Бүкір дүние
Жеңешемнің жауабы
Менің аталас ағам, майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз бала тапты. Абысындары: — Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда “Батыр ана” атанар едің, — дейді ғой.
Разия: — Құдай берсе, тастамаймыз. Бермесе, қақсамаймыз, — дейді.
Құдай берсе, тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті. “Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма?” деп асықты ма, кім білсін. Бір кем дүние.
Дуананың жирен қасқасы
Қасиетті Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз жирен қасқа тұлпары болыпты. “Қанша дәулет бітсе де, бай қуанар егізге” дегендей, бай сол сәйгүліктері жүзге жетсе екен деп армандапты.
Бірақ Құдайдың құдіреті, биелері қайтып жирен қасқа құлын тумай қояды. Бір күні бай ауылына ел кезген бір дуана келіп қалады. Қараса, астындағы аты да жирен қасқа.
Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорлық бола ма?! Сөйтсе, дуана жай дуана емес, Қызыр шалған әулие екен: таудан арқырап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетіпті.
Бай дәулеттен айрылып, қайтадан мал-мүлік құтаймай қойыпты. Бұл хикаяны айтқан — Өмірбек Байгелді. Біреуі-ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елі, Еңбек Ері Байгелдінің тұсында ғана арылған дейді.
Нысап
Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман. Бір кем дүние.
Қысқа ойлар: “Бір кем дүние”
Құдірет
Бидайын алып, сабанын қойған Құдай. Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай… Бір кем дүние.
Асқанға — тосқан
Толдым деген төгіледі. Жеттім деген жығылады. Бір кем дүние.
Құнықпа
Алтын өзі тотықпайды, адам жанын тотықтырады. Бір кем дүние.
Тым жақындама, тым алыстама
Патшаға тым жақындама. Тым алыстап та кетпе. Ол да от сияқты: тым жақындасаң — күйіп өлесің, тым алыстасаң — үсіп өлесің. Бір кем дүние.
Дәнек
Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды. Ондайлар көп қой. Бір кем дүние.
Өгей шеше
Краткость — сестра таланта, мачеха гонорара.
Қалтай айтқан
Журналист — это Қаранар, но мизерный гонорар. Бір кем дүние.
Әңгімелер мен ишаралар
Маймыл құрлы жоқсың ба?
Жазушы Дидахмет Қалтайға: — Машина сатып алайын десем, айдай алмаймын. Куәлігім жоқ, — дейді.
Сонда Қалтай: — Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл құрлы жоқсың ба?! — деген екен.
Ойшыл қарға
Түнімен — жаңбыр. Таңертең — қар. Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр. Төбесінде — қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды? Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім: — Оу, Қареке, ертең не болады?
Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған. Оны біз түсінбедік. Бір кем дүние.
Өлтіру оңай, тірілту қиын
Кейде соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда, қайта тірілте алмайсың. Не істеу керек? Бір кем дүние.
“Халық жауы” дегендердің көбі осылай өлтірілді.
Әңгі есек
Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ. Кейбір әкімдер мен байлар да сондай. Бір кем дүние.
Ақымаққа — шапалақ
Серік Үмбетов Жамбыл облысына әкім болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып дұға оқытты. Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыржан Момышұлы музейіне барып тағзым етті.
Ауыл әкімі: — Мен Бауыржанның туысымын, — деп таныстырды өзін.
Сонда облыс әкімі: — Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр? Айналасы неге лас? — деді. Бір кем дүние.
Дауыл
Астананың желі қатты. Біз тұрған он алты қабатты үйдің шатырын дауыл ұшырып әкетті. “Ең сапалы үй” дегені сол. Бір кем дүние.
Аңсау
Ах-ау, Гүлдерайым, Күн мен Айым, ұшуға қанатым жоқ, не қылайын… Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе, бармас па ем қалқатайға әлденеше… Бір кем дүние.
Тарихтан қалған таңба
Сталинге не жетпеді?
“Басқа — басқа, Сталинге не жетпеді?” десеңші: Жоғары Кеңеске сайлау кезінде ылғи да 99,09% дауыс алушы еді. 100%-ға жетпей-ақ қойды. Бір кем дүние.
Хрущевтің екі беті
Сталиннің көзі тірісінде қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлген соң оны жерден алып, жерге салды. Кейін мүсінші Неизвестный оның моласына қойған ескерткіштің бір бетін ақ, бір бетін қара етіп бояпты. Бір кем дүние.
Қисық заң
Заң дегеніміз — өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді. Бір кем дүние.
Жоғалған тіл
Байдың балалары шет елде оқиды: бірі сонда қалады, бірі елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша не ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние.
Аманат пен ашкөздік
Ақсақ Темірдің аманаты
Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтыпты: — Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ.
Ажалды біреу айқайлап қорқытып қуа ма? Киім жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі, Алладан “Аллаһу акбар” деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін Фатиха оқыңдар. Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.
Бір кем дүние…
Құр алақан
Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті дейді. Бір данышпан алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.
Сөйтсе, Ескендір тірілерге: — Ей, жарандар, дүниенің жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, — деп алақанын ашып көрсеткен екен.
Қайран дүние… тіршілікте кім тойған? Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды. Бір кем дүние…
Мұрагерсіз патша
Баяғыда бір патша ұл балаға зар болыпты: — Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, — деп армандайды.
Бір уәзірі: — Бұл өмірде арманы жоқ әйел болса, сол әйелдің дамбалын жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл табады, — деп ақыл айтады.
Іздеп-іздеп, “арманы жоқ әйел” табылмайды: бәрінің әйтеуір бір арманы бар. Шабармандар жолда отын арқалап бара жатқан бір әйелге кезігіп, үмітпен алып келеді. Патша сұрайды: — Шыннан арманың жоқ па?
Сонда әлгі әйел: — Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! — деп қойып қалыпты.
Бұл да бір кем дүние.
Ай мен Күн туралы
Бұл туралы ақын Гете де жазып кеткен дейді. Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды айтамыз. Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пендеге не жорық?!
Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Ләйлі мен Мәжнүн, Жүсіп пен Зылиха, Сейпілмәлік пен Жамал — бәрі де шын ғашық, бірақ қосыла алмағандар. Дүние жаралғалы бері Ай да Күнге жете алмай келеді.
Аңыз бойынша, олар бастапқыда ерлі-зайыпты болған, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан. Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау — дүниедегі кемдіктің ең зоры. Бір кем дүние — зор кем дүние.
Қанағат
Қанағат қарын тойдырады. Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар — адалдықтың қазығынан ажырағандар. Адалдықтың қазығы — қанағат.
Сөз, өнер, және тұрмыс
Жекеннің “орманы”
Журналистер де түйе сияқты: арқалағаны — алтын, жегені — тікен. Газетте істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік. СҚ-да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым.
Кезекші болған күндері бетті оқып отырып: — Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жіберіп, иіскеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп шыңғырып жіберсе… қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, — деп армандайтын.
Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ. Бір кем дүние.
Жарық астау
Пушкиннің “Алтын балық” туралы ертегісі бар. Балықшының ауына алтын балық түседі. Тілі бар балық: — Мені босат, не тілесең — орындаймын, — дейді.
Шал: — Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді… — дейді. Балық: — Үйіңе қайта бер, тілегің орындалады, — дейді.
Бірақ кемпір шалына риза болмай, араны ашылып, ақырында баяғы жарық астаудың қасында қалады. Тойымсыздық… Бұл да бір кем дүние.
Шөлдеген жұлдыз
Шілдеде Қазан шаһары да ысып кетеді. Сондай бір күні атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыраханаға кіріп, бір кружка сыра сұрайды. Сатушы: — Отыз бес тиын, — дейді.
Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып: — Пиво — тура отыз бес тиын. Қалғаны — тура бес тиын… И-и, дүние-ай… — деп қиналыпты. Өзін Пушкин, Лермонтовтай алыптардың қатарына қосып: “Три звезды в небе — Пушкин, Лермонтов и Токай” — деп жүретін Тоқайдың қалтасы тесік екен. Бір кем дүние…
Жүзді азырқанған жазушы
Ертеректе Жазушылар одағында бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. Тоқсанға толған той иесі мінберде алғыс айтып тұрғанда, арт жақтан біреу: — Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! — деп айқайлайды.
Той иесі қаһарланып: — Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! — деп ренжиді.
Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті. Бұл да бір кем дүние.
Тағдырдың “келтесі”
Әттең, қанаттың келтесі-ай
Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады, бірақ қопалырақ: қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды. Дегенмен, Құдайдың оған шақтаған несібесі бар: тышқан аулайды, күзде тары піскенде бөдене аулайды. Кейде асыранды тауықтың балапандарына да түседі.
Бірде шұбар тауық балапандарын ертіп жүргенде, құладын біреуін іліп әкетеді. Тауық бар дауысымен ойбайлап, қуып жетпек болып аспанға атылып барып, қайта жерге топ ете түседі. Қанаты қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі-ай… Бір кем дүние.
Мұндайда мына мұңды өлең еріксіз еске түседі:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?
Іздеген мен жоғалған
Шыңғыс ханның моласы қайда?
Тарихта Шыңғыс хан Таңғұт елінде жұмбақ ажалға ұшырады дейді. Ең жақын адамдары денесін көміп, үстінен мың жылқы айдатып таптатыпты. Көмген адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған деседі.
Екінші бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып, табанына терең қазып, сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, өзенді қайтадан өз арнасына жіберген дейді. Қайсысы рас — белгісіз.
Мың жылға жуық уақыт өтті: іздеген көп, тапқан жоқ. Бір кем дүние деген осы.
Кенесарының басы қайда?
Кенесары ханның ескерткіші Астананың қақ ортасында, Есілдің жағасында тұр. Тас бейне — айбынды. Адамдар ағып өтіп жатады. Бірақ көпшілігі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын біле бермейді.
Тарихи әңгіме бойынша, Кенесары оңтүстікке қарай бет алып, қырғыз манаптарымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы болады. Бірақ патша әкімдері араласып, қаруландырып, ақыры Кекілік таудың тұсында хан қолға түседі. Бас кесіліп, Омбыға, одан әрі Петербургке жөнелтілген дейді. Ал сол бас — жоқ.
Бұл да бір кем дүние. Өкінішті дүние.
Жүрекке тигені
Соғыс жетімі
1998 жыл. 9 мамыр — Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркінде отырмыз. Өзіміз бір топпыз. Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды. Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу еді.
Мен сөз кезегінде Бекке: — Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең… — дедім. Сол сәтте Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асқан. Бірақ әлі бала — әке үшін.
Ес білмей жетім қалған соғыс жетімі жылады. Бұл — ұлы сезім. Жүрегі елжірей алмайтындардан қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды. Бұл да бір кем дүние…
Ауыл иттері
Ахмет Байтұрсынов: — Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, — деп еді ғой.
1937 жылы біздің әкей де өз ауылымыздың шолақ белсенділерінің жаласымен ұсталып, жоқ болды. Кейін “халық жауы” деп атылғандардың көбі ақталды. Бірақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тірілген жоқ.
Бұл бір кем ғана дүние ме? Орны толмас орасан обал дүние.
Баукең солақай емес
Тараздағы драма театрдың жанында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған. Бұл — иманды іс. Еңселі ескерткіш. Бірақ Баукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты.
Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой. Шойыннан құйылған ескерткіштің “қателігін” түзету — оңай шаруа емес. Әттең, бір кем дүние.
Табиғаттың көз жасы
Тасбақаның көз жасы
Дүниеде армансыз, қамсыз жан иесі болса, тасбақа шығар деп ойлайтын едім. Сөйтсем, кинодан көрдім: теңіз тасбақасынан қасіретті жәндік аз екен.
Теңіз тасбақасы жұмыртқаны суда туа алмайды: теңізден шығып, құмды қазып, жұмыртқасын көміп кетеді. Кетерінде көз жасы көл болады дейді — іштен шыққан тұқымды қия алмай. Бірақ құрлықта ұзақ тұра алмай, амалсыз теңізге қайтады.
Содан кейінгісі — арпалыс: жұмыртқаны адамдар да, жыртқыштар да іздейді. Аман қалғандары жарық дүниеге шыққанда, енді үстінен құс шүйіледі. Теңізге жеткені — жетті, жетпегені — ажалға жем. Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.
Тілдің тағдыры
Оспанханның “Ңөңі”
Баяғыда Оспанхан марқұмның “Ңөң” деген әңгімесін жариялаған едік. Қазір ойласам, Осекең әулие екен-ау. Өйткені мына заманда “ң” дыбысын айта алмайтындар көбейді.
Теледидар тыңдасаң, “жаңағы, жаңағы” деп сөз арасына арам сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі. Тіпті партиясы көп замандағы “дөкейлердің” де бірі “ң”-ға тілі келмейді екен: екі сөзінің бірі — “жаңағы”.
Біреуі: — Жаңағы жеңістен жеңіске жете берейік! — деп соғады. Бір кем дүние деген осы.
Қанағатсыздықтың қарғысы
Итаяқтың кесірі
Шілденің шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыстағы Келіншектау асау алтын өзендей болып ағарады. Кешкі салқын түсе тау айқын көрінеді. Сонда ертедегі аңыз еске түседі.
Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрі алтын, күміс, гауһар дейді. Қыз әкесі: — Қалай, қызым, жасауыңа көңілің тола ма? — деп сұрайды.
Қыз: — Ризамын, әке. Тек итаяғым алтыннан болмады-ау, — дейді.
Әкесі қос қолын теріс қарата жайып: — О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! — деп қарғап жібереді. Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкіл асыл көш лезде қаратас болып қатып қалады дейді.
Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиген. Ал қазіргі заманда “түйені түгімен, кемені жүгімен жұтып жатқандарды” Жаратқан қалай көрмейді дейсің? Бірақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуір бір соғар.
Бұл тек бір кем дүние емес, екі дүниеде де кешірілмес мол кем дүние.
Қара өлеңнің қызуы
Бір тал шаш
Шіркін, қазақтың қара өлеңі! Неге “қара” өлең? “Қара” сөзінің мағынасы көп: қара мал — ірі мал, Қаратау — ұлы тау, Қара хан — атақты хан, қара жер… Қара өлең де сондай — ірі өлең шығар.
Соғыс жылдарындағы азынаған аштықта, күннің шуағы сирек кездерде, қақаған қыста ел анда-санда бас қосқанда жетім ауылда азғантай той-мереке болушы еді. Сол тойда екеу-екеу ән салып, сағынышты әуен айтатын.
Ауылыңнан ары да өттім,
Бері де өттім-ау,
Үкіңді шекеңдегі бермей кеттің-ау.
Сол үкің, көп болғанда,
Жүз теңгелік-ау,
Қалдырдың көңілімді
Мың теңгелік ай…
Қара көз қарай берді
Дүркін-дүркін-ай,
Көзімді қарықтырды
Сенің көркің-ай.
Шашыңнан бір-бір талдап
Сүйер едім-ау,
Қайтейін, жетпейді ғой
Өмір шіркін-ай…
Қазір бір-бір талдап сүйетін шаш қайда? Ондай сүюдің қадірін білетін бас қайда? Әттең, бір кем дүние!..
Има Сумак
Сонау жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының басы еді…