Талас тудырмайтын түжырымды пікір

Журналистік сөздің салмағы

Жүрдек қаламды, сергек ойлы журналистер қашанда кез келген газеттің айдынын асырып, абыройын асқақтатқан. Бұл кеше де, бүгін де солай. Солай болып қала бермек.

Бір кезде редакция төрінде отырғандар қарамағындағы жас журналистерге: «Газет партиялық орган, цензура бар — соны неге ұмытасыңдар?» — деп, тілшінің айтпағын өзінше бұрмалап, бірін-бірі сәулелендіріп тұрған оралымды тіркестерді сыза беретін. Әдеби тіл мен көркем ой, олардың түсінігінше, тек сол заманның «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарына ғана жарасатын.

Қазір ол тәртіп келмеске кетті. Бұған «Сарыарқа самалы» газетінің әр санында тұрақты шығатын «Оқшау ой» және өзге айдарларды оқи отырып көз жеткізуге болады.

«Оқшау ой»: ортақ мақсат, әртүрлі қолтаңба

«Оқшау ойда» сол санның кезекші редакторлары сөз алады. Олардың жазу мәнері, тіл мәдениеті, көтеретін тақырыптары бір-біріне ұқсамайды. Бірақ қоғамды толғандырған түйінді ойды оқырман алдына салуда мақсат бірлігі айқын сезіледі.

Бұл — өміріміздегі елеулі олқылықтарды жарқырата жазып, оқырманмен ой бөлісу; өз пікірін бүкпесіз айтып, азаматтық журналистік ұстанымды көпшілікке жария ету.

Осы тұста оқырманның ұтары мол: ол автордың тілшілік қарымын ғана емес, ең бастысы, ана тілімізді қаншалықты меңгергенін, сөзінің қаншалықты тура екенін аңғарады.

Тамыздағы мақалаларға көзқарас

Енді осы жылдың тамыз айында «Оқшау ой» айдарында жарық көрген кейбір материалдарға тоқталып, ой елегінен өткізейік.

Әсемгүл Қабдуахит: ұлттық болмыс пен өнер өлшемі

Әсемгүл Қабдуахит «Келінге қой дейтін қожа жоқ» атты ой толғамында Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылған фильмнің ұлттық нақыштан да, танымдық арнадан да алыс жатқанын ашына айтады.

«Халық намысын қорлап, ел тарихын бұрмалап, азғындық пен хайуандықты ту еткен фильмнің шетелде не үшін насихатталып жүргені құпия емес. Қазақстанда жарнамалауға үлес қосқан “Боратқа” енді “Келін” қосылып, беделімізді асыратын болды», — деген ащы кекесіннің өзегінде бір сауал жатыр: толыққанды өнер туындысының орнына сорақылықты “өнер” деп ұсыну кімге керек?

Фархат Әміре: Ораза — ниет пен жауапкершілік

Фархат Әміренің «Оразаны не үшін ұстаймыз?» мақаласы әуелде көп айтыла берген, жаттанды пайым сияқты көрінуі мүмкін. Алайда автор жалпы сөзге салынбай, өмірдің өзінен алынған нақты жағдайды ашық жазады.

Жуырда Ақсу қаласына жақын жерде жақынының үйіне ауызашарға барған кезде ол Павлодардағы «Әділ» дүкенінде сатушы болып істейтін Айдын есімді бөлесінен мынадай оқиғаны естиді: ораза ұстайтын сатушы қыздардың бірі сағат сайын сыртқа шығып, шылым шегеді екен. «Ораза ұстап жүрген жоқсың ба, шылым шегуге болмайды ғой» дегенге, әлгі қыз: «Я же не кушаю, а просто курю» — депті.

Мұндай пендешілік қулықтың астарында өз ортасына өзін «діндар», «күнәдан пәк» етіп көрсету пиғылы жатқандай. Ал «Құдайды алдаймын» деу — қасиетті айдың қадірін қашыру. Бұл, автор пайымынша, ауыр күнәнің бірі.

Нұрбол Жайықбаев: қуанышқа ортақтасу — азаматтық

Кейде Алаштың олимпиада аламанындағы қуанышына да мән бермейтіндер табылатыны қынжылтады. Нұрбол Жайықбаев Майя қызымыз алтын алғанда шаттығы тасып, интернетке:

«Бәрекелді! Алтын алдық үшінші, Алаш үшін зор қуаныш — түсінші», — деп жазғанын айтады.

Біреу оған: «Өзің алтын алғандай неге масайрайсың?» — деп тіл қатыпты. Сонда Нұрболдың жауабы қысқа да нұсқа: «Қазақстан үшін қуану да — ерлік».

Талас тудырмайтын тұжырым. «Алыстағының аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін тәмсілдің бүгінгі реңі — көп айтылатын «қазақстандық патриотизмнің» бір өлшемі де осы шығар.

Гүлжайна Түгелбайқызы: демалыс мәдениеті және өмір ырғағы

Жаз шыға жұртты алаңдататын сауалдың бірі — «Қайда барып демалған жөн?». Әл-ауқаты жоғары адамдар мұндай материалды оқымауы да мүмкін: «Қалтасында қап-қап ақшасы бар жанға тілші қыздың кеңесі керек пе?» — деп ойлар.

Ал қанша еңбек етсе де, тиыннан теңге құрай алмай жүрген көпшілік үшін бұл тақырып елең еткізерлік. Автор психологтардың кеңесіне сүйеніп, қолда бар мүмкіндікті ұқсатса, дұрыс демалуға болатынын айтады: техникалық мамандық иелеріне — табиғат аясын, кеңседе қызмет істейтіндерге — думанды кештерді көбірек ұсынады.

Бұл — «ақша қайдан табам» деп ғана алаң болмай, туған табиғатқа жақындап, бас қосқан ортада түрлі тағдырлы адамдармен араласып, өмірдің өзін тыңдайтын мүмкіндік екені рас.

Сая Молдайып: «Ң» — тілдің тамыры

Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің тағдыры жайлы аз айтылған жоқ. Бірақ көп сөздің көбі — тіл табиғатын терең түсінбегендіктен, көпірме ұран болып, көңілде қалмай жатады.

Сая Молдайыптың «Ң» атты мақаласы дәл осы олқы тұсымызды дөп басады. Соңғы жылдары «ң» әрпінің «таяқ жегені» аз емес: мектеп оқушыларының көбі ң мен н-ды шатастырады. Тіпті «атаң» сөзін «атан» (түйенің атауы) деп, «матаң бар ма?» деудің орнына «Матан бар ма?» (адам аты) деп айтып жүргендер кездеседі.

Автор: «Француз бен ағылшын тілдерінде қос әріптің дыбысталуы қазақтың кәдімгі “ң” әрпі болып естіледі», — деп мысал келтіреді.

Білемін дейтіндердің пайымынша, қазақ тіліндегі дыбыстардың дәлдігі мен қоңыр әуезі — оны өзге тілдер арасында айрықша ететін қасиет. Қазақтың көп тілде акцентсіз сөйлеуге бейімділігінің сыры да осында болуы мүмкін. Ең бастысы — сол байлықты орнымен пайдалану.

Қорытынды ой

«Оқшау ойды» әрдайым қуана, қызыға оқимын. Жас әріптестерімнің қалам қарымы арта берсін деймін.

Сүлеймен Баязитов