Қазақ батырларын ата
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Тәуелсіздік — ел тірегі, білімді ұрпақ»
Мақсаты
а) Білімділік
Оқушыларға еліміздің қысқаша тарихы туралы мағлұмат беру; өткен тарихымызға құрмет сезімін қалыптастыру; Отанымыз — Қазақстанды өркендету үшін білімді, жауапты азаматтар қажет екенін түсіндіру.
ә) Тәрбиелік
Оқушыларды Отанды сүюге тәрбиелеу; туған елін, жерін қорғау — әрбір азаматтың парызы екенін ұғындыру; ұлттық педагогика негізінде тәрбиелік құндылықтарды нығайту.
б) Дамытушылық
Ой-өрісті кеңейту, білім деңгейін көтеру; шығармашылық ізденісті дамыту; пікір айтуға, тұжырым жасауға үйрету; патриоттық сезімді қалыптастыру.
Әдісі мен материалдары
Әдістер
- Әңгімелесу
- Пікірлесу
- Сұрақ-жауап
Пайдаланылған материалдар
- Сюжетті суреттер
- Тақырыптық сұрақтар
Сабақ барысы
- 1 Ұйымдастыру
- 2 Негізгі бөлім — кіріспе сөз және сюжетті суреттер арқылы түсіндіру
Кіріспе: тарихи белестер
XVII ғасырдың басында жоңғар шапқыншылығы қазақ халқын ауыр нәубетке ұшыратты. Қазақ жұрты атамекенінен ығысып, босқындық пен аштық көрді. 1723 жылдар ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен қалды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістеріне ұласты. 1931–1933 жылдары ашаршылық болып, көптеген отбасы жан сауғалап көшті. Бүгін сол кезеңде кеткен қандастарымыз тарихи Отанына қайта оралуда.
1937–1938 жылдары жаппай қуғын-сүргін жүріп, қазақтың талай зиялылары жазықсыз жапа шекті. А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Ш. Құдайбердіұлы сияқты арыстарымыз арада жылдар өткенде ақталып, қазір олардың еңбектері қайта оқылып, ұрпақ санасына сіңіп келеді.
1941–1945 жылдары соғыс өрті тұтанып, талай боздақ майданға аттанды. Ардагерлеріміз — бүгінгі бейбіт өмірдің тірі куәгері, ерлік үлгісі.
1954–1956 жылдары тың игеру науқаны жүргізіліп, мол өнім алынды; Қазақстанның аты әлемге кеңінен таныла түсті.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — ұлттық намыс пен әділдікке ұмтылыстың айғағы. Сол күндері Ләззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев және басқа да жас жүректер жазықсыз жапа шекті. Кейін олардың рухына тағзым ретінде алаңда ескерткіш орнатылды.
1991 жылы Қазақстанда тәуелсіздік таңы атты. Бұл — сан ғасырлық сыннан өткен халқымыз үшін тарихи әділдіктің салтанаты, еркіндік пен үміттің жаңа дәуірі болды.
Музыкалық үзіліс
Әнұран орындалады.
XXI ғасыр — білім ғасыры: сайыс бөлімі
Қорытынды бөлімде «XXI ғасыр — білім ғасыры» деген ойды нақтылау мақсатында белсенді қатысқан оқушылар арасынан «XXI ғасыр озаты» анықталады. Әділқазылар алқасы сайланып, оқушылар ситуациялық сұрақтар арқылы іріктеледі.
I тур — ситуациялық сұрақтар
Сұрақ 1
Егер әкім болсаң, еліңе қандай көмек көрсетер едің? (1 минут)
- Табиғатты көркейту.
- Балабақша салуға ықпал ету.
- Ауылға су жеткізу.
- Мешіт салдыру.
- Жұмыс орындарын көбейту.
Бағалау: барлығы 5 ұпайдан.
Сұрақ 2
Шешенстан жерінде соғыс болып жатқанын білесіңдер. Сол елдегі өзің сияқты құрбыңа қандай көмек берер едің? (1 минут)
- Кітап сыйлау.
- Киім жіберу.
- Азық-түлікпен көмектесу.
- Хат жазу.
- Ойыншық сыйлау.
Ұпайлар
- Гүлшат — 5 ұпай (барлығы 10)
- Марат — 5 ұпай (барлығы 10)
- Мұхамеднұр — 5 ұпай (барлығы 10)
- Мұхамедәлі — 5 ұпай (барлығы 10)
- Ұлдана — 5 ұпай (барлығы 10)
Сұрақ 3
Егер сен Желтоқсан оқиғасы тұсында студент болып, саналы жас болсаң, оқиғаға қатысуың мүмкін. Қатысу мақсатың не? (1 минут)
- Ел басшысы қазақ болуын қалау.
- Әділетсіздікке қарсы күресу.
- Әділ басшыны қолдау.
- Тәуелсіздік үшін күресу.
- Ана тілді қорғау.
Музыкалық үзіліс
«Қара бауыр қасқалдақ» әні.
Нәтиже: бір оқушы 4 ұпай алып, қалғандары 5 ұпайдан жинады; білімділігімен алға төрт оқушы шықты.
II тур — сұрақ-жауап (1 минут)
- Қазақ батырларын ата.
- Қазақ Әнұранының авторлары кім?
- Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері қандай?
- Қазақ ғарышкерін ата.
Нәтиже: бұл турдан үш оқушы алға шықты.
III тур — мақал-мәтелді жалғастыру (2 минут)
Отан туралы
Отан үшін отқа түс — күймейсің.
Арың үшін алыссаң — өлмейсің.
Ерлік пен бірлік
Ерлік пен бірлік — егіз.
Батыр туралы
Батыр туса — ел ырысы.
Жаңбыр жауса — жер ырысы.
Нәтиже: үш оқушы 25 ұпайға жетті.
IV тур — халықтық педагогика
- Жеті ата туралы сұрақ.
- Бес парызды атау.
- Бес қаруды атау.
Нәтиже: келесі турға екі оқушы өтті.
V тур — шығармашылық тапсырма
«Туған ел, туған жер, Отан, Қазақстан, Елтаңба, егеменді ел» сөздерін қатыстырып, өз ойыңды өлең шумағы арқылы жеткіз.
Музыкалық үзіліс
«Қазағым» әні.
Қазақстан кең-байтақ, Туған өлкемсің! Қазақстан — тәуелсіз ел, Байтақ жерімсің! Егеменді елдің Мен бүгінгі ұрпағымын.
Сүйемін туған елімді, Сүйемін байтақ жерімді. Сүйемін қазақ халқымды, Сүйемін Отан-анамды.
Нәтиже
«Тәуелсіздік — ел тірегі, білімді ұрпақ» атты тәрбие сағатында «XXI ғасыр озаты» атағын Гүлшат иеленді. Ол ту түстес лентамен марапатталып, мақтау қағазын алды. Мұхамедәлі ынталандыру жүлдесіне ие болды.
Қорытынды сөз
Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылып, әлем назарын аударуы оңай келген жоқ. Көшпелі ғұмыр кешкен халқымыз ертеден-ақ үш құндылықты бойтұмардай қастерледі: туған ел, туған жер, ана тілі. Уақыт өте еліміз еңсе тіктеді, жеріміз жаңғырды, тіліміз өз мәртебесін алды. Мұның бәрі — тәуелсіздіктің жемісі.
Ендеше, осы байтақ елдің иесі — сендер. Қазақстан Республикасының келешегі де, тірегі де, тілегі де — жас ұрпақ.
Қорытынды ән
«Менің Қазақстаным».