Ағайыңның мінезі өзі сондай кісі

Бағана ғана осы кафедрадан кіріп-шығып жүрген бір оқытушыны көрген еді. Түрі сәл суықтау көрінді. Қолындағы қағазға қарап отырып, іштей: «Осы кісінің сабағы болмаса екен», — деп тіледі.

Кафедраның есігін қағып кіргенде, әлгі оқытушының дәл қарсы алдында отырғанын көріп, сәл дағдарып қалды. Ол бір жігітпен шахмат ойнап отыр екен. Түскі ас уақыты болатын.

Оқытушы мұны көре салып:

— Кел, кел, бала! Не жұмыспен жүрсің? — деді бәйек болып.

Бұл келген шаруасын айтты. Оқытушы қағазды қолына алды да:

— Ой, айналайын, мына сабақтарға бір ай жүресің ғой, — деді.

Сосын қағазға қайта үңіліп:

— Ішінде менің сабағым жоқ па екен?.. Менің сабағым жоқ екен, — деді.

Әлгі бір сәт бұрын ғана «сабағы болмаса екен» деп тілегені енді өзіне қарсы бұрылды: сабағы жоқ болып шыққанына өкінді.

Оқытушы кафедра есігінің қайырылысындағы бұрышқа көз тастады да, қыз баланың есімін атады. Сонда ғана аядай кафедра ішінде бұл ойлағандай екі адам емес, үшінші адамның да барын аңғарды.

— Мына балаға оқытушылардың сабақ кестесін айтып жіберсейші, — деді ол.

Сосын бұған қарап:

— Кейбір оқытушыларымыз ғылыми жұмыстарымен Алматыға кетіп қалып жатады. Сондықтан осы жерде барына тапсыра берсін дегенім ғой, — деді.

Кітапханадағы әңгіме: заңды үйрену — тоқтамайтын жол

Көп ұзамай кітапханаға барғанда, тағы да сол оқытушыны көрді. Ол мұны көре салып, жанындағы бос орындықты нұсқап: «Кел, кел, бала» — деді.

— Жалпы, өзім кітапханаға келетін студенттерді жақсы көрем, — деді.

Сөйтсе, бұл кісі 25 жыл адвокат болып жұмыс істеп, кейін осы кафедраға оқытушы ретінде шақырылған адам екен.

Бұл таңданып: «Сіз сонда 25 жыл адвокат болсаңыз да оқи бересіз бе?» — деп сұрады.

— Ой, айналайын, заң — қиын сала. Ізденуді, қадағалауды үнемі керек етеді.

Кейін өзі оқи бастағанда, дәріс берген облыстық соттың судья ханымы мынадай ескерту айтқанын жеткізді:

«Іштеріңде заң саласында жұмыс істеп жүргендер бар шығар, тергеу саласындағы жігіттер де бар шығар. Ескертіп қояйын: нағыз юрист ешқашан “статьяны жатқа білемін” демейді. Өйткені әр статьяның ар жағында адамның тағдыры тұрады. Сондықтан юрист дегеніміз — мың жерден жатқа білсе де, оны қайта-қайта оқитын адам».

Әділетсіздікпен бетпе-бет келген сәт

Оқытушы өз жолын да бүкпесіз айтты:

— Мен әу баста Ташкенттен басқа сала бойынша жоғары білім алып келгенмін. Сол кезде жұмысымда әділетсіздіктер болды. Ойландым: “Әділетсіздікті көріп жүрген жалғыз мен бе? Неге сондай адамдарға көмектеспеймін?” Сөйтіп Алматыға барып, заң мамандығы бойынша оқып келдім.

— Мақсатыма жеттім. Жиырма бес жыл адвокат болған қызметімде талай адамның құқығын қорғауға көмектестім. Жерде жүрген адам түгілі, аспанда ұшқан ұшқышты да қорғап шыққан кезім болды, — деді.

Қатаң мінезді профессор және «қамшы болған» сөз

Декан бірде: «Сабақтардың ішінде профессор ағайыңның да сабағы бар. Әуелі басқа пәндерді тапсырып ал. Профессорға соңғы жағынан барарсың. Мінезі қатаңдау» — деген еді.

Кей оқытушылар болмай қалып, қағаз жинау қиындаған күндердің бірінде профессордың алдына да барды. Бірақ сөз күтпеген жерден қатқыл шықты: қағазын кейін қарай серпіп жіберіп:

— Неғылайын бұрын жоғары білім алған болсаң?! Бұрын жоғары білім алсаң, екінші курстан бастап оқуың керек пе?! Бұл қайдан шыққан сөз?!

Профессор осылай деп кафедраға кіріп бара жатты. Бұл тосылып қалды. Бұрылып қараса, арқа тұсында әлгі оқытушы тұр. Жымиып күліп, болған жайды сырттай бақылап тұрғаны көрінді.

— Бара бер. Ізінен қалма. Ағайыңның мінезі өзі сондай, — деді ол.

Осы сөз қамшы болды.

Бұл да кафедраға бірге кірді. Профессор төр жақта тұр екен. Мұны көріп: «Бері кел!» — деді.

— Менің екі сабағым бар. Әуелі біреуін тапсырып көр. Көрейін. Сосын барып екіншісін аламын, — деді.

Сөйтіп сөреден төрт кітап суырып берді:

— Осы кітаптарды оқып кел. Бір апта уақыт беремін, — деді де, келетін уақытын айтты.

Бір апта бойғы оқу: фикһ, мазһаб, факиһ

Ол бір апта бойы фикһ оқыды. Мұсылмандық құқық жүйесіндегі құқықтық мектептердің — мазһабтардың қалыптасуы, мұсылман заңгерлері — факиһтердің еңбектері, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеу мәселелері кеңінен қамтылған еді.

Кейін мектепте құқықтанудан сабақ бере бастағанда, шәкірттеріне облыстық жарыстан грамота алып қайтқан «Мұсылмандық құқық және оның қолданыстағы құқықпен ұқсастығы мен айырмашылығы» тақырыбындағы ғылыми жоба әзірлетіп жүрсе — соның түпкі әсері осы оқудан басталған еді.

Бір аптадан кейін профессорға барып, сабағын тапсырды.

Кафедраның іргетасын қалаған тұлға

Бірде бірге оқыған курстас жігіт: «Қалай ойлайсың, сол кезде біз оқып жүргенде профессордың өзіндік орны болды емес пе?» — дегені бар.

Кейін мемлекеттік, лауазымды қызметтерде жүрген әлгі жігіт сол кезде орыстілді топта алғыр, үздік оқығандардың бірі еді. Айтса айтқандай: профессор — осы кафедраның іргетасын өз қолымен қалаған, жоқтан бар жасаған адам болатын.

Facebook