Әке - шеше үшін бала деген өте маңызды әрі қадірлі

Әке-шеше үшін бала — ең маңызды әрі ең қадірлі аманат. Жүктілік кезеңінде тоғыз ай бойы ата-ана баласын бауырына басатын күнді асыға күтеді. Нәресте шыр етіп дүниеге келген сәтте қуанышқа толы жүрек ерекше тебіренеді.

Дүниеге келгеннен кейін сәби үшін ата-анасының жылуын, денесінің жақындығын сезіну өте маңызды. Құшақтау мен маңдайынан, бетінен сүйіспеншілік көрсету баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне көмектеседі.

Мәселе неде: неге еріннен сүю ұсынылмайды?

Нәрестелер мен балалардың сүйкімді жүзі, жұмсақ қолы, кішкентай маңдайы бар кезде неліктен оларды еріннен сүю керек? Баласын ернінен сүйген ата-ана «күштірек жақсы көрдім» деп ойлай ма? Жоқ.

Керісінше, ата-ана баласын шын жақсы көрсе және оған физикалық не рухани тұрғыдан зиян келтіргісі келмесе, еріннен сүюден бас тартқаны дұрыс.

Еріннен сүюдің ықтимал зияндары

Төмендегі тармақтар — ата-ананың күнделікті дағдысы болып кеткен әрекеттің бала үшін қандай қауіп тудыруы мүмкін екенін көрсетеді.

1) Иммунитеті әлсіз ағзаға микроптардың оңай өтуі

Нәрестенің иммунитеті әлі толық қалыптаспағандықтан, ересек адамның ауыз қуысы арқылы микробтар бала ағзасына тез өтіп, жиі сырқаттануына әкелуі мүмкін.

2) Инфекция жұқтыру қаупі

Ұшық, ауыз қуысының қабынуы, тіс етіндегі жаралар сияқты инфекциялардың берілу ықтималдығы артады. Әсіресе, ұшық нәрестелер мен кішкентай балалар үшін қауіпті болуы мүмкін.

3) Жыныстық тәрбие берудегі қарама-қайшылық

Балаға денесінде өзіне ғана тиесілі, жеке шекара сақталуы тиіс бөліктер бар екенін түсіндіріп жүргенде, ата-ананың еріннен сүюі баланың санасында түсінбеушілік пен ішкі қайшылық тудыруы мүмкін.

4) «Бұл қалыпты» деген қате түсініктің қалыптасуы

Ата-анасы еріннен сүйетін бала өзгелердің де еріннен сүюіне қарсы болмауы ықтимал. Себебі бала үшін ата-ананың әрекеті «дұрыс» әрі «рұқсат етілген» болып көрінеді. Бұл оны жаман ниетті адамдардан қорғансыз етуі мүмкін.

5) Баланың жыныстық дамуында шатасу қаупі

Әкесі ұлын, анасы қызын еріннен сүйген жағдайда, балада жынысын қабылдауға қатысты шатасулар болуы мүмкін деген пікір айтылады.

6) Отбасылық қарым-қатынасқа ұзақ мерзімді әсері

Әкесі қызының, анасы ұлының ернінен сүюі болашақта ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. Кей жағдайларда бұл ересек шақтағы отбасылық және интимдік өміріне де қиындық тудыруы мүмкін деп саналады.

7) Ерте жыныстық қозу туралы қауіп

Еріннен сүю кей контексте жыныстық белгілермен байланыстырылатындықтан, балада ерте қызығушылық оятып, психологиялық жай-күйіне және дамуына теріс ықпал етуі мүмкін деген пікір бар.

8) Әлеуметтік ортада орынсыз мінез-құлықтың қайталануы

Үйде еріннен сүю қалыпты көрінсе, бала оны мектепте досына немесе үйге келген қонаққа қайталауға тырысуы мүмкін. Мұндай әрекет баланың әлеуметтік ортада өзін дұрыс ұстауына кері әсер етуі ықтимал.

Қорытынды: сүйіспеншілік — бар, шекара — бар

Балаларымызды сүйейік — тіпті жиі сүйейік. Бірақ ерінінен емес: бетінен, қолынан, маңдайынан (шекесінен) сүйейік. Сүйіспеншілік балаға қауіпсіздік сезімін береді, ал шекара оның дене тұтастығын және жеке кеңістігін құрметтеуге үйретеді.

Елжас Ертайұлы, «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы