Отарқа - өзімнің балам секілді дейтін кейде әзілдеп
Иә, шын мәнінде солай болды. «Отарқа» жаңадан ашылған тұста қалада кәсіби журналисті ашық күнде шаммен іздесең де табылмайтын. Бірақ Аманкелді аға әдебиеттен аз-кем хабары барларды газетке тарта білді. Жассерік Сәдуақас редакцияға біржола орналасып, редактордың орынбасары болды. Оған әр басшының табалдырығын тоздыра жүріп, қоярда қоймай үш бөлмелі пәтер алып берді.
Екібастұз ауданына қарасты Өлеңті орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген менің әдебиетке деген қызығушылығымды, сөз саптасымды байқап (аудандық байқауға қатысып, баллада оқып, жүлделі орын алған едім), газетке — журналистикаға келуіме бірден-бір себепкер болған да, осы мамандықтың әліпбиінен бастап тәрбиелеген де Аманкелді Қаңтарбаев еді.
Ол жылдары шет тілінің маманы аз болатын, Екібастұз аймағындағы көптеген мектептерде шет тілі мүлде оқытылмайтын. Екібастұз аудандық білім бөлімінің басшысы Зейнолла Молдахметов қарсыласқанына қарамастан, Аманкелді аға тағы да екі бөлмелі пәтерді редакцияның қарамағына алдыртып, мені отбасыммен Екібастұзға көшіріп әкелді.
Ес білгеннен Абайдан бастап Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Мағауиндердің шығармаларын «Жұлдыз» бен «Жалын» журналдарынан оқып, үйде ата-анамызбен бірге талдап, талқылап отыратынбыз. Бәлкім, содан болар — әдебиетке ерекше құмар болдым. Әдебиет әлемі — бала күнгі арманым еді. Бұл талабымды мектепте тарих пен әдебиеттен сабақ берген Адам Мұхамеджанұлы ұштады: күрделі тақырыптарға жиі шығарма жаздыратын.
Кейін шет тілдер институтына түссем де, әдебиеттен алыстай алмадым. Осы мақсатқа жетуге себепкер болып қана қоймай, шығармашылық мектебінен өткізген — Аманкелді Қаңтарбайұлы.
Тәлімгерлік мәдениеті және редакциядағы алғашқы сынақтар
Ойды ой қуалайды ғой, осы тұста бір нәрсеге тоқтала кеткім келеді. Қазір жас мамандарды үйрету, тәлімгер болу ісі бәсеңдеп бара жатқандай. Әрине, оқу бітірген маман кәсіпке дайын күйінде келуге тиіс. Бірақ демеп жіберу, ақыл-кеңес айту, жетелеу (әсіресе шығармашылық салада) жеткіліксіз секілді.
Алғашқы күндер
Редакцияға келгенде әуелде қиналдым. Бір күн бойы «Өрт — тілсіз жау» деген орысша ақпараттық мақаланы небәрі бір бет болса да аударғаным әлі есімде. Дегенмен үш-төрт айдың ішінде білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы тақырыптарын жазуға әжептәуір төселіп қалдым.
Қиын кезеңдегі еңбек және оқырманға жақындау
1991–1992 жылдары Екібастұз аймағына Моңғолия жерінен қандастарымыз қоныс аударды. Мен олардың тұрмыс-тіршілігі мен мәселелері жайлы көптеген проблемалық мақалалар, еңбек адамдары туралы очерктер жаздым.
Қазақ тілді газетті таратуда да қиындық көп болды. Тіпті редакция қызметкерлері бала-шағамызды ертіп, әрқайсымыздың қолымызға 10–15 дана «Отарқаны» ұстатып, көше-көшені, үй-үйді аралап, пәтерден пәтер қоймай есік қағып тарататынбыз. Ауылдарға жиі шығып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырдық, әкімдермен, мектеп басшыларымен жұмыс істедік.
Балаларға арналған «Балдәурен» беті
Мен балаларға арналған «Балдәурен» атты арнайы бет ашып, шығармаға талабы бар оқушыларды тарттым. Бұл ел ішінде газеттің таралуына едәуір сеп болды.
Ұжым болып жұмыла атқарған еңбектің нәтижесі жаман болған жоқ. Ұстазым болған аяулы жандар — Адам Мұхамеджанұлы, Сайлау Ғибатұлы, Шайқым Құнанбайтегі (иманды болсын бәрі) күн құрғатпай келіп, ой-пікірін, сын-ескертпесін айтып отыратын. Тіпті Ақтоғай, Баянауыл аудандарындағы оқырмандарымыз да жиі хабарласатын. Ол жылдары редакция көпшіліктің пікірлесетін, әңгіме-дүкен құратын үлкен ордасына айналған еді: мұғалімдер мен оқушылар мектептен шығысымен редакцияға соғатын.
Қатаң талап — кәсіби мектеп
Аманкелді Қаңтарбаев жер-жерден жазатын тілшілерді де жоғары бағалайтын. Журналистер күнінде оларды марапаттап, құттықтап, редакцияға шақырып, мазмұнды кездесулер өткізетін. Бір жақсы дүние жазсақ, баладай қуанып, бірден нөмірге салғызатын.
Сөзге жауапкершілік
Әр сөзімізге, әр сөйлемімізге шұқшия қарап, тексеріп, талдап отыратын. Қате тапса, қатты ескерту жасап, кәдімгідей ұрысатын.
Бірде іссапардан келіп, ауыл шаруашылығы туралы көлемді мақала жаздым. Ол кезде «совхоз» сөзі «кеңшар» болып ауысқан. «Кеңшар» деген сөзді кім ойлап тапқанын білмеймін — онша жақтыра қоймайтынмын, сондықтан мақалада қайта-қайта «совхоз» деп жаза беріппін. Мақаланы тапсырған соң бірден шақырды: ашу үстінде отыр екен. «Осы сөзді көзіңе шұқып тұрып өткен жолы да түзетіп едім. Қайта-қайта неге жазасың?» деп 4–5 беттік мақаланы лақтырып жіберді.
Осындай қатал тәртіп, әр әріпті, әр сөзді, әр сөйлемді қатаң қадағалауының арқасында жап-жақсы төселдім. Ол кісінің алды — үлкен мектеп еді. Келіспей тұрған сөйлемді өзі түзетіп, «қайта теріп әкел» демей, мені ойландырып, өзіме түзеттіретін. Бұл — нағыз сабақ.
Көркем дүниеге бет бұру
Кейін Аманкелді аға Жассерік екеуімізден көркем дүние жазуды талап ете бастады. Жассеріктің жайын білмеймін, өз басым қайта қиналдым. Бірақ әдебиетке деген ынта, шығармаларды көп оқу, шығармашылық ізденіс бұл қиындықтан да алып шықты.
«Мұңлық», «Қия жол», «Тағдыр», «Беу, дүние...», «Алты құрт» сияқты көркем әңгімелер жаздым. Аманкелді аға: «Әр әңгімеңнің сюжеті мен сөз қолданысы бір повеске емес — романға жүк болар дүние. Жазуыңды тоқтатпа», — деуші еді.
Өзі де қай тақырыпқа салсаң да желдей есер, қаламы жүйрік болатын: ешкімге жалтақтамай айтарын айтып, жазарын жазып тастайтын, өмірдің өзіне, шындықтың жүзіне тіке қарайтын. Кейін қоймай жүріп, үшеуіміздің көркем шығармаларымызды біріктіріп, «Туған жер әуендері» атты жинақ кітап шығарды.
Сыннан тайсалмайтын ұстаз
Жалғандыққа, жалпақтыққа, жарамсақтыққа жаны қас, сөзінде де, ісінде де мінезі айқын көрінетін Аманкелді ағаның журналистік мектебінен өткеніме ризамын.
Кейін облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне ауыстым. Мақалаларым шыққан сайын хабарласып тұратын. Өзім «мынау тәуір-ау» деп ішімнен жоғары бағалаған дүниелерімді қатты сынап, «Сұйылып барасың-ау, сен осы» деп ескертіп отыратын. «Тәуір дүниелерің болса, “Отарқаға” да жіберіп отыр», — дейтін. Қуана жариялайтын.
Журналистік жолдың кеңеюі
Осы газетке келгеннен кейін аз жылда облыс әкімінің грантын иелендім, азды-көпті марапаттар мен сыйлықтарға ие болдым, оқырманға таныла бастадым. Уақыт өте қазаққа танымал талай ірі тұлғалармен сұхбаттастым: қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, қаламгерлер Сәкен Жүнісов, Қалмұқан Исабаев, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков, Тұманбай Молдағалиев, ҚР Тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шарманов; өнер жұлдыздары Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Аюханов, Роза Рымбаева, Мәдина Ералиева, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Шолпан Байғабыл, «Дос-Мұқасан» ұжымы, Елена Әбдіхалықова, Бауыржан Ибрагимов, Досхан Жолжақсынов және басқа да ондаған ғалымдар мен өнер адамдары.
Қоғамдық іске араласу
Семейде жерлес ақын Сәбит Дөнентаевтың аяқасты қалған зиратын қалпына келтіруге атсалыстым. Бұл іске «АстанаТеміржолСу» АҚ президенті Қуат аға Есімханов бастаған павлодарлық, семейлік азаматтар қолдау көрсетті. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Сәбит ақынның кітабын жарыққа шығарды.
Мұның бәрі — мақтан емес. Орыстанған ортада қазақ тіліндегі газетті ұйымдастырып, қоғамға серпіліс әкелген; ана тіліміздің, руханиятымыздың өрлеуіне қомақты еңбек сіңірген азамат — Аманкелді Қаңтарбайұлы берген тәлім-тәрбиенің, сол кісінің жетелеуімен атқарылған істің нәтижесі деп бағалаймын.
Ұжым, сапар, және рухани өзек
Сол жылдары редакцияда Анар Қабдолла, Әсем Жүнісова, кейін Рауза Мұсабаева қызмет етті. Беттеушілер Мариям Рахметова, Қалимаш Бөкенова, кейін Шынар Қаңтарбаева болды. Есепші Валентина Калмыкова, Алма Жақыповамен бірге жұмыс істедік. Тату-тәтті ұжым едік: бір-бірімізді көтермелеп, қолпаштап отырдық, сондықтан ісіміз де ілгері жүретін. Олардың бәрі де Аманкелді ағаны қатты құрметтеді, айтқанын екі етпейтін.
Жыл сайын ұжымды туған жері Баянауылға, Торайғырға алып баратын. Әр таудың, әр тастың шежіресін, кімдер өткенін түгел әңгімелеп, ерекше қуанышқа бөленіп қайтатын. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы әкесінен естіген-білгенін майын тамыза айтушы еді. Мәшһүр атаға арналған арнайы нөмір де жарық көрді.
Естелік және өлшем
Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 2013 жылғы 10 сәуірдегі санында Аманкелді ағаның қайтыс болғанына қырық күн толу қарсаңында «Алаулап өткен жан еді» атты естелік мақалам жарияланды. Өкінішке қарай, осы естелікті «Отарқа» баспады.
Мысал ретінде айтайын: М. Әуезов атындағы академиялық драма театрда Әзірбайжан Мәмбетов отыз жылдай бас режиссер болды. Бұл кезеңді жұрт театрдың «алтын ғасыры» дейді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас. «Отарқа» жайлы да оқырмандардың «Қаңтарбаевтың кезінде бұл газетте…» деп мейіріммен, ризашылықпен еске алатын жылы сөздерін жиі естимін.
Мәңгілік ештеңе жоқ: уақыт та, адам да, қоғам да өзгереді. Бірақ құндылық пен қадір-құрмет өзгермеуі тиіс. Ұлттық мүддені, ұлттық танымды пендеуи тірлік өлшемімен емес, оқырман талабы мен қоғамдық жауапкершілік тұрғысынан бағалай білсек, қазақ газетінің ұтары көп болар еді.
«Жаңбырлы бұлттай» болған жан
Сол мақалада мен былай деп жазған едім: жүрексінген, жеткізе алмаған тұстарды қайта-қайта жазғызып, қатаң талап қойып, құлдыраған сәтте демеп жіберетін; редакциядағы әр адамның табысына шын қуанып, отбасында келеңсіз жағдай болса, қолұшын беруге асығатын абзал азаматтың орны бөлек еді.
Шәміл Әбілтаевтың сирек орындалатын «Аңсау» әні: «Шөліркеген далаға жаңбырлы бұлт болар ем…» деп басталады. Сол секілді, ұлттық руханиятымыздың кенезесі кеуіп, жоғала жаздаған тұста танбай жүріп «Отарқа» сияқты тамаша газетті ашып, жаңбырлы бұлттай нұр сепкен; елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ізбасарлар даярлай білген Аманкелді Қаңтарбайұлының өзі кетсе де, игілікті істері халық жадынан өше қоймас.
Өсиет болып қалған сөз
Кейде әзілдеп: «Отарқа — өзімнің балам секілді», — дейтін. «Сендер оның отын өшіріп алмаңдар, бұл — қазаққа керек дүние ғой», — деп саусағымен тәйт дегендей қылатын.
Аманкелді ағамыз бұл дүниеге қол бұлғапты. Ұлт әдебиетін жанындай сүйіп, ана тілінің мәртебесін асқақтату үшін айрықша тер төккен Ақбеттаудың ақын ұлы мәңгілік тыныс тапты. Өзі жылына бір рет ұжымды апарып қыдыртып қайтатын Баянының топырағы бір бұрқ етіп басылған болар…
Қайтыс боларының алдында өмір бойы жиған-тергенін топтап, «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» атты кітабын жарыққа шығарды. Мазмұнды шыққан екен — қуандым. Бұл қаламгердің оқырманымен соңғы жүздесуі, соңғы сырласуы екен…
Өзіңіз отын маздатып жағып кеткен «Отарқаның» шырағы сөнбесін! Дүниеде алдыңыз жарық, иманыңыз серік болсын, ардақты Аманкелді аға!
Жоғарыда айтқанымдай, Аманкелді Қаңтарбайұлының қадіріне жеткен, қайраткерлігіне бас иген замандастары естеліктер топтамасын шығаруға ниеттеніпті. Оларға мың алғыс. Жақсының аты өшпесін.
Сая Молдайып
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі