Қазақстанның табиғаты қандай әсем

Отан – оттан да ыстық

Мен Қазақстан жерінде туғаныма қуанамын. Менің Отаным – Қазақстан, және мен бұл елді мақтан тұтамын. Менің ойымша, менің еліме де, менің жеріме де тең келетін мекен жоқ.

Қазақстан пайдалы қазбаларға бай ел. Біз бұл туралы дүниетану пәнінде оқып, танысып жүрміз. Адам өміріне қажеттінің бәрі дерлік біздің елімізде бар. Сондықтан өз жеріміздің байлығын сақтап, оны ысырап етпей, керісінше үнемдеп пайдалануымыз керек деп ойлаймын.

Табиғаттың көркі

Қазақстанның табиғаты қандай әсем! Біздің жерімізде көрсең көз тоймайтын сұлу өңірлер көп.

Мен нағашы әпкеммен бірге Алматы қаласына барып, оның көрікті жерлерін араладым. Алатау бөктерінде орналасқан Медеу мұз айдынына бардық. Коньки теуіп, ерекше әсер алдық. Мұз айдынының көрінісі де, атмосферасы да керемет екен. Тауға көлікпен көтерілгенде құлағым бітеліп қалғаны да есімде. Алматы маған қатты ұнады, әрі мен тауды алғаш рет сол жерде көрдім.

Шарбақтыдағы қарбыз алқабы

Біздің ауылдан 45 шақырым жерде Шарбақты деген жер бар. Сол жерде үлкен қарбыз алқабы өсіріледі. Мен ағаммен бірге барып, жайқалып тұрған қарбыздарды көрдім. Қарбыздар телегей-теңіздей болып созылып жатыр екен.

Бұл жерде жыл сайын қарбыз фестивалі өтеді. Оған жан-жақтан адамдар келіп тамашалайды. Фестиваль өте қызықты өтеді: қарбыздан жасалған түрлі әшекейлерді көріп, мерекелік көңіл күйге бөленесің. Осыны көргенде туған жеріміздің байлығы мен кеңдігіне тағы да көзім жетті.

Астана және ЭКСПО әсері

Былтыр нағашы әпкеммен бірге еліміздің елордасы Астана қаласына барып, ЭКСПО көрмесін тамашалап қайттым. Астанада өзімді үлкен ертегілер еліне кіріп кеткендей сезіндім. Сол сапардан алған әсерім ұзақ уақыт ұмытылмай, көз алдымда елестеп тұрды.

Мен Отанымның гүлденіп, көркейіп келе жатқанына қуандым. Алдағы уақытта да еліміз одан әрі дамып, көркейе берсін деп тілеймін. Отанымыз тыныш, жұртымыз аман болсын, бүкіл әлемде тек бейбітшілік орнасын.

Туған жердің байлығын сақтау, табиғатты қорғау, еліміздің көркеюіне үлес қосу — әр азаматтың қасиетті борышы.