Жасынан тауда өскен темірдей жігіт
Авторлық сөз
Бұл әңгіме маған сондай ыстық. Арада жиырма бес жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін еш жерде жарияламаппын. Балалық шақтың бақытты, бал күндері өткен Алтайдағы әйгілі Қызбейіт жайлауы — ол туралы айтыла салатын аңыз әңгіменің өзегі — осы шағын шығарманың дүниеге келуіне себеп болған еді.
Кейде жазушыларға оқырман: “Шығарма қалай туады?” — деп сауал қойып жатады. Қызбейіт жайлауы туралы аңыз — осы әңгіменің бастау жоралғысы. Алайда уақыт өте келе бұл аңызға бергісіз оқиға ой-қиялыма тереңнен ұя салып, жан дүниемді жаңа бір толқынмен тербетіп, “Алтай балладасы” (“Алтайдың алқызыл модағайы”) романының тууына жол ашты. Бұған оқырман түгілі, өзім де қайран қалам.
Автор
Қызбейіт жайлауындағы түн
Күлімсі иіс
Аю мұрнын желге беріп, жас күлімсі иісті сезіп тұр. Маңайы қалың қарағай мен шырша. Іңір қараңғылығы енді ғана түскен шақ. Ауа дымқыл. Төңірек тына қалған.
Сәл самал желмен тербелген биік тау шөбі, шыршалардың теңселген ұшар басы мен ұшқаттың ұсақ жапырақтары қосылып, ақырын ғана сыбдырлайды. Әбден күшіне келіп, толысқан еркек қоңыр аю екі аяғымен түрегеліп, тағы да терең тыныстап иіскеді. Иістің жақын маңда екенін сезді.
Қалың шөпті жапырып, анда-санда басын көтере иіскеп қойып, жүріп келеді. Алаңқайға шықты. Алдында биіктеу біткен жалаңаш төбе. Сол сәтте иіс сап тыйылғандай болды.
Аю екі аяғымен адамша тік тұрып, тіміскілей тағы иіскеді. Олай-былай жүріп те көрді, бірақ құмарын қоздырған тұщынарлық иіс сезілмеді.
Зират
Ол қарағайы мен шыршасы жоқ, етегін сипар шөп басқан жалаңаш төбе басына көтерілді. Бір отар қой сыярлық төбе үстінде қарағайдан қиып салынған зират қарауыта қалған екен. Аю сескеніп қалды. “Бұл қайдан пайда болды?” дегендей жанарын тігіп тұр.
Самал көзіне түскен жүндес түгін желпіп өтті. Мұрнына танауын жарған күлімсі иіс қайта келді. Тұмсығымен тұщына иіскеді. Сол иіспен бірге өзі зәресі ұшып қорқатын екі аяқтылардың да табы сезілгендей.
Тұла бойын түсініксіз үрей билеп өтті. Сонда да орнынан қозғала қоймады: жойдасыз табан басайын десе — жүрегі шыдамайды, жалт беріп кетейін десе — күлімсі иісті көңілі қимайды.
Аздан соң төрт құлағы қалқиған бейітке де, одан шыққан иіске де, тіпті жалаңаш төбені қоршаған қалың орманға да бойы үйренгендей болды. Аю ақырын басып жақындап, сақтана көз салды: жас қарағайдан қиып салған бейіт үнсіз қарауытады. Еш сыбыс жоқ. Тек балапан қарағайдың ащы шайырымен араласқан күлімсі иіс келеді.
Орман тағысы күлімсі иісті табиғи қарағай исінен еркін ажыратады. Бөтен-бөгде иіс жоқ. Ол қозғалып, бейіттің құбыла жағындағы есігіне келді де, артқы аяғымен тік тұрып, екі қолын көтеріп, ішке сақтана кірді.
Ай сәулесі түскен көр
Ай әлі тумаған. Алтайлықтардың салтымен салынған, шатырсыз моланың іші көрдей қараңғы. Бірақ аюдың қараңғылыққа үйренген көзі мола ішін шарлап үлгерді. Мола кең екен. Ол топырағы әлі кеуіп үлгермеген жас қабірді қорбаңдап аша бастады.
Күшті қолдары лезде жұмсақ топырақты шашып-шашып тастап, мәйіттің бетіне төселген жуан қызыл қарағай бөренелерді қопара бастады. Ауыр бөренелерді таяқ құрлы көрмей жұлып алып, қабырғаға сүйей салды. Көрдің беті ашылды. Сол-ақ екен іштегі өлік иісі сыртқа лап қойды.
Аю ашылған көрге үнсіз үңіліп тұр. Дәл сол сәтте төңірекке жарық түсті. Ол басын көтеріп, жарыққа сүйсінгендей болды: ай биік тау басына жартылай көтеріліп, маңайға сүттей сәуле төгіп тұр. Төбе басы сол сәулеге шомылып, етектегі қарағайлардың көлеңкесі қарауыта қалған.
Көтеріле қоймаған ай сәулесі қабырғаға қиғаштай түседі. Ашылған көрдің іші қап-қараңғы. Бірақ аюдың өткір көзі қабірдің құбыласында басын күн батысқа бере, ақ кебінге оралған мәйіттің шетін ақымнан көрді.
Еңкейіп еді — қолы жетпеді. Төрт тағандап жата қалып созса да жеткізе алмады. Төбеге қойылғандықтан, Алтайдағы қабірді кісі бойынан асыра терең қазып, құбыла жағынан адам еркін жататын ақым жасайтын.
Ол біраз әуреленіп, көрге түсіп, мәйітті көтеріп, шетіне қойды. Кейін екі қолымен созыла тырмысып, артқы аяқтарының тырнағын қабырғаға батыра ытқып шықты. Қатқан мәйітті көлденең көтеріп, ай сәулесі қырындай түскен қабырғаға сүйеп, кебінін жырта бастады.
Түннің суығы, табиғаттың жұмбағы
Кебін дал-дал болғанда, сүйек орнына жас қыздың денесі көрінді. Кебінді жыртып жүргенде мәйіттің қолаң шашы тарқатыла түсіп, одан жалбыз араласқан сүйкімді хош иіс аюдың мұрнын жарды. Мәйіт әлі бұзылмапты: тек өлген адамға тән өлік иісі бар. Ол да таза орман ауасына шыққан соң тез тарап кетті.
Қыз денесі ай сәулесіне шомылып, жұмыртқадан аршылғандай кіршіксіз ақ еді. Осы кезде табиғатта ғана кездесетін бір күтпеген құбылыс болды: тарқатылған шаштың хош иісі мен қыздың көзін жұмған сұлу сымбатына аюдың еркектік құштары оянды. Адам сенбестей жай. Бірақ бұл да табиғаттың бір жұмбағы: тағының ашқарақтығын сезім құштарлығы жеңген.
Толған ай аспан төріне шықты. Бар маң сүт сәулеге бөккен. Орман үстіне көгілдірлеу тұман көтеріліп, шөп бетіне шық түсіп, моншақтай мөлдіреп жылтылдайды. Ашық қаракөк аспанда жұлдыздар орын ауыстырып, Жетіқарақшы шөміштей иілген.
Түнгі салқын самал желпіп өтеді. Ал тағы болса бар дүниені ұмытып, суық мәйітті қабырғаға сүйей, құшағына қысып, жылытып тұр. Ыңыранып, басын мәйіттің мойнына, қос анарын жапқан жартылай құлаған қолаң шашына тығып, гүрілдеп қояды. Өлі денемен сөйлескендей, түсініксіз дыбыстар шығарады. Аялай қысып, аймалап, жансыз денені азаптайды. Жансыз дене бәріне көнген.
Ай қақ төбеден ауып, бір шоқ гүлдей Үркер туды. Ай сәулесі әлсіреп, тарамдана түскен соң төңірек бозамық тартты. Таң қараңғылығы да жақын. Биік шың-құзды шатқалдар мен таулар тыныштыққа қалғып кеткендей. Бүкіл әлем көгілдірленіп, самал да басылды. Тек тырс етпес мүлгіген тыныштық қана билеген.
Жалғыз салт атты
Сол бір мұнарлы тыныштықта түн жамылған жалғыз салт атты қарағай арасынан шығып, төбе етегіндегі алаңқайға келді де атын бос жібере салды. Ауыздық алынған болса керек, ат қалың соныны ора жайыла бастады. Иесіне атының сыры белгілі секілді: аяғына тұсау да салмапты.
Адам аяғын сылбыр басып төбеге көтерілді. Бұл — жасы жиырманың бел ортасына жаңа жеткен аңшы Жылқышы еді. Жасынан тауда өскен темірдей жігіт.
Әкесін баяғыда ақ пен қызылдың қантөгісі кезінде кержақ бандылары өлтірген. Әкесі де аңшы болатын. Шекарадағы асуды көрсетпегені үшін Қызыл Кезеңдегі құз басынан құлатып жіберген. Ол кезде Жылқышы он сегізге жаңа толған екен. Аңшылыққа баулыған да әкесі еді.
Қайран әкенің тас-талқаны шыққан сүйегін ол үш күннен соң тауып алды. Басы денесінен бөлініп қалыпты. Әкесінің басын таба алмады: әлде бандылар кесіп алып кетті ме — білмеді. Бассыз мүрдені үйге әкелгенде, ғазиз анасы бұл қайғыға шыдамай төсек тартып жатып дүниеден өтті.
Сол күннен бастап оның тау тағысындай аңшылық өмірі — жалғыздық өмірі басталды. Тұман кешіп, тау асты; арқар атып, қасқырға қуғын салды.
Бірде бай ауыл Мырзанның бойжетіп қалған қызы Қызжанмен шілдеханада танысты. Сол күннен бастап Ахат (Жылқышы) Мырзан ауылына кеш түсе келіп, түн-түнегі түріле алтыбақан басынан қайтатын. Қызжанның азуы алты қарыс үш ағасы бұған “аяғыңды тарт” деп ескерткенімен, қыз бен жігіт кездесуді қойған жоқ.
Ақыры Жылқышы таяққа жығылды, Қызжан үйге қамалды. Тағдырдың жазғаны ма, көп ұзамай бұл маңды қара күзендей қаптаған шешек жайлады. Індет біреудің жалғызын алды, біреудің... “Не өзіңді, не көзіңді алам” деп келгендей еді.
Ел дүрлігіп, орта жайлауға бет бұрды. Қызжан түйе қомында, Алтайдың алқызыл модағай гүліндей шешек атып тұрған шағында дүниеден көшті. Ел-жұрт індеттен қашқандай, осы төбеге сүйек жамбасы жерге тиер-тиместе жетісін өткізбестен төр жайлауға үдере көшкен.
Жылқышы Қызжанның қаза болғанын төр жайлауда естіді. Ести сала түн қатып зиратқа тартты. Енді, міне, айлы бейіттің батыс жақ бетінен көтеріліп, үн-түнсіз түнере қарап тұр.
Қорғасындай қайғы жүрегінің басына ащы запырандай жиналып, ел айтатын “тағы жүректі” де сыздатып барады. Ал зираттың күнгей қабырғасында осы төңіректегі орман тағысы сүйгенінің сүйегін қорлап жатқанын ол әлі сезер емес. Қайдан сезсін — ол аң емес, адам ғой. Адам.
Қанды арпалыс
Ай тау арасына қорғалап батуға айналды. Төбе мен төңірекке болмашы ғана нұр түсіп тұр. Жігіт есіктен кіргенде, қарсы алдынан ашылған көрді көрді.
Ол:
— А-а-а! —
деп қалай айғай салғанын өзі де сезбей қалды. Батар айдың аз-маз сәулесі есіктен қопарылған көр мен сүйеулі бөренелерге дәл түсіп тұр екен. Жігіт іштей “бісмілла, бісмілла” деп күбірлей берді.
Сол сәтте:
— Ө-ө-ұх-ұх... —
деген гүріл естілді. Ол бойын жинап алды. Дереу мойнындағы шиті мылтықты жұлып алды да, бірақ білтелі мылтықты атуға кеш екенін түсініп, лақтырып жіберіп, жанын қарманды. Кіседегі қынынан бұғы-мүйіз сапты кездекті суырып алған мезетте, аю да есіктен көрінді.
Жігіт бәрін түсінді. Жаңа ғана бойын билеген үрей долданған ашу мен ызаға айналды. Аю адамды көргенде сескенгендей тұрып қалды да, кенет гүрілдей тік тұрған қалпы аттай берді. Адам да көрден шыға келгендей тұра ұмтылды.
Ахат ашумен аюдың құшағына кіре беріп, аңшыға тән жылдамдықпен төс сүйектің төмен жағынан кездекті бойлата сұғып алды. Бірақ аю да құр қалмады: аңшының жалпақ жауырынына бір қолының тырнағын батырып үлгеріп, екінші қолымен жігіттің шидем күпісінің шетін іліп қалды.
Жігіт сол жақ жауырынына аю тырнағы кіргенін күйіп тұрғандай сезінсе де, жанталаса қимылдап, оң қолындағы кездігін бойлата кіргізіп, қарынға қарай тартып жіберді. Қылпылдаған кездік орман тағысының қарнын шабына дейін ақтарып түсті.
Алайда аю да жанына батқаннан ба, жігіттің сол жақ жауырын қалақшасын бытырлата, бар күшімен сығып жіберді. Жігіт жан даусын шығара, сынған жауырынынан ұсталған күйі алға қарай лақтырылды. Ахат қаңбақтай көтеріліп барып, көрдің ішіне құлап түсті.
Аю өкірген қалпы шалқая, мола есігінен сыртқа қарай кескен теректей гүрс етіп құлады. Көрге түскен адам есінен танып қалған еді.
Ай тау арасына батып кетті. Маңай таң қараңғылығын жамылып, таңғы самал соқты. Таң самалы да тынар шақ.
Эпилог
Мен Жылқышы шалмен Қызжан мүрдесі орын тепкен Қызбейіт жайлауында кездестім. Жауырыны күдіс аңшы шал Қызжан тағдырын зират басында айтып берді.
Әңгіме соңында аппақ қудай ақсақал ауыр күрсініп:
“Е, балам-ай, Алтай тауларында мұндай оқиғалар көп-ақ. Уақыт өте келе аңыз бен шежіреге айналып жүре береді”,
— деді.
1984 жыл, маусым.