Таудай бол

Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы • №5 орта мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Сәрсенбаева Лариса Асқарқызы

Дәйексөз

«Өмірге риза болып, алғыс айт».

Халық даналығы

Мақсат

Оқушылардың сыйластық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Ризашылық пен алғыс туралы түсінік беру.
  • Үлкен мен кіші арасындағы сүйіспеншілік пен сыпайы қарым-қатынасты дамыту.
  • Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

  • Оқулық
  • Дәптер
  • Кеспе бата қағаздары
  • Қоржын
  • Интерактивтік тақта

Шаттық шеңбері: «Ризашылық»

Сөзі мен әнін жазған: Луиза Хей

Ризамын бүгінге, Ризамын бүгінге, Ризамын бүгінге, Ризамын бүгінге! Ризамын, ризамын, ризамын, ризамын, Ризамын, ризамын, ризамын, бүгінге, Ризамын, ризамын, ризамын қазірге.

Әңгімелесу

Сұрақтар

  • «Алғыс» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Адам ризашылығын, алғысын қандай сөздермен білдіреді?
  • Сендерге кім, қандай жағдайда алғыс айтты?
  • Өздерің қандай жағдайда алғыс айтып көрдіңдер?

Ризашылық

Ризашылық — адамның өзге біреуден көрген жақсылығы, көмегі мен ықыласы үшін қанағаттануы және соны жүрекпен бағалап, алғыс білдіруге ұмтылатын сезімі.

Алғыс

Алғыс — адамның өзіне жасалған жақсылық пен қолдау үшін ризашылығын білдіруі, сондай-ақ біреудің ойы мен іс-әрекетіне жоғары баға беруі.

Мәтінмен жұмыс: «Алғыс» (М. Төрежанов)

Мәтінді мұғалім оқиды, кейін оқушылар тізбектей оқиды.

Талқылау сұрақтары

  • Қасым мен Хасен анасына не үшін алғыс айтты?
  • Анасы балаларына не үшін алғыс айтты?
  • Сендерге алғыс айтқанда қандай сезімде боласыңдар?

Сергіту сәті

Оқушыларға жасырын сергіту тапсырмасы беріледі: өлең жолдарын қимылмен толықтырып, өздері айтып шығады.

Сергіту ——————— баламыз, ——————— барамыз. ——————— есейіп, ——————— боламыз.

Ақботаның қоржынындағы алғыс баталар

Данышпан ата Ақботаның қоржынына алғыс батасын салып жіберген. Әр оқушы қоржыннан бір хат алып оқиды және оның мағынасын түсіндіріп береді.

Рахмет! Жасың ұзақ болсын! Таудай бол! Өркенің өссін! Бақытты бол! Білімді бол! Өнерлі бол! Бағың жансын! Мұратыңа жет! Өнерің өрге жүзсін! Азамат бол! Еліңе қорған бол!

Сахналау

Оқушыларды өмірде кездесетін жағдайларға сай ризашылық білдіруге, алғыс айтуға дағдыландыру үшін сахналау ұйымдастырылады. Сахналау кезінде Данышпан атаның алғыс сөздерін қолдануға болады.

Топтық тапсырмалар

I топ

Мұғалім мен сыныптастардың қыз баланы туған күнімен құттықтау сәтін сахналау.

II топ

Аға-қарындас туыстардың үйге келген қонақтарды күтіп алу сәтін сахналау.

III топ

«Ұландар» тобының қарттар үйіне барып, қайырымды іс жасау сәтін сахналау.

(Интерактивтік тақтада сахналайтын көріністердің суреттері көрсетіледі.)

Жаңа ақпарат

Ризашылық пен алғыс сөздерінің астарында терең мағына бар. Адам өз ісіне қанағаттанып, жақсы нәтижеге қуана білген кезде ризашылық сезімін бастан кешіреді. Ал өзіне жасалған жақсылықты бағалап, соны сөзбен жеткізу — алғыс айту.

Алғыс пен ризашылық білдіру — өзіңді, өмірді және өмірде бар құндылықтарды бағалаудан басталады.

Дәптермен жұмыс

Дәптерде берілген сұлбаға М. Төрежановтың «Алғыс» әңгімесі бойынша кімнің, кімге алғыс айтқанын орналастырыңдар. Бос жолақтарға алғыстың себебін жазыңдар.

Қорытынды

Балалар, жылы сөзді, қайырымды істі, жақсы ойды, кіршіксіз сезімді ешқашан аямаңдар. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасауға ынталана түседі.

Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңдер. Табиғат-Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен аппақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін; жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.

Жүректен жүрекке: «Біздің тілек» (Ғ. Жұмабаев)

Бізге ашық күн керек, Аспан керек мөп-мөлдір. Қуанышқа тұр бөлеп, Бақытты өмір төккен нұр. Тыныш болсын жер беті, Түршікпесін денеміз. Азамат боп ер жетіп, Ағаларға ереміз.