Ертеде түлкі мен қасқыр айырылмас дос болыпты

Түлкі мен қасқыр

Ертеде түлкі мен қасқыр айырылмас дос болыпты. Бір күні екеуі жортып келе жатып, жол үстінде жатқан бір кесек етке кезігеді. Етті екеуі де жегісі келеді.

Қасқыр қасындағы түлкіге: — Ал, сен же ғой, достым, — деп жол береді.

Түлкі арсалаңдай күліп: — Менің аузым ораза ғой, достым. Білмеп пе едің? Сен-ақ жей бер, — дейді.

Қасқыр етті жемек болып тұмсығын созады. Шетінен тістей бергенде, мойнын қақпан қауып алады. Ет бір шетке ұшып түседі.

Кілт сәт

Түлкі етті қағып алып, қылғи салады.

Мұны көріп тұрған қасқыр: — Ей, достым-ау, сенің аузың ораза емес пе еді? — деп сұрайды.

Түлкі қылмың қағып: — Менің аузымдағы ораза ашылып, сенің мойныңа түсті ғой, — деп, зыта жөнеліпті.