» — деп, балаша мәз болып, белдігімді түзеп, тұмағымды дұрыстады.
Командир темекісін бұрқыратып, басын шайқап күлімсіреп отырды. Маруся құлағыма сыбырлап: «Ана кісіге рақмет айт», — деді. «Рақмет… спасибо» деуге тілім әрең келді.
Әңгіме осымен бітпейді
Маруся дәрі-дәрмегі таусылған сайын ауданға барып-қайтып тұратын. Сол сапарлардың бірінде ауылдағы Сапар комсомол екеуін осы асуда бандылар… — шопанның сөзі осы тұста үзіліп, хикаяның келесі тарауына жетелейді.