Көк түннің қызыл көздері
ГҮЛНАР САЛЫҚБАЕВА 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған. 1986 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. "Бір жұтым ауа, қызыл күн", "Жан", "Аспандағы аңсарым", "Түс", "Кешіріңдер келгенімді өмірге" жыр жинақтары, "Марина Цветаева" атты аударма кітабы жарық көрген. Қазір "Қазақстан" Ұлттық телеарнасының бас редакторы.
* * *
Кешіріңдер кең пейілді пішінде:
жүргенімді осы байтақ өңірде!
Кешіріңдер
дәл осылай болғандығым үшін де,
келгенімді өмірге...
Кешіріңдер
сүйгенімді өртеніп,
Күтіп желдің өкпегін.
Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,
өмірімнің өткенін...
Кешіріңдер
жақсы көрсем бәріңді,
көргім келіп биіктен.
Содан кейін өртеп алып барымды,
Жер тырнасам күйіктен.
Кешіріңдер
сенгенімді себепсіз,
жарқыраған бағымды.
Тозып біткен заттарыңдай, керексіз
лақтырылған шағымды.
Кешіріңдер
құрметсіздің қулығын
дер кезінде ұқпасам.
Қырық тесік болса дағы сулығым,
қабағымды шытпасам.
Кешіріңдер
түсінбесем біріңді,
көңілімнің қалғанын.
Кешіріңдер
жүрегімді, жырымды
және олардың арманын...
Кешіріңдер
өзгешелеу түсінік,
өңге айналмас түсімді.
Оңып кеткен көйлегімді – түсі ұмыт,
мағынасыз ісімді...
Кешіріңдер
күткенімді үгіліп,
Кездерімді жаңылған.
Көз жасымды –
шыға алмаған тығылып,
жүрегіме ағылған...
Кешіріңдер
жасырылған жарамды –
ешқашан да таңбаған.
Кешіріңдер қолымдағы қаламды –
құмары бір қанбаған.
Кешіріңдер кітабымды бітетін –
айта алмастан бір шынын.
Кешіріңдер кереметтер күтетін
жүрегімнің дүрсілін...
Кешіріңдер
осынау бір адамды –
жағдайы жоқ белсенер.
Кешіріңдер иен қалған жағамды
қолдарыңнан келсе егер...
Кешіріңдер
жазылмаған сөзімді,
өзімді де әлі аман.
Кешіріңдер менің ғашық көзімді –
өздеріңе қараған...
***
Оятпа сен мені, қалғысам,
Өзгеге еліктеп, өзгерме.
Іздеме бекерге, қаңғысам,
Жоғалғым келетін кездерде.
Таң болып күтіп ал кешкірсем,
Ән болып, жанымды желбірет.
Жаңа айдай жарқырат ескірсем,
Қиналма қайтемін енді? деп...
Басқа бір әлемде тұрақта,
Көздерің бақытқа шөлдесе.
Сен мені ұмытпа бірақ та,
Өзіңді ұмытқың келмесе...
Ешқандай ағынға қосылмай,
Таңданба бәрінен сырт қалсам.
Ешқашан жоғалмас досымдай
Жер болып күтіп ал бұлттансам.
Аяма адасып, қағынсам,
Сен мені сөкпейтін шығарсың?
Мың жылдар өткен соң табылсам,
Қағаздан барлығын ұғарсың...
Түсінбе тойларда болмасам,
Және де жолымды жүрілген.
Бір күні кеудеңе орнасам
Жаңбырдан кейінгі жырыммен...
***
Қашайықшы барлық қиын сұрақтан,
қишы маған ұйқыңды.
Қарашы, анау балағынан кірі аққан
қала қандай сүйкімді!
Қашайықшы, айдалаға, адасып,
Ашайықшы басқа әлемнің есігін.
Ешкім бізді іздемесін жаны ашып,
Ешкім бізден сұрамасын кешірім...
Өтіп жатқан күніміздің көбі өлең –
Жылыстайық ақырын.
Ешкім бізге қарап тұрып төбеден,
Лақтырмасын ақылын.
Ешбір адам аямасын біздерді –
Сенгендері сатты деп.
Өшірейік бар азапты іздерді,
Басқаларға бақ тілеп.
Қашайықшы, құдай үшін, ерінбе.
Жүріп тұр ма көлігің?
Әлде мені құтқаруға сенің де
Шаппай тұр ма көңілің?!
***
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Бақыттан жылаған.
Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,
Күнге ұнаған...
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Қимай қарасқан.
Ақыл-ойдың ну орманын кезбестен,
Адасқан...
Қандай қызық орамалмен кездескен –
Сүрткен көзіңді.
Һәм шығару ертең ерер сөзді естен
Және өзіңді.
Қандай қызық орындықпен кездескен –
Теңізге қараған.
Тіршіліктің тізіміне енбестен,
Сағат санаған...
Қандай қызық ағынменен кездескен –
Алыс сүйреген.
Берекесіз дүниеден безбестен,
Қайта билеген.
Қандай қызық жапырақпен кездескен –
Жаңа таңы атқан.
Көшелерде күндіз-түні көз көшкен
Күліп баратқан...
Қандай қызық қызғалдақпен кездескен –
Саған терілген.
Содан кейін самал желге жолда ескен
Жақсы көрілген.
Қандай қызық теңізбенен кездескен –
тұзды су алған.
Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,
Қуанған...
***
Ішінде арман-ағыстың
Бұзылды жүрек жолдары.
Доссыз өмірмен таныстым –
Сұп-суық екен қолдары.
Қуанып жүріп, құладым,
Қар жауған қала тағы кір.
Доссыз өмірге ұнадым,
Ал енді маған бәрібір...
Бәріңнен енді алыспын,
Алыстай түсем бұл түні.
Доссыз өмірмен таныстым,
Түріміз қандай күлкілі!
Ешкімді енді тоспаспын,
Ұмытып кетіп жүрмесем.
Доссыз өмірмен достастым,
Жағдайым осы, білмесең.
Армандап жүріп, адастым,
Жолымды таптым қалайда.
Доссыз өмірмен жарастым,
Келмеші мұнда, жарай ма?..
***
Тек қана Сізді ойлаумен жалғанды әнім,
Көзімнің жаңбырына толы уысым.
Тағы бір ауырсам деп армандадым –
Сізді бір көру үшін...
Тағы бір көрсем дедім, талмай жүрек –
Арманның мұнарланған көрінісін,
Көңілім көшелерді шарлайды кеп
Сізді бір көру үшін.
Қуанып, қызық өмір сүре алмадым,
Биікке шақырмады мені құсым.
Не істеуге болатынын біле алмадым
Сізді бір көру үшін...
***
Сізді ғана күтіп жүр ем, таба алмай,
Бір күні кеп, шырағымды жағардай.
Сізді күттім қара жолға қадалып,
Қанатымды қаға алмай.
Сізді күттім күздің күрең бағындай,
Сізді күттім ханның алтын тағындай.
Күннен тамған күміс тамшы секілді –
Сізді күттім бұлдыраған сағымдай.
Сізді күттім жауын күткен даладай,
Сізді күттім тәтті іздеген баладай.
Ұмыта алмай ұзақ жүрдім көшеде,
Аяғымның талғанына қарамай.
Күтуменен құлады күн, атып таң,
Сізді күттім бөліп алып уақыттан.
Қасыңызға еріп келген ана әйел
Қалай өлмей, шыдап отыр бақыттан...
***
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар ән шығар
аспанның жүрегінен тамып тұрған?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар жан шығар
биікте тұра беру жалықтырған?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар шу шығар
сытырлап қара түнмен айтысатын?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар бу шығар
қызыл күн бір қараса, қайта ұшатын?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар сөз шығар
аспаннан ағып тұрған?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар көз шығар
қара жер зарықтырған?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар би шығар
ырғағы егіз менің жүрегіммен?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар сый шығар - маған жіберілген?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар жол шығар –
бір-ақ бағыты бар?!
Тамшылар, тамшылар...
Тамшылар көл шығар
көктен ағытылар?!
Тамшылар, тамшылар...Қамшылар –
жерді сабалаған.
Тамшылар – аңшылар... мені қамалаған...
КҮН
1.
Сәулең – реңімде,
Нұрға толы – уысым.
Келдім бұл өмірге
Сені көру үшін.
Көптің бірі дерсің,
Келдім күю үшін.
Келдім, ұлы көршім,
Сені сүю үшін!
Келдім жайлануға -
Ұзақ күткеніме.
Мәңгі байлануға
Қызыл жіптеріңе.
Келдім үміт тағып,
Алтын кейіпкерге.
Ал, түн құлыпталып,
Қалсын сейфтерде...
2.
Белгілі сенен безбесім,
Белгісіз кейде жоқ-барым.
Жердегі мұңды көздесін
Самсаған сәуле-оқтарың.
Мейірім ғана озардай
Өмірде мынау кіл жарыс.
Жүзіңнен сенің көз алмай,
Қараған мен бір – күнбағыс...
Алысқа жетер бір үнмін,
Алаула жүрек төрінде –
Адалдық жайлы жырымның
Ең ғажап деген жерінде!
Жетесің жалғыз бәріне,
Аман бол бақыт – от демі.
Махаббат жайлы әніме
Қайырма болып көктегі...
***
Табылмаса, табылмасын керегім,
Қандай қызық жоғалғанды іздемек!
Мен бәрібір бақыттымын! деп едім,
Құстар айтты: Бақыттымыз біз де деп...
Орындалмай қойсын мейлі ойдағым,
Отырайын өзіме өзім күлкім кеп.
Гүлдер тойлап алды дағы тойларын,
Содан кейін өліп жатты біртіндеп...
***
Асылынан жерініп,
Айдалаға анталап.
Қу кеңірдек емініп,
Екі көзі қанталап.
Адал көрсе, жаңқалап,
Арам көрсе алқалап,
Күннің көзі жарқ етсе,
Қол жеткенше қалқалап...
Өзі отырған ағаштың
түбін кесіп, балталап...
Бір жындыға мың жынды
жиып берген шартарап
Қай бетімен бұларды
көтеріп жүр арқалап?!
...көрсоқырға қор болған қайран біздің нар талап...
Алақанға түкіріп,
Бірін бірі қаумалап.
Сужыландай сумаңдап,
Пайда көрсе, саумалап.
Қоқиланған болады
Жан-жағынан жау қарап.
Жаман-жұтық шірігін
Таратып жүр саудалап.
Биігіңнен адасып, ақ қанатым, талмалап,
Арасында жүрерсің амалсыздан аллалап.
Бір-біріне сүйініп,
Бір-біріне иіліп,
Барлығы бір балшықтан жасалғандай құйылып.
Қызыл-жасыл киініп,
Білгенімсіп бұйырып,
Үргенімсіп, үйіліп,
Құмнан асқар тау болмас қанша жерден жиылып.
Надан шықса төбеге, құтырады мың надан.
Надандардан тұратын сияқтанып бұл ғалам.
Өмір сонда осылай өтер ме екен зырлаған –
Бәлекеттен арылмай жүрегімді тырнаған...
* * *
Сіңіріп жерден жылу, көктен көрік,
Табылмай көңіліме жеткен көлік.
Кеудеме қараторғай ұя салса,
Жем беріп, асырадың көктем болып.
Сөздері сөз ғана емес,
Саз сияқты.
өзіңсіз жердің беті таз сияқты.
Жайқалттың, жасандырдың, жарылқадың
Жалғанға жақсы қонақ – жаз сияқты.
Жапырақ қашқан қала түз сияқты,
Естегім – ертең қатар мұз сияқты.
Қайырымсыз қара жел боп сабаладың
Қарғалар ғана қалған күз сияқты.
Жақсы кез жаныңды арбар түс сияқты,
Жылыны жаны сүйер құс сияқты.
Болмасын аяғы жоқ іс сияқты –
Қатырсаң, қатыра ғой қыс сияқты...
* * *
Төрт жағымнан сені ғана көремін,
Көремін де ұмытамын сор елін.
Саясына жұрт тығылған терегім,
Қысқа күнде қырық құбылған керегім...
Мына күнде сүйер мендей кімді кім?
Сендей жарық ете алады түнді кім...
Сен дегенде шөлге айналар ындыным,
өтірікті көп айтатын Шындығым.
Сен көрінсең, қуанышта өлшем жоқ,
Ұраным да, жыр-әнім де сен, сен боп.
Бақыттымын,
Ал, сен кімсің?
Білмеймін.
Армандаймын соны білмей өлсем деп.
* * *
Тырс-тырс, тырс тырс...
Тереземді жаңбыр қағады,
Тырс-тырс, тырс-тырс ...
Тағы мені табады.
Тырс-тырс, тырс-тырс,
Тыныштық бер шамалы.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Соның бәрі қалады.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Көк аспанның бөлшегі
Үзіледі, көңіліммен көрші еді.
Кімге керек өміріңнің өлшемі?
Кімге керек иегіңнің кемсеңі?..
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Мен де сендей ағылдым,
Бұл өмірді сүрмегендей сағындым.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Тар бесікке таңылдым,
Аспан едім,
жазды күтіп, жаңылдым.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Саған несін ақталам,
Сырымды айтып сырттағыға жақпаған ...
Тырс-тырс, тырс-тырс,
Сен – сөзімсің таппаған –
Қара қыстың көз жасындай қатпаған.
Тырс-тырс, тырс-тырс.
Тырсылдай бер ендеше!
Суытса да қата алмағам мен кеше.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Тырсылдамай қайтесің
Мұзға айналу қолыңнан еш келмесе.
Тырс-тырс, тырс-тырс...
* * *
Өкінді гүлім, өкінді –
Бүршігін енді аша алмай.
Кешіккен ұшақ секілді
Ауа райынан аса алмай.
Секемшіл көңіл сыр берер,
Тұрғызар үміт құласаң.
Кешіккен ұшақ бір келер
Күтуге оны шыдасаң...
Сол күннен қайда жүр дерек?..
Жан бар ма оны есіткен?!
Гүлдердің жөні бір бөлек –
Көктемі мәңгі кешіккен.
Қызады нанның күресі,
Сенісер жандар селдіреп.
Көзімнің көркем үлесі
Қарайды маған мөлдіреп.
Бітпеді қызық түс әлі,
Асықпай мен де кетем деп.
Жанымның жалғыз ұшағы
Кешікпей ұшса екен тек.
* * *
Өмірім жұрт білмейтін ән сияқты –
Ешқашан айта алмайтын.
Жақсының бір күлгені таң сияқты –
Көзсізге байқалмайтын.
Реніш айнадағы шаң сияқты
Бетіңді жауып тұрған.
Жүрегім кеудемдегі хан сияқты –
Кей кезде жалықтырған.
Өлеңім қып-қызыл бір қан сияқты
Жанымнан тамып тұрған...
* * *
Тоңды жаным – жапырақ,
Ағаш-тәнім аңырып тұр, ақымақ.
Күннің көзі ұйқылы –
Анда-санда ашылғанмен бақылап...
Өмір деген – үңгірлерге үңілу,
Содан кейін түңілу!
Тоңып тұрып, жылындым,
Күліп тұрып, бүліндім.
Ұрынбасқа ұрындым.
Жапырағым – жанымды қорғалап,
Қара түннің көзінен сорғалап
Келе жатқан бір өлең...
* * *
Аспанды жау қамады,
Абақтыға ұқсайды...
Біреу тонын жамады –
Бүтін болып шықса игі.
Тұралатып, жан алар
Тұман басты Ақсайды.
Жоқ іздеген балалар
Бірін бірі тапса игі.
Тағы мені таңдар мұң
Ашық күнді аңсайды.
Тұманытқан жандардың
Бақыттары жанса игі.
Ұқсап көше моншаға,
Белгісіздік құрсайды.
Мейлі, қандай болса да
Өмір кетпей тұрса игі.
Кеудемдегі сағатым
Қалған күнді өлшейді.
Бір сілкініп алатын
Ғажайып сәт келсе игі...
Бір сағыныш балалап,
Көктем исін көксейді.
Сай-саланы сағалап,
Бір жылы жел жетсе игі...
* * *
Қалыңдар жұқа жанымды құтырып, тепті,
Бәрін де көріп, білесің жанарың қалса.
Троллейбустар талайды түкіріп кетті,
Ішінде соның болмадың, амалым қанша...
Соңғы рет күлген көктемнің көздерін аңсап,
Соңынан қайтқан құстардың ермедім жылап.
Өзгеге кетті жастығым, өзгеріп, алшақ,
Соғыста өлген сарбаздай келмедің бірақ.
Күтумен өткен күнімді көп көрдің бе екен,
Атыңды көше әніне қосады күнде.
Тұманды түнде адасып, жоқ болдың ба екен?
Трамвай сенсіз салдырлап, босады мүлде.
Әлде сен мүлде басқасың, арманың бөтен,
Кеудемде бүгін ерекше сезілді бүлік.
Сен бар деп, бекер өзімді алдадым ба екен –
Шынайы өмір барына көзімді жұмып...
Жауабы әсем жастықтың желігі кетті,
Қалыңдар жұқа жанымды соғады күнде.
Өзіңе жетем деуменен өмірім өтті –
Барыңа сенген кездердің обалы кімге,
Әділет?!
* * *
Көзің жасын көл қылып,
Алжыдың, қаңтар, алжыдың!
Қыспағынан құтылмай
Жүрген жандай қаржының.
Көк темірге жол қылып,
Жүйкенің тозған қалдығын.
Орындап жүрміз жүгіріп,
Алланың берген жарлығын...
Кешегі кемсіз дүние
Ұлтарақтай тар бүгін.
Шимай-шатпақ сияқты
Шыр айналған әр күнім.
Тау басына жете алмай,
Әр төбеде қалды үнім.
Түсінуден қап барам
Тіршіліктің қалжыңын.
Аласартып барады
Арқамдағы тау-жүгім.
Аша алмаған жандаймын
Асылы көп сандығын.
Жағымпаздар жайлаған
Төңірегін жалдының –
Түсіне алмай барамын
Пендешілік даң-дұңын.
Қожайыны ас бермей
Қойған иттей қаңғыдым...
Тағы қандай сыйың бар,
Таңғажайып тағдырым?
Көктем едім бір кезде
Енді, міне, қарлымын
Қайда кеттің көрінбей,
Аспандағы хан-күнім?
Ашпаймысың көзіңді?!
Айтпаймысың сөзіңді?!
Алмайсың ба мойнынан
Арманымның дар жібін?
Сен көрінсең бір сәтке,
Кешірер ем барлығын...
...ақ қағазға айтқан соң
Қара түнде қалды мұң...
* * *
Қаншама рет кезіктің қарсы алдымнан,
Талай сені танымай кеткем өтіп.
Біреулерге өзіңсің ән салдырған,
Біреулерді өлердей өкпелетіп.
Еліктіріп, елестей жоқ боласың,
Күндей шыға келесің қайдан күліп?
Бір жоласаң, шүпірлеп көп қонасың,
Біреулердің бастарын айналдырып.
Бір жетесің күдерін үзбегенге,
Былығы көп жүректен жерінесің.
Таппай, тауым шағылып, іздегенде
Көздерінен ұлымның көрінесің.
Бақыт...
* * *
Жүріп келем көшемен жайдақ, тайғақ,
Секіртеді сезігім антұрғандай.
Қара қазан түбінде қайнап-қайнап,
Дүниенің қызығы сарқылғандай.
Жау іздеген жандарды түсінбедім,
Қата алмадым жолында қарыс-кектің.
Болғаннан соң шамалы күшімде мін,
Айдалаға бөлініп, алыс кеттім.
Жаным күйіп, батамын тағы нуға,
Жалғастырам амалсыз ақ әнімді.
Аллашыл боп, күнәдан арылуға
ұры сауап жинаған заманымды...
Ұялатын кім қалды арға қарап,
Қайтарардай жұртымның қайран бағын?!
Жүр мұсылман болғанын жарнамалап,
Қарынына қанша май байланғанын.
Көңілімнің жайлауы таз болғандай,
Шошынамын осылар түсіме енсе:
адамды алдап, жиғаны аз болғандай
алдайтұғын Алланы күші келсе.
Өмір деген оларға тұйық көше,
Солар – құдай жазалап, шын ататын.
Біреу егер өзінен биіктесе,
Табанына мұз қойып, құлататын.
Жұмырына жұқ болмас жұтса бәрін,
Көріп, біліп, еңбегін бағалар кім -
тізгін ұстап, тіріге ұқсағанын
бесігінен безінген балалардың...
Көшелердің кеудесін темір құрсап,
Көрерімді көрмекке жүріп келем.
Тоқтағандай болды да өмір бір сәт,
Қайта кетті басталып үмітпенен...
* * *
Нұр-жауынның толастамай легі,
Шу қалада қандай қызық адасу!
Қараңғыда жарық төгер реңі
Қандай қызық телефонмен жарасу!
Жолыққандай қыс ішінен бір көктем,
Қараңғыда қағаз бенен қаламсыз,
Қандай қызық телефонға сыр төккен
Ағыл-тегіл, алаңсыз...
Аспан түстес алақандай тақтаға
Әппақ жолдар тізіледі табанда.
Рақмет, жыр жазуға шақ қана
Телефонды ойлап тапқан адамға!
Құлан-таза жазылғандай қотырдан,
Оған бақыт әкелгендей бұл ай сәл.
Телефонға өлең жазып отырған
Біреу көрсең, хал-жағдайын сұрай сал...
* *
Жүз рет құлап, жүз рет тұрдым,
Құлармын талай әлі мен.
Нан үшін талмай қызмет қылдым
Бала-шағаның қамымен.
Ұнамай ешбір жиын да маған,
Жақсымен келем жарасып.
Жүрсем де қара құйыннан аман
Өлеңнен қалдым адасып...
Көп болды мініп, жеке кетпедім
Желден де жүйрік, боз атын.
Білдірмей күннің бекер өткенін,
Қиналсам, қолын созатын.
Көп болды оны ерттемегелі,
Кетпегелі айға мен ұшып.
Бермейтін еді дертке де желі,
Тірліктің уын бөлісіп.
Көмкерер едім Айды да гүл боп,
Өзіме берсе ерікті.
Жақсы көрмесең, қайғы да, мұң жоқ –
Елестетесің өлікті.
Білмеймін қандай сый тастайтынын,
Туады мендей тағы өрен.
Өмірдің өзі – ұйқаспайтұғын,
Ақыры жұмбақ ақ өлең...
* * *
Қар жауып тұр құйылып, түйдектетіп,
Ағындатып, қалықтап, билеп кетіп.
Қар жауып тұр,
Қайнаған тіршіліктен
Қайта-қайта көзімді сүйреп кетіп...
Жақындаса жауратар жанын ашып,
Қар жауып тұр жарысып, жамырасып.
Ағаш қана серейіп, селт етпейді,
Көкірегі көктемге әлі ғашық.
Қар жауып тұр бұрқырап, бұраңдасып,
Қара жерге лап қойып, ұрандасып.
Көшедегі көліктер шыңғырады
Абайсызда алғандай жылан басып.
Қар жауып тұр қараны бүркемелеп,
Ұшып келе жатқандай мың көбелек.
Қар астында бәйшешек гүлін ашса,
Кетер ме екен кеміріп бір кемелек...
Төтелетіп, төменге жол алғандай
Қар жауып тұр.
Ерісе, обал қандай...
Арманымның адасқан шағаласы
Отанына сағынып оралғандай.
Қар жауып тұр қанатын желбіретіп,
Еркелетіп көңілді, елжіретіп.
Көз алдымнан осы бір әппақ әлем
Қалмаса екен, шіркін-ай, енді кетіп...
* * *
Қанатым қайта қағылып –
Шарпыған шетін от талай.
Алланың нұрын жамылып,
Барамын ұшып, тоқтамай.
Сүймей-ақ астың майлысын,
Кимей-ақ қымбат, түрлі ішік,
Көтеріп гүлдің қайғысын,
Барамын бумен бірге ұшып...
* * *
Өкпелеме бұл өмірдің азына,
бұрылып кеп,
Қыс ішінде қырық шаршы жазыма
жылынып кет...
Бұрылып кет.
Өліп қалсаң, қайтадан тіріліп кет.
Бал қосып, шай ішеміз.
Өкпелеме бұл өмірдің қысына,
қысылып кеп,
Ұятсыздар әлемінің исінен
ұшынып кеп,
Енді қайта тоңбастай ысынып кет.
Бал қосып, шай ішеміз.
Қыс ішінде қырық шаршы жазыма
сен келіп кет.
Мейлі, мені жылуға кенде ғып кет.
Емделіп кет,
Аш көңілге аямай жем беріп кет.
Бал қосып шай ішеміз.
Өкпелеме жер жаурап, терек тоңса,
Жазыма бір келіп кет,
Керек болса.
Өкпелесең өкпеле маған ғана –
себеп болса...
Бал қосып, шай ішеміз...
* * *
Қосылса дағы мың бояу,
Қара түс түгел жеңеді.
Көңілге түссе шын қаяу,
Басқаның бәрі өледі.
Қалмайды қызыл, жасыл да,
Қара түс бәрін қырады.
Ақыры қара шашыңда
Ақ қана билік құрады.
Бере ме шайтан тілегін,
Қараның күші орасан.
Қып-қызыл сенің жүрегің
Қарайып кетер жоласаң.
Жемісі күннің – мың бояу
Қарадан қашып келеді.
Түнектен шыққан түнгі ояу,
Көзіңнің бар ма көмегі?
Тосады бәрін ерінбей,
Қанаты жанның талғанда.
Күн дағы қалар көрінбей
Қара бұлт қамап алғанда.
Көнбейді тұсау, ноқтаға,
Өңдінің бәрі өрістей.
Көгілдір аспан тек қана
Келеді әлі беріспей.
Таба алмай ешкім әлі емін,
Қайнайды қара басынып.
Жанымның әппақ әлемін
Келемін содан жасырып.
* * *
Тереземнің ағарып ар жағы әлі
Бүгін тағы түсімде қар жауады...
Қармен бірге қалықтап, ұшып жүрем,
Ұшып жүріп, көп жайды түсіндірем.
Терезелер жанымды ұғар ма екен...
Шынымды айтсам, шытынап, сынар ма екен?!
Арындаған ауыздай сандырақтап,
Ән салсам ба ең биік тауды мақтап...
Қармен бірге мен дағы қонар ма екем,
Қара жерде қалтырап, тоңар ма екем...
Табандарға көрініп ақ қар бөтен,
Қаршылдатып, қағынып, таптар ма екен?!
... Тереземнің қап-қара ар жағы әлі –
Бәлкім бүгін түсімде қар жауады...
* * *
Асылдан қалған сарқындай,
Құмар боп қара құлыпқа,
Батпаққа тамған алтындай
Күн батып кетті бұлтқа.
Көруден жерді қажалған
Көздерін жұмып, жұбанып.
Қалыңнан қашып сазы алуан,
Қайтадан жатыр құралып...
Демалыс алды күн бүгін
Айласын елден асырып.
Айтылмай кетер шындығын
Алысқа жатыр жасырып...
* * *
Жығылды көзім –
нұр күткен,
Соқпағым мынау –
ілбіткен...
Құлады басым құлазыған кеудеме
тірліктен.
Суындым –
қаңтардың қара тасындай,
Күлкім –
сараңның құйған асындай.
Үзілді адасқан ойларым
құлдың құнсыз басындай.
Білдім
тірліктің түпсіз қуысын,
Күлдім
күлмеңдегенге күні үшін.
Тұрмын
Тұрақсыз құмның үстінде,
Әй, құрысын...
Қалдым
шашудай жерде шашырап.
Өмір –
тастан да гөрі тасырақ...
Ырсылда пайда қуалап,
Бәрің бір қулық асырап...
* * *
Жапырағың жайқалып,
шақырып ең, Алматы,
Ақындарға таусылмас тақырып ең, Алматы.
Арығыңда қалтылдап ағып бара жататын
Ат басындай алмаңнан татырып ең, Алматы...
Таза-ақ едің, Алматы,
Ғажап едің, Алматы!
Жасыл бағы жанымды көрікті еткен Алматы,
Тумаса да туғандай болып кеткен Алматы.
Сары күзге малынып,
сағынудан жалығып,
күндерімнің куәсі - өліп кеткен, Алматы.
Таза-ақ едім, Алматы,
Ғажап едім, Алматы!
Тасқа шаншып қоя алсаң, таяқ өнер Алматы,
Қыр қазағы қызығып, сая көрер Алматы.
Қарт Алатау қабағын жадыратып жатсын деп,
Жасаған да қалмаған аяп өнер Алматы.
Балаң едің, Алматы,
Дарам едің, Алматы.
Көктем келсе, көрінбей, гүлге айналған Алматы,
Төбесінен кете алмай, күн байланған Алматы.
Сен едің ғой ертегім шынға айналған, Алматы ...
Өмірімнен аумайсың мұңға айналған, Алматы.
Балаң едім, Алматы,
Дараң едім, Алматы...
Бір едің ғой, Алматы,
Жыр едің ғой, Алматы.
Ертегінің соңындай тірі едің ғой, Алматы...
* * *
Келші, көктем-сіңілім,
Қайда кеттің қыдырып –
желп-желп етіп тұлымың,
бұлақ болып жүгіріп?!
Қоңыраудай сыңғырлап, күліп жүр ме екенсің?
Келеріңді бір күні біліп жүр ме екенсің?
Бақытыңмен, бауырым,
қай жақтарды жылыттың?
Гүлдің жинап тәуірін,
Бізді қалай ұмыттың?
Басқа жердің бағына ұнап жүр ме екенсің?
Сар далаңды сағынып, жылап жүр ме екенсің?
Тоңдым, құлдай торығып,
Барлығыңды білдірші.
Түсімде бір жолығып,
Аязымды сындыршы.
Көшелердің бойында шұбап өнер ме екенсің?
Ала қардың астынан шыға келер ме екенсің...
Келші, көктем, құспенен,
Бір-ақ күнде білдірмей.
Қоштасуға қыспенен
Қалайын мен үлгірмей.
... Осы биыл сен әлде кешігер ме екенсің?
Келе ғой деп шақырсам, есінер ме екенсің...
* * *
Сен мені ая.
Сені мен...
Аяймын сені,
бері қара!
Тағдырдың тасыр желімен
барарымыз – жер ғана...
Арман-ай...
Айналдым күнді.
Ай алыс...
Жүрегім еттей тартылған.
Көзімнен кетпей аяныш,
Қараймын жерге шарқ ұрған.
Арман-ай...
Аяныштың дертімен
айналып барам өлеңге.
Дүние барлық көркімен
шұрқырайды төменде.
Арман-ай...
Көзім кетсе ілініп,
Қалар ма екем тағы әнсіз.
Бір бұтаға тығылып,
Қонар ма екем алаңсыз.
Арман-ай...
Көңілімнің жайы алуан,
Ая мені, құлақ түр.
Аспан анау – аялған
Үнсіз іштей жылап тұр...
Арман-ай...
Қанатымның талғаны-ай...
* * *
Мен білмейтін адамдар:
көшелерде,
үйлерде,
Жаназада, жарыста,
емханада, билерде.
Мен білмейтін адамдар
қуанады, күледі,
Мен білмейтін өмірін өздерінше сүреді.
Мен білмейтін адамдар
(мен де соның біреуі)
Өзге түгіл өзін де түсіне алмай жүреді...
Қаламымен жазылған құдіреттің көктегі,
Мен білмейтін адамдар – жұмбақ кітап беттері.
Мен білмейтін адамдар –
көрінбейтін ұшқаны,
тас үйлердің ерекше тағдыры бар құстары.
... тереземді ұратын тамшылардың тырсылы –
Мен білмейтін адамдар жүрегінің дүрсілі...
* * *
Қалада мынау қарғалы
Күлген де болам наз айтып,
Көңілім кімнен қалмады,
Көзімнің нұрын азайтып.
Қанатың қайда қырқылған,
Көңілдің көркем нәзігі?
Адасып қалған жұртыңнан
Жанымның бітті азығы...
Қалада мынау қарғалы
Жүзеді жүрек әлі өңді.
Көруден көзім талмады,
Сенеміз кімге, ал, енді?..
* * *
Қаланың қара сөздерін
Қараша ұғар күркілдек.
Көк түннің қызыл көздері
Жұмылып жатыр біртіндеп.
Көк түннің көне суығы
Тамаққа сонда тас кептер.
Жанымның жалғыз жуығы
Сен қайда жүрсің, аш кептер?
Қашық та емес жол да аса,
Сен қайда жүрсің ұмытып?
Жегізер дәнім болмаса,
Жібермес пе едім жылытып.
Көк түндей суық кейде есің,
Мені де қойдың қатырып.
Көңілдің жыртық жейдесін
Жамай бер енді аһ ұрып...
***
Қаншама ағаш егілді екен сен үшін,
Қаншама дән себілді екен сен үшін.
Қаншама ақын қара жерге тірідей
Көмілді екен сен үшін...
Қанша қылыш сермелді екен сен үшін,
Қанша батыр жерленді екен сен үшін.
Қара жауын, қара тастың сызында
Тергелді екен сен үшін...
Қаншама ұлды тор алды екен сен үшін,
Арылмайтын сор алды екен сен үшін.
Қанша бұрым білегіне жауыздың
Оралды екен сен үшін..
Қаншама жан сөгілді екен сен үшін,
Қаншама қан төгілді екен сен үшін.
Мөлдіреген көк аспанды ту еткен
Менің алтын жеңісім!
Сенің атың – жаздың жайлы желінде,
Тыныштықта балқыған жер демінде.
Алма ағашы сияқтанып гүлдейсің
Атыңды айтып, күбірлеген ерінде.
Өлеңдесің қаламымнан құлаған,
Өзімдесің – түсінбейтін бір адам.
Үніндесің шырылдаған сәбидің
Қол-аяғын босатуды сұраған.
Сен – күнімсің, жарып шыққан бұлтты,
Сен үнімсің бұзған қара құлыпты.
Биіктікке құмары бір қанбаған –
Сен – бағымсың, қыран болып самғаған.
Ұлы армансың, алты алашты тербеген,
Ұлы айқайсың, көкіректі кернеген.
Жебеушісі – желді сүйген жанымның,
Сен – шуақсың, өлтірсе де өлмеген,
Азаттық!
***
Алатаудың басында қысы-жазы қар жатыр,
Қарға айналған жасымда төгілмеген зар жатыр.
Арманына жете алмай, шөгіп қалған нар жатыр,
Қараюды білмейтін қасіретті ар жатыр.
Алатаудың басында атар-атпас таң жатыр,
Қызылкүрең қан жатыр... ең ақырғы хан жатыр...
Бақ іздеген бабамның басын шауып алмаққа
Бар ақылын жұмсаған дұшпандардан шаң жатыр.
Алашымның басынан бір кетпеген мұң жатыр,
Сол мұңымды жасырып, жарбаңдаған түн жатыр.
Алатаудың басында биіктікке шақырып,
Еміс-еміс естілген құдіретті үн жатыр.
Биіктей бер, құмдай боп, ұсақталмай, ұлы елім!
Сенен басқа жоқ менің дүниеде тірегім...
Аңсағаным – Азаттық, күндей болып реңің,
Шеш көңілдің шідерін!
***
Жарасқан аспанына асқақ елдің
Атыңды тауға жаздым, тасқа да өрдім.
Аталар арманының баласы едің
Ат жалын тартып мінер жасқа келдің.
Жолдардың қиынымен жүріп көрдің,
Соңыңнан ерген елге үміт болдың.
Жарқырап күнмен бірге шығып едің,
Өзің де күнге айналған жігіт болдың.
Жазылды атың аппақ әріптермен –
Жағылып, жан-жағына жарық берген.
Жиырма жыл жиырма жырға айналды
Қаламмен қанат тағып, халық берген.
Болары анық ертең әлем сіздік,
Кеудемді керіп тұрған әуен сіздік.
Жыл да емес, ғасыр да емес, мәңгілік бол,
Жиырма жасқа келген Тәуелсіздік!
***
Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!
Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...
Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Бармасам да, барсам да сағынатын Астанам.
Жадыратып жанымды мұң-қайғы алған, Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!
Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.
Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.
Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен, Астанам...
Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?..
***
Көшпелі елдің көркі едің сен, азаттық,
Ен далада ерке едің сен, азаттық.
Ұмытылмас, ұлы арманға айналып,
Сан жүректі өртедің сен, азаттық...
Сағынышты салтым едің, азаттық,
Қолға түспес алтын едің, азаттық.
Қанатыңа қара темір байланып,
Талай азап тартып едің, азаттық.
Алтын күннің шуағы сен – Азаттық!
Өр рухымның қыраны сен – Азаттық!
Алашымның ұраны сен – Азаттық!
Қиялымның пырағы сен – Азаттық!
Аспанымды еншіледің, азаттық,
Мәңгі еліме төнші менің, азаттық!
Ағыл-тегіл тасқыны боп ауаның
Жүрегіме енші менің, азаттық!
Азат елдің ертеңіне сендіре,
Көк байрағым, толқынданып, желбіре!
Аталарым арман еткен азаттық,
Көк аспандай төбемізден мөлдіре!
***
Солнце – мое, я его никому не отдам...
М. Цветаева
Күн – менікі,
Менің жарық жанымда!
Кете алмайды ол дүниеде барымда.
Күн – менікі, суығанды білмейтін
Кеудемдегі ыстық-ыстық ағында.
Күн – менікі, жоғарыда, төменде
Ешкім оны тыға алмайды тереңге!
Күн – көзінде елжіреген елімнің,
От тілінде ой айтатын өлеңде.
Күн – менікі, мәңгі менің қасымда,
Бабаларым таңбалаған тасымда.
Тереземді қара бұлт жапқанда
Көздерімнен аққан ыстық жасымда.
Күн қуанып, шалқып-тасқан кезімде,
Дөп-дөңгелек келбетімде, сөзімде.
Күн – төбемде,
көк аспанның үзігі –
Көк туымда, өмірімде, өзімде!
* * *
Қар...
Түрі жоқ толастар...
Сол ем сияқты.
Алланың шимайындай ағаштар
өлең сияқты.
Жасыма.
Ұлы көктің үлпілдеген жасына
Жең шылармын.
Бәлкім қонып, еріп жатқан басыңа
Мен шығармын.
Бүгін қарлымын, жарлымын,
Үнсіз, сұрақсыз...
Қар сияқты сенің де барлығың,
Тұрақсыз.
Қар...
Түрі жоқ басылар,
Кел, ұша алсаң.
Басқан ізім басқа жақта шашырар,
Жерге түсе алсам.
* * *
Көше бойы өзімді үлестіріп,
Шаштым.
Телефоннан бақыттың үні естіліп,
Маспын.
Онсыз өмір - өтірік,
Жетім көрік.
Білдім.
Қыссыз қыста құссыз жаз секілденіп,
Күлдім.
Көлеңкенің көзіндей
Көрінбейді ешкім.
Жүрегімнің соңынан ілестім...
* * *
Бүгін де ештеңе жаумайды,
Бостықты қуып.
Қарғалар өртенген өлеңнен аумайды,
Аспанда туып.
Бүгін де көшелер тасиды,
Бағдаршамдарға бағынып,
Көлемсіз көңіл жасиды
Жоқты сағынып.
Бүгін де барлығым белгісіз,
Өмір өнбейді.
Қайдан табасыз енді Сіз
Мендейді?
* * *
Құс болсам ғой,
Ұшар едім, ұшар ем...
Қалар еді қялымнан тыс әлем.
Қалар еді қыбырлаған тіршілік,
Аспаныма алсам болды бір шығып.
Сол аспанда ойланар ем,
Тұрар ем,
Биіктерде бір салтанат құрар ем.
Содан кейін қалтырар ем, тоңар ем,
Содан кейін жерге қайта қонар ем...
ПЕНЕЛОПА ЕКЕУМІЗ
Арманы өлмес, азғананың біріміз,
Айдың жарық,
Күннің ыстық түріміз.
Біреулерге өліден де өліміз,
Біреулерге тіріден де тіріміз –
Пенелопа екеуміз.
Батыр біткен қан майданда қырқысып,
Жан берісер тау жастанып, бұлт ішіп.
Біз күтеміз –
Жел аямай жұлқыған
Күзгі, соңғы жапырақтай тыртысып –
Пенелопа екеуміз.
Жүрек қана мекен етер сараймыз,
Һәм бақытты болуға да жараймыз.
Өкінбейміз өрмек тоқып отырып,
Өзгеге емес, терезеге қараймыз –
Пенелопа екеуміз.
* * *
Көзімді көкке шегеледі,
Сөзімді сүйреп жол аппақ.
Көңілдің көзсіз көбелегі
Гүлге емес, күлге қонақтап.
Күлдегі өмір күлдірмеді,
Жылауға да тұрмады.
Бақыттылығын білдірмеді
Жүректің адал құрбаны.
Кәдімгілікке қия алмады
Жолсызбен жүру ғажабын.
Адасудан да ұялмады
Тамсана жұтып азабын.
Көзім көкте, өзім жерде,
Екі жаққа бөлініп.
Ең бір қызық сезімдерге
Жүреміз біз жолығып.
* * *
Көк те саған бола алмады-ау мәңгі жай,
Қасыма кел,
Жасыма, кел жалғыз Ай.
Жалғыз-жалғыз жұлдыздарға қаралық,
Жалтылдаған, ағу үшін жаралып.
Кел, жалғыз Ай,
Кімге керек күресің?
Жер де жалғыз, шер де жалғыз,
Білесің...
Тобыр күлсе, топастығы болар да,
Жалғыздығын танытайық оларға.
Менен қайғы, сенен қара бұлт қашып,
Кетер бір күн ащы жастан ұрттасып.
Сен Күніңе жете алмайсың, ол анық.
Мен де қалғам жарты жолда тоналып.
* * *
Жаңбырлы түнде жан жылар,
Жаныңнан артық қайда бар?
Көшеде көңіл қаңғырар,
Арманның ізін аймалар.
Қуаныш, қайғы табысар,
Жүректің көзі жасаурап.
Басыңмен сосын алысар
басқадан қашқан асау бақ.
Жаңбырлы түнде жан жылар,
Жан бар ма басу айтатын?
Сән құрар ағаш салбырар –
Жапырағы жоқ байытатын.
Кеткендей жерлік дау үркіп,
Тамшыдан бейбіт күй келер.
Кеудені тәтті ауыртып,
Керемет мұңға сүйрелер.
...Жеңілді Сізден ақылым,
Жетер ме еді дауысым...
Жаңбырлы түндей жақыным,
Жаңбырлы түндей алысым...
* * *
Сені елес те қуып жете алмайды,
Жел көмейін гуілдете алмайды.
Шайтан ғана озар сүйіп бетіңнен,
Тістер еді,
Тісі менен кетілген...
Жете алмайды саған ешкім, ештеңе!
Өйткені мен тырыспаймын жетуге...
Саған от та құмар емес,
Жанбайсың,
Саған жоқ та құмар емес,
Ең байсың!
Сөйлегенің –
Сөз атаулының мейрамы,
Күрсінгенің –
Күн атаулының ойраны.
Жете алмайды саған ешкім, ештеңе!
* * *
Мені аяма,
өзіңді ая, аясаң.
Күн сияқты, жоғаламын, таясаң...
Бар болғаны қар ғанамын,
Ерісем,
Көкке кетем,
Аспан барам, ай асам.
Мен ешқашан аяй көрме,
өтінем.
Қай ақымақ қардың сүйген бетінен.
Қалықтаймын маңдайыңда кете алмай,
Ұмытыппын,
Қай ошақтың отыны ең?
Гүл ағасы,
Ай баласы,
Күн ұлы,
Әлемдегі ең әдемі жан –
Міні ұлы.
Қарап саған қартаюға, шіркін-ай,
Қар қызының жетер ме екен ғұмыры?!
* * *
Бізге жолдас көлеңкең де,
Күлің де,
Өмір қалды сыйламаған гүліңде.
Күлімдер ем күннің ыстық күйімен,
Айқайлар ем айдың алтын тілінде,
Жеткізбейсің маған.
Жерігенде жербетілік ғасырдан,
Алданыштан – абыройы ашылған.
Жұдыз жасым шашар ма едім көгіңе
Жалғыз бақыт, жүрегіме жасырған,
Жеткізбейсің маған.
Бұл өмірді бір сен үшін бастап ем,
Мәңгілігім мәмәр есік ашты әрең.
Түндеріңді жарығыммен жасқар ем,
Күндерімді табаныңа тастар ем,
Жеткізбейсің маған...
* * *
Бір ғажайып үн келді құлағыма:
Көбелектің үніндей гүлдегі.
Бүлдіргеннің дәміндей тілдегі,
Құмырсқаның сөзіндей қажыған,
Нәзік ән...
Бір ғажайып үн келді құлағыма:
Өкініштей мұңды, қышқыл.
Өрмекшінің халіндей мүшкіл...
Кеңістікке ілініп тұр әрең
Бір әуен.
Бір ғажайып үн келді құлағыма:
Құмның суға тоймағаны секілді,
Гүлдің күнді ойлағаны секілді.
Тастың суға ашқанындай сырын –
Бір үн...
Естідім де есімді лақтырдым,
Адамға айналып мүсіннен,
Табысып айныған құсыммен.
Судың сумен қауышқаны секілді,
Күннің түнді тауысқаны секілді
Айқай салдым шошып көрген түсімнен
Ішімнен...
* * *
Кеш.
Дүние бос...
Жып-жылы жүрегімді мұзға тастадың
Және қашпадың.
Өш.
Қош!
Кеш.
Дүние - дос.
Мұздың шамасы келмеді.
Ештеңе өлмеді...
Бір, екі, үш, төрт, бес!
Алақаныңды тос!
* * *
Қандай жаза тосады екен тағы алдан?
Қаншама аласұрам...
Жауып жатыр жапырақтар ағарған
Алланың ағашынан.
Жауып жатыр жапырақтар – туысым,
Солармен көктес едім.
Өзім іздеп, тауып ішкен у үшін
Кімдермен кектесемін?
Әлде бақыт құстарының мамығы
Бұрқырап тұрған мынау?
Уақыт тонап ұрылардай кәнігі
Өзімнен құр қалдым-ау...
Жылтылдап ап, жығылады, жылайды.
Олар да күнге ғашық.
Жауыма да тілемес ем бұл айды,
Құтылам кімге қашып?
Күнге ғана көзін берер шоғы алуан
Көңілдің көбелегі.
Жеңілім-ай, жерге жетпей жоғалған
Қалдырдың неге мені?!
* * *
Өксіктен өлмей тұрып, өрем қаптым,
Бетім жоқ, хазіретке қалай барам?
Ахмет Йассауи
Құдайсыздық хақында білім алдым,
Жантәсілім ете алмай, тірі қалдым.
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
Пенделік пейішіне ене алмадым,
Алдамшы дүниені жеңе алмадым.
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
Алланың жолын кесіп өте алмадым,
Құл болып, құлай қызмет ете алмадым.
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
Жарасын жүрегімнің таңа алмадым,
Фәнидің у, балына қана алмадым.
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
Көбелектей көңілдің отын ұнаттым,
Аршалаған ақылды төмен құлаттым.
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
* * *
Қайығың қандай әдемі –
Көз жасымнан жаратылған көлдегі!
Айыбың қандай әдемі,
Ең қызық жан жердегі...
Өрлігің қандай әдемі –
Өз жүрегін көрмейтін.
Қорлығың қандай әдемі –
Ешкімнің қолынан келмейтін.
Сенің қасыңда күн нұрсыз,
Көк те аласа.
Менің көзіммен қараса...
* * *
Қалмады жасым төгерге,
Бағытым басқа,
Жетім із.
Жолыңыз түссе егер де
Түсіме еніп кетіңіз...
Тәрк еткем ессіз жалғанды,
Тәңірге Сіздей сиынып.
Алыстан күлген арманды
Күтпеймін және күйініп.
Өмірімменен өңдедім,
Сіз бәлкім басқа шығарсыз?
Жүректің нәзік еңбегін
Жүз жылдан кейін ұғарсыз...
Жапырақ көзі әлі өңді,
Оған да енді күз келер.
Қияр ем жарық әлемді
Қажеті болса Сізге егер.
ЖАРЫҚ
(Светқалиға)
Қанатты сөзге жан құйып,
Қараңғы түнге күш бермей.
Шап-шағын болып, шаңқиып,
Аузынан күннің түскендей.
Бағзыдан қалған бұл жарық,
Болмайды оның жаңасы.
Жаулаған жері құмдауыт,
Теңіздің аппақ жағасы.
Бозторғай сынды сияғы,
Жүректей ғана бір ақын.
Байланыстармен ұялы
Шуағын төгіп тұратын.
Алатау пана бола алмай,
Түсіме көктем жиі еніп,
Мен жүрмін әлі жоғалмай,
Жарыққа ғана сүйеніп...
* * *
Тарылып Көктің көңілі бірден,
Тарқады Жердің мастығы.
Көрінбейтұғын өмірі гүлден
Қаланың қайтты жас күні.
Осылай! – деп жел осқылап берді,
Айырылдың, – деді, – жазыңнан!
Қалқиған қала тосты дәптерді
Мұңды өлең ылғи жазылған...
Сағыныш өтіп, сабағын қиды,
Жапырақтардың жаны ұшып.
Күлем деп...
Аспан қабағын түйді,
Күз! – деді сосын танысып.
Аңсай бір күткен асылым – қонақ,
Арманға қарай келіңіз.
Жауратсаң дағы жасылым тонап,
Жек көру қайда-а-а...
Сені, Күз...
* * *
Күтуден сені талмадым,
Көңілге сұлу мұң артып.
Алыс та, жақын арманым
Көгілдір таудай мұнартып.
Асқынып дертім кеткендей,
Көздері жанға ем еді.
Кешігіп қалған көктемдей
Түсіме неге енеді?..
Жібітіп тасты сұрланған –
Еріте алмас өзге ешкім.
Жапырақтары ұрланған
Күзімде несін кездестің?!
Естілмей қалды үнің бір,
Көздерің ғана – көгімде.
Шілдемен бірге шіліңгір
Өртеніп кетсін дедің бе?...
* * *
Оның көзі – көк аспанның үзігі,
Оның сөзі – сөз біткеннің қызығы.
Оның өзі – кеш көрінген жағалау,
Жете алмасам, басқа біреу табады-ау...
Оның көзі жылытады тоңғанды,
Оның сөзі тірілтеді солғанды.
Оның әні – айтылмаған, ішінде,
Маған ғана арналады түсімде.
Оның көзі – күннің көркем танысы,
Оның сөзі – жанның асыл дәрісі.
Жамайды кеп жарығымды жыртылған –
Бауырымдай бір туған.
Оның көзін көргім келе береді,
Оның сөзі – жаздың ыстық өлеңі.
... Оның өзі көңіліндей көлемді,
Басқа ештеңе айта алмаймын мен енді...
* * *
Жүрегім, жаным езіліп,
Қасыңа жақын бармадым.
Күзімде келіп кезігіп,
Күлкілі күйге салғаның.
Көзінің көркем жаңбыры
Төгіліп кетсін дедің бе?
Тағылау едім, тағдырым
Сөгіліп кетсін дедің бе?
Жанымның үнсіз еліне
Ән болайын дедің бе?
Жүрегімнің төріне
Хан болайын дедің бе?
Қанаты мәңгі іздеумен
Қағылып өтсін дедің бе?
Бұл өмірден өзіңді
Сағынып өтсін дедің бе?
Жүрегімді ұрлап ап,
Бай болайын дедің бе?
Қараңғыны қуалап,
Ай болайын дедің бе?
* * *
Кімге сенем?
Кімді енді сағынамын?
Түндігімнен қарады тағы да мұң.
Мені алдаудан ешқандай шаршамастан,
Төніп тұрды төбемнен қаншама аспан.
Кімді іздеймін?
Кімді іздеп аласұрам?
Тағы кімге табынам данасыған?
Мен отырам езіліп елден бөлек,
Елең етпей жатады Жер дөңгелеп.
Қайда кеттің, қиялым құдіретті?
Сенсіз өмір сезімді ығыр етті.
... Жеткізбейді екен ғой бұлттағы арман,
Қыңсылайды бір күшік жұртта қалған.
* * *
Алыс та жақын жиекке күн сіңіп барады,
Күн сіңіп барады, кім білсін, күрсініп те
алады...
Өзегін өртер өксіген өкінішпенен
О жақтан дағы оңды бір тіршілік табады.
Алыс та жақын жиекке күн сіңіп барады,
Бозторғай болып қанатын жыршы үміт
қағады.
Таңдай жібітер таңдарын талықси күтіп,
Майда самалға майысып бір шыбық қалады...
* * *
Бөлмемде – біреумін,
Көшеде – көппін...
Қаладан қай күні,
Нешеде кеттің?
Жаныма батады
Азаптың атаны –
Бүгін де жоқтығы
Кеше де Жоқтың...
Бұл жерде жоқсың,
Жолдасың ба екен?
Жүрегің жібімес
Қорғасын ба екен?
Жазылмас жара ашып,
Отырмын бал ашып.
Жұбатар жыр оқып,
Жолдасым – бөтен.
Таба алмай талғанда
тіреуіш менен,
Реңіңді алды ма
реніш деген?
Барады жол қашып,
Мен қалдым жер басып.
Сен кетіп барасың
реліспенен...
* * *
Өтпелі жаз,
Бәрі де өтпелі екен...
Осылай деп өзгені өкпелетем.
Қара жерге қонаққа келген едім,
Періштелер шақырса, көкке кетем.
Көкке кетем –
Мәңгілік мекеніме,
Жүрек онда жүрмейді жетегіңе.
Қара әйнекті көздерді сендіремін
Көгілдір түс керемет екеніне.
Өтпелі жаз,
Дайындық күзге ертеңгі.
Тек бояумен ұғамыз біз көркемді.
Көркем жазың күні ертең қартаяды,
Танымайсың, қымтанып мұз көрпеңді.
...Тыныш күнде кетердей тауым да ауып,
Жарылардай бір күні қауын – қауіп.
Кітабымның бір беті жоғалыпты,
Қалада тұр өтпелі жауын жауып.
* * *
Кеттім сенен –
Іздемеуге будым бел.
Қаздарыңды қай мекенге қудың, көл?!
Ырғатылып өтіп жатыр керуен,
Құмға сіңіп кетіп жатыр су – күндер.
Кеттім сенен...
Мәңгілікке байланып.
Адасасың енді..., - деді Ай налып.
Жаным қалды жаныңменен ұшуға,
Ағайынды қоңыр қазға айналып.
* * *
Ашуыңды тарап, жазып тарақпен,
Айналаңа аңтарыла қарап па ең?!
Ал қарадың...
Сонда... сонда не көрдің?
Қол бұлғай ма келер күн?
Көмескінің көріне ме бәрі анық?
Басқа-а-а болып барамысың жаралып?
Өткеніңнің өртеп тастап көп күнің,
Бүгініңнің көтердің бе шоқтығын?
Жылы-жылы леп есетін жақсы оймен
Ақ қағазға жазамысың ақ сөйлем?
Анық емес ауылнайдың мөріндей
Ақ сөйлемің қалар ма екен көрінбей?..
Көрпе іздеп, көк миыңды қинадың,
Көсіліп ең...
Шығып жатыр сирағың.
Айналаңа қара тағы,
Қарап ал,
Өсіп жатыр дәл өзіңдей балалар...
* * *
Кімге тұлға болып енді жарытасың?!
Көңіл орта, көңіл орта...
Күз – кеуде.
Сен төменде темекіңді тартасың,
Корабльдер болса көктен іздеуде.
Кімге пана бола аласың, қарт адам,
Жан-жағына сыр бермейтін, жүзі жас?
Қатал жазу қаға қоймас арқадан,
Су кезінде мөлдір емес мұз - лас.
Кімге енді көмек бере аласың?
Кетемісің төккен жасты теруге?
Сағат сайын кішірейіп барасың,
Микроскоп керек шығар көруге.
Кімге? Кімге сеніп қалдың ілініп?
Әлдендің бе естілмеген ән демеп?!
... Бір құмырсқа жүріп кетті тіріліп,
Тірілгесін, амал қанша... дән керек.
* * *
Мен екеумін: екіге жарылғамын,
Бүтінмін! - деп келмейді дарылдағым.
Біріншісі өмірге өле ғашық,
Екіншісі жүреді неге қашық?!
Біріншісі сүйеді сүлдені де,
Екіншісі мәз аман жүргеніне.
Біріншіге көрініп бәрі ғажап,
Екіншісін жүреді ары қажап.
Біріншісі: Болмас, - дер, - бұлай, бала!
Сенбегенде сыңары құдайға да.
Біріншісі – періште.
Сырым, шыным...
Екіншісі - өлігі біріншінің.
...Менде осылай күн сайын ұрыс-керіс.
Құрбандығы болады кіріспек іс...
* * *
Түсімнен шошып ояндым,
Түс көргім енді келмейді.
Өңімнен безіп, бояндым,
Өзгертпей қойсын ол мейлі...
Қашып тұр өңі қаланың,
Түсімде еді тым сұлу.
Шөліркеп өліп барамын,
Шырағым, берші бір шыны у!
Өмірге келгем у үшін,
Өскенмін мен де еркелеп.
Түс көріп жатқан туысым,
Оянып кетші ертерек...
* * *
Ғазал да қалды, қасида қалды,
Қажыды әбден жүрегім.
Түсімде қара машиналарды
Ақ түске бояп жүремін.
Сабылыс қалған, бағыныш қалған,
Өзгеге бүгін ой алаң.
Жүректердегі жарылыстардан
Ұйқымнан шошып, оянам.
Желпіп өтетін жұпар дағы арман,
Қап-қара түтін жұтқаным.
Қара суымның құт арна болған
Қадірін енді ұққаным.
Біресе жақтап, біресе алдадың,
Таусылмас менің тартысым.
Бір өзім үшін күресе алмадым,
Күресем қалай халық үшін?!
Жақсыны айтар жыршылық біткен,
Әдемі сөздер – құр өрнек.
Күн туған кезде күрсініп күткен,
Кетеді үзіп жүгермек.
...Ғазал да қалды, қасида қалды,
Төбемнен бүгін жай түсті.
Жүрегің қайда жасырған әлгі
Жарыққа шығар байғұсты!
* * *
Қанатсыз да болды, сірә, кей құс...
Троллейбусты тоқ сүйреп келе жатыр.
Ал мені – троллейбус.
Бәрібір ұшам бір күн!
Қанатты құс емес қой тауық қана,
Троллейбус ешкімді танымайды.
Қараңғы түн – қауіпхана.
Бәрібір ұшам бір күн!
Троллейбус - тұтқыны тоқ мырзаның,
Көтеріп ап қолдарын, зырылдайды.
Тірліктің құрып қана кеткір заңын...
Бәрібір ұшам бір күн!
Терезеден көп көздер көрінеді:
Қызыл көз, жасыл көздер, сары көздер.
Сол көздер басқарады Сені, Мені.
Бәрібір ұшам бір күн!
* * *
Қашады кеп...
Қуатының сұр көжек,
Сұр көжекке неғыласың тіл безеп?!
Ол қорқады, қол бұлғасаң: Кел, кел! - деп,
Бұта басы қозғалса да жел тербеп.
Бұйырмаған қасқырдағы айбат та,
Елеңдейді: Қауіп бар, - деп, - қай жақта?
Түлкідегі айла да жоқ тым құрса,
Тұра қашар тоқылдақтар діңді ұрса.
Құдіреттен құтылатын жол қані?
Маңдайында: қорқу, қашу – болғаны...
Қуатының сұр көжек,
Сұр көжекке айналып көр бір мезет.
Құтылуын құтыларсың құмайдан,
Тек бір рет қорқып көрші құдайдан!..
* * *
Жел соғады, жел соғады,
Жапырақтар қол соғады.
Бақыт іздеп бара жатқан
Жолаушыны жол соғады...
Жел соғады, қуалайды,
Билеп алып бұ маңайды.
Шашын жұлып шыққан күннің,
Төбелейді туар айды.
... Құбылыс қой жел дегенің,
Жұлқылайды өлмегенін.
Жел көтерген топырақтан
Түк көре алмай сенделемін...
Айдап кетті бұлтты да,
Мөлдірейді тұнық тұма.
Біреу отыр мұңға батып,
Әлденені ұмытты ма...
* * *
Жұлдыздың бәрі біздің ауылдың көгінде,
Соларға қарап сормаңдай болды Жер түні.
Елге зияны пайдасынан көп егінде
Шырылдауықтар шырықты алып, елтіді.
Жұлдыздың бәрі біздің ауылды жылытты.
Малын түгендеп, ел жатты есін әлдилеп.
Аспанда айдың жартысы тағы сыныпты,
Өзім де әзер өртімді басқам сан күйреп.
Жұлдыздар жақсы...
Тұр үнсіз мені түсініп.
Көздерін көкке сатады ұйқы жердегі.
* * *
Ауыл, ауыл...
Тәтті елесім,
Енді оралмас ақ кемесің.
Алыстасам – сағынасың,
Жақындасам – жат көресің.
Арна таппай, тасып келдім,
Жылай алмай, жасып келдім.
Өзімді іздеп кеткен едім,
Енді өзімнен қашып келдім.
* * *
Жалмаң қақты жел тағы аузы-басы жыбырлап,
Күнәсіз боп күнің тұр жапырақтан шық ұрлап.
Айнала тас.
Мың жартас...
Мың жартаста – бір адам,
Тастан тасқа секірер жылу іздеп ғұмыр – лақ.
Жем бола ма жануар – жазылмаған қасқырлық.
Жаутаңдап тұр баладай аузын ашып аш құрлық.
Сағыныштан тұратын пейішімнен безгенде,
Саған қалай байланып қалдым екен, тас тірлік?!
Тасып жатыр қара су...
Қара суда тас қала,
Тасқа айналмай мен қалай төзіп жүрмін, масқара,
Өзім өлдім.
Өзегім өртенеді...
О, Жалған,
жүрегіме қай жерден тауып берем баспана?!
* * *
Бір жылынып, бір тоңады теңіз-көк,
Теңіз-көкте көп сенделдім ем іздеп.
Теңім жоқ, - деп теріс қарап отырғам,
Теңізші кеп нан ұсынды: Жеңіз! - деп.
Теңіз- көкте...
О, мен қалай теңселдім!
Не екенін біле алмайсың сен шөлдің.
Көсем болып кетем бе деп сасқаннан,
Көрерімді көрмей жатып еңсердім.
Жылынудан кеткен сынды байғұс көк,
Қара суық қалтыратып, қайғы ішпек.
Қанша құс бар,
Жылы жақтан келгенде
Қабылдаймын енді сені қай құс деп?
...Құрсын. Тоңдым...
Қандай рақат бұл тоңу!
Теңіз-көгім бар болғаны – үлкен У.
* * *
Қалғып кетсең, ашады қатер есік,
Қандайлығын кім білсін түсі бақтың.
Емделем деп өлеңмен, қателесіп,
Жазылмайтын дертіне ұшыраппын.
Кеше ғана кестеге бөленді алап,
Бір төбеде мен дағы өскем, өндім.
Сынық Аймен сырласып, төмен қарап,
Жалғыз қалдым жұртында көшкен елдің.
Осқылаған оттардан айналада
Осы болды оңбастай күйген нүктем.
Жалғыз қалдым жолдас боп Айға ғана,
Жан-жағымды жек көріп... сүйгендіктен.
* * *
Қарақат түнге ой қамап,
Қалғыса жел де жүгірмей,
Ай, Жұлдыз іштей қайталап,
Күбірлей қалса, күбірлей...
Жоғалтып тәтті түс кілтін,
Жоғыңды берсе күй сынық –
Қарақат түннің қышқылтым
дәміне жаның сүйсініп.
Қай мұң да ғажап қай күнгі,
Қарызға бермес, сұрасаң.
Қарақат түнгі қайғымды
Қайтарар ма екен жыласам?!
Егілер шағың ең керек,
Есіркей алмас таң да аса,
Көшеде көсем – дөңгелек
Жаяудың әнін жалмаса.
Көңілім көкке асылды,
Қарақат көзде алтын бар.
Қарадай адал асылды
асыға күткен қалпым бар...
* * *
Өзі – Құдай,
Өзі – Құл,
Өзі – Ғашық
Сезімімнен кете алмай сөзім асып,
Өрттен қалған өмірім өтірік терді,
Жүрегімде гүл қайғы көзін ашып.
Ел ішінен біреуді ерек көріп,
Елесін де ес тұтып жебеп... тоңып,
Ой-санамды сыздатып, тамыр жайған
Гүл қайғыма қалдым тек қорек болып.
Көтеруге асығып ханын биік,
Қазір ұшып кетердей жаным қиып.
Қайда барсам, шығады қарсы алдымнан,
Күллі әлемнің әдемі әнін жиып...
* * *
Мені Сізге тағы да апармады
жаны майға тәуелді міскін көлік.
Кең сарайдан кем емес шаһардағы
Түрмеңізге асығам түскім келіп...
Қабыл алып Қиялдың ұсынысын,
Сұлу сорым қайтадан гүл құшқандай,
Торы ғажап Түрмеге түсу үшін,
Құдайым-ау, жасайын қылмыс қандай?!
Айыға алмай Арманның түр-түсінен,
Алға басқан адымым кетті кейін.
Соттайтын жан табылар жұрт ішінен,
Ақтамасын мені ешкім, - деп тілейін.
Аз ғұмырын азапқа шегелейтін
Азаматқа асқақтық, өрлік көрік.
Түрлі-түсті қызыққа бөлемейтін
түрмеңізде өлер ме ем қорлық көріп...
* * *
Таң да,
Түс те,
Кеш,
Түн де
таңырқата қоймады.
Керегім жоқ ешкімге! -
деп Жалғыздық ойлады.
Қоңырауы – құр арман,
Үндемеді есігім.
Кілті оң жаққа бұралған:
Осы, - деді, - шешімім!
Кептерге жем сұраған
нан ұсындым:
Жеңіз, - деп.
Бір жетіде бір адам
жете алмады-ау мені іздеп...
Қайта-қайта соқты мұң,
Жүрек қалды қысылып:
Бір досының жоқтығын
бір-ақ күнде түсініп...
* * *
Есімде жоқ жылынғаным, тоңғаным...
Есінеді ел ести алмай оңған үн.
Айтар ертең арман түстес дауыспен
Гүл атаулы алғашқы да, соңғы әнін.
Неге келдім... неге келдім бұл жерге,
Айналуға айыбы жоқ сүлдерге?
Өмір-ай, түк кінә арта алмай өзіңе,
Көңіл айтып келе жатам гүлдерге.
... есімде жоқ,
Жоқ есімде!
Бәрі ұмыт.
Тек дүние бара жатыр тарылып...
* * *
Қаңырап қалған көшеммен келемін көшіп,
Қаңғырған көздер жаныма қадалды жүздеп.
Өксиді, әне, өтірік... өлемін десіп,
Құдай-ау... нем бар десеңші адалдық іздеп!
...Дүние түгел бос қалды! –Бөтелке құны,
мен үшін бүгін,
Мекенім – киімім ғана.
***
Бәрі басқа сахнаның төрінде,
Елді биле, ғажайып боп көрін де.
Аһыласа ақын болып біреуі,
Ақымақ жүр ақылдының рөлінде.
Көрсетеді ұлы өнердің көкесін,
Тәй-тәй басып, сен де бір күн жетесің.
Қабақ түйер қабілетің болмаса,
Қап арқалап, қоңыз теріп кетесің.
Басыңды да қатырмайсың бұлт қармап,
Бар керегі – бір тыныштық, құрт, қармақ.
Ащы ойыңды тыңдата алмай тынасың,
Тәрбиеге тәтті беріп, жұртты алдап.
Көрерменің көзін сүзер ән-күйлеп,
Алақандар шапалақтан сан күйреп,
Сахнада сен де бір күн тұрарсың,
Сәби елді сәл жымиып, әлдилеп...
* * *
Гимні жоқ, не болмаса тұрағы,
Тым құрыса қорғаны жоқ қырағы.
Менің иен жүрегімнің елшісі
Қиырдағы бір шаһарда тұрады.
Көзі ғана дерттің бірден-бір емі,
Үнділерден аумайтұғын түр-өңі.
Санап басып, саны жалғыз тірегім
Сол шаһарда жайбарақат жүреді.
Мың құбылып, өз-өзімнен өзгеріп,
Оны еске алсам, беріп қоям көзге ерік.
Отқа оранған мұндағы елді есіңе ап.
Отаныңа оралсаңшы, тез келіп...
* * *
Біз де келдік осында, осы жерге!
Тістер аман, тілің жоқ кесілерге.
Ертегіге сенбейді тұрғындары,
Еріншек те,
Есті де,
Есіл ер де.
Біз де келдік,
Байқаусыз келіп қалдыққ,
Келтірмеске қоймадық, ерікті алдық.
Келісіне түйіліп келешектің,
Тоз-тоз күйде ұзамай өліп қалдық.
Өмір десе, өң едік жанып тұрар,
Енді кімді о құрғыр зарықтырар?
Жан дүнием өзіммен бірге кетті,
Жанарымның орны да жарық құмар...
* * *
Жалғыздықтан жараланып жүрегі,
Кемем менің кетті жүзіп тереңге.
Жұмағамдар, бірі тірі, бірі өлі,
Нең бар, бала, - демей ме екен, - өлеңде?!
Көп сырласып көктеміммен, қысыммен,
Алданып та, Ар ма! - десе арзан үн,
Терең-терең күрсініп ап ішімнен,
Тереңімнің теремін мен маржанын.
Тербетілген мекенімде қалқыдым,
Дауыл соқса, ұрынармын жарға сан.
Ағалардың артып берген алтынын
Болар еді балшық етіп алмасам...
* * *
Жаңбыр жауып, жасартты кәрі ағашты,
Кәрі ағашты,
Жап-жаңа жалаңаш-ты.
Орамалын сұлудың сусып түскен
Лып еткізіп жібек жел ала қашты.
Маған деген бір гүлді басқа алды ма?
Ал мен болсам...
Сыйлар ем аспанды да.
Тереземнің түбінде жыр оқиды
Бар ғажайып жиналған бастаңғыға.
Жер де бөтен көрініп,
Көк те бөтен,
Ойларыммен өзімді өкпелетем.
Кім қақты? - деп есікке елеңдесем,
Қағып тұрған кеудемді көктем екен...
* * *
Қаңғыбас жел қанатымды ұшырып,
Қалдым өзім...
Қалтарыста қысылып –
Мен көрмеге қоям деген гүліме
Көреген бұлт көлеңкесін түсіріп.
Сұрамашы...
Сұрамашы халімді!
Бізбикеш күн,
Бізден өшің алынды.
Түнеугүні түк ойламай жүрдің, - деп,
Түн түтеді шықпай қалған жанымды.
...Біз аманбыз
Сіздің көңіл үшін де,
Наз айтамыз назар салмас мүсінге.
Ит өмірдің дегеніне көне алмай,
Ит жетектеп бара жатам түсімде...
* * *
Өзіме өзім алданыш, жұбаныштаймын...
Жылдардан оздым, ішімнен жыладым дағы.
Қуаласаң да кетпейтін қуаныш-қайғым
Құдайдың үні секілді құлағымдағы.
Жаныма бүгін сол Үннің жасылы мекен,
Жүреді Жерде,
Жүрегі астанадайын.
Құпия бағым...
Өлгенше жасырып өтем,
Өз көзін жұмып тығылған жас баладайын.
Тымырсық түнде ән салсам,
Ауадай бағың.
Тыңдардай сонда жер-ғалам,
Қоғам да ұйып.
Жып-жылы көктен бір сезім жауады-ай
маған –
Ғашықтық емес есімі.
Одан да биік.
Өзіме өзім алданыш, жұбаныш болып,
Өзгеріп күнде өмірдің барады дәмі.
Қуаласаң да кетпейтін Қуаныш болып,
Қуарып жүрек біткенше қалады дағы...
* * *
Көк аспанның күрсінгені – көнгені,
Жаңбырлатса –
Жалғыздығын жеңгені.
Жоғалтасың, жоғалтасың сен мені...
Бұлт ығысса –
Күннің бағы жанғаны,
Бұл көрінсе –
Түннің естен танғаны.
Жоғалтасың...
Үмітіңдей таңдағы.
Жел сөйлесе –
Желең ойдың ұшқаны,
Қатты кетсе –
Қызғаныштың қысқаны.
Жоғалтасың...
Жоқ Арманның түс-дәмі.
Мен жыласам –
Сенен мезі болғаным,
Сен жыласаң –
Жоғалғаны қолғабың.
Жоғалтасың енді мені –
болғаны...
* * *
Қайдасың?
Қай елдесің?
Қай жақтасың?
Қай жерде қаңғырып жүр әйбәт басың?
Теңіз ем... тамшы болдым, танисың ба,
Тіршілік қайта-қайта қайнатқасын.
Қайдасың?
Құдайым-ау, жоқ шығарсың?
Сені мен соттамайтын сот шығарсың...
Мың ғасыр өткеннен соң мұңайып қап:
Мен соны сүйем-ау, - деп топшыларсың.
Адасқан ашық күнде арманым-ай,
Көзімнің қарай-қарай талғанын-ай!
Өтірік күліп қайтем өткендерге,
Өтіпті өмір деген... қалғаны жай.
* * *
Күлкіменен күндерім жақұт күреп,
Күрсінумен таңдарым атыпты көп.
Қайтқан құса қол бұлғап қала бергем,
Өлеңдеріммен ғана бақытты боп...
Жүрегіме тек қана жыр кілт тауып,
Бір ашылды аспаным, бір бұлттанып.
Көрдім. Білдім барлығын –
Кете барды
Көп-көгілдір әлемім сұрғылттанып.
Сурылып топтарда сөз алмадым,
Өміріме жетер деп өз алғаным.
Түңілгенмін тайғақтау тағдырымнан,
Бірақ, өлең, өзіңнен безе алмадым.
* * *
Күндердің бірі... күн өлген,
Қыркүйектегі
Астамсып кеткен аспанды бұлт иектеді.
Жерлеуден келе жатқандай батырын дана,
Көшедегілер көңілсіз,
Ақырын ғана...
Жартысы жерге айналған
ел кешіп-кешіп –
Жапырақтарға сау еткен
Төрге шық! - десіп.
Күнәға, баққа белшеден батып ап, қала
Күлудің соңын қарайды бақылап қана.
* * *
Анаған сеніп,
Мынаған сеніп,
Алданып...
Өзімдей көріп,
Өзгере қалса таңданып,
Таңдай да қағып,
Таңымды күтіп жүргенде
Жылыкөз жазым жатыпты жолға қамданып.
Анаған дағы,
Мынаған дағы өкпелеп,
Арманнан адам жасаған екем текке, - деп,
Асудан асып,
Ашуға басып тұрғанда
Бір ызғарменен келіп те қалдық бетпе-бет.
Өзгеге мұздап,
Өзіме өзім соң күліп,
Оңала алмай,
Жағылмай және оңды үміт,
Басар тау таппай, қамығып бір сәт қалғанда
Басқа бір суық барады мені тоңдырып...
* * *
Сен мені алдап,
Мен оны алдап,
Барады зырлап арбамыз.
Қолыңды қармақ,
Өтірік зарлап,
Біреуді Сіз де алдаңыз...
Сыртынан күліп,
Жұлқылап жүріп,
Тобықтай тайды – тозды арман.
Сарғайды жастық,
Сананы мас қып,
Сылдырап аққан сөз жалған.
Сен мені алдап,
Мен оны алдап,
Өтірік өліп-тіріліп...
Бетпердеменен
Өткелге келем:
Құлаймыз төмен!
Құрыдық...
* * *
Мен қайда бара жатырмын?
Сен қайда мені шақырдың?
Торыңа өзім түстім де,
Түсіне алмай, аһ ұрдым.
Мен қайда бара жатырмын?
Сен қайда қалып барасың?
Қарайған нүкте ғанасың.
Жанымды үнсіз жаралап,
Жарасын өзің таңасың.
Сен қайда қалып барасың?..
Біз енді қайтер екенбіз?
Жақынбыз және бөтенбіз.
Алыстан келсең, алдыңнан
Су алып шығар бөтен қыз...
Біз енді қайтер екенбіз?..
Мазамды алды мына ақшам,
Семсерін кезеп сұрақ сан.
Күлдіріп отыр басқа жан,
Жақсы еді сен кеп жылатсаң...
* * *
Бақбақ ұлпа, бақытыма барабар,
Көріп сені, көңілім менің жарадар.
Періште көк перзенті деп айтар кім –
Қара жерде еріп жатыр қара қар.
Ақ нұр көктен саулағанда, ғажап-ай,
Аппақ ойлар беретұғын мазалай.
Ақ қар емес, еріп жатыр қара қар,
Тазалыққа таңылған бір жазадай.
Қайда сол бір ақша сезім, қайда өлең?
Алдады арман қатар тұрған айменен.
Қара қардай езіледі ет-кеудем
Ақ күйінде араласқан лайменен.
Білетіндей бүгесі мен шігесін,
Сен де маған неменеге күлесің?
Қара түске боялыпты, қайтейін...
Қар бетіне жазған едім бір есім...
* * *
Қайда кеткен әуені асқақ әннің?
Қайда қиял әлемде көрікті еткен?!
Сол кештен соң мен жоқпын, басқа жанмын,
Сол кештен соң қар болып еріп кеткем.
Естілмесе екен деп күрсінгенім,
Езу тартып күлгенім, жылағаным,
Сол кештен соң жүреді құр сүлдерім,
Сол кештен соң өзіме ұнамадым.
Ескерткіштей орнымда тұрып қалғам,
Қолдарымда жаныңның жылуы қап.
Кедір-бұдыр жолдармен құрып қалған
Ұзап кеттің бір қызбен сұлуырақ...
* * *
Жападан-жалғыз ұшар ма ем алыс бір жаққа,
Жамылып алып қаракөк түнді иығыма?!
Жүрек пен басты жүдетіп, алыстырмаққа –
Барады жылдар батырып тұңғиығына.
Төріне Көктің тартар ем – туысы жарық,
Төменде жәндік жер шұқып, терсе керегін.
Самарқау мына дүниенің тынышын алып,
Самғаудың қандай екенін көрсетер едім!
Сатады-ау бәрін... өтірік сыпайысып ел,
Көмейін ашса қу құлқын құйынын сабап.
Ұшамын енді бәрібір!
Ұпайы түгел
Саудагер – тірлік қалады тиынын санап.
Жасылы-жаман әніңді сүйіп тыңдадым,
Сүйкімсіз өмір, сонда да сүйікті ең бірақ.
Ұшар ма едім, ұмытып күйіктің дәмін,
Бір түсу үшін, шіркін-ай биіктен құлап!
Қаракөк түнде қай арман қанатын бермес,
Жападан жалғыз... терезем телміріп Көкке
Ұшар ма едім. Қол бұлғап қалатын Жерлес,
Сен құрып кетпеші, әйтеуір... Сен құрып кетпе!
* * *
Жылармын әлі мен талай.
Жұбатылармын.
Көкірек басы ауырлап, мың аһылармын.
Көк тиын ғұрлы қадірсіз басыңды сенің
Көтеріп көкке армансыз...
Құлатып алдым...
Құлатып алдым.
Кеше гөр күнәмді, мені!
Кеше гөр, кеще көңілдің ұнамды жемі!
Сары аяз салған суреттей көздерің мана:
Сарғая күтіп жүргенсің жыланды! - деді.
Мен емес жоқтар, жоғалтар өткенін налып,
Көргенім жарық, өйткені көктемім қанық.
Мына қар ертең ериді, сонымен бірге
Ерисің сен де есімнен... шекпеніңді алып.
... Сүмбіден сұлу тамшылар жиі ыршып, тама...
Сүйеді Күнді күлкіге үйірсіп қала.
Таң атар, тағы көшеде құм көшіп берер:
Екеуіміз – екі бейшара түйіршік қана...
* * *
Тоналар, бәрі тоналар...
Өзіңдей кімдер бола алар?..
Жоғалар, бір күн жоғалар
Мен сыйға тартқан орамал.
Сұңқар бұлақтар тағы ағар,
Жыр оқыр қара балалар.
Сыңқылдай ұшқан сыңар қу,
Сағынышымды ала бар...
* * *
Бұлбұлдарым қажығандай сайраудан,
Қалықтайды қыстауда мұң, жайлауда ән.
Бір азулар кетіледі тәттіден,
Бір азулар кетіледі қайраудан.
Күн оғынан құлап жатыр көшкін де,
Дүние тұр ғұмыр тілеп өскінге...
Келім-кетім көп адамның ішінде
Келемін мен кектене алмай ешкімге.
Жүрегіме жыр жылаған ойын жат,
Ойға барам, тоғай жақта тойым қап.
Күлкілімін күрескердің жанында,
Тағдырымды қарсылықсыз мойындап.
Көңілімді көтереді көк терек,
Көк теректей біз де, шіркін, көктер ек...
Сүрерімді сүріп келем үндемей,
Өкпелесем - өзіме өзім өкпелеп.
Бұлбұлдарым, сайра, сайра, талмағын,
Бұтақтарды сындырмайды салмағың.
Сен аман бол, сен аман бол, сенгенім...
Сосын көре жатамыз ғой қалғанын.
* * *
Аспанда арман, ақын көп еді...
Биледі Жерді тұрмыс, хал.
Аяуға мені қақың жоқ еді,
Аялауға да бір мысқал.
Көгімнен талай қуылды сенім,
Кінәм жоқ қояр түк саған.
Қиялдың таза туындысы едің,
Бейнесі ғана ұқсаған.
Шыға алмай иен аралдан мәңгі,
Шығарар әнім – зар менің:
Сүйек пен еттен жаралған жанды
Сүйеуге жетпей дәрменім...
Аяйды біреу ақшасыздарды,
Аяр да, бәлкім, ғашықты.
Ертегі елім патшасыз қалды,
Көзімді түтін ашытты.
Жанымды жеді жер үсті менің,
Жаназамды айтты Көз кеше.
Арманның әппақ кеңістігі едің –
Өмірдегі өңі өзгеше.
* * *
Бірімізге біріміз сеніп... кірлеп.
Жүрген кезде қалыпты-ау өрік гүлдеп.
Қателігім кешегі күлімдейді:
Біздің үйге жиірек келіп тұр, - деп.
Бірімізді біріміз мәңгі ұқпастай,
Сырымызды суытып сандық тастай...
Тыныш бөлме. Қараймын терезеге,
Енді қайтып бұл тағдыр қаңғытпастай.
Өмір өзі өзгертсе мекеніңді.
Кінәлайсың сен оған жеке кімді?
Өрік гүлдеп тұр тағы мойындатып
Табиғаттың егізі екеніңді.
Тереземнің алдында гүлдеді өрік,
Мен сияқты мәз болып күл! - деді өрік.
Қар жауады, - деп жатты теледидар,
Ол туралы, әрине, білмеді өрік...
* * *
Сені көргім келгенін-ай дәл бүгін,
Тоя тамақ жегеніндей жарлының.
Барар едім, бағытыңды білмеймін –
Қалса болды сүйегімнен қалдығым.
Сені көргім келгенін-ай, келмесім,
Көрмей, көзсіз көбелектей енді есім.
Өксіп-өксіп мен де өтермін өмірден,
Өзің іздеп келесің ғой өлгесін.
* * *
Құтқарушы таба алмадым мен емге,
Қанатыңды суға малып, бір құс, кел.
Бір батамын, бір шығамын тереңде,
Жағажайда күліп отыр жүзгіштер...
Тұншықсам да тек сенімен достасам,
Періште боп көрін маған, о, құсым!
Екеумізді көре алмайтын ешқашан
Жандар бәрін қанатыңнан оқысын.
Толқын сені бірге әкетер ағызып,
Келші, құсым...
Тек маңыма ғана кел.
Ғажап жағдай, - деп таңдайын қағысып,
Көзәйнегін шешер сонда анау ел.
* * *
Күресінде қалғандай күңіренем,
Көңілімнің солады гүлі неден?
Көйлегімді – күн жеген күллі түсін
Шығардың бе есіңнен шыныменен?
Базарымнан тарқарда тәтті жедім,
Қымыз құйдым, жарқылдап ақ білегім.
Әлекейдей жаланып тұрмағанмен,
Әдемі тон жамылған әккі ме едің?
... Көз байланды, базардың нарқы түсіп,
Алаяқ та аз айқайлар алқымы ісіп.
Сен кеткен жақ көзімді талдырады,
Сезімімнің соңғысын сарқып ішіп...
* * *
Жүдеп қапты жапырағы ән қайың,
Ол да білмей, мен де білмей мән-жайын.
Жоқ нәрсеге жүгенделіп мен жүрмін,
Тіршілікке қатысы жоқ жандайын.
Ақ қайыңның жайын қалай бақпайын,
Көктем келсе, ол отырар тақ дайын.
Ояныңдар, аппақ-аппақ ойларым,
Аппақ қарға орап сені сақтайын.
Тарануға таяп қалды тал-қайың,
Таранып ап қанша жылым, қалды айым?
Өзгелерді алдармын-ау, бірақ та
Өзімді өзім қалай ғана алдайын?!
Бір қарайған көрінеді жотадан,
Сол жотаға мен де бір күн бет алам.
Өзгелерден безермін-ау, безермін,
Ал өзімнен қалай безіп кете алам?!
* * *
Сені көрдім,
Тағы да сені көрдім...
Сөгілермін, қайтемін, егілермін.
Ашық күнде адасқан ақ шағала,
Абайсызда аңдамай соңыңа ердім.
Сені көрдім,
Бәрі де бекер бірақ,
Көре-көре көздерім өтер жылап.
Әппақ қайғым бар еді –
Әппақ түнде
Әппақ мұңға оранып көтерді бақ.
Сені көрдім...
Көрмесем, қайтер едім?
Бағыма аман болғайсың, бәйтерегім...
Тірлік атты түбі жоқ иірімнің
Тартатыны белгісіз қай тереңі.
Сені көрдім,
Көруге келген едім,
Көздеріңмен көзімді емде менің! –
Кері тартқан тырысқақ тағдырымның
Кері айналдыр дағы дөңгелегін.
* * *
Ұйқы бізді менсінбеуге айналды,
Құлақ шіркін естімейді жайлы әнді.
Қарғыбауын үзіп кеткен төбет ой
Қара түннің бұрымына байланды.
Асығамын,
Қайда, неге – белгісіз,
Азабым бар аштыққа да бергісіз.
Қай бұрышта қалғиды екем есінеп,
Қай сезіммен күн кешесіз енді Сіз?
Сізді аяймын – ауырмайтын, ұйқылы...
Түніменен түс көретін түйтігі.
... Мәңгі ауада қалықтап жүр көрінбей
Мәртебелі сезімдердің қиқымы.
ЖЫЛЫЛЫҚ
Жылы-жылы сөз айтпан –
Жылан жатсын інінде,
Жылтыраған жауыздық төмен кетер түбінде.
Жұлдыз жүзін қарасын...
Таза судың тамшысы.
Сен күлімде! Күлімде!
Жел де жылмаң қаға алар:
Жылы, жылы, жылы, - деп,
Сақтан деген болады сатқын ойдың бірі кеп.
Арманшыл боп жетілдік, армандап ап өкіндік,
Армансыздау Алланың жүрегінің дірілі ек...
Ай – аспанның астында нүктесі жоқ сұрағы,
Сұрағы көп жерден де бір жылылық ұрады.
Салқын өмір салтынан сағым сынып жүргенде
Жылы дауыс естісем, жылағым кеп тұрады.
Құр тыпырлай береміз құрғақтағы балықтай,
Әлем сырын ұққан боп, бас шайқаймыз әлі ұқпай.
Күн артынан күн беріп берекесіз тірлікке,
Күн соңынан ереміз жазығы жоқ жарықтай.
* * *
Алтайдың қысы тым қатал
Аязы атқа мінгенде.
Көктемде күлген іңгә-тал
Қалады қатып бір демде.
Қарағай басын қар шалар,
Ағарып кетіп бар самай.
Шыршалар ғана ән салар
Мәңгілік жайлы шаршамай.
Қаладан қашып, нала ұмыт.
Ауылға келдім – анама.
Баяғы өткен балалық
Барады зулап шанада.
Алтайдағы аппақ тіршілік,
Төсіңде тыным табам кеп.
Анашым тоқыр жүкшұлық
Мейірімінен маған деп.
Алтайдың қысы қатал-ақ,
Сықыр да сықыр тісі аппақ.
Жылағың келер жата қап,
Сұп-суық қарды құшақтап.
* * *
Жылады,
Күлді,
Құлады,
Білді...
Аттанды,
Бәрінің бекер екенін енді ұқты Өлік.
Ендігі айтар сөздердің бәрі жаттанды,
Ауыздан шығып, ауаға қалар жүк болып.
Тіріде ешбір демалыс орнын көрмеген
Табыттай жайлы...
Алмайды ешкім тынышын.
Бір сәуле қалды ана-а-ау бір жақта шөлдеген,
Мен дағы соның,
Сен дағы соның құлысың!
Сағына алмайтын екі Дүние бір-бірін –
Жаралы Жердің асты мен үсті ағайын.
Кеудеме мәңгі қоныс аударған тұрғыным,
Мұз болып тұрып, бабыңды қалай табайын?!
Асықты,
Жетті,
Кетті...
Осылай.
* * *
Бозарды көк бетінен қаны қашып,
Дүниеге мен тұрмын жаным ашып.
Қолын созып көгілдір кеңістікке
Жүгіреді жердегі сары ғашық.
Мөлдірі де керемет, лайы да,
Мен ризамын мәңгілік бұл айыма.
Көк тәңірі қиналар, теңесе алмай
Кеудемдегі кішкентай құдайыма...
* * *
Аласа үйден биік адам шықты да,
Кіріп кетті көшедегі ағынға.
Иірімнен ит боларын ұқты ма
Иір-иір ғұмыр кешкен шағында?
Ағын оны алыстарға кетті алып,
Жүзудің де қажеті жоқ мұнда аса.
Бірге ағып бара жатты көп халық,
Көппен көрген ұлы мейрам, мың жаса!
Биік адам аға берді, күш – үнем,
Бір құдайдың бұйрығына бағынып.
Биік үйді армандады ішінен,
Аласа үйде қалды биік шағы ұлып...
* * *
Қозғалыстың таусылғандай мәні ақыр,
Сарайда да көрсетілмес сый тегін.
Сым темірден қайыр сұрап қала тұр,
Науқасынан айыға алмай жүйкенің.
Ақсас арман кезеді кеп көшені,
Кетер еді, ешкімі жоқ күтем дер.
Маңдайында жазу жанып-өшеді –
Бізбикештің төркініндей дүкендер.
Мені керек етпегенді көргем!.. - деп,
Ақсақ арман лақтырды кеп балдағын.
Анау үйде ақымақ қыз ербеңдеп,
Билеп жатты бір әніне Алланың.
* * *
Ішім өлі,
Сыртым тірі...
Тірімін.
Санам ояу,
Сәулесімен жылыдым.
Балаң күнім алаң күнге айналды,
Бір көктемге тарту етіп тұлымын.
Бір сәуірге сыйлап сыңғыр күлкісін,
Түнеріңкі тартып кетті түр-түсім.
Жылы-жылы жымиысы жаздың да
Жаза алмай жүр маңдайымның қыртысын.
Жүрегімді жұлдызыңмен жалға, көк,
Ақша бұлтты адастырмас арман ет.
Тасқынына түсіп кетіп тірліктің,
Қара өлеңді қармай берем тал ма деп...
Білетінім: ол өлмейді мен өлмей,
Күтем үнсіз, кеудем соған көнердей.
Бір бетонға ұрып алдым басымды,
Бар жазығым – жақсы көрем өлердей.
* * *
Күндерім қалды күліксіз,
Түндерге бардым бүліксіз.
Қайнар бұлақтың түбінде
Қалған шығарсыз тұнып Сіз?
Қайнар бұлақты іздеймін,
Тамшыдан моншақ тізбеймін.
Сұп-суық құмды уыстап:
- Сәлеметсіз бе, Сіз! – деймін.
Құм қалар сосын шашылып,
Суретін суға жасырып.
Керемет күтіп тұрғандай,
Кете барамын асығып.
Айналып дымқыл құмға Сіз,
Бата аласыз ба мұңға Сіз?
Біз деген - өткен жолаушы,
Сіз дағы жай бір тұнбасыз...
* * *
Талмай берем таза сезім сарқынын,
Бір сәлемге татымады бар құным.
Жұлдыз Сізге көзін қыссын жол сілтеп,
Тәңір Сізді жарылқасын, жарқыным.
Жыламаспын,
Жылайтындай не болды,
Жаным дағы шыға жаздап, бөгелді.
Мені көкке көтеретін бір арман:
Соны құдай сақтасыншы... - деп өлді.
Тұл жүрекпен жүріп келем тырмысып,
Буға айналып кетейік, - деп күлді шық.
Мұң атаулы бізде-ақ қалсын қарайып,
Бақыт Сізбен жүрсе болды бірге ұшып.
* * *
Мен ұмыттым: сансыз өкпе, зәбірді,
Түске айналып сімір тәтті ұйқымды.
Қаңтардағы қара тондай қадірлі,
Шілдедегі көлеңкедей сүйкімді.
Мен ұмыттым: шаршап, арқа сүйеуді,
Қуануды, қайғыруды, жеңісті.
Біздің көңіл – боз атанға тиеулі
Шөлді көлдей қабылдауға келісті.
Мен ұмыттым: желді, сосын өзімді,
Тағдыр күпті – маған тойып, тау ұрлап.
Суарамын көкжиекке көзімді
Су түбіне батқан құмдай ауырлап.
Мен ұмыттым. Қандай қызық ұмытқан.
Сөздерді де сөйленбей-ақ тебетін,
Қара жерді – қара суға құныққан,
Жаңбыр жауып болмай жатып, кебетін.
Ұмытқам жоқ және осының барлығын:
Топыраққа сіңіп қалған гүл демін,
Дүниенің кең және де тарлығын,
Жапырақтың жылап тұрып, күлгенін...
* * *
Көзіңді көзім аңсар,
Жан шалажансар.
өңіңді суытып, өзіңді ұмытып,
кеттің сен, жар.
Көзіңе көзім құмар,
Енді ессіз жылар.
Дүние сен деп ем,
Сен үшін өлмеп ем,
Неттің сен, жар?...
Мен едім Сізге сыңар,
Сөгілді көңіл – зар.
Армансыз ойнадың,
Жеңісің тойладың,
Ұттың сен, жар...
Осылай жүрек тынар,
Осылай қанат сынар.
Менің көз алдымда
Білтедей жандың да,
Біттің сен, жар.
* * *
Күн де сендей жарық емес жарытымды,
Күн білмесе, кім біледі нарқыңды?
Аспан барсаң, арман барсаң ала кет
өзіңсіз шөл, жартыңды.
Түн де сенсіз ханы өлгендей қаралы,
Айдалада қалған қайғы аралы.
Күндіз жаққа барсаң, бірге ала кет
Ертегіші баланы.
Өзіңменен бұл өмірдің түрі өңді,
Көздеріңнен көкжиекке нұр енді.
Бақыт барсаң, кейде есіңе ала сал
Сол бақытпен жаны туыс біреуді...
* * *
Кім іздеді?
Кім көзіме шалынды?
Жел атаулы, бізден өшің алынды.
Көрінгенге айтып қайтем сөз қылып,
Әй, Түкемсал, сіз білмеген халімді.
Шыдас берер қым-қуытқа, уытқа,
Тігілмейтін ешқашан да туы ыққа,
Жылылықтың астанасы еді ғой,
Ол да көшіп кетті ме әлде суыққа?
Қажығанда тіршіліктен мән таппай,
Адамдардан – арнасы тар, жалтақбай...
Өкпелеген түрім осы...
Ұқсаса
Өкпелеуге сізден артық жан таппай.
* * *
Жаңбыр жауып, жасартты кәрі ағашты,
Кәрі ағашты...
Жап-жаңа жалаңаш-ты.
Орамалын сұлудың сусып түскен
Лып еткізіп жібек жел ала қашты.
Маған деген бір гүлді басқа алды ма?
Ал, мен болсам, сыйлар ем аспанды да.
Тереземнің түбінде жыр оқиды
Бар ғажайып – жиналған бастаңғыға.
Жер де бөтен көрініп, көк те бөтен,
Ойларыммен өзімді өкпелетем.
кім қақты? деп есікке елеңдесем,
Қағып тұрған кеудемді көктем екен.
* * *
Күн еріп кетті.
Тәтті тамшылары тілімде қалды,
Ыстық тыныштығы үнімде қалды...
Түнеріп кетті
дүние...
Осы жаңбыр саған арналады!
Күн жылап тұр.
Мен жылаған жоқпын,
өзіме ұнаған жоқпын.
Тұнжырап тұр
дүние.
Осы жаңбыр саған арналады!
Күн үндемейді.
Менің де тілім қашты.
Жақындағы жұлдыздар жымыңдасты.
Күлімдемейді
дүние...
Осы жаңбыр саған арналады...
* * *
Жақсы кез келді
жолығып,
Жанымды жерден көтерді,
Көңілдің түбі толығып,
Көзіме тағы от ерді.
Армандай алыс бозарып,
Қайтадан алды ай төрді.
Жақсы кез, жақсы сөз алып,
Кеше де келсең, қайтер-ді?!
Мойнымды созып қарағам
Арамшөп басқан гүлдердей.
Аштайын – көрген қара нан
Намысы буып, сыр бермей.
От ала келген көп қызық
Өткіншіліктен аса алмас.
Өлшеулі сәтін өткізіп,
өксігің болар баса алмас.
Жақсы кез келді күлдіріп,
Мәңгілік тойды сол жасар.
Бақыттың дәмін білдіріп,
Ақ қағаз енді шөл басар...
* * *
Қала дел-сал,
Көңіл тоқтады.
Қарқ-қарқ күлді
Қарғалар топтанып.
Қайсібір күндер
Қайырылып соқпады.
Оңды жүрек,
Оны жоқтады.
Түн бітпеді,
Күн кешікті.
Дос түңілді,
Түсінбей, өшікті.
Қақпады ол есікті...
Күттім,
біттім,
не шықты?
Көше шамдары күлді қуланып,
Көлік біткеннің
Көзі суланып.
Көрсем, шіркін, қазір қарасын!
Өлсем бір күн бақыттан уланып...
* * *
Уһ!
Сүйенер тас қалмапты,
Қай ауыздан артылам?
Атағымды аспандатты,
Атыс болды артынан.
Киімсіз тұр киелі өңір,
Солғын жанар, солғын ой.
Ит кемірген сүйек-өмір,
Бітер кезің болды ғой.
Бірі қасқыр болғысы бар,
Бірі – бейне бөлтірік.
Төбеңнен кеп төнгісі бар,
Күніне аздап өлтіріп.
Бекер бірақ,
Бәрі бекер...
Жарамаймыз жаулыққа!
Күн аманда жарық етер
Күңкілдеме, даурықпа!
Уһ!
Сүйенер тас қалмапты.
Қай ауыздан артылам?
Атағымды аспандатты,
Атыс болды артынан...
* * *
Көздеріңнен ұшқан шоқтан күйді мұң,
Мені жерге түсірмей жүр сол сенім.
Әлдилеймін Алланың пәк сыйлығын –
Жүрегімнің ең әдемі бөлшегін.
Маған сүйеп дамылдайды түн иегін,
Ал, ағаштар жылы күзден үмітті.
Сәл ауырса, сәні кетіп дүниенің,
Тербетемін құйтақандай жігітті.
Соны ойлап, солған гүлім оянар,
Мені ұмытып кетсе дағы той кеше.
Армандауды қалай адам қоя алар
Жұлдыз біткен бақыт жайлы сөйлесе...
* * *
Сәулемнің ұшын түсіріп едім,
Жартылай жаны тірілді.
Ақ қанат құстар ұшырып едім,
Қара жел болып ұрынды.
Айығып түстен, секем алып ем,
Ақ жауын болып жылады.
Ұмыта салдым, өте жарық ем –
Ай мен күннен құрамы.
Үмітшең үйім өртеніп еді,
Қалғыды, қарап жұбанып.
Қорлауға біреу тер төгіп еді,
Қол ұшын берді қуанып.
Гүлдерім қурап, кеуіп қалып ем,
Шаттыққа шексіз кенелді.
Бос қалбырды теуіп қалып ем,
Қаңғырлап ала жөнелді...
* * *
Қалғыды қала өзгеріп,
Кездерді айтып тез өткен.
Көк түннің қызыл көздері
Жұмылып жатыр кезекпен.
Көк түннің көне суығы
Тамаққа қара тас кептер.
Жанымның жалғыз жуығы
Сен қайда жүрсің, аш кептер?
Қашық та емес жол да аса,
Сен қайда жүрсің ұмытып?
Жегізер дәнім болмаса,
Жібермес пе едім жылытып?
Көгілдір түсті түрмеде
Көк түнді үнсіз күзетем.
Көзімнен жауды бірдеме:
Көкпеңбек ол да мұз екен.
Көк түндей суық кейде есің,
Мені де қойдың қатырып.
Көңілдің жыртық жейдесін
Жамай бер ұйқы шақырып...
* * *
Сенбі менен жексенбі,
Жүрек тоқтап, от сөнді.
Жоғарыдан жылы ағыс,
Жылдамырақ жетші енді.
Дем бермеді демалыс,
Демалысты сен-ақ іш.
Бас қатырды бастаңғы,
Басқа жақын, сен алыс.
Сенбі менен жексенбі,
Келте күндер кексе өңді.
Өмірімнің көзінен
Өзің келіп өпші енді...
* * *
Тырнағын тағдыр көрсете, көзімді жұтып,
Тырналай бастар ішіме аң-қауіп кіріп.
Өмірді қайта бастаймын өзіңді күтіп,
Жоқтаусыз жолда шаттанып, шаң қауып тұрып.
Береке кеткен, беймаза қаланың ішін
кезеді өлең,
секілді заласыз жетім.
Жарығы қызық, жағымды жанарың үшін
Жағымсыз күннің жыртамын амалсыз бетін...
* * *
Түйең осы...
шөлге ғана шөлдеген
және алты батпан ауыр – арманы,
Өмір отыр –
өлтірсе де өлмеген,
Құр сандырақ қалғаны...
Көңіл осы –
Түпсіз шелек толмаған,
Өзгере алмай, өзін өзі тоздырған.
Біреу отыр ойлағаны болмаған,
Сөз еместі сөз қылған.
Сезім осы –
Қаңыраған, өңі өлген,
Кезің осы –
Бар мен жоқтың арасы.
Біреу отыр тұзға ғашық, өлермен,
Дүниенің жарасы.
Бақыт осы –
Қуаласаң, кетпеген,
Уақыт осы –
Тұрып қалған аңырып.
Жүрек отыр тар кеудеге өкпеден
Жүрісінен жаңылып...
* * *
Алматыға қар жауып тұр қиғаштап,
Күй төгеді үнсіз, іштей қилы аспап.
Сол үнсіздік шу біткенді шөктірді,
Белгісіздікке бөктірді...
Қала қарды,
Қар қаланы паналап,
Бауырласып, құшақтасып, бағалап.
Екі суық бірін бірі жылытты,
Менің етігім жайлы ұмытты.
Алматыға қар жауып тұр,
Қызық қар,
Жауа салып, ағып жатыр бұзықтар...
Қиғаш әлем қиғаш ойға жетелеп,
Бір бұрышқа тартып барам төтелеп.
Алматыға қар жауып тұр,
дымқыл қар,
Арық ағаш артын бағып, тың тыңдар.
Және адамдар –
өзіне өзі тығылған,
және шамдар –
жеңілтектеу, құбылған...
* * *
Көз жасым, құйыл ішіме,
Мәңгілік шөлін қандырсын.
Таңданып тағдыр ісіне,
Жағалауыма жан кірсін.
Сіркіре, саула,
арлы әнім
жарыққа қарай бұрылсын.
Аңқасы кепкен арманның
Өлігі қалса, тірілсін!
Көз жасым, құйыл, аңырат,
Өкініш өңін өшіріп.
Жақсы ойлар туса, жамырат,
Жаманын үнсіз кешіріп.
Көз жасым, мөлдір кермегім,
Мұң менен шаттық баласы.
Өзіңсіз өмір –
өлгенім,
Бетпақтың соқыр даласы...
ТҮС
Рақат!
Көрмейсің:
Күресінді, күннің қызыл тұқылын,
Сүйекке таласқан иттерді.
Естімейсің:
Саңыраудың ән туралы пікірін
Және үкімін.
Рақат!
Көрмейсің:
алудан ақжем қолдарды,
соқырдың күлкілі суретін.
Естімейсің:
Жанарыңды кемірер хорларды,
Сорларды.
Рақат!
Көрмейсің:
жаттан да жат болған жақынды,
биіктің шұңқыр қылығын.
Естімейсің ешкімнің аузынан атыңды,
Осы – ақырғы...
Көресің:
ауаны, сары гүлдерді,
аспалы бау ішін.
Естисің ең әдемі үндерді,
тыныштық дауысын...
* * *
Бар болғаным қандай жақсы!
Сені көріп кетем.
Қар болғаным қандай жақсы –
Еріп кетем.
Бар болғаным қандай жақсы,
Жолыңда өлмеймін.
Қар болғаным қандай жақсы:
Соңын көрмеймін...
* * *
Ақ гүлдерден ұшқан аппақ шаңдаймын,
Жер бетіне жаңа түскен жандаймын.
Дөңгелектер шашады кеп шашуын,
Былғансам да, қанбаймын.
Жеңістегі желбіреген таудаймын,
Көз жасынан көтерілген будаймын.
Дүниенің балшығына қарамай,
Серігімен сыбырласқан қудаймын.
Жер де батпақ,
Көк те батпақ,
Мен батпақ.
Батпағыма көбелектер қонды аппақ.
Періштенің ғана көрер түсіндей:
Қала да аппақ,
Қара да аппақ,
Жол да аппақ...
Өмірімнің ең әдемі, тірі айы,
Жанға туыс тұманы да, лайы.
Күллі мезгіл атаулының төресі,
Сұр бұлттардың сұлуланған шырайы.
Қар да еріп,
Ағыл-тегіл мен де еріп,
Дөңгелек күн ала қашты өңгеріп.
Дәл осылай шығарып сал мені ылғи,
Көңіліме көңіліңнен жем беріп...
* * *
Ұмытты ма, апыр-ау,
Көз қандырар көркем-ді...
Ұлы ұйқыда жатыр-ау
Қызғалдақтар ертеңгі.
Тәңір көзін тұмшалап,
Томсарып тұр сұр мекен.
Қайтқан құстар күн санап,
Асығумен жүр ме екен?!
Қалды-ау бәрі... түс – бақыт
Қатқан қардың түбінде.
Кеудеме өлең қыстатып,
Әзер жеттім бұ күнге.
Ұмытты ма шынымен,
Естілмей ме енді әні?
Суық қардың тілінен
Суыныппын мен дағы.
Маңдайымды толтырды
Қатал тағдыр қаламы.
Кескілейді жол түрлі
Қажып біткен қаланы.
Көрсете гөр оң қабақ,
Ағаш біткен беу! десін.
Көктем жатыр тоң қамап,
Көтере алмай кеудесін...
* * *
Ақ дәке байлаған ағаштар
Арсиып сіңірі
Емші-жолдарда тізілді.
Менің бүгінгі бақытсыздығымның ғұмыры
Ақ қар жерге жеткенде үзілді.
Айналаға аппақ ұшқыштар толып кетті,
Жанымды ертіп жарасымға.
Менің бүгінгі бақытсыздығым өліп кетті
Аспан мен жердің арасында.
Бүгінгі бақыттылығым арман еді,
Айта алар жалғыз гүл тілі.
Бүгінгі бақытсыздығым жалған еді:
түтіндей, түстей, күлкілі...
* * *
Жоқ қуаныш, қайғы да,
Бостық.
Осылардың ортасы бар азат.
Кеше айды да, лайды да дос қып,
Қанша құладым көзімді жас қажап...
Сыртқа керегі: қорғансыз күйім,
Жатталған, тапталған ізге салу.
Осы – қорғаным,
Осы – үйім,
Қабыршағым – қару...
Сырттың білмеймін көлемін, жасын,
Көрмеймін жайнаған көзін.
Дос түгіл, жоқ бүгін қасым,
Тығылам өзімнен өзім.
Сыртқа керегі ішіңе орнау,
Иілтіп, соңынан ерткен.
Күрестің көкесі - өзіңді қорғау
Мағынасыз дерттен.
Бізден де кетер,
Мәңгіге тұрмас
Бұл өмір бәрін тастата.
Есімім – Ұлу, сен кімсің, сырлас?
- Тасбақа...
* * *
Тағы жаңбыр...
Қаңғыр, қаңғыр!
Тисін мейлі тамшылардың таяғы,
Сен армандап кездеріңді баяғы,
Жоқта өзіңді өтіп кеткен, құр сұлба,
Құлақ түріп, тырсылға...
Не өзіңе жының келіп, мырсылда.
Көше... көше...
Кеше-кеше шалшық суды,
Шарша, мейлі, шарықта!
Дөңгелектер суға көміп, құла сосын арыққа.
Жалғыздыққа қайта оралса ой-сана,
Сен осыны той сана,
Ең бақытты бейшара!
* * *
Араны ашық, арық ойдың жұтынан
Арылармыз апта кейін, ай кейін.
Сенен енді мәңгілікке құтылам,
Айырыламын және сенен, қайтейін...
Естіде ешкім бола алмайды дәл сендей,
Естімеспін енді сені, бақ даусы.
Гүл егуші,
Қайғырушы қалса өнбей,
Жайнай қалса, жаны ашымас таптаушы.
Сенен қалған – қара желдің бейнесі,
Қара судың қызылсары қабағы.
Менен қалған – жырдың жасыл жейдесі,
Аялаймын айдай алыс жабығып.
Аңыз соңы аямады аң құрлы,
Аңырасам, ащы балын еселер.
Ал есімің өшкен сайын жаңғырды,
Қызыл көзін қылмыңдатып көшелер...
* * *
Түн.
Терезенің ар жағы –
Түтін.
Түн.
Терезенің ар жағы –
Құм.
Түн –
Сүйікті жатым.
Түн –
Саған хатым.
Кім еді атың?...
* * *
Кісіден қайтып, қамалып,
Кім болдық енді, жынды емей?
Жан бермей ешбір жаңалық,
Қалды ғой көңіл үндемей.
Жүрек те көзін жұмады
Жүрсе де көктем, гүлдемей.
Арман да артта, қызықсыз
Алынбай қалған жүлдедей.
Қайғының әнін қош алып,
Қайырлау деген осы да,
Жақыннан, жаттан босанып,
Бәріне қарап шошына.
Көзіңді қанбас шөл басып,
Бәріне қарап шошына.
Сөзіңді қимай досыңа.
Ақырын, дыбыс шығармай,
Аққанда жасың жосыла
Енесің енсіз өмірдің
Ендігі қалған босына.
Тауысып ойдың тәттісін,
Ауысты әбден бұл айым.
Оралып, шіркін, ақ құсым,
Көрер ме ем күннің сыңайын?
Қалбиған қара көлеңкем,
Қалайша саған ұнайын?!
Қажыдым,
өлді нәзігім,
тірліктің кешіп лайын...
* * *
Тілсіз ағаш күнсіз көкке жаутаңдап,
Арман кетті аялдарға тау таңдап.
Қар сияқты үндемедім...
Сұрқай тірлік сұр үйлермен үйлесті,
Шешіп тастап тағы да бір күнді ескі.
Қар сияқты үндемедім...
Ол да сұп-сұр бірдеңеге айналды,
Тіршіліктің тістеріне шайналды.
Қар сияқты үндемедім...
...Күн шықты!
Енді гүлденемін.
* * *
Жауып жатыр соңғы қар...
Енді менде сезім жоқ сен омбылар.
Тым құрыса, суығым жоқ тоңдырар,
Қайтіп өмір сүресің –
Қалдың отта.
Соңғы қарда соңғы сөзім қалықтап,
Ең соңғы рет қарар саған анықтап.
Бұғынасың, тығыласың тал ықтап.
Қайтіп өмір сүрерсің –
Күйдің шоққа?!
Жауып жатыр соңғы қар...
Сенсіз көктем мені қайбір оңдырар:
Күйген жерің одан әрі қолдырар.
Қайтіп өмір сүресің –
тоқта...
* * *
Ұлы дала... шетсіз-шексіз кеңістік...
Көшпенді көңілінің азығы еді.
Сағым кезген сахараның тұрғыны
Һәм батыр, һәм нәзік еді...
Су жағалай салған байтақ шаһары
алтын қазығы еді...
Көшпенділер – күнді сүйген жолаушы,
Көргенде жау біткеннің сұры қашты.
Ұлы аңызға айналған мекенінде
Өлмейтін өркениет гүлін ашты...
Жүрегі жомарт еді,
Қиялы ұшқыр еді құсқа балар,
Аласармас арманның дәнін егіп,
Қияға қанат қақты қыш-қалалар...
Найзаның ұшыменен жол сілтеген
Дұшпанға көре алмаған.
Қанын да, жанын берген,
Ал Байтағын
Ешкімге өз қолынан бере алмаған...
Ұлы дала... абыз- мекен...
Ұлы көш – мәңгіліктің кемесіндей...
Қоғалы көл, қом сулар...
Керуен жолдар...
Көк орда... болашақтың елесіндей...
Ұлы дала... ұлы таулар...
Ұлы жолмен керуен жырақтаған.
Көк аспаны көгілдір туға айналып,
Сарыарқаның төріне тұрақтаған...
* * *
Көк бояу қалмай көшпеген,
Есіңнен кетпей ештемең.
Бала кез ұшты бақбақ боп,
Қара көз қалды қош деген.
Сарғайып пісер салса егін -
Әдемі жерде әнші едім.
Жапырақ жатыр жығылып,
Жағдайың қалай ал, сенің?
Сырыңды жаймай ешкімге,
Сергелдең күндер кештің бе?
Жаныма жақын серігім,
Көктеммен бірге көштің бе?
Ол күндер кетті оралмай,
Айналып қайта соғар ма-ай...
Балалық шақтың елесі
Сағындым сені, көре алмай.
* * *
Жүректің сөзі жыртылып
Қалтаңда кетер,
Біреулер
Мені күлкі ғып,
Талтаңдап өтер...
Жүректің сөзі – сөз емес,
Өлі керуен!
Менің де көзім – көз емес,
Сені көрген!
Сезімнің ұлы түптері
Менде де өлсін,
Сен дағы
Ұмытып мені,
Жөнделерсің.
* * *
Тереземді жаңбыр қақты,
Сен емес.
әткеншек – күн әнді ұрлапты,
сені емес.
Бақыт – ана басын бұрып біз жаққа,
Көкке асылған бесігіне бөлемес.
Жағаны өпкен теңіз деді,
Сен емес,
Жаға – жаным ем іздеді,
Сені емес.
Еңіс жаққа жүгірген ем, ессіз топ,
Төбе жақта қызып жатты төбелес.
Біреу жолда: Сәлем! деді,
Сен емес.
Жолықтырдым әрең деді,
Сені емес...
* * *
Білмесем де өзіңе жат па азабым,
Ғашық болып ғажайып баққа жаным,
Ұлпа қарды кеудеме жиып алып,
Ұлпа қардай қағазға хат жазамын.
Хат жазамын,
Басқадай жоқ амалым,
Думанды да сол күні доғарамын.
Білсем болды тек сенің барлығыңды,
Сен жоғалсаң,
Мен дағы жоғаламын.
Білмесем де қара ма, ақ па жаның,
Жиып қойып тағдырдың бақ, тозағын.
Ұлпа қардай сұп-суық тұрағымда
Жүрегіме жылынып, хат жазамын.
***
Сағымға ердім сан қилы,
Ағын да көрдім нешеме.
Диуана-көңіл қаңғиды
Жапырақ кешіп көшеде...
Жапырақ жаным секілді
Жазынан күзге құлаған.
Айтылмас әнім секілді
Аллаға ғана ұнаған.
Жапырақ-көздің жасынан
Айрылмас, адал дос көрдім.
Өмірді қайта басынан
Бастасам, тағы өстермін.
Көңілді қалай аулармын,
Өткенді қалай өшірем.
Тұлғасы биік таулардың
Жаурадым көлеңкесінен.
Көрмедім оғаш оқ атып,
Ермедім есер сөзіне.
...Жүрегімді алдым жоғалтып –
Түспеді ме екен көзіңе...
* * *
Күн де бүгін көзін жұмды нұрланбай,
Мен де жұмдым, қараңғыдан құр қалмай.
Қар жамылған ағаштардың ішінен
Адамдарға күлкісі кеп тұрғандай.
Көрінбесең, оған жалғыз кінәлі –
Алматының түтіні мен тұманы...
Сол аяғың, сол жүрегің, сол басың,
Қараң-құраң көлеңкелер – жолдасың.
Қар жалаған қаңғыбас ит қыңсылап,
Жағалайды қайыршының дорбасын.
Табылмасаң, оған жалғыз кінәлі –
Алматының түтіні мен тұманы.
Соның бәрі маған қатты ұнайды,
Соның бәрі сондай сұлу, шырайлы.
Айлы түнде айта алмаған сөздерім
Көше жақта күліп тұрып, жылайды.
Көре алмасаң, оған жалғыз кінәлі –
Алматының түтіні мен тұманы...
Есімде жоқ сол ғажайып ән аты,
Қара көздің салбырайды қанаты.
Амалсыздан ататұғын таңдардың
Сені күтіп , таусылмайды тағаты.
Сағынбасаң, оған жалғыз кінәлі –
Алматының түтіні мен тұманы...
* * *
Жүрегін түннің жастанып,
Қиялға батты қия алмай.
Басқа бір жарық басталып,
Жетелейді оны ұялмай.
Айтатын сөзің бар ма әлі –
Аяма,
Оған лақтыр!
Адасып қалған арманы
Аулада өксіп, жылап тұр.
Қарайды аспан ағарып,
Күйеді жел де жүгіріп.
Кірпігі жерге қадалып,
Қарайды күн де құбылып...
Көңілінің көзі бүр жарып,
Басына бақыт балалап.
Көрінбей жүрген бір жарық
Билейді бойын жағалап.
Күтеді оны түн құлша,
Тыныштық қалқып ісінде.
Оята көрме, тым құрса,
Бақытты болсын түсінде...
* * *
Көңіл нұрын көрінгендер алған күн,
Айсыз мұңның айызы бір қанған күн.
Жанталасып, жан қанаты талған күн –
Бүгін...
Амалсыздан ақ таратып, атқан күн,
Бағасыздың балшығына батқан күн,
Тынышымды күлдіретіп шаққан күн –
Бүгін.
Алданыштар алақайлап шапқан күн,
Айсыз мұңым күнсіз күлкі тапқан күн,
Бір есінеп, тәтті ұйқыға батқан күн –
Бүгін...
* * *
Ілбіп келем ілесем деп мен көшке,
Мінсіз сезім, түнсіз кезім – келместе.
Ашық күнде адастырған жарығым
Қайта жанды енді мәңгі сөнбеске.
Түпсіз түндер түсе көрме есіме,
Қарауылдай қарап маған тесіле.
Ел көшкен жұрт секілденіп, қаңырап,
Енді маған елестейсің несіне...
Ілбіп келем,
Керек пе сол көш маған,
Бақыр беріп, бірін бірі қоштаған.
Табылмады табасы көп дүниеде
Ақ қағаз бен қауырсындай дос маған.
Үзілсе өлең, үнсіз жастай көздегі,
Ұмыттырар ұрандатқан өзгені.
Жарнамасыз жан танымас қалада
Бауырына басады тек сөз мені...
* * *
Күлген жапырақ,
Жылаған жапырақ,
Ұнаған жапырақ,
Құлаған жапырақ,
Не ойлайсың табанның астында жатып ап...
* * *
Жақсыға сеніп, жүгірме,
Желемік тисе, өшеді.
Жаманнан шошып, бүгілме,
Бүгілген сайын өседі.
Көзіңді жұмба күн барда,
Көреріңді көріп қал.
Жақсы мен жаман шын барда
Арасын іздеп, өліп-тал...
Жақсыға сенгіш бірі едім,
Жаманын сезіп, жаңылам.
Өзіме өзім күлемін,
Күлмегенде нағылам...
* * *
Көрінген тау көмескі –
Таба алар ма екенмін.
Серік етіп елесті,
Сағалар ма екенмін...
Көк аспаннан үмітті ем,
Күн көрер ме екенмін.
Сұр бұлттарды сырып мен
Үлгірер ме екенмін.
Аспаныма ие боп,
Марқаяр ма екенмін.
Асылымды күйе жеп,
Қартаяр ма екенмін...
Біреулерге ұнаса,
Күнсіз қалар ма екенмін.
Мұның не? деп сұраса,
Үнсіз қалар ма екенмін...
* * *
Мағынасыз шуменен, дабырамен
Сені есімнен шығардым тағы да мен.
Жақыным деп айтарға жан емессің –
Мәңгі-бақи қасыңнан табылар ем.
Мұңайтып ең қайсыбір жылы мені,
Қуантып ең,
Жоқтығың білінеді.
Сенсіз - теңсіз көңілім үңірейіп,
Қара көзге қара су ілінеді.
Бірі өңім болғанмен, бірі – түсім,
Көрдік талай тағдырдың ірі күшін.
Сенсіз суық өмірдің суретіне
Жағып жүрмін бояудың жылы түсін.
Ән беруші ең әдемі райыңмен,
Сән беруші ең сүйкімді шырайыңмен.
Қай жүректің түбінде мекен-жайың –
Тым құрыса, хат жазып тұрайын мен...
БАСПАНА
Бостандықта өмір сүрсін біраз ай,
Төбесінен жаңбыр жаусын себелеп.
Ақын деген ашық жүрген мұражай,
Оның басын бүркемелеп не керек?
Ештеңе емес жел соққаны аңырап,
Ештеңе емес көре алмаса күнгейді.
Ондағыдай шетсіз-шексіз шаңырақ
өзгелердің түсіне де кірмейді.
Аман болса болады оған жер мен көк,
Алаңдарға тастамайды қоқысын.
Тоңып қалмау үшін қолы ербеңдеп,
Тас үйлерге тастай жырын оқысын!
Қуаныштан әсем әнге салады,
Машиналар арасында гулеген.
Жаңбыр соңы қарға айналып барады –
Кім бар оған ақын болып ту деген?!
* * *
Өң бе, түс пе –
айыршы:
Машиналар арасында –
қайыршы...
Созады кеп қотыр-қотыр қолдарын,
Келе жатқан өзім ғана –
сол барым...
Тым құрыса, тиын неге болмадым –
ұмыттырар қайыршының тоңғанын...
Өң бе, түс пе,
білмедім.
Өтінбедім,
өкінбедім, күлмедім...
Күн ұялды ұясына батып ап,
Мен қуандым бір балмұздақ сатып ап.
Біреу сосын ақыл айтты жатып ап,
Табылды деп бір ғажайып ақымақ.
Өң бе, түс пе,
Ұқпадым,
Бірақ содан шықпадым.
Анау адам –
менің жақсы танысым,
Бар өмірі кезекте өтті нан үшін.
Мен де бойлап барам көше ағысын:
Өмір үшін, көңіл үшін,
жан үшін...
* * *
Құстар ұшып бара жатыр –
Түсі аппақ,
Қанатымен қара жерді құшақтап.
Жапырақтар ыңылдайды соңғы әнін
жасырған боп тоңғанын.
Құстар ұшып бара жатыр қиялдай,
Қара жердің жүрегіне сыя алмай.
Жапырақтар құлап жатыр біртіндеп,
тұрар ма еді бір күн деп...
Құстар ұшып бара жатыр биіктеп,
Жапырақ та ұшты жазын сүйіп кеп.
Екеуі де егіздігін жасырып,
бірі - көкке,
бірі жерге асығып...
* * *
Көзімнің көне жастары
Құйылды ағып мойныма.
Лақтырды мені, тастады
Сұп-суық қала қойнына.
Сұп-суық қала құшағы
өзіңді салды есіме.
Өлімнің өткір пышағы
Тірелді, міне, төсіме.
Дос кетті қара тастағы
Қайырымды сөзін оқыспай.
Лақтырды мені, тастады
Жып-жылы, жанды қоқыстай.
Есігін ешкім ашпады,
Жалғыздық – жанның жегісі.
Лақтырды мені, тастады –
Байқамай қалды көбісі...
* * *
Алысында мекендеп сүйікті арман,
Жылытады жолымды тұйықталған.
Кешіріммен қарайды жоғарыдан,
Күннің үні ішінде,
Күйіп қалған...
Бар керемет сенде де,
Менде де өліп,
Есті жиып, табиғи емге көніп,
Күнмен бірге батармыз күліп қана
Күнге ғашық күнәһар пенде болып.
Ал, әзірше дүние ұйықтасын,
Жел жүгіріп, іздесін сүйікті асын.
Ертең бәрі аспанға қадалады
Біздің нұрлы арманға иіп басын.
* * *
Жалғыз ағаш бүр атады
Жапырағы төгіліп.
Жалғыз аспан ұнатады
Жалғыздықтан егіліп.
Жалғыз әнін қайталады
Күн таусылса, ай бітіп.
Жалғыз ағаш жайқалады
Айдалада жай күтіп...
Жалғыз ағаш, жалғыз ағаш,
жүрегімнің емісің.
Жалғыз ағаш, жалғыз ағаш,
Құламашы мен үшін...
* * *
Таулар туады
Сахараның кеудесіне сыя алмай,
Таулар туады
Қара жерден көтерілген қиялдай...
Төбесіне күн сүйеніп, бұлт аунар
Жердің көкке махаббаты – бұл таулар...
* * *
Қызық дүние,
Бұзық дүние,
Көрген түстей үзік дүние...
Қолын бұлғайды,
Қолда тұрмайды,
Ұрлайды,
Тырнайды,
Жырлайды...
* * *
Сенен қашып қайда барам, белгісіз,
Сенен кетсем... өзімнен де кеткенім.
Сенсіз күннен – беті адам көргісіз
Безе қояр батылдығым жоқ менің.
Барлығыңды көрген де емен,
Ол қандай?
Мүмкін мүлдем дүниеде жоқ құдай.
Менің әсем өмірімді – сормаңдай
Мекендейсің әдемі бір соққыдай.
Алданыштың аяғында сұр нүкте,
Жан-жағымда жанталасқан жарыс бір.
Иесімен – икемдірек тірлікке
Менің салған суретімді салыстыр.
Өңі кеткен өмірімді сүйретіп,
Сенен қашып қайда барам?
Қай тауға?
Нағыз шындық нанымымды күйретіп,
Тұралатып, тұнығымды шайқауда.
* * *
Сүйегімнен өтіп кеткен бір мұңға
Жоғалайын, жетті! дегім келеді,
Хабар бермей, батыратын құрдымға
Телефонды тепкілегім келеді.
Мені ерте алмай, қалықтаған сыңарға:
Кінәлімін өзім! дегім келеді.
Оранып ап әппақ-әппақ мұнарға,
Ештеңені сезінбегім келеді...
Жүзімді ешкім көре алмайды жасыған,
Өмірімді шашып-төккім келеді.
Жақсы көрген жартасымның қасынан
Аспан жаққа қашып кеткім келеді.
* * *
Алыстасаң, аңсауменен ауырамын –
Бар есімді бұғаулайды түс-бейнең.
Жақындап ең, көлеңкеңнен жаурадым –
Кетуіңді тілеп тұрып іштей мен.
Кейде сені өзім бе деп қаламын,
Сені ойдан шығарғанмын өйткені.
Мен де ертегі тыңдап өскен баламын,
Өскеннен соң өмір кімді кейітпеді...
Қайшылаудан шаршамайды қайшылық,
Жалықпаймын мен де өзімді зерттеуден.
Кәдімгідей күн батар ма, Ай шығып –
Топыраққа айналғанда өрт-кеудем?!
Жоғаламын сен қираған күні деп,
Қара түнде қаламымды қолға алам.
Қуантатын, мұңайтатын құдірет,
Ертегімнің кейіпкері – болмаған...
***
Менің тауым биік те емес –
Бөркің түсер басыңнан,
Жайдақ та емес –
Жамыраған төбешіктер басынған.
Менің тауым – менің тауым,
Суығы да сүйкімді,
Періштелер демалатын үй сынды.
Менің тауым – Аллам, сенің ең әдемі шығармаң,
Топырақтан, тастан емес,
Музыкадан құралған.
Менің тауым – мейірімнің Меккесі,
Өлеңнің ауа жұтар өкпесі.
Сол тау ғана –
мен білетін ең ғажайып құбылыс,
Сол тау ғана –
өн-бойына жолатпайтын ібіліс.
Жылап барар жалғыз алтын мекенім,
Менің тауым –
Гүл көмкерген етегін.
* * *
Боздады жаным жай таппай,
Табылмай оның тағы емі.
Ғарыштан бәрі байтақтай,
Алыстан бәрі әдемі.
Сарқылдым кешкі базардай,
Болмаңдар мендей, балалар!
Ақылың кейде ажалдай –
Көзінің орны ғана бар.
Қашқаным – жұмақ жақ ынтық,
Басқаным – кәрі, жауыр қар.
Самғасаң, тірлік сағынтып,
Қайтадан қонсаң, ауыртар.
Боздады жаным шырылдап,
Кеудемнен шығып кете алмай,
Барады күндер зырылдап,
Біріне бірі жете алмай...
* * *
Сенгенім едің,
Сыр бердің...
Солай боларын білгенмін.
Сен жоқта қалай жүргенмін?
Сен жоқта қалай күлгенмін?!
Бармысың жоқтан құраған,
Алыста менен жүр аман.
Сен жоқта неге мұңайғам,
Сен жоқта неге жылағам?
Қамама мені, қара түн.
Әнім бар әсем салатын.
Бұтағың бар ма қонатын?
Қанатым талды, қанатым...
* * *
Жоқсыз:
Шөлмін, тақырмын.
Жымиясыз жай ұқпай.
Батып бара жатырмын
Түбі тесік қайықтай.
Жоқсыз:
Жоқпын, мұнармын.
Көрінбеймін ауадай.
Жайыңызды ұғармын
Жағдайыма қарамай.
Барсыз:
Баймын, гүл де-мін.
Бәлкім бір рет көрмедім.
Осы – өмір сүргенім,
Осы – менің өлгенім...
* * *
Жып-жылы бір жел есті маужыратып,
Салқындықты қуалап, қалжыратып.
Жылы ағаштар жып-жылы көзін ашты,
Сыз илеген кеудені саңғыратып.
Жылы жерден жылы шөп жылтың қағып,
Жылы көкке қарайды бұлтын бағып.
Алма ағашы Алладан бақ тілейді –
Сырғаларын тағып ап, сылқымданып.
Жасақталып жатқандай гүлден керуен,
Күннің исі аңқиды күлгендерден.
Жылы-жылы ойлардан жылап жүрмін,
Жоқ нәрсеге қуана білгендермен.
Жылы-жылы жел есті.
Селк еткізді,
Жапырағын жанымның желп еткізді...
***
Кездесуге қалса үлгірмей,
Ашық күнді аңсап, бұлты жоқ.
Жылағанын қыздың білдірмей,
Жауа берші, жаңбыр, сіркіреп.
Ғашықтарды қатал жазалап,
Ауа райы қалай айырсын?!
Жауа берші, жаңбыр, тазалап,
Жүректердің көзі шайылсын!
Тырс-тырс, тырс-тырс...
Тереземді жаңбыр қағады.
Көк аспаннан ерке моншақ тамады.
Мың тамшылар әуен болып ағады,
Сол әуеннен жаным рақат табады.
Кел, далаға күліп шығайық!
Жыламасын ешкім мұңайып.
Қолшатырдың барын ұмытып,
Қолымызды тосып тұрайық!
Жаңбыр өтіп жұқа көйлектен,
Жапырақтың жайын ұғасың.
Көлік күткен сұлу бойжеткен
Қуаныштан ғана жыласын...
* * *
Сен тау сияқтысың –
ығы жоқ.
Сен жау сияқтысың –
Қорғайтын.
Сен ой сияқтысың –
түбі жоқ,
Сен той сияқтысың –
болмайтын.
Сен тот сияқтысың –
басатын,
Сен от сияқтысың –
жанбаған.
Сен көп сияқтысың –
шашатын,
Сен жоқ сияқтысың –
таңғалам...
* *
Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі –
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!
Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам...
Көресің!
Аспан жұлдыздарының аспан сферасына проекциялануы
Қазақ лирикасында өзіндік үнімен танылған ақын Н. Бегалиевтің ақындық табиғаты
Қыстайтын құстар түрлерін анықтау
НАУРЫЗ - ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ
Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі Жұмыстың ұсынылған бағыты этномәдениеттану
Құстардың жіктелуі
Ұлыстың ұлы күні наурыз жайлы
Жанат Әскербекқызы поэзиясындағы Көк концепциясы
Көшпенділердің менталитеті
Күн жүйесінің құрылысы мен планеталар қозғалысы тақырыбын мектепте сапалы оқытудың әдістемесі
ТОНЫКӨК
КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ
Кәсіпорынның бәсекелестік қабілетін арттыру жолдарымен оның бағалау ЖШС (КӨК-СУ).
Көкшетауға саяхат
ЖИТС-тің жұғу көздері және жұғу жолдары
Инфрақызыл.
Ш.МҰРТАЗАНЫҢ «ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ» РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ
Қызыл кітап туралы
Қызыл армияның әскери бөлімдері мен құрамалары (1918-1920 ж. ж.)
«ТОНЫКӨК»(ТОНИҚҰҚ) ЕСКЕРТКІШІНІҢ АУДАРМАЛАРЫН САЛЫСТЫРА ҚАРАҒАНДА