Рухани байлық табиғатқа деген сыйластықпен жасалмақ
Адамзаттың қоршаған ортаға тәуелділігі — табиғаттың ең байлықтардың қайнар көзі әрі өмір сүру ортасы болуымен түсіндіріледі. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, адам бойында үш қабілет ерекше жаратылған: дене құрылысы, жан құмарлығы және ой-парасаты. Осы көзқарастың қалыптасуы мен даму тарихына үңілсек, оның адам баласының табиғатты танып-білуімен тікелей байланысты екенін аңғарамыз.
Табиғат — біртұтас әлем
Адам мен табиғаттың, табиғат пен қоғамның арасындағы байланыс — өмір сүрудегі аса қажетті алғышарттардың бірі. Оқу-тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлген философ әрі психолог-ғалым Ж. Аймауытов: «Табиғат біртұтас әлем, одан тысқары ештеңе болуы мүмкін емес», — деп түйіндейді.
Табиғаттың мейірімі мен көркемдігі адамды да мейірімге жетелейді, ар тазалығын сақтауға бейімдейді.
Табиғатта сезім бар, құлақ та бар,
Ренжітсең, күрсініп, жылап та алар.
Аяласаң, жаныңа шуақ тамар,
Қажығанда бойыңа қуат болар.
Мейірімнің табиғаты және адамның мінезі
Табиғат пен адамның мінезі де ұқсас: табиғат мейір төксе, әлем құлпырып сала береді. Адамның мейірімі де дәл осындай әсер береді. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады» дегендей, жағымды сөз, әдепті қылық, пайымды әрекет адам жанын жадыратып, уайымын жеңілдетеді, өмірге құлшынысын арттырады.
Халық өзін қоршаған табиғаттың мінез-қалпын бойына сіңіріп, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғайды. Табиғат пен адам — егіз әлем. Бірін-бірі күтуге, аялауға міндетті. Сол сыйластықтың бір көрінісі — адамның табиғатқа деген пейілі.
Төрт құдірет: Күн, Жер, Ауа, Су
Адам — табиғат перзенті. Ол суға, жерге, айға және соларды жаратқан Тәңірге табынып, жалбарынады. Адамзат баласы өзінің ғана емес, бүкіл ғаламның аман-саулығы үшін жаратылыс алдында өзін борышты сезінеді.
Тіршілікте төрт құдірет бар: Күн-ана, Жер-ана, ауа және су. Олардың біреуінсіз де өмір тоқтайды.
«Жері байдың — елі бай»
«Туған жер — алтын бесік»
«Ауа — өмір тынысың»
«Судың да сұрауы бар»
Рухани байлықтың өлшемі — табиғатқа құрмет
Ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, табиғаттың бізге жұмбақ сырлары көп. Ақындар мен шешендер ең қымбат қазына — табиғаттың күйін ғибрат сөздеріне, толғау-термелеріне арқау еткен. Олар табиғаттың құбылысын адамның көңіл күйімен сабақтастыра жырлаған.
Рухани байлық табиғатқа деген сыйластықпен қалыптасады. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру — олардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын күшейтіп, сол арқылы өмірге деген көзқарасын ояту, мінез-құлқын қалыптастыру деген сөз. Бұл — аға ұрпақтың айқын міндеті.
Баба өсиеті: «Көкті жұлма, шөпті таптама»
Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы — «көкті жұлма, шөпті таптама» — табиғат көріністеріне үлкен жауапкершілікпен қараудың белгісі. Бұл ұстаным туған жер табиғатының бұрынғыдан да жайнап, гүлденуіне ықпал етуді мақсат етеді.
Өтебойдақ Тілеуқабылұлы көрсеткен жеті шарт
«Шипагерлік баян» атты ғылыми мұра қалдырған Өтебойдақ Тілеуқабылұлы адамның өз ғұмырында міндетті түрде орындауға тиіс жеті шартты атап өтеді. Соның төртеуі табиғатпен тікелей байланысты:
- Көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу.
- Көбеймелі жорғамалдарға тиіспеу.
- Қарлығаштарға тиіспеу.
- Көз ашпаған шикілікке тиіспеу.
Бұл — табиғатты аялап сақтаудың үлкен адамгершілік екенін айқындайтын өсиет.
Көшпелі таным және табиғатпен етене байланыс
Көшпелі өмір салты қазақты табиғатпен етене байланыстырды. Уақыт өткен сайын адам табиғаттың тылсым күшіне, заңдылықтарына терең бойлады. Табиғатты ұмыту — өзімізді ұмыту деген сөз.
Имандылық пен мейірбандық — өркениеттің белгісі. Жас бала табиғат тіршілігін тамашалай жүріп, оны сүю арқылы үлкен адамгершілік сезімге ие болады, өзін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде сезінеді.
Мен тимеймін, жасқанба,
Дос болайық, көбелек!
Жайнап тұрған бақшамда,
Гүлдерімді көре кет.
Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп,
Тақиямның астына
Тығыла ғой, көбелек.
Қарым-қатынас мәдениеті — ең үлкен салтанат
Бала мен көбелек — табиғаттың нәзік перзенттері. Олардың арасындағы сыйластық кімнің болса да жүзіне күлкі, жүрегіне мейірім ұялатады. С. Экзюпери: «Ең үлкен сән-салтанат — адамдардың қарым-қатынасының салтанаты», — деген. Бұл ойды адам мен табиғаттың байланысына да, адамдардың бір-бірімен жарасым табуына да қатысты айтуға болады.
Жастарға эстетикалық тәрбие беру, оларды табиғат байлығына сый-құрметпен қарауға баулу — олардың бойында адамгершілік сезімін қалыптастыру, шарапатты болуға үйрету екені анық.