Батырлар жыры
Астана қаласы, №45 орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мұхтарова Гүлжайнар Қабдолдинқызы
Батырлар жыры (9-сынып)
Мақсаты
- Білімділік: батырлар жырының мазмұны мен идеясын меңгерту; талдау арқылы жан-жақты ашу; тақырып бойынша білімді жүйелеу.
- Тәрбиелік: адамгершілікке, ерлікке баулу; Отанды сүюге, тарихи тұлғаларды танып, құрметтеуге тәрбиелеу.
- Дамытушылық: батырға тән қасиеттерді талдату арқылы ойлау, танымдық қабілеттерді дамыту; ой түюге, шығармашылық жұмысқа жұмылдыру.
Сабақтың форматы
- Түрі
- Аралас сабақ
- Әдістері
- Әңгімелеу, сұрақ-жауап, талдау, сөйлесу, іздендіру, дәлелдеу
- Көрнекілік
- Анимациялық слайдтар, батырлар жыры мәтіндері
Пәнаралық байланыс
Сабақ барысы
- IҰйымдастыру кезеңі
- IIҮй тапсырмасын тексеру
- IIIЖаңа сабақ
Үй тапсырмасын тексеру
«Өзің жетпеген жерге сөзің жетеді» деген ойды негізге ала отырып, берілген тапсырмаға тоқталамыз.
- 1) Ауыз әдебиетінің негізгі түрлерін атаңыздар.
- 2) Аңыз әңгіме және оның ерекшеліктерін айтыңыздар.
- 3) Аңыз әңгімелердің шығу себебі неде деп ойлайсыздар?
- 4) Аңыз әңгімелерге арқау болған қандай тұлғаларды білесіздер?
- 5) Үш топ дайындаған көріністерді тамашалап, әділ бағалаңыздар.
I топ
Қожа Насыр ауылы
II топ
Жиренше шешен ауылы
III топ
Алдаркөсе ауылы
Ескерту: Көрініс көрсету — образды ашу мәдениеті. Бұл дағды жүріс-тұрысқа, әдептілікке тәрбиелейді.
Жаңа сабаққа кіріспе
Жаңа сабағымызды «Батырлар — ел қорғаны, ел мақтаны» деген оймен бастаймыз. Сабаққа кіріспес бұрын төмендегі сұрақтарға назар аударайық.
- 1) Ауыз әдебиетінен қандай батырлардың есімі есіңізде?
- 2) Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсеткен қандай тарихи батырларды білесіздер?
- 3) Ауыз әдебиетіндегі батырлар мен тарихи батырлардың айырмашылығы неде?
- 4) Кеңес дәуірінде Ұлы Отан соғысына қатысқан қандай батырларды атай аласыздар?
- 5) Кейінгі толқын жас батырлардан кімді білесіздер? Олар қандай оқиғаларға қатысты?
Негізгі ұғым: батырлар жыры
Ауыз әдебиеті шығармаларының ішінде халыққа кең тарағаны — батырлар жыры. Бұл — көне заманнан жеткен асыл мұра.
Жырларды ақындар шығарғанымен, жазу-сызу болмаған дәуірде автор аты ұмытылып, туынды халық қазынасына айналған.
Көп жырдың негізінде тарихи оқиға жатады. Бірақ оқиға дәлме-дәл берілмей, желісі ғана сақталып, ақын оны өз ұғымы мен көзқарасына сай бейімдеп жырлайды.
Жырдың түпкі идеясы көбіне — елді қорғау, тәуелді етпеу, жұрттың бірлігі мен намысын сақтау.
Батырлар жырының поэтикалық ерекшеліктері
Батырдың «таңдалып тууы»
Ескі ұғым бойынша батыр көбіне ата-анасы құдайдан тілеп алған жалғыз перзент болып суреттеледі.
Ерте есейген күш иесі
Үш-төрт жасынан алып күштің иесі болып, серік жары мен тұлпары табылып, жастайынан ел қамын ойлайды.
Әсірелеу (гипербола)
«Суға салса батпайды, отқа салса жанбайды» сияқты әсірелеу — батырлар жырына тән көркемдік белгі.
Батыр бейнесі қандай кейіпкерлер арқылы танылады?
Ер Тарғын, Қамбар батыр, Қобыланды, Алпамыс — халқын шын сүйген, «елім» деп еңіреп өткен ерлердің жиынтық бейнесі. Батырдың басты өлшемі — жеке бас мүддесі емес, ел намысы.
Салыстыру және талдау
Көркем туынды мен кино өнері батырлық ұғымын әр қырынан ашады. «Қыз Жібек» пен «Жаужүрек мың бала» фильмдерін негізге ала отырып, төмендегі кейіпкерлерді салыстырып көріңіздер:
Салыстыру
Төлеген ↔ Бекежан
Салыстыру
Сартай ↔ Таймас
Сұрақ
Батыр болу үшін қандай қасиеттер керек?
Батыр қыздар: ерлік — ортақ қасиет
Ерлік тек ер азаматқа ғана тән емес. Ел намысын қолдан бермеген батыр қыздар да аз болмаған. Солардың бірі — Гауһар батыр.
Өлең жолы арқылы мінездеу
Тал түсте қойға шапқан бір көкжалды,
Өжет қыз үзеңгімен соғып алған.
Осы екі тармақтың өзінен-ақ Гауһардың өжеттігі, мергендігі, жекпе-жекте қарсыласын жеңген батырлығы айқын көрінеді.
Гауһардың жары — Қабанбай батыр. Тарихи деректерде оның ұрысқа 103 рет кіргені айтылады. Қабанбай мен Гауһардан туған Назым да батыр қыздардың қатарында аталады.
Сонымен бірге Бөгенбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Исатай–Махамбет, Бауыржан, Әлия мен Мәншүк ерлігі, сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың қайсарлығы — ұлттық батырлықтың жалғасқан өрнегі.
«Білгіштер» сайысы: сұрақ-жауап
Оқушыларға сұрақтар үлестіріліп, жауаптары тыңдалады.
- 1) Қазақ батырлары немен шұғылданған?
- 2) Қазақ батырларының қандай міндеттері болған?
- 3) Қабанбайды ел қалай атаған?
- 4) «Қанжығалы қарт» деп кімді атаған?
- 5) Бөгенбай батыр қандай адам болған?
- 6) Шақшақ Жәнібек туралы не айтасыз?
- 7) Қазақ батырларының бар өмірі қайда өткен?
Топтық жұмыс: ойды жалғау және бейне жасау
Мәтін-өзек
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас...
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі —
Ерлерді ұмытса да, ел де ұмытпас.
1-топ тапсырмасы
«Өмір сүру формасы, өмір үшін күрес» ұғымының мәні неде?
2-топ тапсырмасы
Ұлт болып ұйысу жолындағы шешендер мен көсемдердің рөлін сипаттап, ойды жалғастырыңыз.
3-топ тапсырмасы
Жау тигенде ел намысын қорғаған батыр қыздардың жиынтық бейнесін жасаңыз.
Қорытынды
Сабақ соңында «Батырлар мінбесі» арқылы оқушылар өз ой тұжырымдарын айтады. Бағалау жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
- Батырлар жырын оқу.
- Халық ауыз әдебиетін зерттеушілер мен жинақтаушылар туралы қосымша ақпарат жинап келу.
Астана қаласы, №45 орта мектеп • Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мұхтарова Гүлжайнар Қабдолдинқызы
Д. Исабеков — «Ата үміті»
Мақсаты
- Повестің басты тақырыбы — адамдық белгісі мен адалдық екенін таныту; кейіпкерлерге мінездеме беріп, басты қаһарман бейнесін жан-жақты талдау.
- Оқушы бойында адамгершілік пен ізгілікті қалыптастыру; адамгершілік пен бақыт бағасы туралы ой қозғау.
- Өз ойын еркін, дәл жеткізуге үйрету; шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Әдістері мен ресурстар
- Әдісі
- Сұрақ-жауап, талдау, баяндау, сын тұрғысынан ойлау
- Көрнекілік
- Слайд-презентация, кітаптар, кубик, «қалпақтар», А3 қағаздар
Сабақ құрылымы
- Ұйымдастыру: амандасу, түгендеу.
- Ой ашар: «Кім шапшаң?» ойыны (5 минут), сұрақ арқылы топқа бөлу.
- Үй тапсырмасы: «Кубизм» әдісі (10 минут).
- Жаңа сабақ: «Алты қалпақ» әдісі (15 минут).
- Жарнамалау: топ жұмыстарының қорғалуы.
- Қорытынды: «Білемін – Білдім – Білгім келеді» кестесі, рефлексия.
Ой ашар: жылдам сұрақтар
Жұлдызшалардағы сұрақтарға жауап берген оқушы жұлдыз түсі бойынша топқа бөлінеді, дұрыс жауап топ ұпайын арттырады.
- Д. Исабеков қай жылы туған?
- Д. Исабеков қай жерде дүниеге келген?
- Шығармалары қандай тілдерге аударылған?
- Жазушының қандай туындыларын білесіздер?
- Д. Исабеков редакторлық ететін журналдың атауы қандай?
- Дермене деген қандай шөп?
Үй тапсырмасы: «Кубизм» әдісі
I. Суреттеңіз
Тоқсанбай қарт пен Ергеш келген жаңа жердің табиғатын суреттеу.
II. Салыстырыңыз
Омаш пен қарт бойындағы адамгершілік қасиеттерді салыстыру.
III. Зерттеңіз
Ауыл шаруашылығына қатысты кәсіби сөздерді тауып, мағынасын түсіндіру.
IV. Қолданыңыз
Берілген үзінді қай оқиғадан алынғанын анықтау.
V. Дәлелдеңіз
Омаш бойында «обал-сауап» ұғымының жоқтығын дәлелдеу.
VI. Сипаттаңыз
Ақша алу пунктіндегі қарттың өз-өзімен сөйлесу сәтін сипаттап, Тоқсанбай бейнесін сомдау.
Жаңа сабақ: «Алты қалпақ» әдісі
Топтар «Ата үміті» кейіпкерлерін әр қырынан талдап, қорғайды.
Ақ қалпақ
Фактілер: дермененің қажеті, тапсырылған мөлшер, адам басына есептелген қаражат.
Қызыл қалпақ
Тоқсанбай қарт пен Ергешке мінездеме, сезімдік қабылдау.
Сары қалпақ
Адамдық пен адалдықтың арамдықты жеңуі туралы ой.
Қара қалпақ
Жағымсыз кейіпкер Омаштың әрекетін сын тұрғысынан талдау.
Жасыл қалпақ
«Адамгершілікті мен қалай түсінемін?» тақырыбында шағын ойтолғау.
Көк қалпақ
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»: мәтіннен түйін шығару.
Қорытынды: «Ата үмітін ақтайық!»
Ата — өмірдің үлкен жолын көрген, жақсылық пен жамандықты таныған, ұрпаққа үлгі беретін тұлға. Әркімнің өз атасы — өзіне өнеге.
Оқушы шығармашылығы (өлең)
Атасы бардың бар, — дейді, — батасы да,
Еліктемес бала жоқ атасына.
Ата деген — ұлы үлгі баласына,
Бала арманы — бөлену батасына.
Ата жолын ардақтайын, сақтайын,
Бар ынтаммен ата үмітін ақтайын.
Мен атамды жиі көрем түсімде,
Мен атамды сағынамын сәт сайын.
Жетегінде атам артқан сенімнің,
Көрсетілсін өзгелерге мол үлгім.
Мен атаммен мақтанамын қашанда,
Атам — менің мақтанышым, елімнің.
Үйге тапсырма (6 топқа бөлу)
- Омашпен танысу.
- Омаштан бөліну ниеті.
- Касса қызметкерімен Тоқсанбай қарттың әңгімесі.
- Омаштың өтірігі.
- Қарттың Омашпен қоштасу сәті.
- Тоқсанбай қарттың монологы.
Астана, 2014 жыл.
І. Жансүгіров — «Құлагер» поэмасы
Мақсаты
- Көркем туындының мазмұны мен тақырыбын жан-жақты талдау, автор өмірінен мәлімет беру.
- Эстетикалық сезімге әсер етіп, туған жерге және төл әдебиетке сүйіспеншілікті арттыру; кейіпкер әрекеті арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.
- Материалды тиянақты меңгерту; жүйелі ойлау, ойын әсерлі жеткізу, шығармашылық ізденіс пен сөздік қорды дамыту.
Жаңа сабақтың өзегі
- Индукция: Астана ескерткіштері арқылы Құлагер ескерткішін таныстыру.
- Әдеби дәйексөз: М. Әуезовтің бағалауы — «Құлагер» поэмасы өлеңмен жазылған роман.
- Пәнаралық кіріктіру: тарих, география, дене шынықтыру (ат спорты, атбегілік).
Жұмыс түрлері
- Деконструкция: топтау арқылы жүйрікке тән қасиеттерді жинақтау.
- Реконструкция: дәптерге қысқаша мәлімет жазу.
- Венн диаграммасы: асыл және жаман қасиеттерді салыстыру.
- Синквейн: «пырақ», «ақын», «туған жер» сөздерімен құрастыру.
Топтау: жүйрік образын ашу
Поэмаға үн қосу
Қазақта Құлагер деп атты айтады,
Серінің серігі еді деп те айтады.
Ат сыры иесіне мәлім деп жұрт,
Тегінде мал көрмесе нені айтады?
Талқылау сұрағы: Тарихта аты қалған жүйріктің түбіне не жетті? Қандай күштер (күншілдік, бақталастық, қатыгездік) трагедияға әкелуі мүмкін?
Үйге тапсырма
Эссе: «Ақынға қанат болған — Құлагер»
Астана қаласы, №45 орта мектеп • Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мұхтарова Гүлжайнар Қабдолдинқызы
Жүсіп Баласағұни — «Құтты білік»
Мақсаты
- Баласағұн шығармашылығын терең таныту, «Құтты білік» дастанының идеялық мұратын мәтінге сүйене отырып ашу, идеясының өміршеңдігін дәлелдеу.
- Ғұламаның ұстанымдарының болашақ қамын ойлаудан туғанын түсіндіріп, елін-жерін сүюге, борышты сезінуге тәрбиелеу.
- Эстетикалық және идеялық мәнін түсініп, өзіндік талдау жасауға; шапшаң шешім қабылдауға, тапқырлыққа және әдеби тілмен өрнектеуге үйрету.
Сабақ форматы
- Түрі
- Аралас сабақ
- Әдіс-тәсіл
- Әңгімелеу, талдау, баяндау, мәнерлеп оқу, топтық жұмыс
- Көрнекілік
- Нақыл сөздер, интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс
Үй тапсырмасын тексеру: Ж. Баласағұни өмірі
- 1) Жүсіп Баласағұнның шын аты кім? (Жүсіп Хас-Хожиб)
- 2) Қай жерде дүниеге келген? Баласағұн қаласы қай өңірде орналасқан? (Шу бойында)
- 3) Қай мемлекетте өмір сүрген? (Қарахан мемлекеті)
- 4) Бізге қай мұрасы жеткен?
- 5) Бұл дастанды неше жыл жинақтаған? (30 жыл)
- 6) Неше айда жазып шыққан, қай жылы? (18 айда, хижра 462 / 1069 жыл)
- 7) Қай жылдары өмір сүрген? (XI ғ. алғашқы ширегі – 70-жылдарға дейін)
Жаңа тақырып: «Құтты білік» дастаны
Топтарға алдын ала дайындалған мәтіндер таратылып, Баласағұн ойы өз сөздерімен түсіндіріліп, талданады.
1-топ: туындының орны мен таралуы
«Құтты білік» — барлық түркі халықтарына ортақ орта ғасырлық ірі мұра. Көлемі шамамен 13 мың жол. Дастан Қашқарда аяқталып, Боғраханға тарту етілген. Осы еңбегі үшін автор Хас-Хожиб (кеңесші, ақылшы) атағына ие болған.
2-топ: төрт асыл қасиет
Дастанның өзегін төрт қасиет құрайды: әділет, бақыт, ақыл, қанағат/молшылық. Олар Күн, Айтолды, Огдүлміш, Одғұрмыш бейнелері арқылы сөйлесіп, сұрақ қойып, жауап береді.
Негізгі идея — әділет пен ақылға сүйенген, қарапайым да парасатты басшы басқарған берекелі ел туралы арман.
3-топ: ақын сөзі — жауапкершілік
Поэма 73 тарауға бөлінеді. Ақын-жырау туралы тарауларда автор сөз өнерін жоғары бағалап, ақын тілін өткір қылышқа теңейді. Ақын — ел ерлерінің атын мәңгі сақтайтын өнер иесі; билік иесі оның өткір сөзіне шамданбай, қадірлеуі керек.
4-топ: білім мен ақылдың құны
Білім — сарқылмас қазына. Надандық — емсіз дерт, оны білім ғана айықтырады. Ақыл — түпсіз құзға бара жатқан адамды сақтайтын қыл арқан. Ақыл мен білім тіріде сый, өлгенде құрмет әкеледі.
5-топ: мінез мәдениеті
Ақылға мінез сауыт болады. Ақылды адамға байсалдылық керек. Ашу ақылды тұмандатады; ашу үстіндегі мейірімді адамның өзі қаталдыққа баруы мүмкін. Зұлымдық иесін өзі жұтады, ал мейірім — адамды адам етеді.
6-топ: жастық пен кәрілік туралы толғам
Жастық — өмірдің ең көркем өрнегі. Бірақ ол мәңгі емес: күн санап қайрат кемиді, кәрілік есікке келеді. Сондықтан жастық шақта ақыл жинау, ізгілікке ұмтылу — өмірлік қор.
7-топ: нақыл мен өмірлік ереже
Ұят — жаман ойдың жүгені.
Мақтаншақ тілден мың бәле туады.
Ашу қысса — аузыңды тый.
Қызғаныш бар жерде — ұрыс бар.
Рахат іздесең — бейнетінен қорықпа.
Қуаныш іздесең — қайғысынан қорықпа.
Қорытынды және үйге тапсырма
Оқушылар топ жұмыстарын қорғап, «Білемін – Білдім – Білгім келеді» кестесін толтырады. Бағалау жүргізіледі.
Үйге тапсырма
Эссе: «Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз…» (дастан мазмұнына сүйене отырып).