Балқаш аңызы туралы
Балқаш аңызы
Балқаш көлі — Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі. Ерте заманда Балқаш өңірінің тұрғындары көлді екі түрлі атаған: «Ақ теңіз» және «Жұмбақ көл».
«Ақ теңіз» — батыс бөлік
Көлдің батыс жағалауын мекендеген жұрт оны «Ақ теңіз» деп атаған. Себебі Іле, Ақсу, Көксу, Тентек сияқты негізгі өзендер мен көптеген жер асты сулары көлге батыс жағынан құйып, судың жартысы тұщы болып келген. Сырт көрінісі де мөлдір, ақшыл реңді болған деседі.
«Жұмбақ көл» — оңтүстік-шығыс бөлік
Көлдің оңтүстік-шығысын мекендеген ел оны «Жұмбақ көл» деп атаған. Бұл тұстан көлге Лепсі мен Аягөз өзендері құяды, ал жер асты сулары бұл жақтан көлге қосылмайды. Сондықтан суы өзгеше, мінезі бөлек көрінген.
Көл атауына байланысты аңыз
Көлдің қазіргі атауына қатысты ел ішінде көптен айтылып келе жатқан аңыз бар. Көп ғасыр бұрын көлдің батыс жағалауында малы мыңды айдаған бір бай өмір сүріпті. Оның ай мен күндей сұлу, ақылы асқан, көркі келіскен қызы болыпты. Қыздың аты — Балқия.
Ата-анасы мен ауыл-аймағы еркелетіп, оны Балқияжан, Балқаш деп атап жүріп, ақырында Балқаш аты орнығып кетіпті. Уақыт өте қыз бой жетеді. Сол кезде жастайынан айттырылып, қалың малы толық төленген құда «биыл күзде келінімді түсіремін» деп хабар жолдайды.
Жүрек қалауына қарсы тағдыр
Әкесі бесік құдадан хабар келген соң қамдана бастайды. Бірақ айттырылған күйеу тілі сақау, мінезі есерлеу жігіт екен. Бұл хабар Балқашқа ауыр соғып, ішер асқа тәбеті тартпай, ұйқы көрмей жүдеп кетеді.
Мұны көрген ата-ана мен ағайын-туған «өсе келе түзелер», «ақ бата мен шариғат жолын бұзуға болмайды» деп жұбатуға тырысады. Күнде ойын-сауық құрып көңілін бөлмек болғанымен, қайғысы басылмайды. Жаз өтіп, қоңыр күз де таяйды.
Қашу туралы шешім
Балқаш елден безіп, қаңғып өлсе де сақау жігітке бармауға бел байлайды. Сол кезде ауылда баяғыдан сіңісіп кеткен, өжет те пысық Ерден деген жігітпен жолығады.
«Қайтсең де мені мына пәледен құтқар. Өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпеймін. Өлсең, көріңе бірге түсемін», — деп жалынады.
Паналайтын жері, сүйенер елі жоқ Ерден әуелі тосылады. Алайда қыздың зарына жаны ашып, әрі жатқа қимай, бір түнде Балқашты атқа мінгізіп алып қашады.
Қамысты көл жағасындағы жасырын өмір
Ерденнің бет алған бағыты — бір жыл бұрын жау айдап әкеткен жылқыны іздеп жүріп кезіккен, қалың қамысы қаптаған үлкен көл. Ойлары — көл мұз қатқанша жағасында жасырынып жатып, қыс түскенде арғы бетке өтіп, Ұлы жүз еліне сіңіп кету.
Екі жас түн жамылып, тау бөктерін жағалап, сусыз жапан түзді кесіп өтеді. Қамысының құрағы күректей, сабағы білектей, толқыны жағаға соққан үлкен көлге де жетеді. Аттарын арқандап, қамыстан күрке жасап, мұздың қатуын күтеді.
Ал ауыл болса олардың қайда кеткенін білмей, елден-елге кісі шаптырып, сұрау салып сабылады. Ерден күндіз аң аулап күнелтеді. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсты қызықтап, ойнаған шабақты тамашалап, аз уақытқа болса да ой сергітеді. Бірақ сағыныш пен үрей ішін өртейді.
Балқаштың зары
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында, Өмірдің өлім менен арасында. Шабақтай мына жүрген тайраңдаған, Туған ел, қайран жұртым қаласың ба? Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп, Балық боп су астымен кетсем зытып, Қолында дұшпанымның пенде болмай, Қор етіп көрінгенге мазақтатып. Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?
Қасіретті түн
Күндер өтіп, ауа салқындап, көлдің қататын шағы да жақындайды. Екі жас соны асыға күтіп, жүректері алып-ұшып жүреді. Бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұра бастайды.
Жүгіріп шыққан Ерден екі аттың қасында тұрған қабанды көреді де, жанындағы сойылды ала ұмтылады. Аттарды құтқармақ болған Ерденді қабан қарыстай ауызымен түйреп өтеді. Сол сәтте үріккен аттар байлауын үзіп қашып, қабан да солардың соңынан кетеді.
Балқаш жүгіріп келіп, қызыл қанға боялып жатқан Ерденді көтеріп, күркеге алып кіреді. Жарасына қараса, қабан шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп басады, күл себеді. Ал қашқан сәйгүліктер ауылға барып бір-ақ тіреледі.
Алайда жара денесіне жайылып, денесін ірің жайлайды. Ерден күннен-күнге әлсіреп, көп ұзамай қыршын жас қайтыс болады.
Жалғыздық және соңғы шешім
Жапан түзде жан серігінен айырылған Балқаш ботадай боздап, жалғыз қалады. Есін жиған соң күркенің жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсеп, Ерденді арулап жерлейді. Жас қабірді құшақтап ұзақ жылайды.
Ақыры, өзіне де ор қазып, дүниемен қоштасу үшін жартастың басына көтеріледі.
Қоштасу жыры
Айрылдым айдалада Ерденімнен, Соңынан қолын ұстап ергенімнен. Болған соң тағдыр солай, шара бар ма? Көп еді көрмегенім көргенімнен. Қош-сау бол, елім-жұртым, ата-ана, Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала. Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп, Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана. Аққу, қаз, қабіріме келе кетші, Ғаріптің не болғанын көре кетші. Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын, Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Дәл осы мезетте иек артынан бір топ атты сау етіп жетеді. Балқаш олардың ішінен өз туыстарын да, қайын жұртын да таниды. Қолға түсіп, қорлықта қалмас үшін Балқаш жар соғып, көбік шашып жатқан көлге секіреді.
Қаңқылдаған қаз бен сұңқылдаған құс көлді айнала ұшып, ару Балқашты жоқтаған деседі. Содан бері көлді қоныс еткен ел бұл айдынды Балқаш деп атап кеткен екен.