Қазақ деген қандай ұлы халық
Ұлттық рух пен тілдің ажырамас байланысы
«Ұлттық рухтың негізі — ұлттық тіл», — деп Мұстафа Шоқай айтқандай, рухани мұра іспетті алтын тілімізді құрметтеу — бәріміздің басты міндетіміз. Өйткені халық аузындағы тіл өшсе, халық та өшеді. Ал халықтың жоғалғанын кім қалайды?
Әйтсе де, ықылым заманнан баға жетпес қазына саналып келген тіліміздің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. «Тілге құрмет — елге құрмет» дейміз. Ендеше, біз тілімізді қаншалықты құрметтеп жүрміз?
Қоғамның айнасы: тілге немқұрайдылық қайдан басталады?
Өзге тілдің жетегіне еріп, соған бағынышты болған бүгінгі қоғам кейде пультпен басқарылатын ойыншық тәрізді көрінеді: біреу бағыт берсе, соның дегенін орындай саламыз. Тарих беттерін парақтасақ, «тілім, дінім!» деп қасық қаны қалғанша күресіп, бүгінгі күнге аманат етіп кеткен батыр бабаларымыздың өсиетіне қиянат жасап жүрген жоқпыз ба?
«Балық басынан шіриді» демекші, егер ел тізгінін ұстаған аға буынның өзі ана тілін толық қадірлемей, шалағайлық танытса, төмендегіден қандай талап күтуге болады?
Астарлы әзілдің ащы шындығы
Тұрсынбек Қабатовтың: «Қазақ тілі ең қиын тіл. Қиындығы соншалық, кейбір қазақтардың өзі сөйлей алмайды», — деген астарлы әзілі бүгінгі күнде шындыққа айналып бара жатқандай әсер қалдырады.
Тіл — әр ұлттың жаны, мінезі, пейілі, көп ғасырлық тарихы. Қазақ тілі — оралымды, бейнелі, бай тіл. Оның кейбір сөздерін өзге тілге дәлме-дәл аудару мүмкін емес.
Әлем мойындаған құдірет: Махамбет мұрасы
Бұған дәлел ретінде М. Өтемісұлының ЮНЕСКО көлемінде өткен 200 жылдық мерейтойын айтуға болады. Той Париж қаласында өтті. Махамбеттің өлеңдері ағылшын, француз, испан тілдеріне аударылды. Алайда музей ішінде ақынның ең сүбелі сөздерінен құралған өлеңдер әр тілде жазылғанымен, бір өлең ғана аударылмай, қазақ тілінде сол күйі қалдырылып, көзге оттай басылды.
Сонда келген қонақтар: «Қап, қазақ деген қандай ұлы халық! Біз осы өлеңді бүкіл тіл мамандары болып жиналып та аудара алмадық. Егер бізде Махамбет тәрізді ақынымыз болса, оның өлеңдерін барлық тілге аударып, әлемге таратар едік», — деп таңданыстарын жасырмаған деседі.
Міне, шетелдік ғалымдардың өзі толық жеткізе алмаған біздің тіліміз — қасиетті тұмарымыз. Біз бағаламай жүрген қазынаға өзге жұрттың қалай қайран қалғанын осыдан-ақ көруге болады.
Мақтан емес — жауапкершілік
Біз тілімізбен мақтануымыз керек, бірақ мақтанның артында жауапкершілік тұруы тиіс. Ана тіліміздің өшкенін емес, өскенін қалауымыз қажет. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген тұжырымын да естен шығармаған жөн.
Әлін білген — әлек. Тілін ұмытқан — намыссыз. Біреу жаныңды ауыртар сөз айтса, итше ырылдасып жағасына жармасатын адамға «тіліңді ұмыттың» деп намысына тисең, бейберекет күйге түскені байқалады. Сондайда ұлттық рухтың құлдырауына қынжыласың.
Ұлт болып ұйысатын уақыт
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауында: «25 жылдыққа дейін — даму, ал 25 жылдан әрі — жаңғыру» деген ой айтылды. Енді ұлт болып ұйысып, егемен ел екенімізді, батыр бабаларымыздың қаны мен жаны арқылы бойымызға сіңген намыс пен қайратты көрсетер сәт келді.
Тіл мәселесінің өзекті орыннан ойсырап қалуын қаламаймын. Бүгін қазақ халқының барлығы ана тілінде еркін сөйлесе, асығымыз алшысынан түсіп, ақ түйенің қарны жарылған күн сол болмақ.