Шалабай қызына

Үнсіз оралу

— Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт? Ол тіл қатпады. Босағада үнсіз тұрып қалды.

— Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болыпты, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой. Ол үндемеді.

— Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың. Ол үн қатпады.

— Танымадың ба, Мақсұт? Мен Хадишамын ғой! «Әне келеді, міне келеді» деп күтіп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрған шығарсың. Ол үндемеді.

— Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой!

Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап, төрге алып шығуға ұмтылды. Бірақ орнынан қозғала алмады. Арада екі-ақ адым жер. Сонда да алынбас асу сияқты. Жілік-жілігіне қорғасын құйып, жерге қағып қойғандай: тырп етуге дәрмені жоқ. Ал Мақсұт табалдырықта әлі тұр.

Негізгі әсер

Отыз жылдық сағыныш пен босағада қатып қалған үнсіздік — Хадишаның жанын қақ айырып тұрған ең ауыр шындық еді.

Қорлықтың зілі

— Сенің келгенің жақсы болды, Мақсұт, — деді Хадиша. — Туысың Шалабайдың қорлығына шыдай алмай, сені айқайлап шақырған едім, естіпсің ғой…

Былтыр күйеуге тиген Шалабайдың қызы Күләй төркініне күйеуімен бірге түсіпті. Күләйді сен көрген жоқсың: осы ауылда туған бала. Қағынып жүріп, байға қашып кеткен еді. Шалабай: «Енді сенің өлігіңді ғана көрейін», — деп безектегенімен, құдасы бақуатты екен, содан кейін көмейіне тас тығылған қасқырдай болып тына қалды.

«Қыз — жат жұрттық» деуге болар. Күләй ғана емес, сенің жалғыз қызың Жанат та әлдеқашан тұрмыс құрып, балалы-шағалы болды. «Қолыма көшіп кел, жалғыздан-жалғыз қайтіп отырасың» деп қанша жалынса да бармадым.

«Мақсұттың үйінің түтіні өшпесін, оты өшпесін» деп, осы үйде қалдым. Ой, алжыған басым, бірді айтып, біріне кетемін… Бәрі анау Күләйдың келуінен басталды.

Ауыл болып жиналдық. Күйеу мен Күләй алып келген қоржынның аузын өзім ашамын деп отырғам: ата жағынан алғанда, менен жақын кісі Шалабайға бар ма? Бірақ ешкім есеп қылмады. Айдаладағы Ақшай кемпір қоржынның аузын ұстай қалды.

Ақшайдың бүгінде тірлігі тоқ: шалы жанында, үш келіні қызметін жасап жүр. Сегіз бөлмелі үй салдырған, балаларының әрқайсысында мотоцикл. Ал Шалабай — сенің інің, менің қайным. Сонда да қоржынды маған ұстатуға жарамады.

Бұрын жоқшылық пен тоқшылықты көріп, көндіккен бас едім. Бірақ сол қорлыққа шыдамадым. Шалабайға: «Аруақ атып кетпесін, егер Мақсұт болса, мен кіммін? Хадиша емеспін бе? Алдымнан көлденең жүрмес едің. Мақсұт жоқ болған соң, мен сияқты жетім кемпірді елемейсің», — дедім.

«Анау Ақшай кім, мен кім? Қандай көргенсіз едің?» — деп күйіп кеттім. Ол болса тұқшиып, төмен қарап, жер шұқылап тұрды.

Сонда Ақшай: «Алды-артының бәрін жалмаған қақбас», — деп мені қорлады. «Өліп қалмай жападан-жалғыз неғып отырсың? Қоржынның аузын ұстаған сенің не теңің?» — деді.

Қаным қарайып кетті. «Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын. Мақсұт көппен бірге әскерге кетті. Сенің байың Құрақбас құсап әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы болып жүрген жоқ. Қызым Жанат тұрмысқа шықты, құдайға шүкір, балалы-шағалы. Ал мен Мақсұттың отын өшірмей, түтінін түтетіп отырмын. Қырық жыл қырғын болса да — ажалды өледі. Әйтеуір, бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ қой», — дедім.

«Оны мен семіз деп сойған жоқпын, етті деп сатқан жоқпын. Мен қайдан қақбас боламын?» — дедім.

Ақшай ернін шығарып: «Сорлысың. Тағы отыз жыл күт, келеді Мақсұт», — деп кекетті.

«Күтемін. Жүз жыл күтсем де күтемін», — дедім. Ашуға шыдамай, айқайлап далаға атып шықтым да: «Қайдасың, Мақсұт!» — деп шақырдым.

Міне, содан кейін үйге кіріп отырсам, сен келіп қалдың, Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен? Қоржын ұстап, «кісімсіп» дәрежеге жетіп еді, енді қарабет болды…

Ол бәрін үнсіз тыңдап, босағада әлі тұрды.

— Неге үндемейсің, Мақсұт?! — деп Хадиша сол сәтте шыңғырып жіберді.

Кілт сөз

«Түтін өшпесін» — бұл жерде үйдің ғана емес, үміттің де өшпеуі.

Қақтығыс

Қоғамдық мәртебе мен қарапайым қадір-қасиеттің тайталасы — бір қоржынның аузынан басталғандай.

Оянған таң, өзгермеген мұң

Хадиша өз даусынан өзі шошып оянды. Бәрі баяғыша: кәдімгі үйі. Іште жалғыз өзі. Таң атып қалыпты. Сиырды сауып, табынға қосатын уақыт та болыпты.

— Шыннан тағы да түс пе? — деді өзіне-өзі. — Шыннан Мақсұт бір тіл қатпады ма?

Ал шындығында, түсінде Хадиша Ақшайдан көрген қорлығын айтып шағынғанда, Мақсұттың сай-сүйегі сырқырап, егіліп еді. Қаншама жұбату сөз айтқандай болатын.

Ащы түйін

Өлгендердің көзінен жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер ешқашан ести алмайды.

Ал Хадиша болса, әлі де аң-таң: — Мақсұт тым болмаса түсімде көрінгенде, неге бір ауыз сөз айтпады? — деп ойланды.