Кезіп қалың ағашты, Жүруші едің ордаңдай
Бір қоян өте айлакер екен. Ол байқаусызда өзін ұстап алған қасқырдан да, түлкіден де сан рет айламен құтылып кетіп жүреді.
Бір күні қалың бұталы сайды аралап келе жатып, апанының аузында алқынып, шаршап отырған аюды көреді. Қоян қарсы алдына қалқиып тұра қалып, оны мазақтап, әндете бастайды:
Әй, Қорбаңбай, Қорбаңбай,
Күнің қараң болған ба-ай?
Кезіп қалың ағашты,
Жүруші едің ордаңдай.
Әлің бітіп қалыпты,
Енді өлесің, сормаңдай!..
Қуғын және қашу
Қоянның бұл қылығына ыза болған аю тап бергенде, қоян зыта жөнеледі. Түбір-түбіртіктерден орғып, ұстатпай қашып кетеді.
Ол сол бетімен бұта-бұтаны аралап жүріп, жолай жүрген қояндарды жинап алады.
Қоянның сөзі
— Жүріңдер, мен сендерге бір қызық көрсетейін, — дейді.
Қояндар оның лепіргеніне таңырқайды. Сонда да әуестеніп:
— Ол қандай қызық? — деп сұрайды.
— Ерітіңдер соңымнан, барған соң білесіңдер.
— Жүр, ендеше, — деп, қояндар соңынан ілеседі.
Тұзаққа түскен сәт
Сытырлаған дыбысты естіген аю қалың бұтаның арасына тығыла қалады. Әлгі қоян аю апанында жатады деп ойлап, жақындап барады да:
— Әй, Қорбаңбай, тыңда, — дейді де, әндетіп өлең айтуға тамағын кенейді.
Сол кезде тасада тұрған аю шап беріп, қоянның едірейген құлағынан ұстай алады.
— Ә, бәлем, түстің бе қолға? — деп аю кіжінеді.
Айла қайта үстем шықты
Мұндайды күтпеген қоянның зәресі ұшады. Бірақ басқа қояндардың күліп тұрғанын байқап, тез есін жинайды да, жалбарына сөйлеп, айлаға басады:
Қоянның ақталуы
— Аю аға, жаңағы ағаттығым үшін өзіңізден кешірім сұрағалы келіп едім, — дейді. — Мына қояндар куә болсын деп, әдейі ертіп келдім.
Мұны естіген аңқау аю:
— А, солай ма?.. — деп, қоянды босатып қоя береді.
Сөйтіп, айлакер қоян тағы да амалын асырып, сытылып шыққан екен.