Кәмилә - Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан туған Ғафурдың қызы, Шәкерім атаның туған немересі
Естелік пен аманат
Мақсат Жаппарханұлы былай дейді: 2008 жылы Семейдегі Шәкерім атындағы университеттің Шәкерім орталығына біраз тарихи фотосуреттер мен қолжазбаларды тапсырдым. Өмірінің соңына қарай анам жазуға отырып, аталарының мұрасын қайта ақтарып шығатын.
Сексенінші жылдардың ортасында үйімізге Мұхтар Мағауин, Қайым Мұхамедханов және өзге де аға буын қаламгерлер келді. Анам сол кісілерге атамнан қалған қолжазбалар мен фотосуреттерді ұсынды. Сол жылдары Шәкерім атаның ақталғаны туралы хабар жеткенде, анам марқұм екі күн бойы жылағаны есімде.
Қолдау көрсеткен кезең
Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Олжас Сүлейменов анамды шақырып алып: «Қазақстанның қай қаласынан болса да пәтер алып берем, таңдаңыз», — дегенде анам Талдықорғанды айтыпты. Олжас аға сол қаладан бір бөлмелі пәтер алып берді.
Мұндай қолдау жалғыз бізге ғана емес: М.Жұмабаев пен А.Байтұрсыновтың отбасын қоса алғанда, үш-төрт әулетке пәтер бұйырған. Сол үйде анам атасы Шәкерім туралы көп жазды.
Туыстық тарауы
Кәмилә Ғафурқызы кім?
Шәкерім ата мен анам Кәмилә Ғафурқызының (Қапыр) туыстығы былай: Кәмилә — Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан туған Ғафурдың қызы, яғни Шәкерім атаның туған немересі.
Атам туралы елес
Анам Кәмилә атам жайлы мынадай естелікті жиі айтатын: «Атам тазы ұстап, бүркіт баптап, аңшылық пен саятшылық құрған. Ол асыраған, ауызданған қасқырдың күшігі жас кезімде мені қауып алыпты. Сол жараның орны сол жақ тіземде әлі бар», — дейтін. Бұл сөздің рас екенін өзім де білетінмін.
1929–1931: үзіліп түскен тағдырлар
1929 жылы Кәмиләнің әкесі Ғафур мен ағасы Баязитті «бай-манап» деп жала жауып, Семей түрмесіне қамаған екен. Сол күндердің бірінде, аңға шыққан беті болса керек, Шәкерім ата үйге келіп, бір қонып, немерелерінің басынан сипап, кейіс көңілмен аттанып кетіпті. Анам: «Бұл — атамды соңғы көруім екен», — деп жылайтын.
Көп ұзамай әкесі Ғафур түрме азабына шыдай алмай, өзіне өзі қол салыпты. Бұдан кейін көп өтпей, 1931 жылы Шәкерім атамыз да жолсыз жазаға ұшырады.
«Шәкерім тұқымдары Қарауылға тез жеткізілсін!» деген ГПУ-дің суық хабары жеткен. Бәрімізді Қарауылға жинады, ол кезде анам 12–13 жаста екен. Шешесі Мәкей екеуін іші тас, суық, егеуқұйрық өріп жүрген қораға қамапты. Отырса да, жантайса да егеуқұйрық қаптайды — «тірідей жеп қоя ма» деген үреймен түні бойы түрегеп тұрғандарын айтып отыратын.
Есінен кетпеген бір көрініс
Анамның айтуынша, ашыққан тышқаннан қорыққаны, дорбадағы аз ғана азықты құшақтай отырып, өзін бауырына қыса дір-дір еткен шешесінің бейнесі — өмір бойы көз алдынан кетпеген.
Екі күннен кейін бір жанашыр аға оларды жасырын алып шығып, шамасы Қасқабұлақ болу керек, Құдайбердінің немересі Райханның үйіне әкелген. Сол уақытта қазақтың аштан қырылғанын анам өз көзімен көрген. Құдайберді тұқымының көбі осы үйді паналапты. Бір сөзбен айтқанда, Құнанбай мен Құдайберді ұрпақтарының тоз-тозы шыққан: ішетін ас та, істейтін жұмыс та болмаған.
Сол қыстың қалай өткенін де білмейді: анамды балалар үйі ме, әлде интернат па — әйтеуір бір жерге орналастырған. Қаражан деген бай салдырған мектепке аш-арықтарды жиып, сәбилерін балалар үйіне өткізіп, ересектерін Сібірге айдапты. Анам мен Нағима тәтесі жылай-жылай кете барғанын айтып отыратын.
Кейін Ахат ағамен бірге оқыған Әлімқожа деген кісі анамды байланыс училищесінің дайындық бөліміне түсіруге көмектескен. Осылайша, үлкен бір әулеттен жалғыз қалған.
Қайғының шежіресі
Шәкерім атам атылды. Әкесі Ғафур түрме азабына шыдамай, өзіне өзі қол салды. Қабыш аға (Шәкерімнің екінші әйелі Айғаншадан туған) талма дертімен ауырып, ашаршылықта үй-ішіне ілесе алмай, Жидебайдың маңында далада көмусіз қалыпты.
Баязит аға 1931 жылы түрмеден босап, елге қайтып келе жатқанда әкесінің қазасын, туған-туыстарының хәлін естіп, булығып, үстіне ішерге ас таппай қиналып, ақыры өзіне өзі қол салыпты.
Бұл кезде Ахат аға түрмеде болған. Зият Шығыс Түркістанды паналаған. Айғанша әже ашаршылықта қалаға келіп, сонда қайтыс болған. Баязит ағаның әйелі Өкеш те Әлімқожаның үйінде қайтыс болыпты, ал Әлімқожаның өзін соттап жіберген. Бір ғана қыздары болған екен, бірақ тағдырын біле алмадық.
Анамның түйіні біреу еді: Шәкерім атаны көзі көрген туыстары да, үрім-бұтағы да қайғы-қасіретпен өмірден өтті.
Ахат аға мен Сағиладан туған бір ұл, бір қыз 1931 жылы Семейде шейіт болды. «Тек Шәкерім ата ғана емес, бала-шағасы да қоса көмілді», — дейтін анам. Ахат аға 1939 жылы мерзімін өтеп келіп, Алматыда әйелі Қадишамен тұрған. Қадиша — Әлихан Бөкейхановтың ағасының қызы, ол кісімен бірге Сара деген қыз еріп келген. Қазір біз бұл әулетпен араласып тұрамыз.
Анам Шәкерімнің келіні Ғазиза ападан көп естелік жазып алған: атамыздың ата-бабасы мен үрім-бұтағы жайлы деректерді сол кісі молынан айтыпты. Қысқаша айтқанда, анам Кәмиләнің естелігі осындай еді.
Ат өзгерсе де, таңба қалды
Анам әкем Жаппарханға тұрмысқа шыққанда «зияны тимесін» деп тегін өзгерткен. Шәкерімова, кейін Сұфиянова, одан соң Ғафурова деп жаздырып жүргені есімде. «Халық жауының ұрпағы» деген таңбамен жұмыссыз қалған кездері де болған.
Ақталу хабарын естіген күн
Өткен шақты көп айта бермейтін. Тек 1986 жылы үйге бір қаламгер келіп, атасының ақталғанын айтқан сәт — анамның ішкі дүниесін астаң-кестең еткен ерекше күн болыпты.
Шыңғыстаудағы зар
Тәуелсіздік қарсаңындағы жылымық кезеңде Шәкерім Құдайбердіұлының 130 жылдығына орай Шыңғыстауға бардық. Анам көліктен түсе сала Шыңғыстауға қарай құшағын жая ұмтылып:
«Жерің кең екен, Шыңғыстау! Алақандай жеріңді Шәкерім ұрпағына қимағаның ба? Күнелту үшін бір пұшпағың бұйырмады-ау…»
Сол зарлы үн әлі күнге көз алдымда. Заманның дауылы сондай болды. Арада көп жылдар өткенде атамыз халқымен қайта қауышты. «Жаралы жүрек жыбырлап, жазылмай жалғыз сол қалды…» деп анам жазған сөздің шындығы да осы еді.
Сая Молдайып