Әліштің ойына болашақ өмірі келіп, өзін поезд үстінде кетіп бара жатқандай сезінді
Шойыннан жол салынбақ екен, оның көрінісі домбыраның қос ішегіндей болады екен, сол жолмен «поезд» деген отпен жүретін арба келеді екен деген қауесет Балқаштың бергі бетіне жақын жатқан Күрті еліне тез тарап кетті.
Ауыл әңгімесі: темір жол туралы дақпырт
Кешкісін ауыл ортасындағы төбеде отырғандар бірінен бірі сұрап, бірінен бірі естіп, өзара ой жарыстырды:
- «Қара бұқасы болады дейді».
- «Оның жаны бар ма?»
- «Тұяғы шойыннан тайып кетпей ме?»
- «Шойыннан істелген арба дейді, от күшімен көп жүк сүйрейді екен».
- «Ол қайда барады екен?»
- «Мына Қопаны басып өтеді дейді жұрт».
Бетінде қорасанның дағы бар, шеткерірек отырған, жасы жиырмалар шамасындағы қара жігіт жаңағы айтқандардан жолдың жайын қайта сұрады. Бірақ олар: «Біз қайдан білейік, біздің білетініміз де сенің естігенің ғой»,— деп анық жауап бере алмады.
Сұрағына мардымды жауап таппаған жігіт жұрт сөзін біраз тыңдап тұрды да, орнынан тұрып, үйіне қайтты.
Шешемен кеңес
Үйге кіргенде алаулаған тезек оты бықсып жанып, үй іші алакөлеңке тартып тұр екен. Жігіт отты үрлеп отырған шешесіне бұрылды:
— Апа, мен шойын жолға жұмысқа тұрсам қайтеді?
— Жассың ғой әлі, қалқам.
— Ой, апа, жиырмаға келген адам жас бола ма еді?
— Анығын білдің бе? Жұмысшы ала ма екен?
— Әзірше естігенімнің бәрі — тұспал ғана.
— Ендеше, біреуден әбден анықтап ал, шырағым. Барып-келу жағын содан соң қарастырарсың.
Әңгіме саябырси бергенде киіз үйдің есігі көтеріліп, сәлем беріп, бет сүйегі шығыңқы, аласа бойлы, қара сақалды кісі кіріп келді. Бұл — өздерінің туысы Тосқанбай еді. Төбедегі жұрт «Тосқанбай Қопа бойына жұмыс іздей кетіпті» дегенді де айтып қалған.
Қуанышты хабар
Жігіт Тосқанбайды көргенде, іздеген жауабы табылғандай қуанды:
— Тосекеңсіз бе? Төрге шығыңыз.
— Жоқ, асығыспын,— деді Тосқанбай от басына бір тізерлей отыра беріп.
— Нұрқасым «барып келіңізші» деп қоймаған соң Қопа жаққа барып едім. Қопаны бастыра шойын жол салып жатыр екен. Соны анықтап қайттым. «Сен де жұмыс іздеп жүр» дегенді естіп, айта кетейін дедім. Қазір барып дем аламын да, таңсәріден көшемін. Үлкен балам екеумізге де жұмыс беретін болды.
— Сапарыңыз оң болсын! Мен де көшемін,— деді үй иесі.
— Бірге болсын!— деп Тосекең шығып кетті.
Құрылыс қызған шақ
Құрылыс қызу жүріп жатты. Мұндағы адамдардың көбі осы маңдағы Күрті болысынан келгендер екен. Ауылдан келген жігіттер жұмысқа белсене араласып кетіпті.
«Мен де көшемін» деген кісі сайдан топырақ тасып жүр. Ал Әліш Лашығын өзен бойына қалдырып, жол құрылысының бастығы тіккен шатырға жүгіре келді. Көп кідірмей-ақ шатырдан қуанып шықты.
Алғашқы таныстық: Столяров
Әліш шатырға кірерде «бұлар қазақша сезімді түсінбес» деп жүрексінген. Бірақ олай болмады: мұртты, сары кісі Столяров орнынан тұрып, өзі қол берді.
— Амансың ба?
— Амансыз ба?— деді не айтарын білмей қалған Әліш.
— Жұмыс сұрай келдің бе?
— Иә.
— Ендеше қағаз жазып берейін. Ана Тарасов деген кісіге бар: ол саған жұмыс береді. Енді сенің бастығың — сол.
— Құп.
Осыдан кейін Әліш жұмысқа кірісті. Оның үлесіне сары атан тиді. Сол атанды жетелеп, бірнеше күн бойы өзгелермен бірге топырақ тартты. «Мұнша топырақ қашан бітеді?» деп іштей ойлап та қойды. Бірақ аз-ақ күнде жап-жазық далада топырақ жалданып, тау болып үйіліп қалғанын көргенде: «Көп түкірсе — көл» деген осы екен-ау,— деді.
Әліш аз күнде құрылысшылармен үйренісіп кетті. Ауылдағы жолдастарының да көбі осында келді. Бірсыпырасы тасылған топырақты тегістеп, нығыздап, таптап жатты; енді бірсыпырасы тақтай тілуге кірісті. Күн өткен сайын Әліштің жұмысы да құбылып отырды.
Тәуекел: Сергейдің бригадасы
Бір күні Әліш бастығы Тарасовқа шаруамен барғанда, ол: «Бүгіннен бастап топырақ тасығаныңды қой. Сергей Колесниковтың қарауына бар» — деді.
Бұл сөз Әлішке ауырлау тиді: ол орыс тілін білмейтін, ал Сергейдің жанында қазақ жоқ, бәрі орыс жігіттері. Дегенмен, «топта сөз сөйлеудің керегі жоқ, олардың істегенін істей беремін ғой» деп тәуекел етті.
Енді Әліш жолдың топырағын тегістеп, үстіне құм мен тас қиыршықтарын тасуға кірісті. Ол бұл жұмысты да бар ынтасымен істеді. Поезд осы арадан өткенше асықты.
Жал болып үйілген топырақтың үстіне тас төселді. Бір-екі рет жаңбыр жауған соң, әлгі жал ат тұяғы батпайтын берік болып қатып қалды. Тағы бір күні Әліш түйемен ағаш тартатын болды. Ағаш әзірге жолға төселмей, үйіліп қана жатты.
«Поезд қашан келеді?»
— Сергей, біз топырақ, тас, ағаш үйіп жатырмыз. Ал поезд қашан келеді?
— Асықпа, Әліш, поезд әлі-ақ келеді. Екеуміз сол поезбен саяхат құрамыз. Сен бір күні «Алматыға осы жерден екі күн жүрдік» деп едің ғой, енді Алматыға екі сағатта барамыз.
Әліш болашақ өмірін ойлап, өзін поезд үстінде кетіп бара жатқандай сезінді.
Нақ осы жерде Жиренайғыр өзені өтетін. Тура тартылып, үйіліп келген жал топырақ өзенге жақындағанда иіндеу болып төселетін. Алғашында Әліш мұның мәнін түсінбеді: судың арғы бетінде де дәл сондай иін, ал одан әрі қайтадан түп-түзу жол жалғасып кете береді.
Бір күні өзен бойына көп ағаш түсірілді. Ағаштан зәулім көпір салынды. Жал болып үйілген тас-топырақтың үстіне көлденең ағаштар төселіп, қырлы, жіңішке, ұзын шойындар әкелінді. Сол шойындар қатарынан ағаштарға шегеленгенде, Әліштің есіне ауылдағылардың «жол домбыраға ұқсайды» дегені түсті.
Домбыраға ұқсас жол
Жол шынында да домбыра мойнындай болып көрінді: екі рельс — екі шек, ал шпалдар — перне секілді.
Жол бітіп, поезд алғаш өтетін кезде, жол мастері Тарасов Әліш Үмбеталовты шақырып алды: «Сен алғашқы поезд өткенше көпірдің астына жатасың»,— деді.
Әліш: «Менің де поезды көргім келеді, Дмитрий Степанович»,— дегенде, Тарасов: «Сен поезды көрмек түгіл, мәңгі сонымен бірге боласың»,— деп тапсырманы қайталады.
Сөйтіп, алғаш рет поезд өтетін күні көпірдің астында Әліш жалғыз қалды. Бұл — әдетте ең озат жұмысшыға ғана бұйыратын құрмет екен.
Алғашқы поезд
Поезд гүрсілдеп өте шыққан соң, Әліш орнынан тұрып, жол үстіне қарады: түтіні будақтап паровоз жүйткіп барады. Бұрын поезд көрмеген түйелі, атты қазақтар таңырқап қарап тұрды; енді біреулері жарыса шауып бара жатты.
Әліш сол қуаныштың куәсі болды.
Кейінірек өзен бойындағы иіннің мәні де ашылды: ол цемент пен тастан біржола салынатын темірбетон көпірге қалдырылған орын екен.
Еңбектің өтеуі: мойындалу мен марапат
Түрксіб темір жолы Айнабұлақта түйісіп, жұмыс аяқталған күні Әліш Үмбеталов Айнабұлаққа шақырылды. Поездан түсе берген жерде оны бұрынғы жолдастары Тарасов пен Колесников қарсы алып, жол бастығына ертіп кірді.
Алғашқы грамоталар
Жол бастығы — орта жастағы, байсалды адам. Ол Әлішпен көп әңгімелесті де: «Сізді Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатының грамотасымен құттықтаймын»,— деді.
Бұған қоса, бірнеше заттай сыйлық тапсырды.
Үш күннен соң Әліш ауылына қайтып келіп, Жиренайғыр станциясына стрелка салушы болып орналасты. Екі-үш жыл істеген соң станция кезекшісін даярлайтын курсқа жіберілді. Курсты бітірген бойда станция кезекшісі қызметін атқарды.
Темір жолдағы қызметіне жиырма жыл толар қарсаңында, Әліш Үмбеталов үлкен бастаманың иесі атанды. Поездарды тоқтаусыз жөнелту жөніндегі оның ұсынысын бүкіл Түрксіб теміржолшылары қуана қарсы алды. Осы мәселеге байланысты Түрксіб басқармасында өткен жиын — оның өміріндегі ең белді кезеңдердің бірі болды.
Алматыға шақыру
Кеше кеште қызметте тұрған Әлішке станция бастығы Орынбаев бір пакет әкеліп тапсырды:
— Қазір жұмыстан шық, үйіңе барып жуынып кел де, маған жет. Мен сені осында күтемін. Екеуміз қазір Алматыға жүреміз.
— Не жұмысқа жүреміз?
— Тез кел!— деді Орынбаев жауап орнына.
Әліш пакеттегі қағазды ашып оқыды: «Станция бастығымен бірге келесіз; кеңеске қатысушыларға өз жұмысыңыз туралы әңгіме айтасыз» деген шақыру екен, қол қойған — жол бастығы.
Әліш қысылып қалды: «Дайындықсыз қалай сөйлеймін?» Ол дереу киініп, Орынбаевқа келіп, даярлығы жоқ екенін де айтты.
Орынбаев: «Ештеңе етпейді. Ондағылардың бәрі — өзіңдей теміржолшылар. Тәжірибеңді жай ғана әңгімелеп бересің»,— деп жұбатты.
Поезд ішінде де Әліш қобалжыды. «Әңгімені неден бастаймын?» деп Орынбаевтан қайта-қайта сұрай берді. Сол күні олар қонақүйге түсіп, ертеңіне жол басқармасына келді.
Кеңес күндізгі он бірде басталды. Әуелі жол бастығы баяндама жасады, сонан соң Әлішке сөз берілді. Алғашында қысылыңқырағанымен, аздан соң ойы ашылып, сөйлеп кетті: ол өз жұмысындағы жағдайларды, іс әдісін бір жарым сағат баяндады. Сұрақтар қойылды, Әліш жауап беріп, орнына отырды.
Мәжілістің соңы: қуанышты хабар
Мәжіліс аяқталар кезде жол бастығы Андреев орнынан тұрып: «Кеңестің аяғы мейрамға айналатын болды, жолдастар»,— деді.
«Правда» газетінде Указ басылғанын айтып, соны оқытты: жиырма бес жыл темір жолға үздіксіз еңбек сіңіріп, поездарды тоқтаусыз жүргізуде зор жетістікке жеткені үшін Әліш Үмбеталов Ленин орденімен наградталсын.
1952