Көгілдір аспанға шыға келген бұлттар бірте - бірте қоюланып, жаңбырдың лебі есті

Күздің келбеті: жаңбыр, шуақ және алтын жапырақ

Міне, қабағын түйіп, жаңбырлы күз де келді. Күз — молшылықтың, байлықтың, берекенің айы. Қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтындай шақ.

Інім екеуміз терезе алдында отырмыз. Сыртқа шыға алмаймыз — апам рұқсат етпеді. Кешеден бері аспанды суық бұлт торлап алған. Түс мезгілі болса да, қала іші түнеріп тұр. Бр-р... Бойымыз әлденеден діріл қаққандай, жаурап отырғанымызды сездік. Ух, қандай суық еді!..

Сәлден соң күн ашылды. Ауыр бұлттар тарқап, қиғаштай құйылған нұрлы шуақтан айнала құлпырып, мамыражай күйге енді. Інім екеуміз сыртқа шықтық.

Бақ ішіндегі тыныштық

Иілген қайың бұтағындағы жұқа, сары жапырақтар самалмен дірілдеп тұр. Біз бақ ішіне кірдік. Бақ іші сары бояуға малынып, тып-тыныш қалпы еді. Жаздағыдай құстардың әсем үні естілмейді. Тек табан астындағы тапталған жапырақтардың судыр-судыр еткен дыбысы ғана сол тыныштықты бұзғандай.

Інім сары жапыраққа алақанын тосты. «Қап, тесіліп қалыпты!» — деді. Аяп тұр.

Жел, ойын және жаңбыр

Кенет сусылдап, күнбатыстан суық жел соқты. Ағаш жапырақтары ұша жөнелді. Біз үлкендердің «үстеріңді былғамаңдар!» дегенін ұмытып, жұп-жұмсақ жапырақтардың үстінде аунап ойнадық. Қайың мен үйеңкі жапырақтарынан гүл шоқтарын жасадық.

Ауа зілдене түсті. Көгілдір аспанға шыға келген бұлттар бірте-бірте қоюланып, жаңбырдың лебі сезілді. Әуелі ірі-ірі тамшылар батылсыз тамды да, кейін үдей түсті.

Жаңбыр тамшылары есікті, терезені, қаңылтыр шатырды қақылай жөнелді. Көше іші суға толып, ойық жерлерде көлшіктер пайда болды.

Алтын күз

Адамдар күзді «жаңбырлы күз», «суық күз», «қара күз» деп айыптап жатады. Ал біз оны «алтын күз» дейміз.

Алтындай сап-сары жапырақтардан жасаған гүл шоқтарын қолымызға ұстап, үйге қарай жүгірдік. Бұл жолы апам бізге ұрыспайды!