Өлең айтқан сөзді ұқпайтын, түске дейін ұйықтайтын жылауық нас бала туралы
Алтын көпір
«Балалар ақыны», «балалар жазушысы» деген жүрекке жақын, көңілге қонымды тіркестер кеңестік кезеңде орнықты. Сол тұста балалар әдебиеті «Әдебиет» атты қара шаңырақтан еншісін бөліп алып, өз алдына отау тікті. Ал оның қаз басқан қадамының арманды адымға айналуына қазақ кеңес әдебиетінің іргетасын қалаған Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді қаламгерлер елеулі үлес қосты.
Құнарлы топыраққа түскен дәннің дарияға айналатыны тәрізді, содан бергі дәуірде қазақ балалар әдебиеті сан алуан өсу мен өркендеу баспалдақтарынан өтті. Қазақ балаларының талай буыны өзіне арналған жауһар жырларды оқып, жаттап есейді; тілдік қорын байытып, ой-өрісін кеңейтті. Есейе келе солардың бірсыпырасы өздері оқып өскен, аузынан ақ маржан төгілген ақын ағалары мен апаларына еліктеп, жыр жазуға әуестенді. Қиял қанатымен қалықтап, өміртанымын арттырды. Талмай талпынып, Алланың берген азды-көпті талантына сүйенген кейбірі елге әйгілі ақындар қатарына қосылды. Алда қаншасы мәңгі сөнбес жыр шырағын жағып, поэзияның асқақ аспанына қанат қағар екен?
Балғын жүрекке жол салған басылымдар
Балалар ақындары мен жазушыларының бүлдіршін оқырманымен бүкпесіз сырласып, балғын жүректерге жол салуына дәнекер болған алтын көпір — республикалық балалар басылымдары. Олар: «Балдырған», «Пионер», «Ақ желкен» журналдары, «Қазақстан пионері», «Ұлан» газеттері.
Бұл қатарды 2001 жылдан бері жарық көрген «Жыл он екі ай» журналы толықтырды. Әдеби-танымдық күнпарақ содан бері кең байтақ еліміздегі балдырғанға да, көпті көрген көне көз данаға да ортақ дүниеге айналды: оралымды ойы бар, тартар тағылымы бар, ұсынар үлгісі бар. Сөйтіп, балалар басылымдарының арасынан ойып орын алып, іздеп жүріп оқылатын сүйікті басылымға айналды.
Журналдың бас редакторы, жазушы Талғат Айтбайұлы қуанышқа орай жазған мақаласында: «Әрбір үйдің төрінде, әрбір ұланның қолында жүретін журнал», — деді. Бұл — шындық. Оған көз жеткізу үшін өткен жылдардағы журнал беттерін асықпай парақтау жеткілікті.
«Балалар ақыны ғана» деген қате түсінік
Кейбір өңірлерде — ауыл, аудан, облыс орталықтарында тұратын журналистер мен ақын-жазушылар арасында өз ортамыздан шыққан Мүбәрақ Жаманбалинов пен марқұм Есентай Ерботиннің шығармалары сөз бола қалса, «Е, тәйірі, олар бар болғаны балалар ақыны ғой» дей салатындар да кездескен. Бұл — биікте ілулі тұрған етке қанша ұмтылса да ала алмаған мысықтың «жасын да, сасық сол етті жемей-ақ қойдым» дейтіні секілді пенделіктің бір көрінісі.
Өйткені қазақ әдебиетінің саусақпен санарлық абыздарының бірі Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен алыптардың қатарында. Ол «Балдырған» журналының бас редакторы болған жылдарда талай жас қыранның томағасын сыпырып, қанатының қатайуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.
Таным мен тіл мәйегін ұштастырған өлең
Мұзафар Әлімбаевтың «Балдырған» журналында жарияланған «Мұндай сөздерді білесің бе?» топтамасынан бірер жолды оқып көрелік:
Деп едім — «күрдел» мәнін анықтарын,
Қарасы екен жас төл мен арық малдың.
Оқтан, құдыр шошынғаннан,
Ырғыды ордан шұғыл кеп.
Бұғы тектес кішірек аң,
Аталады құдыр деп.
«Күрдел», «құдыр» атауларының мәнін түсіндіретін осы жолдар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан сөздік қорынан сыр суыртпақтап, жас жеткіншекті тіл мәйегімен ауыздандырады. Хас шебердің қаламынан туған мұндай шумақтар бала санасын танымдық тереңдікке бастайды.
Азаматтық ой, аталық мейір
Қалың оқырманға әу бастан махаббат жыршысы ретінде танылған, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиев балаларды да аталық сүйіспеншілік шуағына бөлеп, оңы мен солын тануына, елін сүйген үлкен жүрек иесі болып өсуіне жол нұсқауды парыз санады. Оның «Біздің заң» атты өлеңінде:
Сол заңмен өсіп санамыз,
Қуаты берер бар қандай, —
Біз оның тілін аламыз,
Ананың тілін алғандай.
Осы түйін арқылы ақын заңды неге ардақ тұтып, неліктен айнымас бағдар санайтынымызды бала ұғымына жақын етіп ұғындырады.
Жылы юмордың тәрбиелік қуаты
Оспанхан Әубәкіровтің есімі қазақ оқырманына сатира сардары ретінде мәлім. Бірақ оның балалар әдебиетінде де елеулі із қалдырғанын көпшілік біле бермейді. 2005 жылы Алматыдағы «Қазғұрт» баспасынан небәрі 2000 дана болып шыққан «Анау мен мынау» жинағы мектеп кітапханаларында сирек ұшырасады. Осы олқылықтың орнын «Жыл он екі ай» қолдан келгенше толтырып, ақынның «Бытбылдық неліктен» секілді өлеңдерін жариялады.
Жылы юморға толы мұндай өлеңдер балалардың езуіне күлкі үйіреді. Мәселен, «Неліктен» өлеңінде Серік «Неліктен жұмыс істейміз?» деген сауалға «Жұмыс істемесек, тамақ ішпейміз» деп жауап береді. Осы бір қарапайым жауап арқылы автор «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылды бала ұғымына дәл қондырады. Одан әрі зейнеткердің еңбегі үшін алатын зейнетақысын мысал етіп, еңбектің сарқылмас ырыс екенін ұқтырады.
Қарапайым тәсіл, нақты әсер
Қазақтың әйгілі ақындарының бірі Жарасқан Әбдірашевтің «Мазақтама» атты өлеңі жалқау, жылауық, ұйқышыл бала туралы. Тақырып таныс болғанымен, ақынның түйіні бала психологиясына дәл әсер етеді:
Таңатқан-ау, Таңатқан,
Ойын менен тамақтан
Қолың тимей үнемі
Екі аласың сабақтан…
Ай-ай, Таңатқан,
Екі аласың сабақтан.
«Ай-ай» қайталауы — назар аудартатын ойынқұмар интонация. Соңғы түйінінде «мазақ» арқылы ғана емес, түзелмесе достарынан алыстап, жалғыз қалатынын да аңғартады. Бұл — ескертуі бар, тәрбиесі бар жеңіл жыр.
Тіл туралы өсиетке айналған шумақ
Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі жырларын мектептегі бала да, елдің данасы да жатқа айтады. Оның тіл туралы айтқан мына бір шумағы ұрпақ парызын тайға таңба басқандай айқындады:
Қазақ тілі — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Қадыр аға шығармашылық жолын балалар әдебиетінен бастаған, балаларға арнап бірнеше жыр жинағын шығарған. Сирек болса да «Жыл он екі ай» журналына атсалысып тұрғаны да — осы әдеби арнаның үзілмегенін көрсетеді.
Баланың қиялы — бояуда
Есін біле бастаған баланың қарындаш ұстамайтыны, қағаз шимайламайтыны жоқ. Бірте-бірте әріп таныған соң, түрлі түсті қарындашпен қиялын қағаз бетіне түсіруге талпынады. Қазіргі қазақ поэзиясының елеулі тұлғаларының бірі Ұлықбек Есдәулетовтің «Қарындаштар» өлеңі дәл осындай талапты балаға үлгі береді:
Мынау сары қарындаш,
Мұнымен күнді бояймын.
Мынау қоңыр қарындаш,
Мұнымен құмды бояймын.
Мен суретші боламын,
Қарындашты аламын.
Ақ мамамның суретін,
Ақ бояумен саламын.
Анасының суретін салу — оңы мен солын таныған әр баланың асыл арманы. Ақын осы арманды балғын кейіпкердің аузына салып, есте қаларлық жыр тудырған. Мұнымен қатар, өлең баланың дүниетанымын кеңейтіп, талғампаздыққа баулиды.
Ақынның «Есен сабағы», «Жаңбыр» сияқты төрт тармақты шағын өлеңдерінің өзі оқырманын күлдіріп қана қоймай, ойландырады. Мәселен, бұлттың неге ауатынын, жаңбырдың қашан жауатынын түсіне алмай дағдарған бала: «Шөлдеді ғой ағаштар, шаң басты ғой ауаны» дейді. Бұл — табиғатқа алаң бола білетін, ел мен жердің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтық сезімнің алғашқы ұшқыны.
Ұлы поэзия мен балалар әлемінің тоғысы
Аталған ақындар — үлкендер поэзиясының ірі тұлғалары бола тұра, балалар әдебиетінің ажарлы да базарлы болуына қыруар еңбек сіңірген, әлі де сіңіріп келе жатқан қаламгерлер.
Кітапханалар жабылып, кітап шығару мұңға айналған, мерзімді баспасөзге жазылу бағасы шарықтаған шақта оқырман сүйікті ақын-жазушыларынан, ақын-жазушылар оқырманынан көз жазып қала жаздады. Осындай кезеңде балаларға арналған жырларды қолдан келгенше жариялап, жарыққа шығару — құптарлық іс болды.
«Көзден кетсе, көңілден таса» демекші, Оспанхан, Жарасқан секілді өмірден озған ақындардың шығармаларын аға буын білсе де, кейінгі толқын олардың есімін сирек естуі, тіпті білмеуі мүмкін. Міне, осы тұста «Жыл он екі ай» журналы абыройлы міндет атқарды — және атқарып келеді.
Әріптерді «тірілткен» айтыс
Өмір бойы шығармашылығының бал шырынын балауса бөбектерге арнаған ақындарды жұрт «балалар ақындары» деп атайды. Солардың бірі — балалар ақыны, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ескен Елубаев. Өткен жылы ақынның «Балаларға базарлық» атты жыр жинағы жарық көрді.
Ал әзірше «Жыл он екі ай» журналында жарияланған «Әріптердің айтысы» өлеңіне тоқталайық. Әріптерді «айналдырмаған» балалар ақыны кемде-кем. Бірақ Ескеннің озығы — әріптерді мінезі сан қилы балалар кейпінде сөйлетуінде. Мәселен, «А» — мен-мен, мақтаншақ; өзгені кемсітуге бейім:
«А» айтты «Ң» жөнінде,
Оның орны кейінде.
«Ң» деген байғұс ол,
Сөз бастамас жалғыз сол.
Жаратқан соң нашар ғып,
Бола алмайды ол бас әріп.
Мұны оқығанда достарын жамандауға құмар, біреуді кемсіту арқылы өз қадірін көтергісі келетін таныс бейне көз алдыңа келеді. Ақын баланы мақтаншақтықтан сақтандырады. Ал «Ң» өз кезегінде талапты жасқа тән тектілікті танытады:
Болғанмен шетелдік,
Бедел менде жетерлік,
Дедің: «Не жасқанам,
Сөз көп өзім бастаған!»
Бұл — «Қалсаң да көлеңкеде, қауқарыңды таныт» дейтін жігерлі ой.
Көктемнің тынысын жеткізген төрт жол
Сұлтан Қалиұлының есімі қазақ мектебінің табалдырығын аттаған талай буынға етене таныс. «Балдырған» журналында, кейін «Ұлан» газетінде жауапты қызметтер атқарған қаламгердің ойлы да нәрлі жырлары қаншама сәбидің санасына ұялады. Журналда жарияланған «Қыс кетті» атты шағын өлеңі соның бірі:
Шөкім бұлт жоқ аспанда,
Осы-ау көктем белгісі.
Терезені ашқанда,
Серпілді бір бөлме іші.
Көктейтіндей тасы да,
Назарым тұр тысқа ауып.
Алатаудың басына
Қонақтапты қыс барып.
Төбеңнен төніп тұрған зеңгір аспан, айналаға нұр болып тараған көк иіс, қыр беткейден құлдырай аққан бұлақ сыңғыры — бәрі-бәрі бала сезіміне бір сәтте сыйып кеткендей. «Алатаудың басына қонақтапты қыс барып» деген жол — аңғал да байқампаз сананы сәулелендіретін жанды сурет.
Қорытынды: ағысқа қосылған айдын
Өткен жылдардағы «Жыл он екі ай» журналының бетін парақтап шыққанда түйгеніміз: журнал «Балалар әдебиеті» атты ұлы айдынды өз үлесімен толықтыра беріпті. Бір кездері жылап аққан жүлге бүгінде сырқырай ағар кең арналы тау бұлағына айнала бастағандай.
Бұлақ көзі мәңгі сарқылмасын, арнасы суалып тартылмасын.
Сүлеймен Баязитов