Қызыл Армия мен тылды тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуде қызылордалық еңбекшілер аянбай тер төкті

Сыр елінің майданға аттанған ерлері

Сыр өңірінен майдан даласына 150 мыңнан астам адам аттанды. Олар ерлікпен шайқасқа кірісті. Өкінішке қарай, сұрапыл соғыстан шамамен 30 мыңға жуық қызылордалық жауынгер туған жерге орала алмады — оларға жат жердің топырағы бұйырды.

Майданға аттанғандар
150 000+
Оралмағандар
30 000 жуық
Марапат алғандар
20 000+

Майдан жылдарында 20 мыңнан астам жерлесіміз орден-медальдарға ие болды. Бас бәйгеге тігіп, ерен ерлік көрсеткен 22 қызылордалық азамат Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Майдан мен тылдың бірлігі

Тұтқиылдан басталған соғыс ел ішін үлкен әбігерге салды. Майдан мен тыл біртұтас күшке айналды деуге толық негіз бар. Сыр өңіріндегі өнеркәсіп орындары жұмыс ырғағын жандандырғанымен, еңбекке жарамды жандардың көбі әскерге алынғандықтан, жұмыс күші тапшылығы айқын сезілді.

Жергілікті басшылық бұл қиындықты еңсерудің жолдарын қарастырды: облыстық партия комитеті арнайы қаулы қабылдап, өнеркәсіп орындарына, мекемелер мен ұйымдарға әйелдерді кеңінен тартты. Қысқа мерзімді курстар ашылып, маман жұмысшылар даярланды.

Әйелдер еңбегі: жаңа мүмкіндіктер

  • Алғаш рет ұйымдастырылған жүргізушілер курсында 37 нәзік жанды білім алды.
  • Көп ұзамай 700-ден астам қыз комбайн мен трактор тізгінін ұстады.
  • Еңбек өнімділігі артып, жергілікті өнеркәсіп ошақтары тапсырмаларды 30–50%-ға артығымен орындады.

Соғыс жылдарында қызылордалықтар өндіріс көрсеткішін көтерді. Мәселен, 1945 жылы металл өндірісінің жалпы үлесі 39%-ға, тігін бұйымдары 5,7%-ға өсті. Кәсіпорындарда еңбек ететін адамдар саны 12 мың-ға артты.

Балықшылар үндеуі және өндірістегі серпін

1942 жылғы Арал балықшыларының үндеуі көптің көңілінен шықты: әрбір балықшы күніне 80 келі балық аулауға бел байлады. Нәтижесінде олар жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындауға бар күшін салды.

Нәтиже

Сол жылы жергілікті балықшылар 153,5 мың тонна өнім өндірді. Бұл бастаманы Каспий мен Балқаш жағалауындағы еңбеккерлер де қызу қолдады.

Теміржолшылардың үлесі

Майданға жөнелтілген әрбір өнім пойыздарға тиелді. Сондықтан теміржол саласына ерекше міндет жүктелді. Бұл іске қызылордалық теміржолшылар да айрықша үлес қосты.

Қазалы депосындағы жаңалық (1941)

1941 жылы Қазалы депосында паровоздың 150 бөлшегін жасау игерілді. Соның нәтижесінде 661 мың сом және 736 тонна жанармай үнемделді.

Ауыл шаруашылығы: ауыртпалық пен табандылық

Ауыл шаруашылығы саласына да салмақ аз түскен жоқ. Неміс фашистері аса маңызды астықты аймақтарды басып алған тұста Қызыл Армия мен тылды азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті күшейді. Бұл іске Сыр өңірінің еңбекшілері — ес жия бастаған баладан еңкейген қартқа дейін — жұмылды.

Еңбек тәртібі қатаңдатылды. Соғыс өрті тұтанған жылы облыстың бес ауданы астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап, қамбаға 178,8 мың центнер астық құйды. Келесі жылы жоспар 2 миллион пұт артық орындалды.

Қиындықтарға қарамастан

  • Трактор мен автокөлік саны 2–2,5 есеге азайды.
  • Жұмыс күші тапшылығы күшейді.
  • Соған қарамастан, жұрт жеңісті жақындату жолында аянып қалмады.

1942–1944 жылдар аралығында жергілікті халық мемлекет пен қорғаныс қорына 53,6 мың центнер ет, 2,8 мың центнер май тапсырды.

Майданға демеу: азаматтық үлгі

Бірқатар елге белгілі азаматтар майданға көмектесуде өзгеге өнеге көрсетті. Атап айтқанда, Қуаныш Баймағанбетов, Қашақбай Пірімов, Шоқатай Қоянов, Ыбырай Жақаев, Керейтбай Дүйсенбаев және Ким Ман Сам сияқты облыс колхозшыларының әрқайсысы 100–325 мың сом көлемінде қаржы аударды.

Сондай-ақ Сыр еңбекшілері мен мектеп оқушылары жинаған қаржыға «Қызылорда колхозшысы» атты танк колоннасы жасақталып, сүңгуір қайық пен өзге де техникалардың іске қосылуына үлес қосылды.

Ерлік — ұрпақ жадындағы аманат

Соғыстың аяқталғанына талай жыл өтсе де, аға буынның ерлігі мен жанкешті еңбегі кейінгі ұрпақ үшін айтыла жүрер аңызға айналды. Сол жылдардағы атқарылған әрбір іс бізге бейбіт өмірді сыйлады. Сондықтан қазыналы қарттарымызға тағзым етеміз.

Автор

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Мергенсай ауылы №58 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі — Әнесов Нүркен Әбдіхамитұлы.