Сен өзі

Атақтың қалай «жабысып» қалатыны

Тойда шамадан тыс қызып отырған ел ағаларының бірі арнау өлеңін оқып, оны мерейтой иесіне табыстап тұрған ақынды тоқтатып: «Сен қазірден бастап осы облыстың бас ақынысың! Мен солай ұйғардым!» — деп салды.

Сол сәт ду қол шапалақтау құттықтауға ұласты. Арагідік бірер өлеңі жергілікті газетке қырналып-тырналып, күзеліп-түзеліп басылып тұратын пақырыңыз бір-ақ мезетте аймақтың «бас ақыны» болып шыға келді. Сол күннен бастап бұл алып-қашпа атақ өзіне қара күйедей жабысты.

Кейде атақ — еңбектің қорытындысы емес, кездейсоқ айтылған сөздің ұзаққа созылған салдары болып шығады.

Редакциядағы «бас ақын» феномені

Газеттің бөлім меңгерушісі әдебиет бетін әзірлей қалса, редакторы: «Әлгі бас ақынның өлеңдері бар ма?» — деп сұрайтын болды.

Жауап «бар» болса

«Бар», — десе… «Дұрыс!» — деп бетке батасын беретін.

Жауап «жоқ» болса

«Жоқ», — дей қалса… «Сен өзі… не тантып тұрсың? Пәленшенің тойында облыстағы екінің бірі оны бас ақын дегенін естіген жоқ па ең?» — деп түлкі көрген бүркіттей түйілетін.

Артынша: «Жазбаса, заказ беріп жаздырт. Мына бетті содан соң әкелерсің!» — деп шығарып салатын болды.

Еңбегі осылай бірнеше рет еш болған бөлім меңгерушісі күйіп кетіп: «Қазақтың бас ақыны — Абай. Мұны айтқан мен емес, Ахмет Байтұрсынов. Ал сіздер айтып жүрген облыстың бас ақыны — қазақ әдебиетіндегі дауасыз дерт, сыздауық», — деп салып қалды.

«Шекпен киген данышпан — Абай ғана, Макентожды миғұла жетіп жатыр», — деп Қадыр ақын бекер айтты дейсіз бе?

«Мінез» бен қызметтің бағасы

Бұл мінез танытамын дегені үшін әлгі қызметкер мәдениет бөлімінен өндіріс бөліміне әдеби қызметкер болып төмендетілді. Мәдениет бөлімін ұршықша үйіргенімен, өндіріс дейтін пәленің неден басталып, неден аяқталатынын біле қоймайтын.

Қаламақыдан да қағылды, бірі аға, бірі інідей болып құрақ ұшатын мәдениет саласының қызметкерлерінен де көз жазды. Әсіресе «Жырыма қанат беріп, ұшырған сен» деп жұрт алдында мерейін көтеріп жүрген ақындардың бірден суып сала беруі арқасына аяздай батып, еңсесін езді.

Атақтың көлеңкесі

Аймақтың «бас ақынымен» абайсызда кездесіп қалса, анау алара қарап, іркіле қалатын. Сонда бұл кірерге тесік таппай, пүшәйман күйге түсетін.

Бас ақынның ішімдікке салынып, маскүнемге айнала бастағанын көргенде, іштей бір түрлі айызы қанып: «Өлең киесі қойсын ба, бұл итке сол керек», — деп кіжінетін.

Ақыры редакторға кісі салып, жалынып-жалпайып жүріп қайтадан мәдениет бөлімінің әдеби қызметкерлігіне ауысты.

Алматыдан келген сөз және аймақтағы салқын шындық

«Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, дәл сол тұста Алматыдан Алмағайып атты ақын келіп, аймақ оқырмандарымен кездесу өткізді. Бірер жас ақын өлең оқыды.

Солардың бірінің өлтірсең де өлең деуге келмейтін өлеңсымағы Алмағайып ақынға ұнап қалса керек. Кездесуге ұйтқы болған үшінші хатшыға қарап: «Сіздердің аймақтарыңызда мына жігіттен басқа ақын жоқ. Анау ақын, мынау ақын деп жүргендеріңіз — далбаса», — демесі бар ма?

Иек қағысқан ишара

Ол мұның бастығына қарады, бастығы бұған иек қақты. «Естідің бе?» дегені шығар. Ал мұның бойын сол сәттен бастап бір түйткіл биледі: «Осының соңы немен тынар екен?»