Галстук сатып әкепті

Ақ жейде мен галстук

Сәрсебек жатақханаға қунаң қағып, күлімсіреген жүзбен кіріп келді. Шырайында бұрын-соңды болмаған көңілділік бар. Магазиннен жап-жаңа аппақ жейде сатып әкелген екен. Орауын жазып, «қалай екен?» дегендей, кереуетінің үстіне жарқыратып жайып тастады. Және бір сұр шұбар галстук алыпты — ақ көйлектің үстіне шұбалта тастай салды.

Жолдастары Сәрсебекке таңдана қарасып:

  • «Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті»;
  • «Галстук та алыпты»;
  • «Ой, сен ақ жейде кимеймін деуші едің ғой?»;
  • «Мынау бір жаңалық екен!»

Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінез бар-тын. Өмірге жарасымы жоқ, кіршең деп, ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Галстукті түкке қажетсіз, артық әурешілік көретін. Басқалардан бір бөлек томаға-тұйық жүретін. Жаңа жыл түгіл, он мереке қабат келсе де бүйірі қызбайтын, сәнденіп бой түзеуді елемейтін. Қандай той-томалақ, кеш болса да, күнделікті үйреншікті киімімен бара беретін.

Институтта бірге оқыған үш жылдың ішінде жолдастары Сәрсебектің бір қызбен көңіл қосуға талаптанғанын түгіл, алыстан көз салып, қырындаған ниетін де байқамаған. Қашанда қоңыр жүріп, қоңыр тұратын, оқудан өзге ештемені білмейтін осы Сәрсебек енді міне, аяқ астынан өзгеріп шыға келіпті.

Үтік сұраған күн

Бұрынғы көзқарасынан айнып, ақ жейде мен галстук сатып алған соң, енді жігіттерден үтік сұрады. Жыл бойы үтік тиіп көрмеген қоңыр костюмге істемегені қалмады: әуелі есік алдына алып шығып, жарты сағат щеткамен тазалады. Одан соң сабынды суға ақ шүберек малып, алдымен шалбарын, кейін пиджагын мұқият өтектей бастады.

Ал жолдастары болса, бой түзеу жағына келгенде шетінен сақа: бүгінгі жаңа жыл қарсаңында бәйге атындай сыланған. Әркімнің күні бұрын нысана еткен кеші, жолығатын «күлім көздері» бар. Енді әрқайсысы сол өз тіршілігінің қамымен тарап кеткелі тұр.

Жылмақай Сәмет әлденені түйсінгендей:

Құдай біледі, бүгін Сәрсебектің өміріндегі тарихи күн. Жігіттік сезімі оянған күн. Дәу болса да, батырың қызбен кездесуге барады.

Сәрсебек рас та демеді, өтірік те демеді. Тек жымың-жымың күле берді. «Сәке, солай ма?» деп сұрағандарға: — Мен сендерден қайда баратыныңды сұрамаймын ғой, — деді.

Әйтеуір тегін еместігі бет-жүзінен-ақ білінеді. Жігіттер түгел кетіп қалды. Сәмет те киініп, кеткелі тұрғанда Сәрсебек: — Әй, Сәмет, ана галстукті байлап беріп кетші, — деді. (Өмірі галстук тағып көрмегендіктен, оны қалай байлауды да білмейді.)

Сәмет қиқарлау: — Қайда баратыныңды айтпасаң, байлап бермеймін, — деп қасарысты.

Сәрсебек жымыңдауды қойып, өз-өзінен сықылықтап күле бастады: — Өзіміздің ауылдың университетте оқитын балалары шақырып еді. Соларға барам.

— Іштерінде қыздар да бар ғой? — деді Сәмет.
— Кім біледі, мүмкін бар шығар.

— Жарайды, байлап берейін, — деп Сәмет ымыраға келді. Бірақ әзіл-шыны аралас ескертуін қоса айтты: — Еңбегімді зая жіберіп, түк өндірмей қайтып келіп жүрме.

Фатима

Сәрсебек енді үйде жалғыз қалды. Әлсін-әлсін төсектің үстінде жатқан сағатына үңіледі: сегізден жаңа асты. Ал уәделі уақыт — тура тоғыз.

Университеттің химфакультетінде бірінші курста Фатима деген қыз оқиды. Сәрсебектің жерлесі: екеуі бір колхоздан, бір мектептен. (Фатима Сәрсебектен екі сынып төмен оқыған.)

Сол Фатима — Сәрсебектің бала күнінен бері жүрегінің түбінде сақтаған, ешкімге сездірмеген аяулы құпиясы еді. Бірақ ол оған бір ауыз лебіз білдіріп көрмеген. Кездесе қалса, жүрегі аттай тулап, басына қаны шауып, тілі байланып қалады.

Бүгін Фатима көшеде кездесе кетті. Өзі бұрылып қол берді, келе жатқан жаңа жылмен құттықтады. — Сені де, — деген сөзді Сәрсебек зорға айтты.

— Жаңа жылды қайда қарсы аласың? — деп сұрады Фатима.

Сәрсебек абыржып қалды: бұл — оның ойластырмаған шаруасы еді. Сонда Фатима сөзін нықтап: — Егер басқа барар жерің болмаса, бізге кел. Біздің факультеттің сауық кеші болады. Бұл — менің сені ресми шақыруым, — деді.

— Мақұл! — деді Сәрсебек. Қуаныштан құлағы шуылдап кеткендей болды.

— Келесің ғой?
— Келем.
— Тура сағат тоғызда университеттің алдынан өзім күтіп аламын.
— Мақұл.

Сол арада Сәрсебек алқын-жұлқын болып дүкенге жүгірген еді. Сатып әкелген галстугі мен жейдесі әне — төсегінің үстінде жатыр.

Жыртық ұлтан

Костюмді үтіктеп болған соң, Сәрсебек сабын алып жуынатын бөлмеге жүгірді. Жуынып келіп, киіне бастады. Айнаға қарағанда, бұрын жақтырмайтын ақ жейденің өзіне ғажап жарасатынын байқады. Галстук те келісіп-ақ қона кетті.

«Өзім оншалық жаман жігіт емес екенмін-ау» деген ой көңілін өсіріп жіберді. Сағатына қарады: сегіз жарым. Троллейбуспен бес-ақ минутта жетіп барады. Үлгерем деп ойлады.

Пальтосын кимей тұрып, өз үстіне тағы бір рет көз салды: бәрі көңілдегідей. Тек туфлиі ғана аздап көнелеу көрінеді. «Майлап, жылтыратып алсам, жаңа туфлидей болмай ма?» деп, етік майы мен щетканы алып, жуынатын бөлмеге қайта барды. Аяқ сүртуге арналған цемент тұғырға аяғын қойып, сүрте бастады.

Мәссаған! Туфлидің тұмсығы өлген балықтай ырсиып, аузы ашылып қалыпты.

Жүрегінен зу етіп аяз жүгіріп өтті: «Қап, мұны бағана неге ертерек байқамадым екен?!»

Ауыстыратын басқа аяқ киім жоқ. Қақырап тұрған ұлтанды қолымен әрі тартса, жыртығы үлкейіп кетті. Сәрсебек бөлмеге жүгіріп кіріп, кереуеттердің астын үңіліп, артық-ауыс аяқ киім іздеді: бәрі ескі-құсқы, сұрықсыз. Тәуірі — Сәметтің қонышты қара бәтеңкесі. Отыз жетінші размер. Сыймайтынын білсе де, сасқан үйрек артымен жүзгендей, киіп көрді: тұмсығы әрең батты.

Сағат тоғызға он бес минут қалды. Қысылғаннан маңдайынан суық тер бұрқ етті. Көшенің арғы бетінде етік жамайтын будка бар еді — терезеден соған қарады: жабық. Мұндай күні етікші отыра ма?

«Тым құрыса білдірмей сыммен түйреп алсам ба?» деп сым іздеді — табылмады. «Осы күйі барайын. Билемей-ақ, тыныш отырсам қайтеді?» деген ой келді. Басқа амал жоқ. Ал бармау — біріншіден, ұят. Екіншіден, өз бақытыңды өзің тебумен тең. Фатима содан соң Сәрсебекті адам санатына қоса ма?

Троллейбустағы сәт

Сәрсебек туфлиін жалтыратып тұрып тазалады. Бөлмені кілттеп, көшеге шықты. Тротуармен ептеп басып келеді. Екі көзі — туфлиінің ашылған тұмсығында. Бар ойы соған шегеленген: «Бүгін кешке шыдап берсе болғаны...»

Троллейбусқа адам көп екен. Ол жүрегі зырқылдап, әрең мінді. Алға жылжуға батылы жетпей, шиқанын қорыған адамдай кібіртіктеп, есік жақта теріс қарап тұрды.

— Университет аялдамасы! — деп хабарлады кондуктор. Сәрсебек қалай жеткенін байқамай қалыпты.

Жалт бұрылып, есікке ұмтылды. Бірақ сырт жақтан лап қойған жұрт кіріп үлгерген еді. Ол кейбірін қаға-соға, араларын жара ұмтылды. Біреулер реніш те айтып жатыр, бірақ Сәрсебектің естір халі жоқ.

Сол сәтте кемтар туфлиі көп аяқтың қыспағына түсіп, зәресі ұшты. «Бітті...» деген ой жарқ етті.

Ол қозғала алмады. Ұлтаны салпылдап бөлек түскен аяқ киіммен қалай жүрсін?

Анау — университет үйі. Шатыры, жоғары қабат терезелері көрінеді. Іштен би музыкасының шылқыған үні естіледі. «Қайран Фатима, есік алдына шығып тосып тұр ма екен?» деп ойлады. Не істерін білмей, жігері құм болып, біраз тапжылмай тұрды.

Скамейкадағы «шешім»

Аялдамада троллейбус тосушыларға арналған скамейка бар. Сонда бүктетіле сұлап біреу жатыр — мас. Сәрсебек жылжып келіп, соның аяқ жағына отырды. Көз қиығын салып байқаса, анау кісінің аяғында әп-әдемі қара туфли. Өлшемі де шамалас сияқты.

Сәрсебек жаны ашыған адам болып оятып көрді. Анау оянбады, қырылдап ыңыранды. «Бұл бәрібір мына күйімен ешқайда бармайды. Милиция келсе, сауықтырғышқа әкетеді...» деген ой жылт етті.

Сәрсебек төс қалтасынан блокнот пен қаламын алып, қағазға асығыс жазды: «Жолдас, кешіріңіз. Сіздің туфлиіңіз менде. Мына адреске келіп алуыңызға болады» — деп өз адресін қоса көрсетті. Жазуды ықтияттап бүктеп, мастың қалтасына салып қойды.

Біреулер келе жатқанда, Сәрсебек бейқам адамша отыра қалды: ысқырып, өлең айтып қояды. Әлгілер өтіп кетті. Енді айнала тына қалғанда, ол жан-жағына ұрыша жалтақтап қарап алып, дереу іске кірісті: мастың бір туфлиін шешіп алып, өз туфлиін кигізді. Құйып қойғандай — дәл келді.

Екінші аяққа ауыстырып үлгермеді: троллейбус келіп қалды. «Өтіп кетсін» деген оймен тағы да бейқамсыды.

Троллейбустан үш еркек түсті. Үшеуі де қызу. Скамейкада сұлап жатқанды көріп: — Әне, қара, батырың жайғасып та үлгеріпті! — деді. Бұлар — әлгінің таныстары екен.

Жамырап келіп: — Вася! Вася! Тұр! Тұр! — деп жұлқылай бастады. Зорлықпен әрең оятып, сүйрелеп алып кетіп қалды.

Қап! Сәрсебек тілін тістеп қала берді: бүтін туфлиі мастың аяғында кетіп қалды.

Өзінде қалғаны — бір аяғында ұлтаны салпылдаған жыртық сары туфли, екінші аяғында мастан қалған қара туфли.

Нағыз қызық енді болды: екі аяқта фасоны да, түсі де екі басқа туфли. Бейне бір цирктің дарақышысы секілді. Сәрсебек қапаланып отырса да, өз сиқына өзі жымыңдап күлді.

Басқа лаж жоқ: жатақханаға жаяу қайтты. Троллейбусқа отыруға ұялады. Біреу байқап қалып «мынауың не?» демей ме, немесе «жынды екен» деп ойламай ма? Сау адам екі аяғына екі басқа туфли киер ме еді?

Жұрт жаңа жылды дуылдасып қарсы алып жатқанда, Сәрсебек төсегінде пырылдап ұйықтап жатты.

Он күннен кейін

Арада он шақты күн өткенде, бір күні кешке таман біреу есікті тық-тық ұрды.

— Кір!
Бөлмеге ашаң жүзді орыс жігіті кірді. Қолында газетке оралған бірдеңесі бар. Әлгі жымия күліп: — Сыңар туфли іздеп жүрмін, — деді.

Отырғандар жауап берудің орнына, күлкіге қарық болды.