Қыз баланың ұстанар ережесі

В. А. Сухомлинский: «Тек қана ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт бере алады».

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайы қарым-қатынасқа тәрбиеленген қыздар ертең еңбек жолына араласқанда өздерінің жақсы қасиеттерімен көпшіліктің құрметіне бөленері сөзсіз. Қыздардың мінезі әрқилы: бірі жаңа бұрқанып шыққан бұлақтың бастауындай, бірі ағысы қатты өзендей, енді бірі момын да жуас, ал тағы бірі өткір де өжет болады.

Сондықтан қыз баланың табиғи болмысын ескере отырып, жас кезеңіне сай жүйелі тәрбие беру – ата-ана мен мектептің ортақ міндеті.

Бастауыш сынып

Ұқыптылыққа, тазалыққа, үлкенді және құрдастарын сыйлауға, мектепте өзін-өзі дұрыс ұстауға баулу.

5–8 сынып

Алғашқы кезеңдегі тәрбиені жалғастырып, мінез тұрақтылығын қалыптастыру; инабаттылыққа, әдептілікке, ізет пен мәдениеттілікке тәрбиелеу.

9–11 сынып

Қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғындыру; адал достықты, таза махаббатты түсінуге, жауапкершілікке және өз көзқарасын қалыптастыруға бағыт беру.

Отбасының алтын арқауы болуға үйрету

Өнерге, мәдениетке, өткен тарихқа, отаншылдыққа құрмет пен жеке көзқарас қалыптастыра отырып, қыз баланы отбасының алтын арқауы, шаңырақтың негізі болуға баулу қажет. Мейірімділік пен қамқорлық сияқты ізгі қасиеттерді орнықтыру – тәрбиенің өзегі.

Қыз бала алдында қоғамның, елдің, ұлттың тыныс-тіршілігіне қатысты үлкен жауапкершілік тұрғанын санасына жастайынан сіңіріп, әдеп пен сыпайылыққа, тазалық пен адамгершілікке баули отырып, білікті, білімді, жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеуіміз керек.

Ана өнегесі және қыздың ішкі мәдениеті

Адамзат ерте заманнан ұрпақ тәрбиесіне мән беріп келеді, өйткені ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Әр ата-ана баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, еңбекқор болып өссе деп тілейді; ертең үлгілі әке мен ана, бақытты ата мен әже болғанын қалайды.

Әрбір ана қызын елге сыйлы, өнегелі болсын деп өмірден алған тәлім-тәрбиесін үйретеді. Ана есіміне кір келтірмей, мақтанышы болуды ойлаған қыздың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет болуы керек.

Қыз балаға арналған әдеп ережелері

  • Қысқаша әрі сыпайы амандасу рәсімін сақтау.
  • Орынсыз еліктеп, алабажақ киініп ерсі көрінбеу.
  • Әдепсіздік пен азғындыққа бастайтын жолдан аулақ болу.
  • Ойлы, ұстамды бола отырып, лайықты жар таңдауға асықпай, алданбау.
  • Спиртті ішімдіктен және темекіден аулақ болу.
  • Үй шаруасын меңгеріп, әйел адамға тән өнер түрлерін үйрену.
  • Қыз әдебінің ұлдар мен ер азаматтардың тәртібіне де оң ықпал ететінін түсіну.
  • Үлкендердің алдын орағытып, жолын кеспеу.
  • Өтірік пен өсекке жол бермеу.

Сыртқы бейне мен ішкі жан-дүние үйлесімі

«Адамның сыртқы бейнесі оның ішкі жан-дүниесімен байланысты» дейді. Ішкі жан-дүние – мінез-құлықтың айнасы. Дауыс көтеріп, айғайлап сөйлесең, сырт келбетің қанша сұлу, киімің қанша әдемі болса да, жарасым таппайды.

Күнделікті өмірде сөзіңді жағымды етіп, дауысыңды, сөйлеу мәнеріңді түзеп, бойыңа жақсылық жинауға ұмтыл. Ашық-шашық киім жақсы әсер қалдырмайды; керісінше, жұрттың «тәрбиелейтін ата-анасы, бағыт беретін ұстазы жоқ па?» деген ойына жетелеуі мүмкін.

Көпшілік орындардағы мәдениет

  • Қатты күлу, қатты сөйлеу – әдепке сай емес.
  • Көлік ішінде үлкенге орын бермеу – құрметтің кемдігі.
  • Ешкіммен санаспай даурығып сөйлеу – өзімшілдік пен өркөкіректіктің белгісі.

Үлкеннің ескертуін тыңдамай, «өзімдікі дұрыс» деуден гөрі, өз-өзіңе талдау жасаған жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген нақыл осыны меңзейді.

Тәрбиелі адамға бастайтын жеті жетекші

Рухани байлығы мол, білім мен тәрбиені жақсы меңгерген қызды ата-анасы да, ұстаздары да мақтан тұтады. Қазақы салт-дәстүрімізде отбасы тәрбиесі қоғамдық орта тәлімімен шебер ұштасып отырған.

1

Адамның басшысы – ақылы.

2

Жетекшісі – талап.

3

Жолаушысы – ой.

4

Жолдасы – кәсіп.

5

Қорғаны – сабыр.

6

Қорғаушысы – мінез.

7

Сынаушысы – жолың.

Қазіргі кезеңнің өзекті міндеті

Қазіргі қоғамда қыз тәрбиесіне қатысты алаңдатарлық құбылыстар байқалады, бұл мектеп қабырғасында да жиі көрініс табуда. Сол себепті қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, оның келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру маңызды.

Әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді.