Мал төркінінен қорықтым
Шілденің орта шені еді. Елге демалысқа барып, күн ұзақ кітап оқып жалыққан соң, кеш бата — мал келер шақта — әдетім бойынша есік алдына шықтым. Күннің аптабы қайтып, қоңыр самал есіп тұрған жайлы кеш екен.
Біздің үйдің алдында шағын ғана төбешік бар-ды. Ауылдың үлкен кісілері кешкілік осы төбешікке жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Бүгін дөң басында ағам мен Дәуітқали аға ғана отыр екен. Өз ағаларым болған соң, мен де қастарына бардым.
Төбешіктен көрінген ауыл
Үлкен адамдардың арасына жас әйелдер бара бермейді ғой. Соған бола ма, әлде бұрын мән бермегенім бе — әйтеуір осы жолы төбешік үстінен қарасам, ауылдың айналасы көкжиекке дейін алақандағыдай көрінеді екен.
Беткейі қалың қараған мен тобылғыға толы адырлы қоңыр таулар қоршаған бұл қалың ауыл ертеректегі иесінің есімімен Стамбек ауылы аталады. Бұрынырақта салынған қазақы тоқал тамдардың арасынан төбесін биіктетіп, шатырлап жауып, сылап, сыртын әктеген еңселі ақшаңқан жаңа үйлер де көзге түседі. Ондай үйлердің жанында шөп үйетін, мал қамайтын қоралар бөлек орналасқан.
Ауылдың алды кең далаға ұласады. Даланы қақ жара толқыны жоқ, суы мол, жіңішке ғана Бөке өзені ағады. Өзеннің екі жағасы да жалпақ көгал: бір жақта суға түсіп, асыр салып жүрген ауыл балалары.
Ауылдың дәл қарсысында Қара кезең аталатын жалпақ кезең жатыр. Кезеңді асып, ауылға қарай тіке құлаған қасқа жол өзендегі өткелге келіп жалғасады. Мал да осы өткелге келіп құлайды. Қазақ ауылы мал келген шақта қандай көңілді десеңші.
Ішімнен: «Әттең, анау қабақта ертеректегідей тізіле тігілген ақ үйлер болар ма еді; сонау тұста желіде құлын, көгенде қозы-лақ жатар ма еді; әр үйдің алдындағы жер ошақта қазан қайнап, ақ самауырлар ән салар ма еді» — деп, баяғы қазақ ауылының кейпін көз алдыма елестетіп тұрғанмын.
Дүйсеннің сөзі және «жалғыз сиыр» дауы
Сол кезде айдаладаң: «Ассалаумағалейкүм, Сап!» — деп, көрші Дүйсен келіп қосылды.
Дәуітқали аға сөз бастады: «Мына тарғыл тайынша сенікі емес пе еді, Дүйсен?»
Дүйсен күрсінгендей болды: «Біздікі болатын. Көктемде апам қайтқанда бұл арықтау еді. Қызыл торпағым семіздеу болған соң, соны айырбастап алып сойдым. Содан бері мынауың үйге сөмпиіп тұрады. Иәсиінбайдың қорасына айдап апарып зорлап кіргізейін десем, кірмейді…»
Бір самауыр шайдың салмағы
Оның бәрін тәптіштеп қайтем. Өздерің де білесіңдер ғой: амандасуға келген алыс-жақын ағайынға бір самауыр шай бере алмағаннан қиыны жоқ.
Сол оймен ертеңіне ерте тұрып, бұзауын тулатып, әйелімнің қарсы болғанына қарамастан, жалғыз сиырды сойып тастадым. Ағайын-туған да қарық, өзім де қарық.
Шахта, алтын өзегі және екі қап ұн
Ауырыңқырап, арып-жүдеп келсем де, бой күтіп отыруға болмады: шахтаға түстім. Ондағы табысың — кісі басына грамдап берген азғана нан ғана. Әйелім мен келінімді ертіп, шахтаның сегіз сағатын өткеріп тастағаннан кейін ғана бір мезгіл қол босайды.
Осы Ақ тұмсықтағы ескі шахтада қалған бір тәуір алтын өзегі бар еді. Іздестіріп жүріп соны тауып, үйде қолмен жуып, пробасын алып көрсем — әжептәуір болайын деп тұр екен. Ауылда ат-тұрманы бар екі-ақ адам бар-ды: Тойғамбай молда мен осы Иәсиінбай. Екеуін жалдап, Ақжалдағы фабрикаға тасып, тасты жуғыздық. Не керек, біртіндеп қоңайып қалдық.
Дәл осы тұста алтынның магазиніне ұн түсе қалды. Қолдағының бәрін салып, екі қап ұн алдым. Қыс өтіп, көктем тақаған шақта тағы бір жақсылықтың шеті көрінді.
Сүтті сиырдың саудасы
Бір күні іңірде Жемет келді: «Аға, сіз сиыр алсам деп жүр едіңіз ғой. Бізге бір кісі келіп отыр. Сиыр сатамын, реті келсе киім-кешек, астық болса да айырбастар едім дейді. Естіген бойда алдымен сізге жүгірдім» — деді.
Тұра жүгіріп Сыдыққа бардым. Барсам, көк көз, сарылау бір кісі отыр — скотовод екен. Семейге ет комбинатына мал айдап бара жатыпты. Сиырын «сөткесіне отыз литр сүт береді» деп, бұлданып біраз отырды. Ақша жоқ, айырбасқа келіскен соң, ары-бері ырғасып жүріп, ақыры мәмілеге келдік.
Айырбасқа кеткен дүние
- әскерден киіп келген комсостав шинелім;
- былғарыдан тігілген, ұлтаны екі елі бәтіңке;
- комсостав кителім;
- үйде жатқан шевиот костюм-шалбар;
- екі қап ұнның бірі.
Әй, айтқандай-ақ, сиырдың төресі болып шықты. «Отыз литр» дегені де рас екен. Мұндай сүтті сиыр атам Сатыбалдыға да, әкем Әбдірахманға да бітпеген шығар.
«Құдай бай, өзі береді» дейтін сөзіме күлетіндер табылды: «Жалғыз сиырды сойып тастап, жазда шайға сүтті елден сұрап ішпек пе?» — деп кейігендер де болды. Бірақ бермеді ме — берді: бір сиырым үш сиырдың сүтін беретін болды.
Құла биенің хикаясы
Ағам әңгімесін әріден қозғады. Сөйлегенде қызып, тыңдаушыны өзіне тартып әкетеді екен: қолын бірде сермеп, бірде алақанын жайып қап, ақсары жүзі қызғылттанып, қой көздері жанып кетеді. Мен де үнсіз, ынтамен тыңдадым.
Аягөз сапары және күтпеген мүмкіндік
Көктем келіп, күн жылығанда ертеңгі күннің қамы ойландырды: отын-суға көлік керек. «Енді не де болса Тұрсынханға барып көрейін» деп, Аягөзге кеттім.
Бір демалыста базар аралап жүріп, қайнағам Аконға жолықтым. Әңгіме көлікке тірелгенде, ол колхоз-артель уставын бұзу туралы қаулыдан кейін малдың сирегенін, бірақ анда-санда сатылымға шығатынын айтты.
Араға екі-үш күн салып, Тұрсынхан жұмыстан іле-шала келді: «Аға, Акон телефон соқты. Бір бие “бракқа” шығып, сатылмақ екен. Қалмай тұрсаңыз, барып көріңіз» — деді.
Тяжеловоз — құла бие
Көзім көкке жеткендей болып, Аконға жүгірдім. Биені көрдік: орташа қоңды, төрт аяғы төрт пұттық балғадай құла бие. Бақташысы: «Бұл тяжеловоз. Ауыр жүкке ғана. Мініске жоқ» — деді.
Бағасы да «бракқа» шыққан соң арзан екен: 1 750 теңге. Үйге келіп айтсам, Тұрсынхан: «Ұнатсаңыз, алыңыз. Ақшасын бірдеңе қылып табам» — деді.
Ер-тоқым, айыл-тұрман жоқтың қасы. Аконның үйінен ескі ер табылды. Ішпек пен тоқымды Түсе тайдың текеметінен ыңғайлап, құрдан айыл, жіптен тізгін жасап, құла биені Аягөзден салт мініп қайттым.
Үшінші қонақта Бөкеге жеттім. «Құлын бере қоймас» деген құла бие екі-үш құлады. Күші дегенің — ой, бой! Бір тонна жүк бұйым емес еді. Қыстық отын-шөп тасуды бірер жұмадан асырмай тастайтын.
Қасқыр тартқан құлын
Дүйсен сөзге араласып: «Осы құлынын қасқыр тартатын да — осы биең бе еді?» — деді.
Иә, сол. Бір күні ұзап жайылатынды шығарған соң, «таңертең тау-тас кезіп іздемейін» деп, тұсауын шешіп жіберіп едім. Тап сол күні қасқыр шапты. Байғұс түнімен құлынын қорғап, қасқырмен алысыпты. Таңертең барсам, қара терге түсіп тұр екен.
«Жылаған» құла бие
Мен аң-таң болып: «Жылағанын айтпадыңыз ғой…» — дедім. Мал жылайды дегенді кім естіген?
Ағам насыбайын ернінің ішіне ыңғайлап, баяу сөйлеп кетті: «Жылқының естісі керемет болады. Қула биенің маған өкпесі жоқ. Жасамыс тау бие еді: үш-төрт құлын берді, жүк қалдырған жоқ. Бірақ бір жылы соғымға соямын деп жүргенде, жылымық күні есік алдында отыр едік… құла бие шылбырын сүйретіп, басын салбыратып алдыма келді. Қарасам — көзінің жасы тырс-тырс тамып тұр. Кәдімгідей жылап, маған қарайды. Тілі жоқ, бірақ адам секілді жаутаңдайды: “Жазығым не? Неге соясың?” дегендей…»
Содан ағам биені қайта қораға апарып байлап, соғымға тайыншасын сойғанын айтты.
Келесі жылы биені соятын біреумен айырбастамақ болып, Ақ діңгектегі Түсіпке апарып беріпті. Бірақ арада көп өтпей, Түсіп биені жетекке алып қайта келіп: «Соя алмадым. Жылап пәле қылды. Мал төркінінен қорықтым. Мұныңды өзің ал» — депті.
Тағы бір жыл ұстаған. Төртінші жылы тіпті: «Мен үйден кетіп қалайын, сендер оған пышақ көрсетпеңдер. Керек болса, пышақты үйде қайраңдар» — деп, биені көрші-қолаңға тастап, өзі үйден кетіп қалған.
Сөйтіп, сере қазы түскен құла бие ақыры өздеріне бұйырыпты — ағам осылай әңгімесін тәмамдады.
Малдың естілігі туралы ой
Менің де өзімнің бір сұр төбелім есіме түсіп, өткен күндерді шолып өттім. Абай ауданында аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып жүргенде, маңдайында кішкентай ақ ромбы бар, жатаған сұр құнаным болушы еді. Үйден шыққанда ат тоқ тұрады да, біраз жүрген соң айылы босап кететін. Айылды қайта тартып мінуді білмей, ер тоқым мойнына кетіп, талай рет құлап жүрдім. Бірақ сұр құнаным мені тастап кеткен емес. Айылын тартып, ер-тоқымды жөндеп, мұрнынан сүйіп, жағынан сипасам — басын иығыма салып еркелейтін.
Эпостық жырлардағы тұлпарлардың естілігі де тегін емес қой: Қамбардың Қарақасқасы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Шалқұйрығы… Тіпті өзіміздің Нарбота атамыздың Қаракері туралы да талай әңгіме айтушы едіңіздер.
Дәуітқали аға да қостады: «Дүниеде ешбір жан иесі ақымақ жаралмаған. Тек әрқайсысының өмір тірлігі, өресі басқа. Шыбын жарыққа, жылыға жиналады. Кейбір жәндіктер өзін-өзі емдейді. Қыс болған жылқы көктемде күлге аунайды — күлдің қасиетін сезгеннен» — деді.
Болат та қарап қалмады: «Кинодан көрдім: пілдер де уақыт-уақыт шаң-топыраққа аунап, “жуынады” екен» — деді.
Сол сәтте Мәкен (үлкен апамның қызы) жүгіріп келіп: «Апам шақырады. Ас дайын дейді» — деп, ағамның мойнына асылды.
Көңілге көп ой салған құла бие жайлы әңгімені осылай аяқтап, бәріміз орнымыздан тұрдық.