Ағайдың таңдай қақтырарлық таланты барша шәкірттеріне үлгі
Еңбек пен өнердің қадірі
«Еңбек қылмас еріншек — адам болмас», — деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай, бүгінгі заманда да икеміңе қарай еңбек етпесең, өмірдің бір кем тұсы сезіледі. Еңбек — рақаттың атасы. Сондықтан да еңбекпен тапқан нанның тәтті болуы осыдан.
Қазақ ертеден-ақ «өнерлінің өрісі кең» деп, еңбекқор жанды бағалап, өнерін ұлықтаған. Шығармашылық қуаты сарқылмасын деп, нағыз ісмерге әрдайым айрықша құрмет көрсеткен. «Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» деген тәмсілдің мәнін бүгінгі күні де анық көреміз.
Мақаланың өзегі
Бұл жазбада өз өнерімен талайды тәнті еткен, еңбегімен көпке үлгі болған Айтжанов Батырқұл ағайдың болмыс-бітімі мен жетістіктерін арқау етемін.
Айтжанов Батырқұл ағай туралы
Айтжанов Батырқұл Асанұлы — №21 орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі. Ағайымыз — мектептің беткеұстар азаматы: пейілі дархан, көңілі ақ, сырбаз да сабырлы, бесаспап, табиғи дарын иесі.
Ол кісі қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды азамат ретінде көптің құрметіне бөленіп жүр.
Білім жолы және ұстаздық қызметі
Өз ісінің шебері болған Батырқұл ағайдың өмір жолына үңілсек, ол Сыр өңірінің киелі білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Еңбек және бизнес факультетін тәмамдаған.
Бүгінде №21 орта мектебінде мейірбан жүзімен, парасат-пайымымен шәкірттерін еңбекке баулып, білгенін үйретіп, технология пәнінен сабақ беріп келеді. Ағайдың таңдай қақтырарлық таланты шәкірттеріне әрдайым үлгі.
Жетістіктері мен шығармашылық белесі
Батырқұл ағай өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан. Түрлі сайыстарға ерекше ықыласпен қатысып, талай бәйгеде жүлделі орыннан көрініп жүр. Оның табандылығы мен талғамы шәкірттеріне де жігер береді.
Марапаттары мен нәтижелері
- Аудандық «Өз ісінің шебері» сайысына қатысып, Алғыс хатпен марапатталған.
- «Халық қолөнері — асыл қазына» атты аудандық байқауда (технология пәні мұғалімдері арасында) II орын иеленген.
- Технология пәні мұғалімдерінің «Өнегелі салтың бар, өнер — ұрпақ» атты аудандық семинарында жаңа идеясы мен шығармашылық қабілеті үшін I орын алған.
- Оқушылардың «Жас дарын» атты II республикалық ғылыми жұмыстар конкурсына «Ұлттық нақышта кәде сый жасау» тақырыбындағы зерттеу жұмысымен қашықтықтан қатысып, «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясында оқушысы Ордабаев Нұртөре I орынмен марапатталған.
Бұл жетістіктер Батырқұл ағайдың сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі екенін айқын дәлелдейді.
Өнер иесінің болмысы
Сайф Сараидың «Таза өнердің иесі жомарт келеді» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл қанатты сөз Батырқұл ағайға арналғандай әсер қалдырады. Өйткені оның жомарт жаны мен кең пейілі көпке шуақ шашқан нұрлы жүзінен-ақ байқалады.
Қорытынды
Қай уақытта да өнердің шоқтығы биік. Сондықтан Батырқұл ағайға шығармашылық жұмысыңыз сарқылмасын, өнердің өрінде, сахнаның төрінде жүре беріңіз дегім келеді.