Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы
Едігеева Мәншүк, 11-сынып, №145 мектеп
Бүгінгі күні жеке тұлғаны қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу — білім беру жүйесінің ең өзекті міндеттерінің бірі. Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінде еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу мектепке дейінгі жүйеден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық ұйымдарда көкейкесті. Балаларды Отанды, туған жерді, өз халқын сүюге тәрбиелеу — мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы» — деп атап өткен.
Ұлттық біртектілік және патриотизмнің өзегі
Бұл ойдың түйіні — Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасуы мен тұрақты өркендеуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталатынында. Оның басты құндылықтары: ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенім сияқты рухани тіректермен тығыз байланысты. Қазақ халқы — рухани бай мұраның иесі. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осы құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қосуы — маңызды шарт.
«Қазақстан – 2030» құжатындағы бағдар
Елбасының «Қазақстан – 2030» еңбегіндегі «Қазақстан мұраты» бөлімінде: «...балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады... Олар бейбіт, азат, жылдам өркендеу үстіндегі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» — деп көрсетіледі.
Егемендік алған алғашқы күндерден бастап патриотизм ұғымының мазмұнына қатысты талқылаулар жүрді. Соның нәтижесінде «ұлттық патриотизм» және «қазақстандық патриотизм» деген екі ұғым айқындала түсті. Дегенмен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде осы ұғымдардың арақатынасы, мазмұндық құрылымы, сондай-ақ бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдерді қазіргі жағдайда қолданудың тиімділігі сияқты мәселелер әлі де терең зерделеуді қажет етеді.
Тарихи жады: ерлік дәстүрінің сабақтастығы
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк дәуірінен-ақ жерін, елін, тілін, ділін қорғаған өшпес ерліктерді көреміз. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрі — түркі жұртына тән терең тәрбие арнасы.
Күлтегін жазбаларындағы ой
Көне түркі мұрасында патриоттық құндылық былай бейнеленеді: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді». Бұл — ұлттық патриотизмнің бүгін ғана туған ұғым емес, ежелден қалыптасып, дамып келген қасиет екенін көрсетеді.
Жазбалардан патриотизмнің мәні — халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болу жолында жан аямау, рухани бірлікті қорғау екенін аңғаруға болады.
Жоңғар шапқыншылығы сияқты зұлмат кезеңдерде елді ұйыстырып, қайсарлыққа бастаған да — Отанға деген сүйіспеншіліктің қуатты күші. Туған жерге деген іңкәр сезім мен атамекенді қадірлеу туралы ойды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари және өзге де ғұламалар насихаттаған.
Ұлы дала даналығы және тәрбиелік өлшем
«Қорқыт ата кітабындағы» өсиет
«Қорқыт ата кітабында» тәлімдік мәні күшті қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағат мол. Мысалы:
«Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе».
«Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді».
«Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық».
Бұл өсиеттерден ақыл-парасат, адалдық, ар-ұят, жауапкершілік сияқты құндылықтардың тәрбиелік өзегін көреміз.
Әл-Фараби «Азаматтық саясат», «Поэзия өнері туралы», «Бақытқа жол сілтеу», «Риторика», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» трактаттарында этикалық және эстетикалық мәселелерді зерделей отырып, білім, мейірбандық, көркемдік, сұлулық категорияларын терең талдаған.
Сондай-ақ ойларын жырмен өрнектеген ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, елді бірлікке, берекеге шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанып, ел тағдыры таразыға түскен шақтарды жырға қосты.
Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы ел бірлігі, Отанға адалдық, намысты қолдан бермеу, жауға қарсы жан аямай күресу идеялары Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақын туындыларында анық көрінеді.
Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы халықты бостандыққа үндеп, Исатай мен ел ерлігін жырлады. Ал патриоттық сезімнің ағартушылық арнасы Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев шығармаларында айқын байқалады.
Бейбіт күндегі ерлік: Жадыра Таспамбетованың тағдыры
Осы ойларды бейбіт күнде ерлік көрсеткен қайсар қазақ қызы — Жадыра Таспамбетованың өмір жолы арқылы нақтылай түскім келеді.
Тағдыр сынағы
Жадыра ата-анасының аяулы үш қызының үлкені болып өсті. Әкесі Есен екі көз жанарынан айырылған күннен бастап, Жадыраның өмірінде ауыр кезең басталды. Үйдің отын-суы, мал жайлау сияқты жұмыстардың басым бөлігі қаршадай қыздың мойнына түсті.
Еңбекке ерте араласу
Мектепті бітіре салысымен механизаторлыққа бет бұрып, комбайншыға көмекші болып орақ науқанына қатысты.
Оқиға және қайта тұру
Бір күні рөлде отырған Жадыра бункерде тығыздалып қалған дәнді аяқпен итеріп жібермек болғанда, аяғын қайта суырып ала алмай қалады. Ауруханада дәрігерлер аяғын кесуге мәжбүр болды.
Кейін аудан басшылары ақылдасып, Жадыраның қасына көмекші адам қосып, Алматыға жіберді. Протез жасайтын орталықта ол жиырма шақты күннің ішінде қайта тік тұрып, жүріп кетті. Мүгедектігіне қарамастан, Жадыра қайтадан трактор айдап, еңбекке араласты.
Еңбек ырғағы
- Көктемде — жер жыртып, дән себеді.
- Жазда — шөп шауып, қысқы мал азығын әзірлейді.
- Күзде — егін орады.
- Қыста — қар тоқтатып, малға жемшөп тасиды.
Шаруашылықтың зәру жұмысы қайда болса, Жадыра сол жерден табылды.
Қорытынды ой: Мәңгілік елдің мінезі
Қазақ елі — Мәңгілік ел. Мәңгілігін сақтай алу үшін жас ұрпақ өз елін шексіз сүйетін патриот, еңбекқор, өнегелі болуы қажет. Жарқын болашақтың іргетасы берік болуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы өз үлесін қосуы тиіс.
Ұрпақ рухы Жадырадай берік болса, қазақ елінің көркейе түсетініне еш шүбәм жоқ.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы