Жуырда менің қаламда мереке

Қалама деген сағыныш пен сүйіспеншілік

Менің қалам – мен үшін дүниежүзіндегі ең қымбат, ең асыл мекен. Әр адамның сүйікті қаласы болады. Көбіне адамдар туған, балалық шағын өткізген жерін «сүйікті қалам» деп атайды. Өйткені балалық шақтың естелігі мен өскен орта жүректен ешқашан өшпейді.

Мен бұл қалада туылмасам да, оны шын көңіліммен жақсы көрем. Мен оған сіңісіп кеткенім соншалық: табиғаты, еңселі болмаса да іргесі берік үйлері, саябақтары, әрбір көшесі мен үйшігі, тіпті Рудныйымда өскен бір тал гүлдің өзі өмірімде үлкен орын алады. Бұрыннан қалған ескерткіштері, көпірлері, үйлерді жанай өтетін көшелері – бәрі мен үшін қымбат.

Біріктіретін күш

Рудныйлықтар сырттай әртүрлі көрінгенімен, бәрімізді біріктіретін бір нәрсе бар: даңқы биік Рудный қаласына деген ортақ сүйіспеншілік.

Жақындарым осы жерде

Рудныйымда достарым, туған-туыстарым, ата-анам және барша таныстарым тұрады. Олардың да бұл қаланы шын жақсы көретініне, қадірін түсінетініне сенемін.

Қаланы жақсы көру үшін оның аты әлемге жайылған алып мегаполис болуы міндет емес. Рудный – тыныш қала, бірақ біртіндеп дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, оны құрметтемеуге, жақсы көрмеуге себеп жоқ. Бұл қала әрбір рудныйлықтың жүрегінен орын алған.

Көшелердегі ой, көктемгі жел және қала қуанышы

Кейде қаламның көшелерімен жүріп келе жатып, тұнық ойға берілемін. Кейде қаламыз шулы, тынышсыз болып кетсе де, мен оған қуанамын. Неліктен екенін өзім де дәл айта алмаймын.

Мүмкін, осы қалада өмір сүріп жүргеніме; көктемгі желдің бетімді аймалағанына; төбемізде жарқырап тұрған күнге; тәуелсіз еліміздің ішінде бой көтеріп, өркендеп келе жатқан қаламыздың дамуына куә болып жүргеніме шығар.

Қараңғы, айлы түндерде көшелеріңді кезіп, күн өткен сайын көркейіп бара жатқаныңды көрудің өзі – бақыт. Бұл қала талай үмітті ақтап, көзінде оты бар, жігері мұқалмаған жастар мен оған сенген тұрғындардың үмітін ақтай білді. Осы қалада тұратыныма мен шексіз бақыттымын.

Қаламның биігінде желбіреген көк байрағымыздың ғұмыры мәңгі болсын. Сол байрақтың желбіреп тұрғанына да талай жыл өтті.

55 жылдық мерей: қала тарихына тағзым

Жуырда менің қаламда мереке. Яғни мен үшін де мереке. Күн шуағындай жарқын бейнесі бар, осындағы әрбір адамның басына бақ болып қонған мекеніме 55 жыл толғалы отыр. Алда әлі талай күн болса да, талай қиындық пен сынақты бастан өткерген менің кішкентай елім – Рудныйға 55 жыл.

Қатігез, сұрапыл жылдары аяқтан шалынбай, сүрінсе де орнынан қайта тұрып, өз жолын жалғастырған қаламды мақтан тұтамын. Басымды тік көтеріп: «Бұл – менің қалам, бұл – менің Рудныйым!» деп айта аламын.

Мінезі

Сен маған батылдық пен қайсарлықтың, тапқырлық пен еңбексүйгіштіктің белгісіндей көрінесің.

Сыйға бергісіз олжа

1949 жылы ұшқыш Сургутановтың Сарыбай шатқалы үстінен ұшуы және ірі кен орнының анықталуы – тағдырдың тартуы секілді.

Еңбекпен келген қала

Рудный – талай адамның маңдай терімен, қажырлы еңбегімен бой көтерген қала.

Кенді қаланың қалыптасуы және адамдар еңбегі

Қала болмаған кезде халық палатка тігіп тұрса да, «болашағы жоқ» деп безіп кеткен жоқ. Қайта Рудныйдың келешегіне кәміл сеніп, бар күш-жігерін сарп етті. Ол жылдары еліміз тәуелсіз болмаса да, сенің өміріңдегі алғашқы қадамдар жасалды. Кенді қала атанып, даңқың асқақтады. Осылайша кеншілер қаласы дүниеге келді.

Саған үлес қосқан В. П. Новиков, Я. М. Гиммельмаш, В. Ш. Буреш сынды азаматтар үлкен үміт артып, қаланы көркейтуге атсалысты. Сол арқылы дарынды жас мамандар қалаға ағыла бастады.

Еліміздегі ірі кен өндіретін комбинат – ССКӨБ құрылып, талай жанды жұмыспен қамтамасыз етті. Бір кезде тыныш жатқан қаланы біртіндеп тірілтіп, алға жетеледі.

Есімі аталған ерлер

Рудный атымен талай тағдыр ұштасқан: Екінші дүниежүзілік соғыс батыры Прошкин Пётр, кеңес дәуірінің батыры М. П. Галин, сапёр Н. И. Киселёв (өмірінің соңына дейін Соколов кен орнында бас маркшейдер болып адал қызмет еткен), ССКӨБ-тің алғашқы директорларының бірі Николай Фадеевич Сандригайло және тағы басқа еңбегі сіңген жандар.

«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Бүгінде Рудный – Қостанай облысының беткеұстар мақтаныштарының бірі. Қаламызда мектептер, денсаулық сақтау орталықтары, балабақшалар, мәдениет сарайлары көбейіп келеді. Мәдениеті мен өндірісі қатар дамыған, салт-дәстүрін қадірлейтін қаламыздан көптеген спортшылар, саясаткерлер, ақын-жазушылар өсіп шығып, қала атын алысқа танытып жүр. Бұл – бәріміздің мерейіміз.

Жас кеншілер

Қаламызда жас кеншілер көп. Олар да назардан тыс емес: баспанасы бар, қолында жұмысы бар жастар – қаланың ертеңі.

Қоғамдық өмір

Жастарға арналған «Горняк» мәдениет сарайы мен Оқушылар және жастар сарайы қаламыздың рухани тынысын кеңейтіп отыр.

Рудный индустриалдық институты: білім мен болашақ

Рудныйдың атын бүкіл қазақ еліне кеңінен танытқан маңызды нысандардың бірі – Рудный индустриалдық институты. Бұл оқу орны мемлекеттік деңгейдегі жоғары оқу орны. Бүгінде бізге көршілес елдерден де жастар оқуға және жұмыс істеуге келіп жатады. Оларға біздің есігіміз әрдайым ашық.

Институттың құрылуы қала тарихымен тікелей байланысты. Қала құрылған алғашқы жылдары жас жұмыскерлер мен талапкерлер көп болды. Жастар жұмысты құлшыныспен атқарып, білімін жетілдіруге ұмтылғандықтан, осы оқу орны үлкен сұраныс негізінде ашылды. Бұл іске жас жұмысшылар мен ССКӨБ-тің сол кездегі басшыларының бірі Николай Фадеевич Сандригайло да ықпал етті.

Алғашқы қадамдар және өсім

  • Кешкі бөлім алғаш болып жұмысын бастады.
  • 1959 жылы алғашқы жылдары 100 студент тіркелді.
  • Бірнеше жылдан кейін студенттер саны 5 есеге артты.
  • Кейін күндізгі бөлім ашылып, студенттер легі көбейді.

Бұл – қаламыз үшін де, сол кезеңдегі жастар үшін де қайталанбас мүмкіндік еді. Қала өркендеп, кен орындары жедел дами бастаған сайын мамандықтарға сұраныс артты. Сол кезден бастап оқу орнының жауапкершілігі де өсе түсті.

Ұстаздардың еңбегі ерекше: олар шәкірт тәрбиелей жүріп, өздері де үлкен сынақтан өтті десек артық емес. Шаршамай, асқан шыдамдылықпен, бүгінгі Рудныйды көтерген жастарды оқытып, жетілдіргендері үшін мың алғыс.

Қазіргі көрсеткіш

Институтта 5 факультет пен 21 кафедра жұмыс істейді.

Студенттер

Оқитын студенттер саны – 4250. Бұл – көңіл қуантатын көрсеткіш.

Қоғамға қызмет

Институт қайырымдылық пен зияткерлік ойындарға қатысып, спорттық-мәдени бағытта да белсенді.

Рудный индустриалдық институтынан шыққан атақты, сыйлы адамдар аз емес. Бұл оқу орны қаламыздың тарихында үлкен орын алып, мәңгілік құндылық ретінде сақталады.

Ертеңгі күн – біздің қолымызда

Мемлекеттік істерден де қаламыз шет қалмайды. Екі жыл бұрын Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Рудный есірткіге тосқауыл қойып, ССКӨБ пешінде 235 кг есірткі жойылды.

Ендігісі – біздің қолымызда. Біз, жастар, қаламызды одан әрі өркендетіп, өсіріп, Рудныйдың дәрежесін әлемдік деңгейге шығаруға тиіспіз. Ата-бабаларымыз өмірімізді жайлы ету үшін аянбай еңбек етіп, бүгінгі күнге жеткізді. Енді біз оларға қартайған шағында тыныш өмір сыйлап, келер ұрпаққа жарқын болашақ қалдыруымыз керек.

Тілек

Рудныйым, сен ешқашан өшпейсің. Сенің атың тарихта сақталады. Сен – жастарымыздың жарқын болашағысың. Сені көрген адам ұмытпайды. Бізді шабыттандыра бер, өсіп-өркендей бер. Әрдайым алда болып, еңбегің жеміске толы, табысты болсын.

Мерейтойыңмен, менің кенді қалам – Рудный!