Отбасының бала тәрбиесіндегі міндеттері
Тұлға қалыптастырудағы отбасының тәрбиелік маңызы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы
Ғ. Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі — Ерғожина Несібелді Зарыпқызы
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы ең алғашқы адамгершілік белгілер де отбасында орнығады. Сондықтан туған үйдің жылуы адамның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде қалады.
Ақын сөзімен айтқанда, «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі» десек, артық емес.
Жеке адамның бойындағы ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік, өзге адамдармен қарым-қатынас мәдениеті ең алдымен отбасында тәрбиеленеді. Отбасы — өте қажетті, басқа ешнәрсемен алмастыруға болмайтын алғашқы баспалдақ.
Сыйластық
Үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу, тыңдай білу.
Жарастық
Түсіністік пен бір-бірін қолдауға негізделген орта.
Береке-бірлік
Ортақ құндылық пен ортақ жауапкершілік.
Сүйіспеншілік
Жылылық, қамқорлық, сенім арқылы нығаяды.
Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі — бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының ықпалы зор. Отбасындағы әрбір мүшенің өзара сөйлесуі, тек міндет атқарумен шектелмей, сүйіспеншілік пен бірлікке ұласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасы қалыптасады.
Халық даналығы ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеп, «Бала — жағасындағы құрақ» дейді. Бұл — баланың ата-ана өміріндегі мәнін айқындайтын терең пайым.
Отбасының бала тәрбиесіндегі негізгі міндеттері
-
1
Бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болуы.
-
2
Өркениетті, зайырлы, құқықтық қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасының мемлекеттің негізгі буыны болуы.
-
3
Болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамас тірегі болуы.
-
4
Жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асыруы.
Ғылыми өзектілігі
Даму мен құндылықтарды қалыптастыру
- Болашақ азаматтың дене жетілуі мен шынығуына ықпал етеді.
- Рухани және адами дамуын қолдайды.
- Жалпыадамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға тәрбиелейді.
- Еңбек ету дағдысын қалыптастырады.
Қоғамдық жауапкершілік және сабақтастық
- Ұлттық дәстүрді ғасырлар сынынан өткізіп, ұрпаққа жалғастырады.
- Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтейтін, елжанды азамат тәрбиелеуді көздейді.
- Баланың мамандықты еркін әрі саналы таңдауына ықпал етеді.
- Ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындайды.
Отбасы — адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасы тәрбиесін дамытудың әлеуметтік-педагогикалық мәселелері XXI ғасырдағы ең өзекті, кезек күттірмейтін бағыттардың бірі болып отыр.
Соңғы жылдары білім беру саласындағы жаңару мен қоғам талабы мектеп пен отбасының бала тәрбиесінде бірлескен әрекетін күшейтуді қажет етеді.
Дұрыс тәрбие — өмір бойғы азық
Дұрыс тәрбие — балаға өмір бойы азық. Сол тәрбиені ұйымдастыратын басты тұлға — ата-ана. Қазақтың тағылымды сөзі де осыны меңзейді: баланы 5 жасқа дейін алақаныңда аяла, 13 жасқа дейін талап қоя біл, ал 13 жастан бастап теңіңдей көріп, пікірін ескер.
Тәрбиедегі басты кедергілер
- Ата-ана тәрбиенің маңызын бірдей деңгейде сезінбеуі.
- «Әлі кішкентай, ештеңе түсінбейді» деп енжарлық таныту.
- «Өскен соң өзі түзеледі» деген жаңсақ сенім.
- Қабілетті тек табиғат береді деп, баланың дамуына жағдай жасамау.
Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырудың тиімділігі оның әрекет түрлеріне — ойынға, еңбекке, оқуға және қарым-қатынас белсенділігіне — тікелей байланысты. Бала өмірінің алғашқы жылдарында осы нышандарды дамытуға қолайлы жағдай жасалмаса, кейін оны орнықтыру әлдеқайда қиынға соғады.
Ерте кезеңнің маңызы
Нәресте өмірінің алғашқы жарты жылында көңіл бөліп, мейірім көрсету жеткіліксіз болса, баланың даму қарқыны бәсеңдеп, эмоциялық әлемі жұтаңдауы мүмкін. Бұл қызығушылықтың төмендеуіне әкеліп, кейін оның сана-сезімі мен тұлғалық қалыптасуына әсер етеді.
Осыған байланысты ата-аналарға педагогика, психология, физиология және гигиена негіздерін білу, саналы түрде тәрбие беру міндеті жүктеледі. Отбасы туралы дұрыс түсінік қалыптаспаған жағдайда және отбасылық өмір мақсаттары педагогикалық тұрғыдан айқындалмаса, бұл баланың санасының ғана емес, тұтас тұлғалық дамуының да әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Қорытынды және ұсыныстар
Қорытындылай келе, баланың жеке басын қалыптастыруда отбасының тәрбиелік мүмкіндіктері орасан зор. Бұл мүмкіндікті арттыру — бүгінгі күннің басты қажеттілігі.
Ұлттық дәстүр мен этнопедагогика
- Ата салты, ана және ене салты, әсіресе әке салтын заманға сай жаңғырту.
- Ұлттық дәстүрді отбасы тәрбиесінің тірегіне айналдыратын этнопедагогикалық тетіктерді іске қосу.
- Жас азаматтың әлеуметтенуі мен рухани дамуын күшейтетін отбасылық руханият дәстүрін қалыптастыру.
Қоғамдық серіктестік және жауапкершілік
- Ақсақалдар алқасы мен аналар алқасының жұмысын жүйелеп, пәрменділігін арттыру.
- Мемлекеттік, қоғамдық және өзге ұйымдардың отбасы тәрбиесіне атсалысу белсенділігін күшейту.
- Отбасы тәрбиесінің қоғамдық тәрбиенің іргетасы екенін қоғам санасына орнықтыру.
Құндылықтар өзегі
Отбасы тәрбиесінде ізгіліктілік, адамгершілік, моральдық, этикалық, эстетикалық және рухани құндылықтардың әлеуетін толық пайдалану қажет. Әрбір отбасында патриоттық сезім, патриоттық идея және патриоттық жауапкершілікті сомдау арқылы ұлттық патриоттық менталитет қалыптастыру маңызды.
Қазақ халқы ғасырлар бойы әр отбасының парасатты да рухани болашағы үшін күресіп келгені белгілі. Сондықтан отбасы тәрбиесі — қоғамдық міндет қана емес, ұлттық саясаттың да өзегі. Отбасы тәрбиесі үшін күресу — болашақ үшін күрес.