Қайтар жолда Қатай аға
Ажалдан басқаға амал бар
Бір күні газет редакторы Рафағат Сыздықов менің Октябрьдің 40 жылдығы атындағы совхозға іссапарға баратынымды айта келіп: «Қалғанын жауапты хатшы Шәкірат Дәулетжанұлы түсіндіреді», – деді.
Шәкең кабинетінде менің іссапарға барғанда кіммен қалай сөйлесетінімді, кімге қандай сұрақ қоятынымды ұзақ тәптіштеп түсіндірді. Сол сәтте оның бар ниеті мені сүріндірмей, жолға дайындау екенін анық сезгенмін.
Совхоз кеңсесіндегілер мені шаруашылық орталығынан сәл әріректе орналасқан бөлімшенің басқарушысы Балықпай Әбілқасовқа жіберді. Ол кісінің құлағы тосаңдау екен. Кім екенімді, неге келгенімді әрең түсіндірдім.
Осы кезде отырған бөлмемізге бір топ қыз кірді. Олар осындағы есепші қызбен әңгімелесіп отырды. Солардың бірін Балықпай аға Қатай Есмақаевты шақыруға жұмсады.
Өзін бөлімшенің зоотехнигі деп таныстырған Қатай аға жымиып: «Мен сіздің сауалдарыңызға жауап беруге әзірмін», – деді.
Ол кісі әзір болғанымен, сауал қоюға мен әзір болмай шықтым. Нені сұрап, нені қоярымды білмей сасқалақтап, «аузыма сөз түссе екен» деп тұрмын. Сол сәтте: «Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз осындайдан шықты ма екен деп ойладым. Масқара-ақ!
Сандаған жылдар бойы «журналист болсам-ау» деген арманым қас-қағым сәтте қылтамақтан қиылғандай көрінді. Ең алдымен, маған «мынадай сұрақ қой, анандай сұрақ қой» деп ықыласпен үйреткен Шәкеңнің еңбегі есіме түсіп, тіпті қиналдым.
Бір есіктен кірген «дауыл»
Кенет әлдене сықырлап ашылғандай болды. Жұрттың назары сол жаққа ауды. Қарасам, шаң басқан, шамадан тыс үлкен керзі етік әнтек-тәнтек ырғалақтап, ақыры табалдырықтан аттады.
Еңгезердей еркек бос тұрған үстелдің жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Көзін бір ашып, бір жұмып, айналасына алара қарап, ара-тұра тілімен ернін жалап, өзімен-өзі әлек.
Қыздар әуелде шиқылдап, кейін қарқылдап күле жөнелді. Сол сәт әлдене дүрс етті: әлдекімнің ашына ақырған айбарлы даусы күн күркірегендей гүрс етті.
Ол үстелді бір соққан гүрзі жұдырық иесінің үні еді:
«Мына шуылдаған қыздарды қызметке алған қайсың, қайсың?!»
Балықпай аға мен Қатай аға мені «қауіпті аймақтан» қалқалап, сыртқа алып шықты. Есік алдында тұрған бөлімшенің машинасына мінгізіп жатып Балықпай аға: «Енді сендер бөгелмей жүріп кетіңдер», – деді.
Өзіңді өзің қайраған бір-ақ сөйлем
Содан Қатай аға екеуміз малды ауылдарды аралап кете бардық. Машинаға мініп жатқанда айнаға көзім түсті. Өңім өрт сөндіргендей: қап-қара болып түтігіп, түгім сыртқа теуіп, онсыз да сүйкімсіздеу түрім бейтаныс жандардың зәресін ұшырататындай.
«Қайтсем екен?» деген ой қысып бара жатқанда, кенет тілімнің ұшына бір қағида орала кетті: «Ажалдан басқаға амал табылады».
Соны ішімнен қайталап, өзімді-өзім қайрадым: «Ой, Алла-ай, мен тірімін ғой — амал табамын. Әлі-ақ аудандық газетті былай қойып, облыстық, республикалық газет-журналдарға да кесек-кесек дүниелерім басылады».
Ол сәт үміттің қайта тұтанғаны еді. Танымал журналист болам деген арманым аяқасты болмайды деген сенімге айналды.
Малды ауылға келгенде машинадан сергек, тіпті секіріп түстім. Ауыл адамдарымен тілдесе бастаған сәтте бағандағы қобалжу мен сасқалақтаудан белгі де қалмады.
«Біледі екенсіз» деген баға және шындық
Қайтар жолда Қатай аға: «Енді бұл кісілер сіздің мақалаларыңызды тосады. Сіз жалпы ауыл шаруашылығын жақсы біледі екенсіз», – деді.
Мен оған: «Жоқ, аға, менің білетінімнен білмейтінім көп», – дедім. Бұл — имандай шындық еді. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына пайдаланатын техникалардың атауларын да, ең аяғы жырту мен себу нормаларын да толық біле бермейтінмін.
Дегенмен ауылға сенбі-жексенбі күндері демалысқа барған сайын сол кездегі «Южный» совхозының бас агрономы Қорабай Шәкірұлы Шәкіровпен егіс даласын бірге аралап, тіпті кейде үйіне қона жатып, ерінбей-жалықпай үйренгенім есімде.
Кездейсоқ бұрылыстардың күші
Редакцияға жұмысқа орналасар жылы әлдекімдердің көзімен қарағанда болашағы бұлыңғыр, есеп-қисап саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жан ретінде есепшілік қызметтен босатылып, орнымды арнайы мамандығы бар ағаға беруге мәжбүр болдым (бала-шағам бар деп ойлаған шығар, ал мен бойдақ едім).
«Бұл қалай?» дегім келіп, совхоз директорына кірдім. Кабинетте сол кезде бас инженер болып істейтін Әміртай Баймағанбетов және басқа мамандар отыр екен. Мені көрген Әміртай: «Мына Сүлейменді жөндеу жұмыстары жөніндегі бригадирдің көмекшісі етіп алайық», – деді.
Директор маған қарады. Сол сәтте бөлімшенің агрономы кіріп келіп, мән-жайды аңғарған бойда: «Болмайды. Бұл, басқаны былай қойғанда, тракторист емес», – деп сөзге араласты.
«Рас, тракторист болып жұмыс істеген емеспін. Алайда мен УМСХ-15 бітіргенмін. Қолымда қағазым бар», – дедім. Сонда Әміртай: «Онда мен қазір бұйрықтың жобасын әзірлейін», – деді.
Сөйтіп, қас пен көздің арасында Әміртайдың арқасында бригадир Жазубай Әбиевке көмекші болып шыға келдім. Бұл тәжірибе ауыл шаруашылығында пайдаланылатын техникаларды тануыма әжептәуір ықпал етті.
Ағалардың сөзі — жадымда
Мына бір қызық жайтты айналып өте алмаймын. Ленин орденді аға шопан Ғинаят Сейфуллинге бірде: «Сізге қоятын сауалым бар еді», – десем, ол: «Өй, сен менің тарихымды білмеуші ме едің?» – деді.
«Өмірбаяныңызды айтыңыз дегенім ғой», – дегенімде Ғинаят аға шегі қата күліп, менің сан алуан сауалдарыма жауап берген еді.
Ал Жосалы совхозының аға жылқышысы Айтмағанбет Жұмабеков: «Опырай, сен жылқының бағып-қағуын кімнен үйренгенсің? Жоқ, әлде…» – дегенде, мен: «Аға, сізден. Сіздің әңгімелеріңізден», – дедім. Ол аң-таң болып қалған.
Ол ағалар бүгін өмірде жоқ. Бірақ олармен болған әңгімелер менің жадымда жаттаулы. Ғинаят ағаның «менің тарихым» дегені, бәлкім, осыны меңзегені ме — кім білсін?
Күлкі, күйзеліс және алғыс
Айтпақшы, әлгі күлегеш қыздарды ұмытып барады екенмін. Қыз балалардың ыржақтап, қарқылдап күлуі — мінез ғой. Өз басым мас адамды ұната бермейтінмін.
Бірақ сол жолы тілшілік тірлігімнің аяқасты үзіліп қалмауына себепкер болған сол жырқ-жырқ күлген қарындастарымды да, ішкіш ағаны да бүгін ерекше ыстық ықыласпен, ризашылықпен еске аламын.
Қаға берісі көп, көз жетпес қалтарысы жетерлік өмірдің дұрысы мен бұрысы қатар жүреді. Оған не дерсің енді?