Баласы ата - анасын қалай бақытты етпек

Әке мен ананың орны адам өмірінде ерекше

Әйел затының сұлулығы мен әдептілігі, ер азаматтың қажыр-қайраты, намыс-жігері секілді қасиеттер — баланың бойына берілетін ең асыл құндылықтардың бірі. Сондықтан ардақты ата-ананы сыйлау, қастерлеу — табиғи әрі қадірлі парыз.

Қазақ әйелі — бар мұратын отбасының игілігіне арнаған ең ізгі жан. Ана — бар тілегін перзентінің жолына, бақытына арнаған ең мейірбан жүрек. Бала ата-ананың балаға сіңірген еңбегін өмір бойы толық ақтап бітіре алмайды: ол — өле-өлгенше суымайтын, сарқылмайтын махаббат.

Ата-ана ықпалы нені қалыптастырады?

  • Ата-ана сөзінің мәнін ұғыну дағдысын қалыптастырады.
  • Ата-ана мен бала арасындағы сенім мен сыйластықты күшейтеді.
  • Ата-ана алдындағы борыш пен жауапкершілікті арттырады.
  • Отбасылық мәселені ақылмен шешуге үйретеді.
  • Болашақ өмірдің бағыты мен мінез-құлық негізін қалайды.

«Отан — отбасынан басталады» деген қағидаға сүйенсек, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату — кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді? Баласын қалай тәрбиелейді? Ата-ананың бақыты неде? Баласы ата-анасын қалай бақытты етеді?

Үміт пен күдіктің арасында

Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:

«Қайтсем ғана осыны адам етем?

Басқалардың осындай балалары

Тап осындай жаңғалақ шала ма екен?

Ойым емес, оллаһи, біздікінің

Енжарлығы елде жоқ ала бөтен...

Туа сала тұлпардың жалын тартқан,

Қырғиларға қызығып қарап өтем.

Жарық сыйлап маңына, жылу сыйлап,

Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?!

Ел қатарлы елеулі еңбек етсе-ау,

Болмаса да топ жарған дара бөтен.

Мүше тістеп, мықтылар той жасаса,

Жерге қарап мен қалар ма екем?...

Үміт пенен күдіктің ортасында

Ата-ананың үміті талады екен!»

Отбасылық тәрбие: көрген — өнеге

«Атаға қарап ұл өседі, анаға қарап қыз өседі». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің мәні — үйдегі тәрбие адамның жүрген ортасында да айқын байқалатынында.

Ата-ана баланы адалдыққа, кішіпейілділікке, ақылдылыққа, шыншылдыққа, инабаттылыққа баули отырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйретеді. И. Павловтың пікірінше, баланың мінез-құлқы өскен ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ата-ана — бала үшін ең алғашқы үлгі, ең жақын «айна».

Ата-ананың үміті мен арманы — баласы. Ананың ақ сүтін, әкенің адал еңбегін ақтау — өз болашағымызды сақтау деген сөз. Қазақта: «Ана — сая болар бағың болса, Әке — асқар тауың» дейді.

Ана мен әкеге арналған жолдар

Бір күн жылатар, жұбатар күн,
Бір күн мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
Әке деген сезімді ұмытар кім?!

Ана — жарық сыйлаған жан екенсің.
Ана — шуақ шашатын таң екенсің.
Ана — өмір, ана — бақыт, ана — жүрек,
Деп соққан жүрегімнің әні екенсің.

Ұлттық тәрбие — ұлттың тірегі

Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның сәтті болуына жол көрсеткен — қазақ халқы. Ғасырлар бойы жинақталған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнеге мен тәжірибе — соның айғағы.

Бүгінгі жас, егемен еліміздің болашағын қалыптастыру үшін халқымыздың қаһармандық тарихын, ұлттық мұрасын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу — аса маңызды.

Негізгі ұстаным

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым — сол үшеуінің жөнін білмек.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырап көрініп, берік қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқа деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан балаңыз елін, Отанын сүйетін азамат болып өсіп, сіздерді бақытқа кенелтсін десеңіз, тәрбие берудегі қателіктерге жол бермеңіз.