Ана қыран ұясынан ұмтыла ұшып, қанатын шабыттана серпіді

Жыр-әңгіме Қыран Еркіндік Тағдыр

Шетсіз-шексіз сайын далада басталған бір тағдыр бар: алғашында айбар мен кеңдікке толы қыранның өмірі кейін торға түсіп, үнсіздікке айналады. Бірақ еркіндікке деген аңсар ешқашан өшпейді.

Даланың құлпыруы және киіз үйдегі қыран

Ақ сағымы бұлдыраған шетсіз-шексіз сайын дала бүгінде ерекше құлпырып тұр. Жасыл желекке оранып, самал желі зырлай соғып, жанға жайлылық сыйлағандай құшағын айқара ашады. Құдды жап-жасыл кілем төселгендей: көк майса шөп, әр жерге абайсыз төгілген бояудай қызылды-жасылды гүлдер, сол гүлден балшырын іздеген бал аралары, таудан бастау алып сылдырай аққан мөлдір бұлақ — бәрі маң далаға айрықша сән беріп тұр.

Сол кеңдіктің салтанатындай болып, ақ шағаладай кіршіксіз, ою-өрнекке тұнған еңселі киіз үй бой көтерген. Ежелгі хан ордасы осы мекенде қалғандай әсер қалдырады. Үй ішінде төр жақта рет-ретімен қойылған жүкаяқ үстінде қат-қат көрпе, төр көрпе, текемет, алаша секілді көздің жауын алатын дүниелер қабаттаса жайылған. Бұған қоса үй іші түлкі, қасқыр, қоян тәрізді ірілі-ұсақты аң терілеріне малынып тұр.

Ерекше көрініс

Оң босаға тұста өзгелерден оқшау бір айбат байқалады: алтындалған тұғыр үстінде қайратты қанатын қомдап, жан-жағына отты көзін тігіп отырған қыран бүркіт. Пышақтай өткір тегеурінімен тұғырды қыса ұстап, анда-санда қозғалақтап қояды. Жіліншігіне тағылған қызыл жібек бау да оның ерен айбарын айқындай түседі.

Кейде жем тілегендей әлсіз ғана “шаңқ” етеді. Енді бірде түндіктен күнге өткір жанарын қадап, аспан мұхитын еркін шарлағысы келгендей ұзақ қарайды да, тас мүсіндей қата қалады. Бәлкім, өз тағдырын, өткенін сан мәрте ой елегінен өткізіп тұратын шығар. Кім білсін?

Ұядағы тәлім: алғашқы ұшу және алғашқы олжа

Ұябасар әдетінше жем әкеліп, ұядағы ақ үрпек балапандарына үлестіре бастады. Ертеден аналарын сарғая күткен балапандар қызылды әп-сәтте қылғытып салады. “Ар жақтарына ел қонған” балапандар көңілдене қопаңдап, ұя аузына қарай ұмтылады. Күндер өтіп, жас балапандар түлеп, қанаттары қатайып, түсі өзгеріп тірнекке айналды. Бұл — бүркіттің ұшар жасына жеткені.

Бірақ ана қыран асықпады. Ол ыңғайлы күнді күтті. Ал тірнек мазасызданып, ұя ернеуіне қайта-қайта ұмтыла берді. Ақыры көптен күткен күн де туды: самал желді, жанға жайлы күздің бір күні.

Секіріс — еркіндікке бастар қадам

Ана қыран ұясынан ұмтыла ұшып, қанатын шабыттана серпіді. Ұяны айнала шеңбер жасап ұшып келіп, ащы даусымен шаңқ етті. Сол белгімен тірнек алғаш рет ұя аузынан серпіле жөнелді. Бір сәт құлап бара жатқанын сезді. Сол-ақ екен жаңа жетіліп келе жатқан қанатын сабалай жөнелді де, көк жүзінде қалықтап кетті.

Ұябасар “соңымнан ер” дегендей нышан танытып, бала қыранды ілестіре алып кетті. Екеуі ұшы-қиыры жоқ жұмбақ әлемге еніп бара жатты. Біраз ұшқан соң ана қыран бір қараны көріп, түйіле ұмтылды. Бала қыран әр қимылды қалт жібермей бағып тұр: келешекте өзіне серік болатын осы үлгілер екенін іштей сезгендей.

Ана қыран әлгі қараға шүйіліп, бас салды. Тірнек те қонуға ыңғайланып, ақырын қалықтап келіп жер бауырлай түсті. Ол өзіне таныс жем екенін аңғарып, асықпай тояттады. Басын көтерген сәтте маңайда тірі жан жоқтығын ұқты. Өзінен беймәлім болашақ алыстан қол бұлғап тұрғандай еді.

Мұзбалақтың қуаты және торға түскен күн

Уақыт сырғып, жылдар жылжыды. Бала қыран енді кәнігі мұзбалаққа айналды. Көкте еркін самғап, даланың иір-қиырын, бел-белесін, сай-саласын түгел аралады. Жортқан аңды құтқармайтын: түлкі, қоян көзіне іліксе болды, сытылтпай басатын. Тіпті бірнеше рет қасқыр да алған.

Бір күні ол тағы да көкті тіліп самғап келе жатып, қалың бұта арасынан бірдеңе қылаң бергенін көрді. Бұл — қасқыр еді. Мұзбалақ әдетінше шарықтай көтеріліп алып, түйіле лап қойды. Қасқыр да арандай аузын ашып, болат тісін жарқырата айбат шекті. Бірақ қыран салмақпен келіп, пышақтай тегеурінімен мойнынан қыса түсті. Қасқыр бір-ақ арс етті де, сылқ етіп құлады. Қыран аздап тоят алып, қайтадан көк жүзін шарлап кетті. Артта қалған өлімтікке құзғындар қонақтап жатты.

Қыс та басталды. Айнала аппақ қарға оранып, қырау күшейді. Мұзбалақ өзіне жайлы қоныс іздеп, тау жаққа бет алды. Түлеп ұшқан мекені — тау жақпарына қайтпақ болды. Жеңіл қалықтап, анда-санда ғана қанатын жай қағып қояды.

Қауіп күтпеген жерден

Бейқам сәтте оны зор пәле торыды: сол қанатын алып қара құс бүріп жіберді. Бұл — құзғын еді. Мұзбалақ айнала түсіп, қайратты тырнағын құзғынның төсіне батырды. Бірақ құзғын жалғыз емес. Артынан тағы екі-үшеуі келіп, қыранның әр жерін тырнақтап жарақаттады.

Мұзбалақ соңғы күшін жинап босанды да, ылдиға қарай құйғыта жөнелді. Астында мол орман жатыр еді. Әлсіреген қыран төмендей бере өзін билей алмай, қалың ағаш арасына құлап түсті. Сол маңда қақпан мен тор жиі кездесетін. Сәтсіздік пе, сәйкестік пе — құлаған жерінде тор жайулы тұрған екен.

Есін жиғанда қыран қанатын қозғалта алмады. Аяғы да бірдеңеге шырмалған. Жанталаса босанған сайын тор одан сайын тарта түсті. Ақыры арпалыса-арпалыса әлсіреп, есінен танып сылқ ете түсті. Үстін аппақ қар қымтай бастады.

Темір тор, үнсіздік және қайта оралған еркіндік

Бірнеше күн өтті. Қыстың қара суығы күшіне мінген шақта орман ішінен шулаған, дабырлаған дыбыс естілді. Бұл — қақпан мен тор қарауға келген адамдар. Иттері тіміскілеп, әр жердегі қақпан-торды тауып, иелеріне хабар беріп жүр. Орман ортасына жеткенше қанжығалары майланып, көңілдері жайланып қалған олар ары бармады. Сол олжалардың бірі — мұзбалақ еді. Денесі тоңазып қатқанымен, тірі болатын.

Үйге жеткен соң, олжаларын біртіндеп босатып, пеш үстіндегі жіпке іле бастады. Үй іші даладай суық емес: үлкен қара пеш жазды еске түсіретіндей. Сол қарбаласта үйдің кенжесі қыранды әрең көтеріп келіп: — Әке, қарашы, мынау тірі сияқты, — деп еркеледі.

Әкесі де аңтарыла қарап: — Әй, шынымен-ақ. Қимылдайды ғой, — деді. Сол күннен бастап мұзбалақ жіп торға емес, темір торға қамалды. Балалар қызықтап қарап, жем әкеліп салатын. Қыран да өз-өзіне келе бастады, бірақ сол қанаты әлі сынған, денесіндегі қанды сызаттары да толық жазылмаған еді.

Еркіндікті аңсаған шаңқыл

Мұзбалақ енді көк аспанды, кең даланы сағынып, жиі шаңқылдайтын болды. Үздіксіз жанталасып, тегеурінімен темір торды тырналағанда, оның үні сай-сүйекті сырқыратардай әсер қалдыратын. Ақыры үй иесінің әйелі мезі болып: “Үнін өшірші, болмаса далаға лақтырып таста!” — деп кейіді.

Үй иесі балаларды қимай: — Өшір десең, өшірейін. Бірақ балалар қызықтайды ғой, лақтырып тастағанымыз жарамас, — деді де, ұзын жіппен қыранның астыңғы тұмсығына тілін байлап тастады.

Айлар өтті. Көктем келді: қар еріп, сай-сала суға толды. Балалар қыранды сыртқа шығарып, аяғына жіп байлап, қазыққа орап қоятын болды. Әлденеге талпынып ұмтылғанын қызық көретін. Сол кезде қыранның балақ жүні дудырап, өзі азып, әлсіреп, қыран кейпінен айырыла бастаған еді.

Бір күні бұл үйге ауылдың ардақты ақсақалы қонаққа келді. Шай үстінде тордағы қыранға көзі түсіп: — Пай-пай дүние-ай! Мына сорлыны неден сорлатты екен? — деп күрсінді.

Үй иесі мән-жайды айтқанда, қарт бір-ақ ауыз сөз қосты: — Онда бір тілегім болсын, осыны маған бер. Үй иесі келісім берді. Қарт қыранды торымен қоса үйіне алып кетті.

Үйіне келген соң қарт қыранды сипап отырып, сол қанаттың сырын аңғарды. Сынық қанатын орнына салып, таңып берді. Баппен күтті, қызыл етпен ғана азықтандырды. Бір-екі айда мұзбалақ байырғы қалпына келе бастады. Тұмсығындағы жіп те алынды. Бірақ бұрынғы өктем дауыс әлі қайта қоймаған.

Көп ұзамай қарт аяқ астынан төсек тартып жатып қалды. Өзінің енді тұрмасын сезген қария орнынан әрең көтеріліп, қыранның балақбауын шешті де, қайта жантайып көз жұмды. Қыран сыртқа шыға алмай, үй ішін айнала ұшты. Ұзақ уақыт ұшпағандықтан тепе-теңдігін сақтай алмай, қайта-қайта құлай берді.

Сол кезде көрші үйдің жігіті қарттан хабар алуға келіп, есікті ашты. Есік ашылғанын көрген қыран адамды елеместен сыртқа ұмтылды. Далаға шыға сала қанатын екпіндете қағып, тіктей көтерілді де, қайтадан шүйіле төмен құлдилады. Ауылдан шыға бере жүгірген қоянды көріп, жер бауырлай ұшты. Тегеурінімен мойнынан басып, өткір орағымен тамағын орып жіберді. Әбден тоят алған соң, құмары қанып, баяу самғап бара жатты.

Дауылдағы арпалыс және қайта табылған үн

Ертесі ауа райы күрт бұзылып, құйын соқты. Қыран екпіндеген құйын ортасына қалай түсіп қалғанын аңғармады. Ол қарсыласуға тырысты, бірақ құйын еріксіз өз дегеніне көндірді: қыран құйын ішінде қаңбақтай домалады. Әбден титықтаған сәтте көзі жұмыла берді.

Қанша уақыт өткені белгісіз, мұзбалақ есін жиды. Әлсірегенін сезді, дүние төңкеріліп бара жатқандай болды. Бірақ ол азат еді. Темір тор құрсауынан құтылғанын түсінген сәтте қуана шаңқ етті — бұл жолы даусы әлдеқайда өктем шықты.

Енді ол бұрынғысынша көк аспанда қалықтап, еркін өмір сүрді. Маң даланың еркін қожасындай қанатын кең сермеп, самғаған қыран тау дейтін алып ана құшағына еніп бара жатты.

Қорытынды ой

Қыранның тағдыры бір шындықты айтады: еркіндік — табиғаттың тынысы. Оны тұншықтырған сайын жан әлсірейді, ал дұрыс күтім мен жанашырлық қайта күш береді. Ең маңыздысы — тордан шыққан сәтте ғана адам да, қыран да өз үнін қайта табады.

Кілт ұғым

Еркіндік — күштің бастауы. Қысым мен тұтқын жанды жүдетеді, кеңдік қайта түлетеді.

Кілт ұғым

Тәлім — жол. Ұябасардың әр әрекеті бала қыранға тіршілік заңын үйретеді.

Кілт ұғым

Жанашырлық — ем. Ақсақалдың күтімі мұзбалақты қайта қалпына келтірді.