Педагогикалық технологиялардың ерекшеліктері
Білім беру үдерісіндегі педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың маңызы
Мурзагалиева Алтынгүл Газизовна, Ақтөбе қаласы, №40 орта мектебінің биология пәні мұғалімі
Мектеп — келешекте ел басқаруға, жер-суына иелік етуге, халықты гүлдендіріп, елдің мерейі мен мәртебесін арттыруға қабілетті тұлғаларды тәрбиелейтін бірегей орта, киелі ұя. Сонымен бірге, ол — жас ұрпақтың ой-өрісін жан-жақты қалыптастыратын шеберхана.
Қазіргі кезеңдегі жаһандану үдерісінің жеделдеуі тіпті шағын жинақты мектептерге дейін бәсекелестікті күшейтті. Білім беру саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер түрлі бастамалар мен жаңғыртуларға кең жол ашып отыр. Осыған байланысты ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік-педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру және оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттілігі айқындалды.
Педагогикалық технология ұғымы
В. Беспалько педагогикалық технологияны тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы деп қарастырады, ал педагогикалық жағдайға сай қолданылатын әдіс-тәсілдер оның құрамдас бөлігі ғана екенін атап көрсетеді.
И. Талызинаның пікірінше, педагогикалық технологияның басты мақсаты — дидактикалық мақсатқа іс жүзінде жетуге мүмкіндік беретін ең тиімді әдістерді анықтау.
Педагогикалық технологиялардың негізгі міндеті — оқушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, қойылған мақсатқа толыққанды жетуді қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан педагогикалық технология мұғалімнің кәсіби қызметіндегі ерекше бағыт ретінде танылады.
Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын меңгеру мұғалімнен жоғары деңгейдегі іскерлікті, шығармашылықты және жүйелі ізденісті талап етеді. Мұндай мақсатты ізденістер мұғалімнің технологияны игеруіне, инновациялық тұрғыда жетілуіне ықпал етеді.
Жаңа технологиялармен жұмыс істеудің алғышарттары
- Оқу үдерісін интенсивтендіруді жүйелі түрде қолға алу.
- Оқушының үлгеріміндегі олқылықтардың алдын алу шараларын кешенді қарастыру.
- Ғылыми-әдістемелік, оқыту-әдістемелік және ұйымдастырушылық факторларды тұрақты талдап отыру.
- Жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеу.
- Пәндік білім стандартымен терең танысу.
- Деңгейлеп оқыту технологиясын игеру арқылы білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде меңгертуді қамтамасыз ету.
- Оқу үдерісін ізгілендіру және демократияландыру қағидаларын басшылыққа алу.
Іске асыру кезеңдері
- 1 Оқып-үйрену — теориялық негізді түсіну, үлгілерді талдау.
- 2 Меңгеру — әдістерді нақты пән мен сынып ерекшелігіне бейімдеу.
- 3 Тәжірибеге енгізу — сабақ құрылымына жүйелі енгізіп, нәтижесін бақылау.
- 4 Дамыту — жинақталған тәжірибені жетілдіру, жаңа нұсқаларды сынау.
Меңгеру барысындағы оқыту міндеттері
- Педагогикалық қызметтің өзекті мәселелерін білу.
- Оқу бағдарламасының түрлендірілген нұсқаларын қарастыру.
- Оқу модулін құрастыру.
- Оқу жобаларының мазмұнын анықтап, әр оқушыға арналған тапсырмалар әзірлеу.
- Жаңа материалды меңгеруге арналған деңгейленген жаттығулар жүйесін жасау.
- Оқу әрекетін бағалау көрсеткіштерін анықтау.
Бәсекеге қабілетті мектептердің қалыптасуы үшін мұғалімдердің жаңа оқыту технологияларын меңгеруі — маңызды шарт.
Педагогикалық технологиялардың түрлері мен ерекшеліктері
| № | Технология (авторы) | Мақсаты | Ерекшеліктері |
|---|---|---|---|
| 1 | Ойын арқылы оқыту (Коваленко В.Г.) |
|
Ойын әрекетінің психологиялық механизмі тұлғаның өзіндік талап-талғамына сүйенеді. |
| 2 | Проблемалық оқыту (В. Оконь, М.И. Махмутов) |
|
Оқу материалында проблема тудыру; баланың дербес ойлау мүмкіндігін кеңейту; өз тұжырымын жасауға үйрету. |
| 3 | Тірек сигналдары арқылы оқыту (Шаталов В.Ф.) | Оқушының ақыл-ойын дамыту | Үнемі қайталау, кезеңдік бақылау, тірек сигналдарын қолдану; білім алудағы дербестікті дамыту. |
| 4 | Деңгейлеп-саралап оқыту (Селевко Г.К.) | Әр оқушының жеке мүмкіндігіне қарай оқыту | Шығармашылық қабілет, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады; ой-өріс кеңейеді. |
| 5 | Міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік оқыту (В.В. Фирсов) | Оқытуды оқушылар топтарының ерекшелігіне сәйкес бейімдеу | Базалық деңгейдің барлығына міндетті әрі қолайлы болуы; оқушыға оқу деңгейін таңдауға ерік беру; міндетті деңгейден төмен емес білім алуды қамтамасыз ету. |
| 6 | Бағдарламалап оқыту (В.П. Беспалько) | Ғылыми негізделген бағдарлама арқылы оқыту, жеке ерекшелікті ескеру | ЭЕМ, бағдарламаланған оқулық сияқты құралдар арқылы материалды меңгерту; оқу материалы логикалық бірізділікпен беріледі. |
| 7 | Дамыта оқыту (Л.С. Выготский, Л.В. Занков, Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов) | Оқыта отырып тұлғаны дамыту, жеке қасиеттерін қалыптастыру | Оқыту мен дамытудың сабақтастығы; дидактикалық құралдардың дамытуға ықпалын ескеру. |
| 8 | Компьютерлік оқыту технологиясы (Н.В. Апатова және т.б.) |
|
Оқыту — оқушының компьютермен өзара әрекеті; жеке ерекшелікке қарай бейімдеу; білімді жүйелі ұйымдастыру; тапсырмалар логиканы дамытуға ықпал етеді. |
Ақпараттандыру және АКТ: білім сапасын арттыру тетігі
ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технологиялар бағытымен дамыту мақсатымен атау — үлкен үміттің нышаны. Ұрпағы білімді елдің болашағы жарқын. Жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру — бүгінгі күннің басты талабы.
Нормативтік негіз
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Сонымен қатар, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеттері көрсетілген.
Қоғам дамуы ғылыми-техникалық прогрестің жоғары қарқынымен сипатталады. Қазіргі егемен елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру — маңызды мақсат.
Білім беруді ақпараттандырудың негізгі мақсаты — АКТ-ның қазіргі жетістіктерін пайдалана отырып, білім сапасын арттыру және болашақ ұрпақтың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру. Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиіс білім, білік, дағдылардың көлемі күн сайын артып, мазмұны өзгеріп отырады.
Мектепте ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім беру жүйесін жаңғыртудың тиімді тәсілдерін іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы нәтижелілік бірнеше оқу-әдістемелік және психологиялық-педагогикалық мәселелерді ғылыми негізде шешуді талап етеді.
АКТ-ны енгізудің негізгі бағыттары
- Оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды жүзеге асырудың жүйелі ғылыми-әдістемелік жолын анықтау.
- Оқушылардың практикалық әрекетінде ақпараттық технологияларды қолдану әдістемесін меңгерту.
- Мұғалімдердің АКТ құзыреттілігін арттыру және оны оқу үдерісінде пайдалану бойынша кәсіби біліктерін жетілдіру.
- Оқушыларды білім, білік, дағдыны меңгеруге қажетті технологияларды қолдануға үйрету.
- Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту.
Компьютердің оқу үдерісіндегі рөлі
Оқу үдерісінде компьютер бір мезгілде бірнеше қызмет атқарады: оқып-үйрену нысаны ретінде де, оқыту, тәрбиелеу, дамыту құралы ретінде де, сондай-ақ оқу мазмұнын меңгеруді диагностикалау құралы ретінде де қолданылады.
1-бағыт: ресурс
АКТ білім, білік, дағдыны игеру үшін қажетті ресурс ретінде қызмет етеді.
2-бағыт: ұйымдастыруды күшейтетін құрал
АКТ оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың тиімділігін арттыратын қуатты құрал ретінде көрінеді.
Білім беруді жаңа сатыға көтеру үшін тек білім мазмұны мен оқыту әдістерін ғана емес, АКТ-ны кеңінен қолдану арқылы оқытуды ұйымдастыру формаларын да жетілдіру қажет.
Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымының және әр мұғалімнің күнделікті ізденісі, жаңалық пен өзгеріске ашықтығы, жаңа тәжірибеге және жаңа қарым-қатынасқа батыл көшуі маңызды. Сондықтан әр педагог өз іс-әрекетінде қажетті әдіс-тәсілдерді дер кезінде таңдап, дұрыс қолдана білуі керек.
Еліміздің дамуына үлес қосатын, әлеуметтік өркениет деңгейіне көтерілетін, парасатты әрі дені сау азамат тәрбиелеу — ұстаздар қауымының мерейлі міндеті.