Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті

Ертедегі орман әңгімесі: еңбек пен жалқаулықтың салмағы

Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Екеуінің де өз ұясы болмай, ағаш бұтақтарын паналап күн көріпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: «Ұя керек, ұя керек» деп, көршілерінің мазасын ала беретін көрінеді.

Бір күні сауысқан көршісіне: «Екеуіміз бірігіп берік ұя жасайық. Әуелі саған, содан кейін маған саламыз», — дейді. Бірақ көкек: «Менің ұя салатын қуатым да, қауқарым да жоқ. “Керек, керек” деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным — көп болып келіп көмектесіп, ұя салып берер», — деп келіспейді.

Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ іске кіріседі. Ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен мықтап шандып, берік байлайды. Іші-сыртын саз балшықпен сылап, жылылық пен төзімділік береді. Ұсақ бұтақтарды құрастырып, шағын қақпалы есік те жасап қояды. Ал ұяның түбіне мамықтан жұмсақ төсек төсейді.

Көкек болса «керек, керек» деп қақсай-қақсай дауысы қарлығып, тілі сақау болып қалады. Содан кейін «керек» дегендегі «р» дыбысын айта алмай, «келек, келек» дейтін болады.

Жұрт оны сол үшін кекетіп, көкек деп атап кетеді. Айтуларынша, көкектің күні бүгінге дейін «өзімдікі» дейтін ұясы да, үй-іші де жоқ екен: жұмыртқасын кез келген құстың ұясына тастап кетеді, ал оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Сол себепті көкектің шібилері жетім өседі.