Біз тәуелсіз елдің ұрпақтарымыз
Соғыс туралы ой
Соғыс — апат. Соғыс — соққы. Ол бұрын болмағанды жарып шығаратын, бәрін төңкеріп кететін күш. Ол — дауыл; теңіздей тасыған қуат, адам баласын аш пен тоққа, аз бен көпке бөлмей, тағдырын тәлкекке салатын қатыгез құбылыс.
«Соғыс» деген сөздің өзі қорқынышты әрі үрейлі. Бұл сөз кез келген жанның жүрегіне суық болып тиеді.
Қазақ халқына ауыр тиген жылдар
Қазақ еліне ең ауыр тиген соғыстардың бірі — Ұлы Отан соғысы. Бұл зұлматта көптеген қазақ азаматтары қаза тапты. Олардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады.
Ерлік — ұрпаққа аманат
Шығыстың қос жұлдызы атанған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Рақымжан Қошқарбаев және өзге де қаһармандар — мақтан тұтарлық тұлғалар. Олардың ерлік істері кейінгі ұрпаққа, бізге әрдайым үлгі.
Сол соғыстың суық лебі ешқашан ұмытылмайды.
Тәуелсіздік — ең қымбат құндылық
Қазақ елінің тарихында қиындық пен азап аз болған жоқ. Дегенмен, көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткіздік: өз алдымызға дербес мемлекет болдық. Көк аспанда желбіреген көк Туымыз, асқақ Әнұранымыз, айбынды Елтаңбамыз бар. Біз — тәуелсіз елдің ұрпақтарымыз.
Тәуелсіздікпен бірге рухани кеңістік те жаңарды: көптеген ақын-жазушыларымыздың шығармалары қайта түлеп, өз оқырманымен қайта қауышты.
Ел бірлігі мен бейбіт өмір
Ел тағдыры — әр буынның жауапкершілігі. Елдікті сақтаудың өзегі — бірлік, ал берекенің бастауы — бейбітшілік.
Біз бүгінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүріп жатырмыз. Мұндай тыныш күн — қасық қаны қалғанша күрескен ерлеріміздің арқасы.
Алғыс пен тілек
Сондықтан да олардың ерлігіне алғысымыз шексіз. Еліміз үшін туған ерлеріміз аман, жұртымыз тыныш, көгіміз әрдайым ашық болсын. Басқа елдер қызыға қарайтындай бейбіт, берекелі мемлекет болайық.