Жеті күн жерден бер, жеті күн елден бер
Этнографиялық әңгіме: «Арлан»
1985
Арлан айналадағы қалың қорыс ішіндегі апанына жете бергенде екі рет сүрініп кетті. Соңғысында талай желді жарып өткен, талай қойдың құйрығына, талай жылқының шабына тиген сүйір қара тұмсығы қара жерді сүзіп те қалды. Талай сыннан сүрінбей өткен екі алдыңғы аяқтың тырнақтары тұқылданып, әл кетіп, былқылдай берді.
Апанның аузына жетер-жетпесте тағы да тұмсығын тірей құлап, үш-төрт күннен бері ішіне ештеңе бармағандықтан қабысып кеткен бүйірі бүлк-бүлк соғып жатып қалды.
Жара мен қорлықтың ізі
Арлан көзін әрең ашқанда күннің қызуы басылып, ұясына таяп қалғанын аңғарды. Құлай кеткенде сүйретіліп қалған артқы екі аяқтың бірі қозғала бергенде-ақ зар қақсап кетті. Таңғы оқиға енді есіне түсіп, бойын жинап алғанымен, өзінен-өзі түңілгендей тіксінді.
Әлсізге, шаршауға жолдас ұйқы келіп, көз алдына таңсәрідегі ақ төбеттің тілерсектен тартып кеткені қайта-қайта елестеді. Ол тарамыстанған екі артқы аяғын жинап, шүйкесінен шоқиып отырды да, қан шыққан тілерсекті шайнап жегісі келді. Бірақ қызыл иек әбден қатайған қу сираққа өте алмады.
Ішкі ой
«Құдайға шүкір, жанымда туғандарым жоқ екен. Әйтпесе тілерсектен аққан қанды көрген соң, мені түте-түтемді шығарып талап жеп қоятын еді…»
Ол шайнай алмаған оң аяғын алақандай қызыл тілімен жалай бастады. «Шіркін, қартайғанша адал қызмет еткен қара тұмсықтан айрылмас па едің…» деген өкініш іштей кемірді.
Таң қараңғысын паналау
Иіс алып жүріп кетіп еді, төбе басында отырған қойлы ауылға дәл келе қалыпты. Қой күзетіп жүрген әйелдің «әй, һайт!» деген айқайы үзіліп-үзіліп зорға естілді. Сәлден соң ол дауыс өшті. Таң қараңғысын пайдаланған Арлан қораға таяп қалды: иттердің де бір тыншитын кезі осы.
Сүйекке салса қарш етіп кіретін қайран сой тістердің орнында енді құр қызыл иек қана қалған. Сонда да ол шеттегі бір арық тоқтыны тамағынан алып, сілкіп арқасына салмақ еді. Бірақ қызыл иек қойдың мойнын ұстай алмай, аузы тайып шығып кетті.
Бұрылыс нүктесі
Пәле нақ осы жерден басталды: қотандағы қой дүр етіп үркіп, қырылдақ «һайт!» естілді де, үренділер әупілдеп қоя берді.
Ұрының қуыстау келетіні белгілі: қорықпай тұрармысың, қаша жөнелді. «Ит өзі ала болса да, қасқыр көргенде бірігер» деген рас екен — бір қораның екі иті ғана емес, бүкіл ауыл иті құлақтанып соңына түсті. Алғаш жеткен сары қаншық тап берсе, ол тұра қашып, әупірімдеп ұзап бара жатты.
Бір кезде үлкен ақ төбет желкесіне қонжия түсіп, кәрі Арланның омыртқа-қабырғасын сықырлатып жібере жаздады. Одан сытылып шыққанда сары қаншық қайта жетті. Оны бір бүктеп тастап бұрыла бергенде, ақ төбет артқы тілерсектен тартып-ақ кетті. Жан ұшырып үш аяқтап зорға құтылды.
Иіс, ұлу, тілеген тілек
Арлан апанына оралды. Кеш батып барады. Аспанға қарап, желге танауын төсеп иіс алды: әлденендей өлексенің иісі сезіледі. Ол тұмсығын қайта аспанға көтеріп, ата-баба салтымен түн алдында бір ұлып алғысы келді: «Жеті күн жерден бер, жеті күн елден бер!»
Бірақ «кім береді, қайтіп береді?» деген сұрақ жанын қажады. Тілін тістеп, қанғалы үш күн. Соңғы рет жортып көргені — тілерсегін тістетіп қайтқаны. Сар сіңірді жұлып кетпегеніне де шүкір.
«Оңай кәсіп» іздеген кәрі көкжал
Арлан бөлек бағылып жүрген айбарадай мүйізді бір қора қойдың артынан ілбіп келеді. Кейде тіпті жер бауырлап жылжиды. Өйтпеске бола ма: қойшының көзіне түссең — құрыдың. «Һәйт» десе бітті, жуындыға тойған төбеттердің қууы хақ.
Қойшы қошқарларды ылдидан өрге қарай беттетіп, өзі атына мініп, алдағы төбеге барып жантайды. Екі ала төбет те күнге жонын беріп, тұмсығын алдыңғы аяқтарына төсеп жата қалды. Арланға жақындаудың ыңғайы келгендей болды.
Ол қомағай мінезін ұмыта алмай, орнынан тұра беріп құйрығын бұтына тыға қойды. Екі құлағын жымырып, суға сүңгитін баладай ыңғайланды. Енді шабу үшін кере қарыс аузын ашпақ еді — о тоба, жағы қарысып қалыпты. Ашылмады. «Қанды ауызға қайтадан босқа ұрынбайын» дегендей тәубесіне келіп жата қалды.
Түйнек туралы қате үміт
Ол тезірек жылжып, қойға жақындады. Сонда бір «қызықты» байқағандай болды: ілініп тұрған ет барлық қойда бар секілді. Қойдың бәрі әдеттегіден ірілеу, мүйіздері оралып-иіріліп, зорға жылжып жүр. Анау бір құйрығы қызыл қойдың артқы екі аяғының арасындағы бөлек ет қылтаға әрең ілініп тұр — қазір түсіп қалатындай.
Арланның «логикасы»
«Мұны қандай теріс азу, көкжал талап жүр екен? Мүмкін тістен де, тырнақтан да айырылған кәрілеріміз жерге түскенін теріп жесін деп, әдейі жасаған шығар…»
Арлан жұтқынып, көзін жұмып жіберді: әр жерде үзіліп түсіп, томпайып-томпайып жатқан етті елестетті. «Егер түскенін ғана теріп жейтін болсам, түнделетіп қораға түсіп, иттерді абалатып, жанымды шүберекке түйіп неге барамын?» деп ойлады.
Дәл сол сәтте қойшы атқа мініп, қойдың алдын қайырып, қораға қарай айдап әкетті. Қой кеткен соң, тобылғы тасасында жатқан Арлан өрісті түгел тінтіп шықты. Бірақ кешке қарай тойған қойдың құмалағынан басқа ештеңе табылмады.
Ұйқы қысып, үміт үзілмейді
Арлан апанына қайтты. Бірақ үмітін үзбеді: ертеңнен дәмелі еді. Келесі күндері де әлгі құмды белге соғып жүрді. Неге екені белгісіз, ұйқысы көбейіп, манаурап жата бергісі келетін болды. Ұйқы деуге де келмейді — денесі дел-сал тартып, төрт аяқтан әл кетіп бара жатты.
Қой соңында жүріп, ол тағы бір ойға батты: «Иттің иесі болса, бәрінің тәңірі бар дейді. Сонда мына иттердің екі аяқты иесі құдайынан артық па? Егер құдай бар болса, неге бес күннен бері ішім қабысып жатқан маған бірдеме тастамайды?» деп күңіренді.
Күз де жақындап қалған: «түнек» атаулының пісіп-түсетін кезі. Арлан өз «ақылына» масаттанып, «бір ұйықтап тұрсам болды, ертең келем де домалап түскен түйнектерді теріп жей берем» деп сенді.
Соңғы сәт
Арада тағы екі күн өтті. Бүгін — Арланның қой соңына телміргеніне жеті күн. Қойшы екі итті қой қайыруға жұмсады. Иттен қашқан қойдың екі саны кезек соғып, домалаң-домалаң етеді. «Қазір бірер демнен кейін түйнек қылтадан үзіліп, аузыма түседі» деген үміт соңғы күшін ұстап тұрғандай.
Бағанағы қызыл қой бір тастың үстінде тұрған. Оның жанына ала төбеттердің бірі жетіп келгенде, қызыл қой тастан қарғып кетті. Сол сәтте домалаңдаған «түйнек» өз салмағымен үзіліп түсіп, тура Арланға қарай ұшты да, тұмсығына сарт ете түсті.
Аяқталу
Көзін ашып үлгергенінде, қолында қан-қан қола үзеңгісі бар қойшыны көрді. Көзі қайта қарауытып кетті. «Түйнек үзіліп түседі» деп жүргенде, аштан қатқанын өзі де сезбей қалыпты. Әлсіреген Арлан тұмсығына қатты тиген үзеңгіден сеспей қатты.