Үшінші нұсқада
Мәшһүр Жүсіп мұрасы және ауыз әдебиетін жүйелеу
Мәшһүр Жүсіпті ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы ғалым ретінде танып-біле бастаған кезде, оның осы саладағы еңбегі том-том болып жарық көрді. Алғашында кейбір пікірлер асыра айтылғандай көрінгенімен, уақыт өте сол күңгірт күмән сейілді: Мәшһүр жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен (бұдан әрі — жазбалары) еркін сусындауға мүмкіндік туды.
Бұған басты себеп — 2013 жылы ЭКО ЖШС баспасынан Мәшекеңнің 20 томдығының жарық көруі. Сол жинақтың 9-томы (14-беттен 160-бетке дейін) қазақтың ұлы ханы Абылайға арналған. Бұған қоса, басқа томдарда да Абылай туралы жазбалар кездеседі.
Назардағы мәтін
Осы жолы Мәшһүр жазбасындағы «Абылайдың тұтқын болуы» атты әңгімелер тобына тоқталамыз. Аталған сюжет 10 нұсқадан тұратыны көрсетіледі (А.Қ. Жүсіпова). Біз қарастырып отырған жинақта 5 нұсқа берілген: бірінші нұсқа ақынның 2001 жылы шыққан 8-томында жарияланған. Бірінші және екінші нұсқаларда қайталау мол болғандықтан, баяндауды үшінші нұсқадан бастау қисынды.
Сюжеттік өзек: Сына батыр, Қалдан Шерін және Абылай
Негізгі шиеленіс Қалдан Шерінің қол астындағы Сына батырдың (он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыттан туған деп беріледі) әкесінен қашып келіп, Абылай ханға паналауынан басталады. Бұған дейін Абылай Қалдан Шерінің Сәру атты інісін мерт қылған еді. Осыны сылтау еткен Қалдан Шерін Абылайға елші жіберіп: «Менімен жауласпай тыныш тұрамын десе, Сына батырды тірідей қайырып берсін» деген талап қояды.
Абылайдың жауабы
Абылай хан: «Бұтаға қорғалаған торғай да қалады деген сөз бар еді. Бұта құрлы болмасам, тірі болғанда неге жараймын?!» — деп, Сынаны бермейді.
Қалдан Шеріннің есебі
Абылайдың өзге хандардай именіп, «алдына түсіп бүлкектемей» қоюы Қалданды да ойландырады: бұл қарсылас ертең қасқайып тұратын күшке айналуы мүмкін. Сол себепті ол ел ішіне жар салып, Абылайды тірідей ұстап әкелгендерге Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды беремін деп жариялайды.
Қалмақтың жақсылары мен жайсаңдары, батыры мен бағландары атқа қонады. Солардың ішінде Жалбы атты жайсаң уақ Өтеген мергенді ұстап алып, қорқытып, Абылайдың қайда жүргенін айтқызады. Сөйтіп Абылай қолға түседі.
Абылай бұлардың бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін аңғарғанда: «Күтінбеген елді шабыншылыққа ұшыратпас!» — деп, «Іздеген Абылайы мына — мен!» дейді.
Нұсқалардағы айырма: зындан ба, ақ боз үй ме?
Үшінші және төртінші нұсқаларда аздаған айырма бар. Екінші және төртінші нұсқада Қалдан Шерін: «Маған көрсетпей зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер, аш сақтаңдар» десе, үшінші және бесінші нұсқада ай далаға ақ боз үй тіктіріп, құда-күйеу түсетін үйдей жайнатып, төсеніш төсеп: «Абылайдың жалғыз өзін сонда кіргізіңдер» деп пәрмен бергені айтылады.
Ортақ мотив
Барлық нұсқаларға ортақ жайт — жеті күн, жеті түн ас-су бермеу. Сегізінші күні толық аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, Абылайдың қолына ұстатады. Нұсқалардың бірінде Абылай су ішкенімен, май ерімей, аузына да келмейді; ашуын тежемей: «Үрсем, кетпейтін неме едің…» деп аяқты лақтырып жіберетіні баяндалады. Қалдан Шеріннің ойы — Абылай «майды аузына бір-ақ қағып қояр» деп межелеуі; ал көргендер мұны бекзаттық деп бағалайды.
Басына күн туған сәтте өзінің емес, жұрттың қамын ойлауы — Абылайдың өршіл рухын аша түсетін тұс. «Күтінбеген елді шаптырып қайтемін» дейтін тосын шешімнің өзі оның елдік өлшемін танытады.
Үш сынақ: рухты қайрат пен хандық мінез
Жеті күндік жалғыздық (зынданда болсын, арнайы тігілген үйде болсын) жүйкеге тиетіні анық: «соңы немен тынар екен, басым алынуы да мүмкін» деген ауыр ой жанды жегідей жейді. Соған қарамастан, Абылайдың болмысы сыннан сынға түседі.
Бірінші сынақ
Қолына жалаңаш қылыш ұстаған төрт жігітті жіберіп, Абылайды сескендіру бұйырылады. Кей нұсқада: «Сенің мейманың толды!» деген тіркес бар, кей нұсқада ол түсіп қалады.
Екінші сынақ
Нұсқалардағы сөз қолданысы әртүрлі: бірінде «астарыңа кіріп кетсе де шауып жіберіңдер» делінсе, енді бірінде қосымша арандату бар: «Берген асты ішпесең мә, өзіңнің қаныңды іш» деп дүрсе қоя беру.
Үшінші сынақ
Ең шешуші сәтте Қалдан Шерін «үрейі ұшып, құты қашып кіріп келер ме» деп, арнайы қорқыту сөзін айтқызып шақыртады. Бұл — Абылайдың ішкі бекемдігін байқататын сынақ.
Қалдан Шерін басқа бір үйді түзеттіріп, тағын сонда қойғызады да, өзі тоқсан сәргерделінің қатарына отырып, тақты бос қалдырады. Есіктен кірген Абылай үй ішіндегілерге көз тоқтатпай, бірден бос тұрған таққа барып отырады. Осылайша, «хан болса, босағада отырар» деген күткен есеп ақталмайды.
Абылайдың уәжі
Тақ тұсындағы «құдайсымақ» мүсіндердің қасына Абылайдың отыруы қалмақтардың наразылығын туғызғанда, Абылай: «Жақсы кезеңге таласады, жаман отыратын орнынан адасады… Бұл орынға қалмақтың ханы Қалдан Шерін отырмағанда, қазақтың ханы Абылай отырмағанда, шайтан отыра ма?!» — деп жауап қайтарады.
Сәру туралы сұрақ және қайтпас жауап
Сол сәт Абылайдың танып қойғанын сезген Қалдан Шерін: «Уа, Абылай, Сәру қайда?» — деп бір емес, үш рет сұрайды. Абылай болса бір жауабынан танбай: «Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады!» дейді.
Үш арман
- Қалың қазаққа сауын айтып, елді жиып үлгермей, «қан майданда» емес, аңшылық-саят үстінде қапыда тұтылуы.
- Қазақты «арқасын тамға сүйремей, аузын нанға бөлемей», құба жонда тиянақсыз күйде қалдырғаны.
- Төрт атадан бері қарай жалғыз болып, артында тұяқ қалмау қаупі: «өзім кетсем, төрт жанның тұқымы құрығаны».
Абылайдың соңғы мұңы Қалдан Шеріннің де жан жарасына тиеді. Хан өз басындағы хәлді аңғарып: «Бұл да мынау, қарағым, бөбегім сықылды екен» дегенде, Абылай: «Алдияр хан, төреңізге құлдық!» дейді. «Неге қуандың?» деген сауалға Абылайдың түйіні өткір: «Көзіңнің ағы мен қарасы — бөбегіңе теңедің. Өз бөбегіңді өзің өлтіресің бе?!»
Осы тұстан кейін әңгіме «құлындағы сақауын, құнандағы тісеуін» айтысқан жарасымға ойысады. Біз де осы арадан тоқтап, Мәшһүр жазбасындағы Абылай бейнесіне қысқаша назар аударайық.
Мәшһүр жазбасындағы Абылай тұлғасы
Мінез бен рух
Жазбаны оқыған сайын Абылайдың сабырлы, айбынды, ақыл иесі екені айқындала береді. Ол бір Аллаға шексіз сенген хақ мұсылман ретінде: «Алладан басқадан ажалым болмақшы емес» деген түйсікке берік.
Сөз қуаты
«Сәрумін деп Сәру айтпады…» тәрізді уәж — шешендіктің биік үлгісі. Ал «Қазақтың арқасын тамға…» деп келетін арманы — елдік ойдың салмағын көрсетеді. Осы сипаттардың барлығы Абылайдың бостандыққа шығуына, тіпті Топыш сұлудың Абылайға қосылуына себеп болғанына сендіреді.
Қалдан Шеріннің таңдауы және кейінгі ишаралар
Мұнда тағы бір маңызды деталь бар: Қалдан Шерін Топышты «Абылайды ұстап берген адамға» емес, Абылайдың өзіне қосады. Мұның себебі де аңғарылады: біріншіден, Абылайдың бір сөзділігі; екіншіден, «әке балаға сыншы» дегендей, жалғыз ұлы Еженнің пайымсыздығы мен ұрыншақтығына көңіл толмауы.
Сондықтан Қалдан Шерін: «Мынау жалғыз балам Еженді менің орныма хан көтеріңдер, үш жылға ешкім бетіне келмеңдер» деп өсиет қалдырады. Ақыры, Ежен де қалмақтың өз қолынан қаза табады. Ал Топыш сұлудың бауырлары Қырғын Күш Абылайға келіп паналайды.
Қорытынды: жүйеленген мұраның құны
Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында Абылай хан дәуірін, оның азаматтық бейнесін, айбын-ажарын, ел тізгінін ұстаған тұстағы кемелдігі мен көрегендігін, ақыл аясының кеңдігін, досқа адалдығын, дұшпанға қаталдығын шеберлікпен бейнелейді.
Ел аузындағы әңгімелерді ерінбей жинап, бірнеше нұсқада жүйелеуі — келер ұрпаққа қалған құнды мұра. Бұл еңбек ой кеңдігін де, қалам қуатының кемелдігін де танытады.
Осы жазбаларды шебер пайдалана алатын сценарист табылса, Абылай хан туралы ірі, әсерлі фильм түсіруге әбден болатындай ой туады.
Сүлеймен Баязитов