Әжем мектепте Әжелер шапағаты атты әжелер ансамблінің жетекшісі

Жүнісбек Тұнық, 8-сынып оқушысы • №35 мектеп-гимназиясы • Талғар ауданы, Бірлік ауылы

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» — деген нақылдың мәнін мен күнде көріп келемін. Балажандылық пен бауырмалдық — шығыс халқына, соның ішінде қазақ халқына тән ежелгі қасиет. Ал отбасындағы тәрбие мектебінің ең үлкен тұлғалары — ана мен әже.

Әже тәрбиесі — өмірлік сабақ

Әжелердің ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы, еңбекқорлығы және қиындыққа қажырлылықпен қарауы — бізге үнемі үлгі болуы тиіс. Тарихта да әженің орны бөлек: Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі, Абай атамыздың Зере әжесі, Мұхтар Әуезовтің Дінасыл әжесі — ұрпаққа нәр берген қазыналы бұлақтың көзі.

«Бала — жүректің мұрасы» деп білетін жандардың бірі — менің әжем Шәрбану. Ол 40 жыл ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, бүгінде құрметті демалыста. Алайда 66 жасқа келсе де, тынымсыз еңбек етіп жүр.

Әжемнің күнделікті қызметі

  • №35 мектеп-гимназиясында ата-аналар қауымдастығының төрайымы ретінде ата-аналарды ұйымдастырады.
  • Мектеп ауласын және ауылды көгалдандыру ісіне басшылық етеді.
  • Ұстаздар, ата-аналар, оқушылармен бірге тәжірибе алмасып, жаңа идеяларды енгізеді.

Мектеп ауласындағы жасыл жаңғыру

Мектеп ауласын бүгінгі күн талабына сай жасыл желекке айналдыру үшін көп ізденіс қажет болды. Әжем бізді Алматы қаласындағы әсем әрі тағылымды «Гүлзар» қоғамдық бірлестігіне экскурсияларға апарды. Сонымен қатар, «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық журналына 2008 жылдан бері мектеп басшылары, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар жыл сайын жазылып, оқып, үйреніп келеміз.

Осындай талаптану мен еңбектің нәтижесінде мектеп ауласында түрлі өсімдіктерден 14 композиция бой көтерді.

Жасыл композициялар

Бөтегүлдер алаңы

Аршалар

Ғылым композициясы

Екі Альпі шоқысы

Кірпігүлдер алаңы

Юккалар

Жеміс-жидектер бағы

Түлектер аллеясы

Өсімдіктер әлемі

Розарий

Көпжылдық аласа бойлы гүлдер

Әжемнің құрағы

Қыран төбешігі

Көк байрақты «бозкілем» композициясы

Рәміздер күні қарсаңында көк түсті өсімдіктерден жасалған ерекше жоба. Авторын — әжем Шәрбануды — зор мақтанышпен айтамын.

Әжемнің ұстанымы

«Кәрілікке бой алдырмаудың себебі — қозғалыс. Өзің сүйген істен алатын күш-қуат бар. Ал жасыл өсімдік адам ағзасына жағымды энергия береді: ауырмайсың, көңілді жүресің, ұзақ өмір сүресің».

«Сұлулық нәрі» үйірмесі және ғылыми ізденіс

Әжем мектептегі әр оқушыны өз немересіндей көреді. Күнделікті іс арқылы бала бойына адамгершілік пен ізгілікті дарытуға, туған ауылын көгалдандыруға баулуға ерекше мән береді.

Мектепте әжем «Сұлулық нәрі» атты жас гүл өсірушілер үйірмесін жүргізеді. Үйірме мүшелері өсімдіктер әлеміне қызығушылығын арттырып, іс жүзінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда.

Үйірмедегі жобалар мен жетістіктер

Жобалар

  • «Таза болса табиғат, аман болар адамзат»
  • «Бірлік — зерде»
  • «Жүз жылдықтың жүз емі»

Менің қатысуым

Мен осы үйірменің мүшесімін. 5-сыныпта «Жергілікті жердің дәрілік өсімдігі — итмұрын» тақырыбындағы еңбегім облыстық семинарда бағаланды.

7-сыныпта «Іле-Күнгей Алатауы — флористикалық аудан қызғалдақтары» атты жұмысым «Өмір және ғылым» атты I халықаралық оқушылар конференциясына қатысып, «Ғылым шырағы» дипломымен және «Таланттар академиясының» сертификатымен марапатталды.