Қазақ жалқы есімдерінің әлеуметтік мәні

Қазақ жалқы есімдерінің әлеуметтік мәні

Автор

Д.С. Шерниязова

С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті, 2-курс магистранты

Байланыс

Dan_688@mail

Мақала қазақ антропонимдерінің тарихи-этномәдени және әлеуметтік қырларын, олардың ұлттық танымдағы қызметін сипаттайды.

Антропонимдерді зерттеудің көкжиегі

Қазіргі қазақ тіліндегі антропонимдерді тарихи-этномәдени әрі әлеуметтік тұрғыдан зерттеу олардың тамырының көне түркі (қыпшақ) кезеңімен сабақтас екенін ғана емес, сондай-ақ түркі халықтарымен болған мәдени-тарихи байланыстарды да айғақтайды. Осыған орай белгілі ономаст-ғалым В.А. Никонов антропонимиканың негізгі міндетін антропонимияның этникалық құрамды, көші-қон үдерістерін, жазба ескерткіштердің мерзімін және локализациясын анықтауда дереккөз бола алатынымен байланыстырады; сондай-ақ бұл сала этнография, тарих, социология және құқықпен бірлікте қарастырылғанда ғана толық ашылатынын атап өтеді.

Негізгі тезис

Антропонимия — тек лингвистикалық құбылыс емес; ол қоғамның тарихи жады, мәдени тәжірибесі және әлеуметтік қатынастары тоғысатын деректік жүйе.

Жалқы есімдердің тілдік жүйедегі орны

Кез келген тілдің лексикалық қорының мәнді қабаттарының бірі — жалқы есімдер. Оларсыз адамзат қоғамындағы қарым-қатынас қызметі толық іске аспайды. Түркі тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қалыптасқан ономастиканың күрделі салаларының бірі — антропонимика.

Антропонимика кісі аттарын, әке атын (патроним), тегін (фамилия), лақап аттарды, сондай-ақ бүркеншік аттарды (псевдоним) зерттейді. Бұл атаулардың әрқайсысы нақты әлеуметтік-мәдени контекстпен уәжделіп, ұлттық сананың түрлі қабаттарын көрсетеді.

Мәдениет метатілі және антропонимдердің лингвомәдени жүйесі

Қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген зерттеулерде мәдениет метатіл ретінде қарастырылып, оның коммуникативтік, кумулятивтік және әлеуметтік қызметтері талдануда. Осы тұрғыдан мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті арналардың бірі — жалқы есімдердің (антропонимдердің) лингвомәдени және әлеуметтанымдық жүйесі.

Коммуникативтік қызмет

Адамды тану, таныстыру, әлеуметтік қатынасты реттеу.

Кумулятивтік қызмет

Тарихи тәжірибе мен мәдени ақпаратты жинақтап, ұрпаққа жеткізу.

Антропонимдер — қоғам өмірінің айнасы

Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылымын, материалдық және рухани мәдениет құбылыстарын көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілігі мен шаруашылық күйі туралы мәлімет береді. Мысалы, төрт түлікке, тұрмыс пен кәсіпке қатысты атаулардан жасалған есімдер.

Халықтың әдет-ғұрпы мен тарихи дәстүрлері кісі аттарымен үзілмейтін желі арқылы байланысады. Кісі аттарына қатысты жиналған мол дерек әр кезең мен дәуірдің өзіне тән атау үлгілерін айқын көрсетеді: әрбір есім өз заманының қоғамдық сұранысымен және тілдік заңдылығымен сабақтас.

Мысалдар: наным-сенім және табиғатпен байланыс

Табиғатқа, ай мен күнге табыну; аң-құсқа сыйыну; кей жануарларды тотем ету сияқты көне түсініктер есім қоюға ықпал еткен.

Айкүн Айжарық Айтолық Айтолды Күнай Күнсұлу Күнтуар Бөрі Барысбек Арыстан Бұқа Түлкібай Қоянбай Алтын Күміс Қаршыға Сұңқар

Ономастикалық жүйе және ұлттық тарих

Ұлттық мәдениеттің рухани және материалдық салалары жалқы есімдердің этномәдени негізде қалыптасуына ықпал еткен. Сондықтан көптеген қазақ жер-су атауларының да, кісі есімдерінің де уәжділігі мен түп-төркіні халықтың мәдени-рухани тәжірибесімен астасып жатады.

Қазақ тілінің ономастикалық жүйесі қазақ этносының сан ғасырлық тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен және дүниетанымымен тығыз байланыста дамыды. Е.Ә. Керімбаев жалқы есімдер құрамында мәдени-тарихи ақпарат жинақталатынын атап өтіп, онимияны қоғамның мәдени тарихымен байланыста зерттеу ономастиканың дамуына жаңа бағыт әкелуі тиіс екенін көрсетеді.

Ырым, дәстүр және есім қою тәжірибесі

Шоқан Уәлихановтан үзінді (мағынасы бойынша)

Ырым — алдын ала бір нәрседен хабар беру ниетімен орындалатын салт. Мысалы, ұл көрмей, қатарынан қыз туған ата-ана соңғы қызына Ұлтуған деп ат қояды; бұл кейінгі перзентінің ұл болсын деген үміт-тілектен туындайды.

Сондай-ақ қазақ келіндерінің қайын жұртындағы үлкендердің есімін тура атауға тыйым салатын дәстүрі бір әулет ішінде есімдердің қайталанбауына әсер етіп, көпбалалы отбасыларда ат қою қорын байытқан.

Түркі тілдеріндегі ортақ үлгілер (Т. Жанұзақов деректері бойынша)

Қазақша

Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтар, Тоқтамыс, Ұлтуар

Түрікменше / өзбекше / қырғызша

Түрікменше: Турсун, Турды, Иетер (жетер).
Өзбекше: Турсын, Тоқта.
Қырғызша: Бурулгу (бұрылшы), Тоқтбубу (тоқта, бибі).

Егер отбасында бірнеше қыз дүниеге келіп, ұл тумаса, «енді қыз туылмасын» деген ырыммен соңғы қызға Қызтумас тәрізді есімдер де қойылған (түркі тілдеріндегі ұқсас нұсқаларымен бірге).

Антропонимдердің әлеуметтік қызметін түсіндіру

Коммуникативтік қызметімен ерекшеленетін антропонимдердің әлеуметтік мәнін ашу қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағытпен сабақтас. Г. Мәдиева ономастика теориясы мен практикасын осы бағытпен байланыстыра отырып, жалқы есімдердің тілдік социум мүшелері тарапынан қабылдануы, тілдік тұлға мен ұжымдық санадағы қызметі, ұлттық танымда бекітілу тәсілдері, инвариант-вариант қатынасы, ұлттық когнитивтік қордағы өзекті есімдер, сондай-ақ жалқы есімдер мен мифтік таным байланысы секілді қырларын атап көрсетеді.

Түйін

Жалқы есімдер — ұлттық жадыны «тілдік белгі» арқылы сақтайтын, қоғамдағы құндылықтар мен тәжірибені көрсететін әлеуметтік-мәдени код.

Тарихи кезеңдер, идеология және есімдер қоры

Этнолингвистикалық сипаты бар антропонимдердің үлес салмағы әр тарихи кезеңде өзгеріп отырады. Негізгі этнолингвистикалық қор ғасырдан ғасырға мирас ретінде сақталғанымен, кейбір кезеңдерде идеология ықпалымен немесе сырттан енген «интернационалдық», саяси мәні бар антропонимдер күрт көбейеді. Мұндай жағдайда халық дүниетанымынан хабар беретін дәстүрлі есімдер көлеңкеде қалып қоюы мүмкін.

Сондықтан антропонимдердің шығу, даму негізін халықтың тілдік және азаматтық тарихымен байланыстыра отырып, олардың типтерін дәуірлер бойынша жіктемей талдау толыққанды нәтиже бермейді.

Тарихи-әлеуметтік жағдайлар және есімдердің молаюы

Халық есімдерінің жасалу тарихында маңызды орын алатын факторлардың бірі — тарихи-әлеуметтік жағдайлар. Қоғамдық құрылымдардың ауысуы, діни ағымдардың ықпалы, көрші елдермен әртүрлі мәдени қарым-қатынас пен достық байланыстар есімдер құрамының толыға түсуіне, антропонимдердің әлеуметтік мәнінің тереңдеуіне әсер етеді.

Сонымен бірге тарихи дереккөздерде, эпостық жырлар мен фольклорда, прецеденттік жүйеде сақталған тілдік деректердің ұлт санасындағы ізін айқындау — қазақ антропонимдерін әлеуметтік бағытта зерттеудің негізгі өзегіне айналып отыр. Бұл үрдіс ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығын талдауды жаңа сапалық деңгейге көтереді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Никонов В.А. Имя и общество. Москва: Наука, 1974. 210 б.
  2. Керімбаев Е.А. Казахская ономастика в этнокультурном, номинативном и функциональном аспектах. Алматы, 1995. 248 б.
  3. Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения. Ред. А.Х. Марғұлан. Алма-Ата, 1958. Т. 1. 163 б.
  4. Жанұзақов Т. Очерк казахской ономастики. Алма-Ата: Наука, 1982. 176 б.
  5. Мәдиева Г.Б. Теория и практика ономастики. Алматы: Қазақ университеті, 2003. 250 б.