Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Қаратал ауылы
Ысқақ Ыбыраев
Ысқақ Ыбыраев (10.05.1911, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Қаратал ауылы – 13.07.1965, Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ыбыраев ауылы) — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, взвод командирі. Ұлты — қазақ.
Туған жері
Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Қаратал ауылы
Қайтыс болған жері
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ыбыраев ауылы
Білім және еңбек жолының басталуы
Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені 1930 жылы тәмамдағаннан кейін, Есіл ауданындағы Орталық, Бірлік және Жарқайың өңірлерінде 12 жыл бойы мұғалім болып еңбек етті.
Әскер қатарына шақырылуы және майдан жолы
1942 жылдың шілдесінде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Горький қаласындағы (қазіргі Нижний Новгород) әскери-саяси қызметкерлер курсын бітірді. Сол жылдың қазан айында Прибалтика майданына жіберіліп, 50-полкте рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
1944 жылы Могилев жаяу әскер училищесін аяқтағаннан кейін, 1-Беларусь майданының 5-екпінді армиясы құрамындағы 60-гвардиялық атқыштар дивизиясының 177-гвардиялық атқыштар полкінде взвод басқарды.
Висла – Одер операциясындағы ерлік
1945 жылдың қаңтарында Висланың батыс жағалауындағы плацдармдардан 1-Беларусь және 1-Украина майдандары, ал оңтүстікке қарай 4-Украина майданының оң жақ қанаты шабуылға көшті. Бұл ұрыс қимылдары тарихқа Висла – Одер операциясы деген атаумен енді.
Осы операция барысында Ыбыраев басқарған взвод жаудың берік әрі ірі қорғаныс тірегін басып алып, ерекше ерлік көрсетті.
Осы ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1945 жылғы 27 ақпанда оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейінгі қызметі
Соғыс аяқталғаннан кейін туған жеріне оралды. 1948 жылы Жоғары партия мектебін бітіріп, кейін ұзақ жылдар осы салада қызмет атқарды.
Марапаттары
- Ленин ордені
- Қызыл Жұлдыз ордені
- «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі
- «Варшаваны азат еткені үшін» медалі
- Құрмет Белгісі ордені
- Басқа да көптеген медальдар