Мектебім - ауылымның мақтанышы

(Қожабақы мектебіне 70 жыл)

Бойында ұлылықтың жатқан ізі,
Келешек ғасырға да мақтан – ісі.
Шуақты, шежірелі тарихы бар,
Мектебім – ауылымның мақтанышы.

(«Қожабақы мектебінің вальсі» әнінің сөзінен)

XXI ғасырдың таңындағы әлемдік кеңістікте өз орнын айқындауға ұмтылған Қазақстан үшін оқушының мектепте жалпы орта білім алуы — міндетті әрі аса маңызды мәселе. Сондықтан өткен тарихымыздағы қазақ ауылдарында жалпы білім беретін мектептердің қалыптаса бастауы сол кезеңдегі білім саясаты үшін де, бүгінгі орта білім жүйесінің тарихы үшін де айрықша мәнге ие.

Себебі қазақтың білімі мен ғылымында, әдебиеті мен өнерінде халқына жарық жұлдыздай сәуле шашқан талай ұл-қыз дәл осындай ауыл мектептерінен қанат қағып ұшты. Сол мектептердің бірі — 1947 жылы орта мектеп ретінде іргесі қаланған М. Горький мектебі. Бұл — бүгінгі №25 орта мектеп, Қожабақы ауылының білім ордасы.

«Мектеп-Ана» ұғымы

«Ең алғаш қолға қалам ұстатқан» деген жолдар әдетте алғашқы ұстазға қарата айтылса, бұл жерде ол сөзді тұтас Мектеп-Анаға арнауға болады. Қожабақы ауылындағы №25 орта мектеп — талай буынның алғашқы әрпі, алғашқы арманы, алғашқы бағыты басталған киелі орта.

Авторлық естелік: 1994–2002 жылдар

1994–2002 жылдары Қожабақы мектебінде әдебиет, құқық, тарих пәндерінен сабақ бердім. Осы жылдар мен үшін шығармашылық ізденіс пен ұстаздық еңбектің қатар өрілген кезеңі болды.

1995: алғашқы мақала

1995 жылы «Ұлттық рух жоқ жерде…» тақырыбындағы алғашқы мақалам облыстық «Сыр бойы» газетінде жарық көрді.

1996: алғашқы сценарий және сахналық қойылым

1456 жылды негізге алып, Қазақ хандығының 540 жылдығына арналған тарихи сахналық көріністер топтамасынан тұратын «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты алғашқы сценарийім дүниеге келді. Ол 1996 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің сахнасында қойылды.

1997: алғашқы өлең

8 наурыз мерекесі қарсаңында қазақ қызының болмысына арналған «Қарындасқа тілек» атты алғашқы өлеңім жазылды. Оны Қожабақы ауылдық мәдениет үйіндегі «Қыз сыны» байқауында жүргізуші Самал Сәрсен оқыды. Өлең 1997 жылы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінде жарияланды.

Самал Файзекеқызы — бастауыш сынып мұғалімі, Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің бұрынғы шәкірті.

Білім жолы: филология, тарих және құқық

1988–1989 оқу жылында жоғары оқу орны жанындағы 7 айлық кешкі дайындық курсынан кейін, 1989 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының Қазақ филологиясы және тарих факультетіне (факультет жетекшісі — Бағдат Кәрібозұлы Кәрібозов) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша күндізгі бөлімге қабылдандым.

1994 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» біліктілігімен бітіріп, 1995 жылы осы оқу орнының Тарих және құқық факультетіне (факультет жетекшісі — Мұрат Бақтиярұлы Мұхамедов) «Тарих және құқық негіздері» мамандығы бойынша қайтадан күндізгі бөлімге түстім.

Сол жылы оқу орнының ректоры Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовтің рұқсатымен «Құқық және құқықтық тәрбие беру әдістемесі» мамандығының сырттай бөліміне ауысып, 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «заңгер-оқытушы» біліктілігімен тәмамдадым.

Мектеп өміріндегі шығармашылық пен жетістіктер

1998: фестиваль сценарийі және марапат

1998 жылы №25 мектептің фестиваль бағдарламасына арнап жазған «Мен қазақпын, тараған Көк түріктен» сценарийім үшін аудандық білім қызметкерлерінің «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атағы беріліп, диплом табысталды. Марапат қазылар алқасының шешімімен рәсімделді (қазылар құрамында — кәсіподақ комитетінің төрағасы Болат Жолтаев; қазылар алқасының төрағасы — Қазалы аудандық музыка мектебінің директоры Роман Әуезов).

1998: мектепке арналған өлең және алғашқы орындалуы

Осы жылы мектептің 1947 жылы орта мектеп болып құрылғанына жарты ғасыр толуына орай, байырғы ұстаздар мен белгілі түлектер есімі аталатын өлең жазылды. Алғаш «Мектебім менің осындай» деген атпен дүниеге келген бұл шығарма 1998 жылдың қазанында, Мұғалімдер күні мерекесінде ауылдық мәдениет үйінің сахнасында 10-сынып оқушысы Серік Өтепбергеновтің домбырамен орындауында алғаш рет шырқалды.

Сол жылы мектеп әкімшілігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.

1999: мектеп әні және «Қожабақы боздақтары»

1999 жылы сазгермен келісім арқылы мектептің әні дүниеге келді. Ол 9 мамыр мерекесінде ауылдық мәдениет үйінің сахнасында мектептің 11-сынып оқушысы, 50-түлек Айзат Байназарованың орындауында тұңғыш рет шырқалды. Сол күні сазгердің бастамасымен менің өлеңіме жазылған «Қожабақы боздақтары» әні де алғаш орындалды.

Осы жылы да мектеп әкімшілігінің Құрмет грамотасы берілді.

2000–2001: пәндік, ғылыми жобалық биіктер

2000 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасындағы аудандық олимпиадада жүлдегер атанып, Мақтау қағазын алдым.

2000 жылы шәкіртім аудан мектептері оқушылары ішінде құқық негіздері пәні бойынша алғаш болып облыстық ғылыми жобалар жарысына қатысып, «Мұсылмандық құқық және оның қолданыстағы құқықтан ұқсастығы мен айырмашылығы» тақырыбындағы жұмысы үшін облыстық грамотамен марапатталды.

2000 жылы облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасын иелендім.

2001 жылы оқушым мектеп тарихында тұңғыш рет республикалық білім бәйгесіне қатысты. Менің жетекшілігіммен аудан мектептері оқушылары арасынан әдебиеттен республикалық ғылыми жобаларға алғаш болып қатысқан шәкіртім «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізетін ғылыми жобалардың IV республикалық кезеңіне өтіп, «Халық ақыны Байназар Өтепов шығармашылығындағы ел тағдыры және ақын өлеңдерінің көркемдік мәні» тақырыбындағы жұмысы үшін II дәрежелі дипломмен марапатталды.

70 жылдық белес: ауыл мектебінің аймақтық миссиясы

Биыл мектептің құрылғанына 70 жыл толып отыр. Қожабақы мектебі ауылдық мектеп болғанымен, іргелі білім ошақтарының қатарынан саналады. Мұның бір дәлелі — 1947 жылы Қожабақыда орта мектеп ашылған кезде маңайдағы ауылдарда мұндай білім орны әлі қалыптаса қоймаған еді. Сондықтан көптеген ауыл балалары орта білімді осы мектептен алып, осы жерден аттестат алып, өмір жолына аттанды. Бұл үрдіс күні кешеге дейін жалғасын тапты.

Сырға толы өткені,
Ізгіліктің көктемі,
Білімге кең жол ашқан —
Қожабақы мектебі.

(мектеп вальсінің қайырмасынан)

Білім іргетасы: ұстаздар мектебі

Қожабақы мектебіндегі білімнің бастапқы іргетасы қандай болғанын дәлелді дерек арқылы да көруге болады. Бұл жөнінде 1955 жылы мектепті күміс медальмен бітірген түлек, профессор Алмас Жаманбаевтың 2013 жылы жергілікті Қазалы газетінде жарияланған «Қажымас қайрат иесі еді» атты естелік мақаласы маңызды мәлімет береді.

Мақала Әби Дәулеткерімов туралы: ол — 1954 жылғы түлек, мектептің алғашқы медалисі; Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) экономика факультетін үздік бағамен аяқтаған; өндірісте инженер-экономист болып бастап, жоғары басшылық қызметтерге дейін көтерілген; Қаражал қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Қаражал қалалық атқару комитетінің төрағасы, «Атасу руда» АҚ вице-президенті қызметтерін атқарған; Қаражал қаласының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Естеліктен түйін

Әби Дәулеткерімұлы университет жылдарын еске алып: «Мен университетте оқыған кездерімде көп қиыншылық көргенім жоқ. Өйткені мектепте оқытқан ағайларымыз бен апайларымыз бізге бүкіл ғылымның негіздерін терең түрде санамызға сіңіре білді», — дейді.

Демек, «Қожабақы мектебінде білімнің негізі мықты болды, бұл жерде білікті ұстаздар еңбек етті» деген көп айтылатын сөздің ақиқаттығына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.

Есімдері аталған ұстаздар

  • Жәрмедет Хайруллаев
  • Қожақова Хадиша
  • Ербатыров Жұмамұрат
  • Тықыбаев Қуаныш
  • Уәйіс
  • Халт Нұржігітов
  • Шафиева Галина Хафизовна
  • Кемалов Жиеней
  • Янковская Лидия Матвеевна
  • Бакешов Қожабай
  • Айтмамбетов Алдахияр
  • Оңғаров Тілеп

Мектепке арналған өлеңде бұл ұстаздардың кейбірі, сондай-ақ алғашқы күміс медаль иегерлері Әби Дәулеткерімов пен Алмас Жаманбаев, алғашқы алтын медаль иегері Алпысбай Қарамолдаевтың есімдері де аталады.

Директорлар шежіресі және үздік түлектер

1947 жылдан бергі директорлар

  • 1947–1949:Мүлкібаев
  • 1949–1953:Ж. Хайруллаев
  • 1953–1959:Қ. Бакешов
  • 1959–1965:М. Қожабаев
  • 1966–1968:А. Қартбаев
  • 1968–1976:І. Нағашыбаев
  • 1976–1985:А. Есетов
  • 1985–2016:А. Темірбаев

Қазір мектепке жаңа басшы тағайындалған.

Үздік бітіргендер және жаңа белес

Осы жылдар аралығында 26 оқушы мектепті үздік тәмамдаған. Олар білімдерін алтын медаль, күміс медаль, үздік аттестат және «Алтын белгімен» дәлелдеген түлектер.

Биылғы оқу жылының қорытындысымен тағы екі түлек «Алтын белгіге» бітіріп шықты. Мектеп тарихында алтын медаль иегерлері 7 болса, енді «Алтын белгі» иегерлерінің саны да 7-ге жетті.

Өлең жолдарымен өрілген бедер

Мектеп жайлы айта алдық па біз ұға,
Шәкіртіне қарайтын ел қызыға.
«25-те оқығам» дейді ұлы да,
«25-те оқығам» дейді қызы да.

Әр түлектің еңбегі еткен бағалы,
Мектебінің есінде әр кез қалады.
Талай білім сынағында еңкеймей,
Жиырма бестің биік тұрған жалауы.

Талай шәкірт өткеніне қараған,
Шығармайды өз мектебін санадан.
Жиырма бес те спортта, өнер, білімде,
Мықтылардың алдын талай ораған.

Қорытынды: «алтын ұям» деген аманат

Білімнің бағалаған нарқын ұям,
Сақтаған дәстүрлерін, салтын ұям.
Болашақ ғасырларға шуақ шашып,
Жайнай бер мәңгілікке, алтын ұям!

(Мектептің 50 жылдығына және 50-түлектерді ұшыру құрметіне орай дүниеге келген «Қожабақы мектебінің вальсі» әнінен)

Автордан: алғыс

Автор өз өтінішімен мектептің термесін жазып, орындатуға қолдау көрсеткені үшін (2016, маусым) Қазалы аудандық мәдениет орталығының директоры Кемеңгерге алғыс білдіреді.

Термесін нақышына келтіріп орындағаны үшін Қазалы аудандық мәдениет орталығының жыршы-термешісі Жәнібекке рахмет айтады.

Вальсті орындатуға ықпал еткені үшін (2016, желтоқсан) Қызылорда облыстық филармониясының қызметкері Таңшолпанға, ал әнді орындағаны үшін Қызылорда облыстық филармониясының әншісі Ринатқа ризашылығын білдіреді.

Мәдениет пен өнер саласында жүрген осы азаматтарға табыс тілейді.