Күз

Күзгі кездесу

Күз. Күн шайдай ашық. Алматының оқтай түзу көшелерінің бірінде орта бойлы, қыпша бел, қарақат көз, қыр мұрынды, ашаң жүзді қыз қолындағы үлкен қара чемоданды терлеп-тепшіп әрең көтеріп келеді. Жол бойы жағалай өскен қайың-емен, тал-теректердің сарғыш тартқан жапырақтары ұшып жүрген көбелекке ұқсап, қалқып барып жерге қонады.

Бір кезде алдынан қарсы ұшыраса кеткен сұңғақ бойлы, әдемі жігіт: «Қарындас, көмектесіп жіберейін» деп келіп, қыздың чемоданына жармаса берді. Қолы талып келе жатқан қыз қарсыласа қоймады.

Жігіт жөткірініп алып, жуан даусымен сөз бастады: «Атым — Мұрат. Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетінде оқимын. Өлеңдерім республикалық газеттерге жиі жарияланады. Мүмкін оқыған да шығарсыз…» — деп, желдей есіп келеді.

Ал қыз болса ішінен: «Ақын болса — ақын шығар. Олардың осылай сөзуар болып келетін әдеті емес пе» деп ойлап, оның сөзін онша мән бере қоймады.

Көгершіннің жауабы

Өзінің жеті атасына дейін таныстырып болған жігіт енді «сіздің кезегіңіз» дегендей жымиып қарады. Қыз сыпайы тіл қатты: «Есімім — Көгершін. Қыздар педагогикалық институтының үшінші курсында оқимын. Оқуыма асығып келе жатқан бетім еді…»

Жол үстіндегі әңгіме

Мұрат чемоданның ауырлығына қарап: «Ауылдан келесіз-ау?» — деді.
Көгершін қысқа қайырды: «Иә, жаңа ғана пойыздан түстім.»

Таныстықтың қызуымен олар үлкен қақпалы, екі қабат еңселі ақ үйдің алдына келгенде бір-ақ іркілді. Көгершін: «Ағай, рақмет сізге! Мен осы үйде пәтерде тұрамын. Кіріп, ауылдың дәмінен ауыз тиіңіз» — деп шақырды.

Ішкі ой

Бірақ іштей: «Кірмей-ақ қойса екен… Жолсоқты болып шаршап келгенде, дем алудың орнына, тағы да мылжыңдап мазамды алатын болды-ау» деп тұр еді.

Соны сезгендей Мұрат еппен жымиып: «Рақмет, асығыспын» — деді де, алақанын кеудесіне басты. «Ертең театрға баруға қалай қарайсыз? Мұқағали Мақатаевтың “Дариға жүрек” поэмасы бойынша спектакль өтіп жатқан көрінеді.»

Ақкөңілі аңқылдаған бейтаныс жігіттің көңілін қимаған Көгершін: «Қалауыңыз болсын» — деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды…

Театрдан кейінгі түн

Театрдан шыққан қыз бен жігіт қою қара түннің құшағында үн-түнсіз жүріп келеді. Күзгі салқын самал баяу еседі. Әр жерде көше шамдары жарқырайды. Айнала жым-жырт.

Бір кезде осы мүлгіген тыныштықты бұза Мұрат ақырын ғана: «Спектакль ұнады ма?» — деп, қызға жақындай түсті.

Көгершін: «Әрине. Поэмадағы мына жарық дүниеге ғашық жанның тебіренісі кімді де болса бейжай қалдырмасы анық» — деді.

Мұрат шабыттана сөйлеп кетті. Мұқағалидың сыршылдығын, өлеңдегі шымырлаған сезім мен тепсінген ойды, мұңға батырып, қайтадан көңіл сарайын ашып жіберетін лириканы ұзақ толғады. Сөзінің соңында бір ғана «Махаббат диалогын» мысалға алды:

— …Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

— Жел боп қуып, ақыры жетер едім.

— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

— Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

Мұраттың әсерлене келтірген үзіндісі

Көгершін сықылықтай күлгенде сүрініп кетіп, құлап түсе жаздады. Мұраттың күткені де осы сәт еді: сүйемелдеген болып, құшағына тарта берді…

Қарлы түн, ант, алдану

Түн. Жұлдызы самсаған аспан астында қолтықтасқан екі ғашық жаңа жауған ұлпа қарды нығыздай басып келеді. Бір-біріне көз қиықтарымен еркелей қарап, естілер-естілмес дауыспен сыбырласып қояды.

Жалғыз өскен алып еменнің түбіне келгенде екеуі тоқтады. Бір-біріне жабыса түсіп, біраз уақыт үнсіз сүйісті. Кенет Көгершін басын еппен шалқайтып, жігіттің көзіне тура қарап: «Мұратик, сен мені шынымен сүйесің бе?» — деді наздана.

Мұрат: «Айым-ау, о не дегенің. Мына жалғанда сенсіз маған дүние тұл. Тіпті, саған арнап жүрегімнен жыр да тудырғанмын. Тыңдашы…» — деп, өз өлеңін оқыды:

…Теңіз болып арнасынан тасып тым,

Қайда жүрсем бір өзіңе асықтым.

Біле білсең арманымның ақ құсы,

Мен өзіңе, мен өзіңе ғашықпын…

Мұраттың өз жыры

Көгершіннің сенімі

Көздері күлім қаққан Көгершін жігіттің мойнына қолын артып, елжірей келіп қайта-қайта сүйді. Ішінен: «Көрік қандай, ой қандай, ақыл қандай! Нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі. Бұрыннан арман еткенім, шырақ алып іздегенім осындай пысық жігіт емес пе еді…» — деп, өзіне-өзі риза болды.

Сол күйі Мұратты қолынан жетелеп, өзі тұратын бөлмеге алып келді. Сол түні бір төсекте жатқан екі ғашық таңды көзбен атырды. Таң қылаң бере тұрған соң, екеуі үйленуге уәделесіп, сөз байласты.

Уәде

Мұрат ауылына той қамымен барып, көп ұзамай қайтып келетінін айтып кетіп қалды.

Арада сағынышты күндер мен айлар жылжып өтті. Қаһарлы қыс та артта қалды, жылауық көктем де келді. Жер жүзі көгере бастады…

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде толғағы ұстаған жас ару ауруханаға түсіп, нәрестелі болды. Ақынның енді қайтып келмейтінін сезген ол сәбиін арқалап, іздеу сала бастады.

Ақиқат

Көгершін жігіт оқимын деген оқу орнына барып, шағым айтты. Ондағылар: «Ондай адам бізде оқымайды. Тіпті оқыған да емес» — деді.

Алданғаны анық болған Көгершін өзегін өртеген өкінішпен: «Бәріне де өзім кінәлімін. “Ақынмын” дегеніне сеніп жүре беріппін ғой, сорлы мен. Алды-артыңды ойлауға мұрша бермейтін албырт көңіл, қайран жастық-ай…» — деп налиды.